Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

Шомылдыру рәсімінен кейін де Исаның соңынан “ұдайы еріп жүріңіз”

Шомылдыру рәсімінен кейін де Исаның соңынан “ұдайы еріп жүріңіз”

“Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, күн сайын азап бағанасын алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін” (ЛҰҚА 9:23).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бұл мақалада Ехобаға бағышталғанымыз өмірімізге қалай әсер ететінін талқылаймыз. Осы мақала әсіресе шомылдыру рәсімінен жақында өткен бауырластарға адалдық сақтауға көмектеседі.

1, 2. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін өміріңіз қалай жақсарады?

 “АУЛАЛАРЫҢДА мекендесін деп, Өзің [Ехоба] таңдап алған, өзің жақындатқан адам неткен бақытты!” (Зәб. 65:4). Бұл сөздер шомылдыру рәсімінен өткен бауырластардың сезімін жақсы сипаттайды. Расында да, осындай маңызды қадамды жасап, Ехобаның отбасына қосылу — асқақ мәртебе.

2 Бірақ Ехоба кез келген адамды ауласына шақыра бермейді. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Ехоба өзімен дос болғысы келетіндерді ғана жақындатып тартады (Жақ. 4:8). Сіз бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен кезде Ехобаға ерекше жолмен жақындадыңыз. Сондықтан Ехоба “көл-көсір етіп батасын төгетініне” бір сәтке де күмәнданбаңыз (Малх. 3:10; Ерм. 17:7, 8).

3. Бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілердің қандай үлкен жауапкершіліктері бар? (Уағыздаушы 5:4, 5)

3 Шомылдыру рәсімінен өту — тек бастамасы ғана. Осы қадамды жасағаннан кейін, мейлі, азғыруларға не сынақтарға кезіксеңіз де, бағышталғанда берген сертіңізге сай өмір сүруді қалайтыныңыз рас (Уағыздаушы 5:4, 5 оқыңыз). Исаның шәкірті болғандықтан, оның үлгісіне барынша еліктеп, нұсқауларын да берік ұстанғыңыз келеді (Мат. 28:19, 20; Пет. 1-х. 2:21). Бұл мақала осы мақсаттарыңызға жетуге көмектеседі.

ҚИЫНДЫҚТАР МЕН АЗҒЫРУЛАРҒА ҚАРАМАСТАН ИСАНЫҢ СОҢЫНАН “ҰДАЙЫ ЕРІП ЖҮРІҢІЗ”

4. Қай мағынада Исаның шәкірттері “азап бағанасын” алып жүрулері керек? (Лұқа 9:23)

4 Шомылдыру рәсімінен кейін уайым-қайғысыз өмір сүремін деп ойламаңыз. Иса шәкірттері “азап бағанасын” көтеріп жүретіндерін айтқан және олар мұны “күн сайын” істеулері керек еді (Лұқа 9:23 оқыңыз). Сонда Иса шәкірттері қиындықтан көз ашпайды дегісі келді ме? Жоқ. Ол шәкірттерінің көл-көсір баталардан бөлек, қиындықтарға да кезігетінін айтқан. Кейбір қиындықтар тіпті жанымызға батуы мүмкін (Тім. 2-х. 3:12).

5. Иса нені уәде еткен?

5 Бәлкім, сіз отбасыңызда қарсылыққа кезіккен шығарсыз немесе Патшалықты бірінші орынға қою үшін көп ақша табудан бас тартқан боларсыз (Мат. 6:33). Кезіккен қиындықтарыңызға қарамастан, оған адал болып жүргеніңізді Ехоба көріп тұр (Евр. 6:10). Исаның мына сөздерінің растығына сіз де көз жеткізген шығарсыз. Ол былай деген еді: “Кім мен үшін және ізгі хабар үшін үй-жайын, бауырларын, әпке-қарындастарын, әкесін не шешесін, бала-шағасын не танабын қалдырса, оған қазіргі уақытта қуғын-сүргін көрумен қатар, үй-жай, бауыр, әпке-қарындас, шеше, бала-шаға, танап жүз есе артығымен беріледі, ал келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады” (Мар. 10:29, 30). Расымен де, ие болған баталарыңыз құрбан еткен нәрселеріңізден әлдеқайда көп (Зәб. 37:4).

6. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де “тән құмарлығымен” күресуді неліктен доғармауыңыз керек?

6 Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де “тән құмарлығымен” күрес жалғаса береді (Жох. 1-х. 2:16). Не дегенмен Адам атаның күнәкар ұрпағымыз ғой. Кейде сіз де Пауылдікіндей күй кешетін шығарсыз. Ол: “Іштей Құдай заңына қуанамын, алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын. Ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені тәнімдегі күнә заңының тұтқыны етеді”,— деген (Рим. 7:22, 23). Тән қалауларыңызбен күресу керектігіңіз көңіліңізді түсіретін шығар. Алайда Ехобаға бағышталған кездегі берген сертіңіз жайлы ойланғаныңыз сізді нығайтып, азғырулармен күресе беруге күш береді. Қалайша?

7. Ехобаға бағышталғаныңыз оған адалдық сақтап қалуға қалай көмектеседі?

7 Ехобаға бағышталғанда, сіз өзіңізден бас тарттыңыз. Бұл Ехобаға ұнамайтын қалауларыңызға, мақсаттарыңызға “жоқ” деп айтуды білдіреді (Мат. 16:24). Сондықтан азғыруларға, сынақтарға кезіккенде, не істеймін деп екі ойланып жатпайсыз. Қандай жағдай болмасын, сіз үшін бір ғана дұрыс шешім бар — Ехобаға адал болып қалу. Кезінде Әйүп адам төзгісіз қиындыққа кезіккенде: “Мінсіздігімнен таймаспын”,— деген еді (Әйүп 27:5). Сіздің де бар ойыңыз Ехобаның көңілінен шығу болса, онда Әйүп сияқты болғаныңыз.

8. Бағышталғанда айтқан дұғаңыз жайлы ойланғаныңыз азғыруларға берілмеуге қалай көмектеседі?

8 Ехобаға бағышталғандағы дұғаңызды есте ұстасаңыз, кез келген азғыруларға қарсы тұруға күш табасыз. Мысалы, сіз біреудің жұбайына қылымсып-қырындар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Себебі сіз мұндай жамандыққа бармайтыныңызды уәде етіп қойғансыз. Егер сіз осындай орынсыз сезімдердің өршуіне жол бермесеңіз, кейін оның ащы зардабын тартпайсыз. Осылайша “зұлымдардың жолынан. . . кері бұрыласыз” (Нақ. с. 4:14, 15).

9. Бағышталғанда айтқан дұғаңыз жайлы ойланғаныңыз рухани істерді бірінші орынға қоюға қалай көмектеседі?

9 Ал егер қауым кездесуіне баруға кедергі жасайтын жұмыс ұсынылса ше? Сіздің қалай әрекет ететініңіз айтпаса да түсінікті. Өйткені бұндай ұсыныстарға “жоқ” деп жауап беруді әлдеқашан шешіп қойғансыз. Сол үшін “бұл жұмысқа келісе берейін, үйтіп-бүйтіп амалдаймын ғой” деген ой да келмейді. Осылай тек Әкесіне ұнайтынды істеген Иса сияқты Ехобаға ұнамайтын кез келген нәрселерден бірден және үзілді-кесілді бас тартасыз (Мат. 4:10; Жох. 8:29).

10. Шомылдыру рәсімінен кейін де Исаның соңынан “ұдайы еріп жүру” үшін Ехоба қалай көмектеседі?

10 Негізінде, қиындықтар мен азғырулар Исаның соңынан “ұдайы еріп жүргеніңізді” дәлелдеуге көмектеседі. Ехоба да сізді көмексіз қалдырмайды. Өйткені Киелі кітапта: “Құдай өз сөзіне адал: ол шамадан тыс сыналуларыңа жол бермейді. Азғырылғанда адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді”,— делінген (Қор. 1-х. 10:13).

ИСАНЫҢ СОҢЫНАН ҚАЛАЙ ҰДАЙЫ ЕРЕ АЛАСЫЗ?

11. Исаның соңынан ұдайы еріп жүрудің бір жолы қандай? (Суретті де қараңыз.)

11 Иса жан-тәнімен қызмет еткен және үнемі дұға айтып, Ехобаға жақын болған (Лұқа 6:12). Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де Исаның соңынан ұдайы еріп жүру үшін Ехобаға жақындататын істермен айналысуды әдетке айналдыруымыз керек. “Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік”,— дейді Киелі кітап (Філіп. 3:16). Арагідік сіз бауырластардың қызмет аясын кеңейтіп жатқандарын еститін боласыз. Мүмкін, олар Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқыған шығар немесе қажеттілік бар жерге көшіп барған болар. Егер бұлай етуге мүмкіндігіңіз болып жатса, сіз де сондай мақсаттар қойсаңыз болады. Себебі біз Ехобадан ештеңемізді аямаймыз (Ел. іс. 16:9). Ал егер дәл қазір бұлай етуге мүмкіндігіңіз болмаса ше? Бұл басқалардан бір жеріңіз кем дегенді білдірмейді, ең бастысы сіз табандылық танытып келесіз (Мат. 10:22). Сіз өзіңіздің жағдайыңызда Ехобаға ең жақсысын беріп жатырсыз. Бұлай еткеніңіз — Исаның соңынан ұдайы еріп жүргеніңіз (Зәб. 26:1).

Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де Ехобаға жақын болуға көмектесетін нәрселерді істеуді мақсат етіңіз (11-абзацты қараңыз)


12, 13. Құлшынысыңыз бәсеңдеп бара жатса, не істесеңіз болады? (Қорынттықтарға 1-хат 9:16, 17) (“ Жарыстан шығып кетпеңіз” деген қоршауды да қараңыз.)

12 Бірақ кейде шын жүректен дұға етпей жүргеніңізді, қызметтен бұрынғыдай қуаныш алмай жүргеніңізді байқайтын шығарсыз. Немесе Киелі кітапты оқуға ықыласыңыз сөніп қалған болар. Егер солай болса, Ехоба менен киелі рухын алып қойды деп ойлауға асықпаңыз. Өйткені пенде болғандықтан біз өзгеріп тұрамыз, сезімдеріміз де өзгереді. Құлшынысыңыз бәсеңдеп бара жатқан болса елші Пауылдан көп нәрсеге үйрене аласыз. Ол Исаға еліктеуге барынша тырысса да, кейде кейбір нәрселерді істеуге ықыласы болмай қалатын (Қорынттықтарға 1-хат 9:16, 17 оқыңыз). Ол өзі былай деген: “Өз еркіме қарсы істесем де, ол бәрібір жүктелген міндетім болып қала береді”. Демек, Пауыл ықыласы бар-жоғына қарамастан қызметін атқара берген.

13 Пауыл сияқты сіз де шешім қабылдағанда сезімдеріңіздің үстем болып кетуіне жол бермеңіз. Ықыласыңыздың бар-жоғына қарамастан дұрыс нәрсені істеуге нық бекініңіз. Дұрыс нәрсені істей берсеңіз, ықыласыңыз да арта түседі. Қалай болған күнде де, рухани істермен үнемі айналысатын болсаңыз, бұл сізге Исаның соңынан ұдайы еріп жүруге көмектеседі. Сіздің рухани істермен осылай үздіксіз айналысып жүргеніңізді көргенде, бауырластарыңыз да жігерленіп қалады (Сал. 1-х. 5:11).

“ТЕКСЕРІП ТҰРЫҢДАР”

14. Нені тексеріп тұрғаныңыз дұрыс және неге? (Қорынттықтарға 2-хат 13:5)

14 Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де өзіңізді тексеріп тұрғаныңыз маңызды (Қорынттықтарға 2-хат 13:5 оқыңыз). Ара-тұра өміріңізді, әдеттеріңізді саралап тұрыңыз. Мысалы, күнделікті дұға айтып, Киелі кітапты оқып, зерттеп, қауым кездесулері мен қызметке қатысып жүрсіз бе? Ғибадатыңыздың әр саласын мәнді-мағыналы етудің амалын табыңыз. Мысалы, мына сұрақтар жайлы ойлансаңыз болады: мен Киелі кітаптың негізгі шындықтарын түсіндіріп бере аламын ба? Қызметтен көбірек қуаныш алу үшін тағы не істесем болады? Қаншалықты нақты дұға айтамын? Дұғаларымнан Ехобаға сенім артатыным көріне ме? Қауымға жүйелі түрде қатысамын ба? Қауымда мұқият тыңдау үшін, оған атсалысу үшін тағы да не істей аламын?

15, 16. Роберт бауырластың мысалынан неге үйренсек болады?

15 Сондай-ақ қандай әлсіздіктеріміз бар екенін шыншылдықпен тексеріп тұрғанымыз дұрыс. Мұны түсінуге Роберт бауырласпен болған жағдай көмектеседі. Ол былай дейді: “Шамамен 20 жасымда мені жұмыстағы бір қыз үйіне қонаққа шақырды. Ол “үйде екеуіміз ғана боламыз, жақсы көңіл көтереміз” деді. Басында мен әр нәрсені айтып сылтаураттым. Бірақ кейін оның ұсынысынан нақты бас тартып, не үшін екенін түсіндірдім”. Иә, Роберт азғырылуға берілмеді әрі мұнысы мақтауға тұрарлық. Бірақ кейін ол “басқаша әрекет етуім керек еді” деп мойындады. “Мен Жүсіп сияқты бірден жоқ деп айтпадым (Мұс. 1-ж. 39:7—9). Сол кезде бірден бас тартпағаныма өзім таңғалып қалдым. Бұл жағдайдан мынадай қорытынды шығардым: маған Ехобамен достығымды нығайту керек болды”,— дейді Роберт.

16 Роберт сияқты өз-өзіңізді тексеріп көріңіз. Тіпті азғыруларға берілмесеңіз де, өзіңізден былай деп сұраңыз: маған “жоқ” деп айтуға қанша уақыт кетті? Егер жақсаратын жақтарыңызды байқасаңыз, көңіліңіз түспесін. Қайта, әлсіздігіңізді анықтай алғаныңызға қуаныңыз. Сол жайлы дұға етіп, Ехобаның моральдық нормаларын ұстануға көмектесетін нәрселерді істей беріңіз (Зәб. 139:23, 24).

17. Робертпен болған жағдай Ехобаның есіміне қалай әсер етті?

17 Роберттің оқиғасы мұнымен біткен жоқ. “Мен әріптесіме жоқ дегеннен кейін ол маған “сен сынақтан сәтті өттің” деді. Сөйтсем, оның досы бұрын Куәгер болған екен. Ол барлық жас Куәгерлер жасырын түрде жаман нәрселер істейді деп айтыпты. Сөйтіп, әріптесім досы екеуі мені тексеріп көрмекші болған екен. Сонда мен Ехобаның атына кір келтірмегеніме қатты қуандым”,— дейді Роберт.

18. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де не істей бергіңіз келеді? (“ Жастарға пайдалы болар мәлімет” деген қоршауды да қараңыз.)

18 Сіз өзіңізді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен кезде, қандай жағдай болмасын, Ехобаның есімін қастерлеуді қалайтыныңызды көрсеттіңіз. Мынаған сенімді болыңыз: Ехоба қандай сынақтарға, қандай азғыруларға кезігіп жатқаныңызды жақсы біледі. Адалдық сақтауға тырысып жатқаныңыз үшін ол батасын береді әрі киелі рухы арқылы күш береді (Лұқа 11:11—13). Ехобаның көмегімен сіз шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, Исаның соңынан ұдайы еріп жүре аласыз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Қай мағынада мәсіхшілер “күн сайын азап бағанасын” алып жүрулері керек?

  • Шомылдыру рәсімнен өткеннен кейін де Исаның соңынан “ұдайы еріп жүру” үшін не істей аласыз?

  • Бағышталғанда айтқан дұғаңыз жайлы ойланғаныңыз адал болып қалуға қалай көмектеседі?

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел