13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
127-ӘН Қандай адам болуым керек?
Ехоба сізге риза екендігінен күш алыңыз
“Мен саған ризамын!” (ЛҰҚА 3:22).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехоба маған көңілі толмайды деп ойлағанда не көмектесетінін білеміз.
1. Құдайдың кейбір қызметшілерінде қандай күмән бар?
ЕХОБА жер бетіндегі халқына қарап риза болатынын білу неткен қуаныш! Киелі кітапта: “Ехоба өз халқынан рақат табады”,— делінген (Зәб. 149:4). Десе де кейбір бауырластар “жеке маған Ехоба риза емес шығар” деп ойлап, көңілі түседі. Құдайдың ежелде өмір сүрген адал қызметшілерінің біразында осындай күмән болған (Сам. 1-ж. 1:6—10; Әйүп 29:2, 4; Зәб. 51:11).
2. Ехоба кімге риза?
2 Киелі кітаптан білетініміздей, кемелсіз болсақ та Құдайдың көңілінен шығып, оны риза қыла аламыз. Ол үшін Иса Мәсіхке сеніп, сосын шомылдыру рәсімінен өту керек (Жох. 3:16). Осылайша күнәларымызға өкінгенімізді және Құдайдың еркін орындаймын деп уәде еткенімізді жұрт алдында паш етеміз (Ел. іс. 2:38; 3:19). Осы қадамдарды жасап, Құдайға жақын болуға тырысып жатқанымызды көріп, ол қатты қуанады. Бағышталғанымызға сай болып жүрген уақыттың бәрінде Ехоба бізге риза әрі бізді досым деп біледі (Зәб. 25:14).
3. Біз қандай сұрақтарды талқылаймыз?
3 Осыны білсе де, неліктен кейбір бауырластар Ехоба оларға риза екеніне күмәнданады? Ехоба бізге көңілі толатынын қалай көрсетеді? Ехоба бізге риза екеніне сенімімізді қалай арттырсақ болады?
НЕГЕ КЕЙБІРІМІЗ “ЕХОБА МАҒАН РИЗА ЕМЕС” ДЕГЕН ОЙДАМЫЗ?
4, 5. Өзімізді түкке тұрғысыз сезінсек те, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
4 Бала кезінен өзін түкке тұрғысыз санайтын бауырластар көп (Зәб. 88:15). “Бұндай сезім менде бұрыннан бар. Кішкентай кезімде отбасым жұмақта болсыншы деп дұға айтатынмын, ал өзім онда болуға лайықсызбын деп ойлайтынмын”,— дейді Адриан деген ер бауырлас. Ата-анасы Куәгер емес Тони деген бауырлас болса былай дейді: “Анам да, әкем де маған “мен сені жақсы көремін”, “сені мақтан тұтамын” деп айтқан емес. Не жұмыс бітірсем де, әйтеуір бір жері көңілдерінен шықпайтын”.
5 Сіз де өзіңізді лайықсыз, түкке тұрғысыз сезінсеңіз, Ехобаның өзі әрбірімізді өзіне жақындатып тартқанын ұмытпаңыз (Жох. 6:44). Ол бойымызда бар, бірақ өзіміз байқамайтын жақсы қасиеттерді көреді және жүрегімізді өзімізден де жақсы біледі (Сам. 1-ж. 16:7; Шеж. 2-ж. 6:30). Сондықтан ол бізге “сен маған бағалы жансың” дегенде, оған сенуіміз керек (Жох. 1-х. 3:19, 20).
6. Бұрынғы күнәлары елші Пауылға қалай әсер еткен?
6 Кейбіріміз шындыққа дейінгі істерімізге өзімізді әлі күнге дейін кінәлі сезінеміз (Пет. 1-х. 4:3). Ал басқаларымыз шындықта жүріп те әлсіздіктерімізбен күресеміз. Сізді ар-ұжданыңыз айыптап жүрсе, мұңаймаңыз. Мұндай сезімдер кезінде Ехобаның адал қызметшілерінде де болған. Мысалы, елші Пауылдың кемшіліктері жанына қатты батқан (Рим. 7:24). Ол бұрынғы күнәларына өкініп қойса да, тіпті шомылдыру рәсімінен өтсе де, өзі жайлы “мен елшілердің ең кішісімін”, “күнәкарлардың. . . ішіндегі ең күнәкары менмін” деген (Қор. 1-х. 15:9; Тім. 1-х. 1:15).
7. Бұрын жасаған күнәларына мәсіхші қалай қарауы керек?
7 Күнәмізға өкінсек, көктегі Әкеміз бізді кешіруге дайын. Ол мұны Киелі кітапта уәде еткен (Зәб. 86:5). Сондықтан жасаған күнәсіна шын өкінген жан Құдайдың сол уәдесінің берік екеніне сенімді бола алады (Қол. 2:13).
8, 9. Барымызды салып қызмет етсек те, Ехобаны риза қылуға бұл жеткіліксіз деп ойласақ, не көмектеседі?
8 Қай-қайсысымыз да Ехобаға барымызды салып қызмет еткіміз келеді. Осылай істеп жүрсе де, Ехобаны риза қылуға бұл қызметім жеткіліксіз деп ойлайтындар да бар. Аманда деген әйел бауырлас былай дейді: “Мен барымды салып қызмет етсем де, бұдан да жақсы істеуіме болар еді деп ойлап жүремін. Барымнан бөлек, өзімде жоқты да бергім келіп тұрады. Ойымдағыдай істей алмасам, өзімнен қатты көңілім қалады және Ехобаның да менен көңілі қалды деп ойлаймын”.
9 Осындай сезімдер бізде де болса, не көмектеседі? Ехобаның тым талапшыл емес, қайта, парасатты Құдай екенін есте ұстайық. Ол бізден ешқашан шамамыздан тыс нәрсені күтпейді. Ең бастысы, барымызды салып істесек, ол соған риза болады. Бұған қоса, Құдайға жан-тәнімен қызмет еткен адамдар жайлы ой жүгіртейік. Солардың бірі — Пауыл. Ол мыңдаған шақырым жол жүріп, көптеген қауымдар құрып, талай жыл ауыр еңбек еткен. Кейін оның жағдайы өзгеріп, бұрынғыдай көп уағыздай алмай қалғанда, ол Құдайдың ықыласынан айырылып қалды ма? Жоқ. Ол қолынан келгенше қызмет ете берді, ал Ехоба оған батасын берді (Ел. іс. 28:30, 31). Сол сияқты, жағдайымызға қарай әр кезде әртүрлі қызмет етеміз. Бірақ Ехобаға ең маңыздысы — қанша қызмет ететініміз емес, сол қызметті не үшін атқаратынымыз. Қазір Ехоба бізге риза екенін қандай жолдармен көрсететініне тоқталайық.
ЕХОБА СІЗГЕ РИЗА ЕКЕНІН ҚАЛАЙ БІЛДІРЕДІ?
10. Ехобаның бізге риза екенін қалай “ести” аламыз? (Жохан 16:27)
10 Киелі кітап арқылы. Ехоба өзін жақсы көретін адамдарына риза екенін білдіргенді ұнатады. Киелі кітапта ол Исаға риза екенін, оны жақсы көретінін ашық айтқан екі жағдай жазылған (Мат. 3:17; 17:5). Ехобаның сізге де риза екенін естігіңіз келе ме? Төрт Ізгі хабардағы Исаның сөздерін оқысаңыз, сіз де бейнелі мағынада Ехобаның даусын ести аласыз (Жохан 16:27 оқыңыз). Өйткені Иса Әкесіне ұқсайды, ол да тура сонікіндей қасиеттер танытады. Ендеше, Киелі кітап беттерінде Иса кемелсіздіктеріне қарамастан адал болып жүрген ізбасарларына риза екенін білдіріп жатса, тура сол сөздерді Ехоба маған айтып жатыр деп қабылдаңыз (Жох. 15:9, 15).
11. Не себепті қиындыққа кезіккенде, Құдайдың ықыласынан айырылып қалдық деп ойламауымыз керек? (Жақып 1:12)
11 Көмек көрсету арқылы. Ехоба бізді керек-жарағымызбен қамдап, көмек көрсетуге асық. Кейде ол әділ кісі Әйүптің жағдайындағыдай, қиындық көруімізге жол беретін шығар (Әйүп 1:8—11). Бірақ бұл жағдайлар Құдайдың ықыласынан айырылып қалдық дегенді білдірмейді. Біз, қайта, ондай кездері Ехобаны қатты сүйетінімізді және оған сенім артатынымызды дәлелдей аламыз (Жақып 1:12 оқыңыз). Ехоба да бізді сүйетінін, қолдайтынын және қамқорлайтынын көрсетіп, қиындыққа төзуге көмектеседі.
12. Дмитрий бауырластан не үйренеміз?
12 Мысалға Азияда тұратын Дмитрий деген отбасылы бауырластың жағдайын алайық. Ол жұмысынан айырылып қалады да, басқа жұмыс таба алмай бірнеше ай қиналады. Содан ол бар уайымын Ехобаға артып, қызметін белсендірек атқара бастайды. Арада талай айлар өтеді, бірақ сол күйі жұмыс табылмайды. Кейін Дмитрий қатты ауырып қалып, төсекке таңылып қалады. Ол жақсы күйеу де, жақсы әке де бола алмадым деп уайымдайды және Ехоба маған риза емес шығар деп ойлай бастайды. Бір күні кешке оның қызы Киелі кітаптағы тармақты қағаз бетіне басып шығарып, әкеп береді. Онда: “Сабыр сақтап, маған сенім артсаңдар, күшті боласыңдар”,— деп жазылыпты (Ишая 30:15). Қызы оған: “Әке, көңілің түскенде, осы тармақты есіңде ұста”,— деп айтады. Сонда Дмитрий Ехобаның арқасында оның отбасының әлі де жейтін тамағы, киетін киімі, тұратын баспанасы бар екенін ойлап шүкіршілік етеді. “Мен үшін дұрысы — сабыр сақтап, Ехобаға әрі қарай да сенім арту екен ғой”,— дейді ол. Сіз де осыған ұқсас қиын жағдайда болсаңыз, Ехоба сізді қамқорлайтынына және төзуге көмектесетініне сенімді болыңыз.
13. Ехоба бізге риза екенін білдіру үшін кімді қолданады және қалай?
13 Бауырластар арқылы. Ехоба бізге риза екенін бауырластар арқылы да көрсетеді. Мысалы, оларды дәл біз керек етіп тұрған уақытта жылы сөз айтуға талпындырады. Азияда тұратын бір әйел бауырласпен осындай жағдай болды. Ол жұмысынан айырылады және ауыр бір дертке шалдығады. Кейін оның күйеуі ауыр күнә жасап, ақсақалдық міндетінен айырылады. Осы жағдайдың бәрі оны күйзеліске түсіреді. Әйел бауырласымыз былай дейді: “Өмірім неге бұлай астан-кестен болып кеткенін мүлдем түсінбей қалдым. Бәлкім, бірдеңені бүлдіріп, Ехобаның ықыласынан айырылып қалған шығармын деп ойладым”. Ол Ехобадан: “Саған ұнамды болсам, білдіре көрші”,— деп жалбарынып сұрайды. Ехоба оған қалай жауап берді? “Маған қауым ақсақалдары жолығып, Ехоба мені әлі де жақсы көретінін айтты. Бірде мен Ехобадан көмек сұрап тағы да жалбарындым. Сол күні кешке қауымдағы бір топ бауырластан хат алдым. Олардың жанымды жұбатар жылы сөздерін оқығанда, Ехоба дұғамды естіпті ғой деп ойладым”,— дейді ол. Шынымен де Ехоба бізге риза екенін жиі бауырластардың аузымен айтып отырады (Зәб. 10:17).
14. Ехоба бізге риза екенін тағы қалай көрсетеді?
14 Ехоба бауырластарды біз қажет етіп тұрған кеңесті айту үшін де қолданады. Бұл да — оның бізге риза екендігінің белгісі. Мысалы, І ғасырда Ехоба елші Пауылға мәсіхшілерге арнап 14 хат жаздырған. Сол хаттарда тіке айтылған, бірақ сүйіспеншілікпен берілген кеңестер көп болатын. Ехоба Пауылға сондай нақты-нақты кеңестерді не үшін жаздырды? Өйткені ол — өте жақсы Әке және ол “жақсы көретін” балаларын түзетеді (Нақ. с. 3:11, 12). Демек, бізге Киелі кітапқа негізделген кеңес беріліп жатса, бұл Құдайдың ықыласынан айырылып қалғанымызды емес, керісінше, ықыласына ие екенімізді білдіреді (Евр. 12:6). Ехоба бізге риза екендігінің тағы қандай дәлелдері бар?
ЕХОБА БІЗГЕ РИЗА ЕКЕНДІГІНІҢ БАСҚА ДА ДӘЛЕЛДЕРІ
15. Ехоба киелі рухын кімдерге береді және ол бізге әсер етіп жатқанын неге байқап жүруіміз керек?
15 Ехоба кімге көңілі толса, соған киелі рухын береді (Мат. 12:18). Мен киелі рух дамытатын қасиеттерді танытып жүрмін бе деп ойланып көріңізші. Мысалы, Ехоба жайлы енді біле бастаған кезге қарағанда, қазір әлдеқайда шыдамды шығарсыз. Демек, киелі рухпен дамитын қасиеттерді көбірек танытқан сайын, Ехоба сізге риза екеніне көбірек сенімді бола аласыз (“ Киелі рухтың жемісі” деген қоршауды қараңыз).
16. Ізгі хабар уағыздалуы үшін Ехоба кімді қолданады және бұл сізге қалай әсер етеді? (Салоникалықтарға 1-хат 2:4)
16 Ехобаның риза екендігінің тағы бір белгісі — ол бізге ізгі хабарды жариялауды сеніп тапсырды (Салоникалықтарға 1-хат 2:4 оқыңыз). Жаслин деген әйел бауырлас осыған көз жеткізген. Қызметке шығатын күні таңертең Жаслин іштей күйреп, өзін жаман сезініп оянады. “Мен өзімді түкке жарамсыз сезініп тұрдым. Бірақ ізашар болғандықтан, қызметке шығуым керек еді. Содан дұға айттым да, үйден шығып кеттім”,— дейді ол. Сол күні Жаслин Мэри деген бір жақсы әйелді кезіктірді. Ол Киелі кітапты зерттеуге келісті. Бірнеше ай өте Мэри бір қызық жайтпен бөлісті. Жаслин оған алғаш рет келіп, есігін тоқылдатқанда, ол үйде Құдайдан көмек сұрап жалбарынып отырған екен. Осыны естіген Жаслин: “Бұл жағдай арқылы Ехоба маған “мен саған ризамын” деп айтқандай болды”,— деген қорытындыға келді. Әрине, қызметте біз уағыздаған адамдардың бәрі хабарымызға құлақ аса бермейтін шығар. Бірақ барымызды салсақ, Ехоба бізге риза болатынына сенімді болайық.
17. Викторияның төлем жайлы айтқандарынан не түйдіңіз? (Зәбүр 5:12)
17 Сонымен қатар Ехоба кімге риза болса, соның күнәсін төлем арқылы кешіреді (Тім. 1-х. 2:5, 6). Төлемге сенсек те, шомылдыру рәсімінен өтсек те жүрегіміз бізді Ехобаның ықыласына бәрібір лайықсызсың деп айыптаса ше? Онда мынаны ұмытпайық: сенім артуға тұратын — жүрегіміз емес, Ехоба. Төлемге сенетін адамды ол әділ деп таниды және жарылқайды (Зәбүр 5:12 оқыңыз; Рим. 3:26). Төлемнің күші жайлы терең ойланғаннан кейін Виктория бауырлас былай деді: “Ехоба осыншама уақыт бойы маған шыдамдылық танытып келген екен. Ал мен болсам, оған сүйіспеншілігің қанша күшті болса да, мені жақсы көре алмайсың, Ұлыңның құрбандығының күші маған жетпейді деп жатқандай болыппын”. Осылай төлем сыйы жайлы ой жүгірткен соң, Виктория Ехоба оны жақсы көретінін сезіне бастаған. Біз де төлем жайлы ой жүгіртсек, Ехоба бізді сүйетінін және бізге риза екенін сезіне аламыз.
18. Көктегі Әкемізге деген сүйіспеншілігімізді тереңдете берсек, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
18 Мақаладан үйренгендерімізді қолдану кейде қиынға соғуы мүмкін. Ұнжырғамыз түсіп, Ехоба маған шынымен риза ма екен деп күмәнданатын шығармыз. Сізбен солай болып жатса, “Ехобаны. . . сүйетіндерге” ол риза екенін ұмытпаңыз (Жақ. 1:12). Сондықтан оған деген сүйіспеншілігіңізді тереңдете беріңіз, оған жақындай беріңіз, Ехоба сізге риза екендігінің белгілерін байқап жүріңіз. Ол “әрқайсысымыздан алыс емес” екенін әрдайым есте ұстаңыз (Ел. іс. 17:27).
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?
-
Неге кейбіреулер Құдай маған риза емес деп ойлайды?
-
Ехоба бізге риза екенін қалай білдіреді?
-
Ехоба бізге риза екендігіне не үшін сенімді болсақ болады?
88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын