11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
129-ӘН Табанды боламыз
Қиындықта да еш берілмей қызмет ете аласыз
“Менің есімім үшін көп қиыншылыққа төздің” (АЯН 2:3).
НЕГІЗГІ ОЙ
Өзіміздің не өзгенің қателігіне қарамастан, Ехобаға әрі қарай да қызмет ете аламыз.
1. Ехобаның ұйымында болғанымыздың арқасында қандай баталарға кенеліп жүрміз?
ӘСІРЕСЕ соңғы күндері Ехобаның ұйымында болу бір бақыт! Дүниедегі жағдай қиындап жатқанда, бізге әрдайым көмекке келетін бауырластарымыз бар (Зәб. 133:1). Сондай-ақ Ехобаның арқасында отбасымызда бақыт-береке бар (Ефес. 5:33—6:1). Ал өзімізге келсек, Ехобаның сыйлаған түсінігі мен даналығының арқасында жантыныштығына иеміз.
2. Біз не істеуіміз керек және неге?
2 Десе де Ехобаға адал қызмет ете беруіміз үшін көп күш салуымыз керек. Өйткені мұны қиындататын жайттар бар. Мысалы, кейде 1) бауырласымыз ренжітеді, 2) жұбайымыз ренжітеді, 3) өзімізден көңіліміз қалатын кездер болады, әсіресе бір қателікті қайта-қайта жасай бергенімізде. Бұл мақалада осы үш қиындыққа жеке-жеке тоқталып, Киелі кітаптағы адал қызметшілерден не үйренетінімізді қарастырамыз.
БАУЫРЛАСЫҢЫЗ РЕНЖІТКЕНДЕ БЕРІЛМЕҢІЗ
3. Ехобаның қызметшілері қандай қиындыққа кезігуі мүмкін?
3 Қиындық. Кейбір бауырластардың кемшіліктері ашуымызға тиюі мүмкін. Ал басқалары көңілімізді қалдыруы, ойланбай әрекет етуі не дөрекілік танытуы мүмкін. Я болмаса үлгі етіп жүрген ақсақалдар қателік жасап қоятын шығар. Сондайда кейбіреулер “мен өзі шынымен Құдайдың ұйымында жүрмін бе” деп күмәнданады. Олар берілмей, Құдайға бауырластармен “иық тіресе” қызмет ете берудің орнына ренжіткен адамдармен араласпай қояды не тіпті қауымға келмей кетеді (Соф. 3:9). Бірақ бұл дұрыс па? Қазір сондай жағдайға кезіккен Киелі кітаптағы бір кейіпкердің мысалын қарастырайық.
4. Елші Пауыл қандай қиындықтарға кезікті?
4 Киелі кітап кейіпкері. Елші Пауыл бауырластардың да қателесетінін мойындаған. Мысалы, ол Исаның шәкірті болысымен-ақ кейбір бауырластар оның сыртынан тон пішті (Ел. іс. 9:26). Кейінірек біреулер оның сыртынан сөз тасып, абыройына дақ түсірмек болды (Қор. 2-х. 10:10). Ал бірде Пауыл бір ақсақалдың өзгені сүріндіретін қателік жасағанына куә болды (Ғал. 2:11, 12). Басқа жолы оның жақын серіктесі Марқа сапарда оны жарты жолдан тастап кетті (Ел. іс. 15:37, 38). Осы бауырластарға қатты ренжіп, Пауыл олармен бет көріспей кетсе болар еді. Бірақ ол оларды әрі қарай да бағалы санады және Ехобаға қызмет етуін доғармады. Сол жағдайларда берілмеуге Пауылға не көмектесті?
5. Бауырластардан үмітін үзбеуге Пауылға не көмектесті? (Қолостықтарға 3:13, 14) (Суретті де қараңыз.)
5 Пауыл бауырластарды жақсы көрген. Осы сезімінің арқасында ол бауырластардың кемшіліктерінен гөрі жақсы қасиеттеріне көбірек мән берген. Бұған қоса, Пауыл Қолостықтарға 3:13, 14-те (оқыңыз) өзі жазған сөздерге сай әрекет еткен. Мысалы, бірінші миссионерлік сапарында Марқа оны тастап кетсе де, ол реніш сақтамады. Кейінірек, Қолостықтарға жазған хатында Пауыл Марқаны “тірегім” деп мақтап, бағалайтынын көрсетті (Қол. 4:10, 11). Ал Римде түрмеде отырғанда Марқаны өзі шақыртты (Тім. 2-х. 4:11). Көргеніміздей, Пауыл бауырластарынан үмітін үзбеген. Одан не үйренеміз?
6, 7. Бауырластардың кемшіліктеріне қарамастан, оларға сүйіспеншілік таныта беруге не көмектеседі? (Жоханның 1-хаты 4:7)
6 Үйренеріміз. Ехоба біздің бауырластарға берілмей сүйіспеншілік таныта бергенімізді қалайды (Жоханның 1-хаты 4:7 оқыңыз). Егер әлдекім мәсіхшіге лайық әрекет етпей жатса, ол бізді әдейілеп ренжітпегеніне және Киелі кітап принциптерін ұстануға тырысып жүргеніне сенімді болайық (Нақ. с. 12:18). Ехоба адал қызметшілерін кемшіліктеріне қарамастан жақсы көретінін ұмытпайық. Қателескенімізде, ол бізден бас тарта салмайды, ашу да сақтамайды (Зәб. 103:9). Кешірімді Әкемізге еліктегеніміз қаншалықты маңызды десеңізші! (Ефес. 4:32—5:1).
7 Мынаны ұмытпайық, осы заманның соңы таяған сайын бауырластармен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз керек. Қуғын-сүргін күшеймесе, азаймайды. Сеніміміз үшін түрмеге жабылып жатсақ та, таңғалмаймыз. Сондай жағдайға түсіп қалсақ, бауырластарымыздың көмегіне зәру болатынымыз анық (Нақ. с. 17:17). Испаниядағы Жузеп a деген ақсақал басқа ер бауырластармен бірге бейтараптығы үшін түрмеге жабылады. Ол былай дейді: “Түрмеде өзімізбен-өзіміз, оңаша бола алмадық. Бауырластармен топырлап бір жерде отырдық. Әйтеуір біреудің бірдеңесі ұнамай, ызаға тиетін. Бізге бір-бірімізбен сыйысып, кең пейілмен кешіруді үйрену қажет болды. Осының арқасында тату болдық және бір-бірімізді қамқорлай алдық. Түрмеде біздің топтан басқа ешкім Ехобаға қызмет етпейтін. Бір жағдайда жарақат алып, қолымды таңып тастады да, ештеңе істей алмай қалдым. Сол кезде қасымдағы ер бауырластардың бірі киімімді жуып, басқа да тірліктерімді істеп жүрді. Мен ауадай қажет кезде шынайы сүйіспеншілікке бөлендім”. Бауырластарымызбен арамызда қандай қиындық болмасын, оларды қазірден шешіп алғанымыз дұрыс!
ЖАРЫҢЫЗ РЕНЖІТКЕНДЕ БЕРІЛМЕҢІЗ
8. Некедегілер қандай қиындықтарға кезігеді?
8 Қиындық. Барлық некеде қиындықтар бар. Киелі кітапта некелескен жұптар “жаңа қиындықтарға кезігетіні” ашық айтылады (Қор. 1-х. 7:28). Өйткені неке — екі кемелсіз адамның одағы. Олардың мінездері де әртүрлі, ұнататын-ұнатпайтын нәрселері, алған тәрбиелері мен мәдениеттері де әртүрлі болуы мүмкін. Тойдан кейін ешқашан көрсетпеген қылықтарын көрсете бастауы мүмкін. Осының барлығы некеге соққы болып тиеді. Сондайда әркім өз қатесін мойындап, қиындықты бірауыздан шешудің орнына кей жұптар кінәні бір-біріне жауып жатады. Ақырында олар бөлек тұруы не ажыраса салуы мүмкін b. Бірақ бұдан жағдайлары шынымен жақсара ма? Қазір Киелі кітаптан күйеуі күн көрсетпесе де, Құдайға адалдық сақтаған бір әйелдің мысалын қарастырайық.
9. Әбигел қандай қиындық көрді?
9 Киелі кітап кейіпкері. Әбигел Набал деген қатал әрі жаман адамның әйелі болатын (Сам. 1-ж. 25:3). Ондай адаммен бір шаңырақтың астында тұру адам төзгісіз қиын болған шығар. Набалдан құтылудың мүмкіндігі туғанда, Әбигел не істеді? Мысалы, Дәуіт Набалдың қорлық сөздері үшін оны қырып жіберуге келгенде, Әбигел алысқа қашып кетіп, күйеуінің өлгенін күтіп отырды ма? (Сам. 1-ж. 25:9—13) Жоқ, Әбигел араша түсіп, Дәуіттен Набалға рақым етуін өтінді (Сам. 1-ж. 25:23—27). Ол неге бұлай әрекет етті?
10. Некедегі қиындықтарына қарамастан, Әбигелге берілмеуге не көмектесті?
10 Әбигел Ехобаны жақсы көрген және некені Ехоба сияқты құрметтеген. Ол алғашқы жұп Адам мен Хауаны қосқанда, Құдайдың оларға не дегенін жақсы білсе керек (Мұс. 1-ж. 2:24). Некенің Ехоба үшін қасиетті екенін білгендіктен, Әбигел Құдайға ұнамды болуды ойлаған. Сондықтан ол үй ішін, соның ішінде күйеуін де аман алып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Набалды Дәуіттің қылышынан сақтап қалу үшін тез әрекет етті. Ол өзгенің күнәсін өз мойнына артуға да дайын болды. Ехоба осы қайсар, жанқияр әйелді қатты жақсы көргенінде дау жоқ! Әйелдер де, күйеулер де Әбигелден не үйрене алады?
11. а) Ехоба ерлі-зайыптылардан не күтеді? (Ефестіктерге 5:33) ә) Кармен бауырластан не үйрендіңіз? (Суретті де қараңыз.)
11 Үйренеріміз. Жұбайымыз қиын адам болса да, Ехоба бізден некені құрметтейді деп күтеді. Ерлі-зайыптылардың некедегі қиындықтарды шешу үшін барын салып жүргендерін және бір-біріне жанқиярлық, сүйіспеншілік пен құрмет танытып жүргендерін көргенде, Ехоба қатты риза болады (Ефестіктерге 5:33 оқыңыз). Мысалы, Кармен деген әйел неке құрғанына 6 жыл болғаннан кейін Куәгерлермен зерттеп, сосын шомылдыру рәсімінен өтеді. Ол былай дейді: “Күйеуім Куәгерлермен зерттегенімді мүлдем жақтырмады. Мені Ехобадан қызғана бастады. Ол маған ауыр сөздер айтатын, тастап кетемін деп қорқытатын”. Бірақ Кармен еш берілмеді. Ол 50 жылдан бері күйеуін сүюге, құрметтеуге барын салып келеді. “Күйеуімнің қас-қабағына қарап, жұмсақ сөйлеуді үйрену үшін маған жылдар кетті. Некемнің Ехобаға қасиетті екенін білгендіктен, оны сақтау үшін қолымнан келгеннің барлығын жасауға тырыстым. Осы жылдары қандай қиындықтар тумасын, некемнен ешқашан бас тартқан емеспін, өйткені мен Ехобаны жақсы көремін”,— дейді Кармен c. Мынаған нық сенімді болыңыз: некеңізде қандай қиындықтар болмасын, Ехоба сізді қолдайды, еш берілмеуге көмектеседі.
ӨЗІҢІЗДЕН КӨҢІЛІҢІЗ ҚАЛҒАНДА БЕРІЛМЕҢІЗ
12. Ауыр күнә жасағанда, қандай күй кешуіміз мүмкін?
12 Қиындық. Ауыр күнә жасағанда, “енді бәрі бітті” деп өзімізден күдер үзуіміз мүмкін. Мұндай күйді Киелі кітап “жаралы, күйзелген жүрек” деп сипаттайды (Зәб. 51:17). Роберт деген бауырласты алсақ, ол қызмет көмекшісі болу үшін жылдар бойы көп күш салған. Бірақ кейін ол ауыр күнә жасайды. Ехобаға опасыздық жасағанын түсінген ол былай дейді: “Мені ар-ұжданым қинап, үстімнен бір тонна жүк басып тұрғандай болды. Ішім бүріп, жан дүнием өртенді. Ехобаға еңіреп тұрып дұға еттім. Сол кездері “Ехоба енді мені естімейтін шығар, естіп қайтсін, мен оны сатып кеттім ғой” деп ойлайтынмын”. Күнә жасағанда, күйзелген жүрегіміз “Ехоба менен күдер үзді” дегенге иландыруы мүмкін. Сондықтан біз де өзімізден күдер үзе бастауымыз мүмкін (Зәб. 38:4). Осындай күйде жүрсек, Киелі кітаптағы бір кейіпкерден не үйрене алатынымызды көрейік.
13. Петір қандай ауыр күнә жасады және бұған не алып келді?
13 Киелі кітап кейіпкері. Исаның өлер алдындағы түні елші Петір бірнеше қателік жасады. Олар оның өміріндегі ең үлкен өкінішке әкеп соқтырды. Алдымен, Петір өзіне тым сенімді болып, Исаға: “Сізді тіпті бәрі тастап кетсе де, мен тастамаймын”,— деді (Мар. 14:27—29). Сосын Гетсимани бағында Петір сергек отырмай, қайта-қайта ұйықтап кетті (Мар. 14:32, 37—41). Кейін бір тобыр адамнан қорқып, Исаны тастап, қашып кетті (Мар. 14:50). Соңында үш рет “Исаны танымаймын” деп өтірік айтты. Осы өтірігіне сендіру үшін тіпті ант ішті (Мар. 14:66—71). Қаншалықты ауыр күнә жасағанын түсінгенде, Петір не сезінді? Ол өз-өзін ұстай алмай, өксіп жылап жіберді (Мар. 14:72). Бірер сағаттан кейін Иса өлімге кесілгенде, күйреген жаны одан бетер сыздаған шығар. Петір өзін түкке тұрғысыз, оңбаған адам санаған болар.
14. Петірге еш берілмей, Ехобаға қызмет ете беруге не көмектесті? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)
14 Петірге еш берілмей, әрі қарай да қызмет ете беруге көмектескен бірнеше жайт бар. Біріншіден, ол өзгелерден оқшауланған жоқ, қайта, бауырластарға барып, олардан жұбаныш тапса керек (Лұқа 24:33). Бұған қоса, оған қайта тірілген Иса көрінді. Иса мұны Петірді жігерлендіру үшін істесе керек (Лұқа 24:34; Қор. 1-х. 15:5). Сондай-ақ Иса аяулы досын қателіктері үшін сөкпеді, қайта, бұрынғыдан да көп жауапкершілік сеніп тапсырды (Жох. 21:15—17). Петір өзінің өте ауыр күнә жасағанын мойындады да, еш берілмей, Ехобаға қызмет етуін жалғастыра берді. Ненің арқасында? Ол Ұстазы Исаның одан күдер үзбегеніне сенімді болды. Сондай-ақ бауырластары оған үзбей қолдау көрсете берген еді. Біз Петірден не үйренеміз?
15. Ехоба біздің не нәрсеге сенімді болғанымызды қалайды? (Зәбүр 86:5; Римдіктерге 8:38, 39) (Суретті де қараңыз.)
15 Үйренеріміз. Ехоба біздің мынаған сенімді болғанымызды қалайды: ол бізді сүйеді және кешіруге дайын тұрады (Зәбүр 86:5; Римдіктерге 8:38, 39 оқыңыз). Күнә жасағанда, өзімізді жаман сезінетініміз кәдімгі нәрсе. Бірақ Ехоба бізді жақсы көрмейді, енді ол бізді кешірмейді деп ойламауымыз керек. Ондай кездері дереу көмек іздеу керек. Алдында айтылған Роберт бауырлас: “Азғыруға өз күшіммен төтеп бере аламын деп ойлағандықтан, мен күнә жасадым”,— дейді. Ол ақсақалдардың көмегіне жүгіну керектігін түсінді. “Ақсақалдарға жолыққаным жақсы болды. Сол кезде мен бірден Ехобаның мені жақсы көретінін сезіндім. Ақсақалдар менен үмітін үзбеді. Олардың арқасында Ехоба мені тастап кетпегеніне көзім жетті”,— дейді Роберт. Біз де мынаған сенімді болсақ болады: күнәларымызға өкінсек, ақсақалдардан көмек іздесек және қателігімізді қайталамауға нық бекінсек, Ехоба бізді жақсы көреді және кешіреді (Жох. 1-х. 1:8, 9). Осыны түсінгеніміз сүрінгенде не тіпті құлағанда, өзімізден күдер үзбеуге көмектеседі.
16. Ехобаға еш берілмей қызмет етуге не үшін бекіндіңіз?
16 Осы соңғы күндері атқарып жүрген қызметімізді Ехоба қатты бағалайды. Оның көмегімен өзімізден де, өзгелерден де көңіліміз қалғанда, еш берілмей қызмет ете аламыз. Сондай-ақ бауырластар ренжітіп қойғанда, оларды кешіріп, оларға деген сүйіспеншілігімізді нығайта аламыз. Некеңізде қиындықтар туындағанда, оларды шешу үшін барыңызды салсаңыз, Ехобаны сүйетініңізді және некені құрметтейтініңізді көрсете аласыз. Ал күнә жасап қойғанда, Ехобадан көмек іздейік, ол бізді жақсы көретініне, кешіруге дайын екеніне сенімді болайық. Сонда ол қызметімізді әрі қарай да жалғастыра беруге көмектеседі. Осылай “жақсылық жасаудан еш талмасақ. . . өз уақытында оның өнімін орамыз” (Ғал. 6:9).
МЫНА ҚИЫНДЫҚТАРДА ЕШ БЕРІЛМЕЙ, ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕ БЕРУГЕ НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ:
-
бауырласымыз ренжіткенде?
-
жарымыз ренжіткенде?
-
өзімізден көңіліміз қалғанда?
139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b Құдай Сөзі ерлі-зайыптының бөлек тұруын құптамайды. Онда бөлек тұру ерлі-зайыптыға қайта неке құруға құқық бермейтіні анық айтылған. Алайда кейбір мәсіхшілер салмақты себептермен бөлек тұруды шешуі мүмкін. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының “Бөлек тұру” деген 4-түсіндірмесін қараңыз.
c Осыған ұқсас оқиғаны jw.org сайтында “Жалған тыныштық жаңылдырмасын! Даррел және Девора Фризенгер” деген видеодан көре аласыз.