Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Балаға жаратылыстарға қарап, Ехобаны тануды үйретіңіз

Балаға жаратылыстарға қарап, Ехобаны тануды үйретіңіз

“Ондағы жұлдыздарды кім жаратты?” (ИШАЯ 40:26)

11-ӘН Жаратылыстар Ехобаны даңқтайды

АҢДАТПА a

1. Әрбір мәсіхші ата-ана нені қалайды?

 ӘРБІР мәсіхші ата-ананың арман-тілегі — балалары Ехобаны жақыннан танып, оны жақсы көргені. Бірақ Құдай көзге көрінбейді ғой, ендеше, қалай сіз балаңызға оның шынымен бар екенін көре білуге және онымен дос болуға көмектесе аласыз? (Жақ. 4:8).

2. Ата-аналар балаларына Ехобаның қасиеттерін қалай таныстыра алады?

2 Балаларды Ехоба Құдайға жақындатудың бірден-бір жолы — олармен Киелі кітапты зерттеу (Тім. 2-х. 3:14—17). Бірақ Киелі жазбаларда Ехоба туралы білудің тағы бір жолы айтылған. Нақыл сөздер кітабында әкесі ұлына табиғаттан көрініс тапқан Ехобаның қасиеттерін елеусіз қалдырмауды айтады (Нақ. с. 3:19—21). Олай болса, ата-аналар балаларының назарын жаратылыстарға аудара отырып, Ехоба жайлы қалай тәлім берсе болатынын қарастырайық.

ЖАРАТЫЛЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП, ҚАЛАЙ ТӘЛІМ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

3. Ата-ана баласына нені көруге көмектесу керек?

3 Құдайдың “көзге көрінбейтін қасиеттері... дүние жаратылғаннан бері айқын. Бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады”,— дейді Киелі кітап (Рим. 1:20). Ата-аналар, сіздер балаларыңызбен бірге далада серуендегенді ұнатасыздар ма? Сондай кездері балаларыңызға Ехобаның жаратылыстарынан оның тамаша қасиеттерін көруге көмектесе аласыздар. Осы орайда Иса қандай үлгі көрсеткенін қарастырайық.

4. Иса жаратылыстар арқылы шәкірттеріне қандай тәлім берді? (Лұқа 12:24, 27—30)

4 Бірде Иса шәкірттерінің назарын қарға мен лалагүлге аударды (Лұқа 12:24, 27—30 оқыңыз). Сан алуан жануарлар мен өсімдіктердің ішінен неге Иса дәл осы құс пен гүлді мысалға келтірді? Өйткені шәкірттері ұшып жүрген қарғалар мен далада өсіп тұрған лалагүлдерді күнде көретін. Солар туралы айтып жатқанда Иса қолымен нұсқап көрсеткен де шығар. Ал сосын не істеді? Қарғаларды асырап, әдемі лалагүлдерді киіндіргеніндей, Ехоба өзінің адал қызметшілерін тамақпен және киіммен міндетті түрде қамтамасыз ететінін айтты. Осылай Ехобаның жомарт әрі мейірімді Әке екенін ұмытылмастай етіп үйретті.

5. Балаларына Ехоба жайлы тәлім беру үшін ата-аналар қандай жаратылыстарға назар аударса болады?

5 Қымбатты ата-ана, сіздер дәл осы тәсілді қалай қолдансаңыздар болады? Сіз де балаңызға өзіңізге ерекше ұнайтын жануар немесе өсімдік жайлы айтып беріңіз. Сосын міндетті түрде Ехобаның бір қасиетін ашып кетуді ұмытпаңыз. Кейін оның өзіне қандай өсімдік я жануар ұнайтынын сұрап көріңіз. Балаңызға ұнайтын жаратылыс арқылы Ехобаның қасиеттерін көрсетсеңіз, ол сізді қызыға әрі мұқият тыңдайды.

6. Кристофердің анасынан не үйренеміз?

6 Сонда ата-аналар Ехоба жайлы тәлім беремін деп қандай да бір жануар не өсімдіктің қыр-сырының бәрін зерттеп кету керек пе? Жоқ, бұлай ету шарт емес. Байқасаңыз, Иса қарғалар не жейтінін, қалай қоректенетінін, болмаса гүлдердің жасушалық құрылымын ұзақ түсіндіріп жатпаған. Әрине, балаңыз бұндай терең білімге құштар да шығар, бірақ кейде сол жаратылыстан бір байқағаныңызды айтқаныңыз я сұрақ қойғаныңыздың өзі жеткілікті. Мысалы, Кристофер деген бауырласымыз балалық шағын есіне алып былай деді: “Анам бір-екі ауыз сөзбен-ақ айналамыздағы жаратылыстарды бағалай білуге үйрететін. Мысалы, тау жаққа барып қалсақ, ол: — Қарашы, мына таулар қандай биік, қандай әдемі! Ехоба керемет Құдай, иә?— дейтін. Ал мұхиттың жағасында жүрсек: — Мына толқындардың күшін қарашы! Құдай қандай құдіретті, иә?— деп қоятын. Анамыздың осындай қарапайым, бірақ ойландыратын сөздері маған да, бауырларыма да қатты ықпал етті”.

7. Балаларыңызға жаратылысқа мән беріп қарауды қалай үйрете аласыз?

7 Балаларыңыз өсе келе оларды жаратылысқа көбірек мән беріп, Ехобаның қасиеттерін тануды үйрете аласыз. Бұл үшін Құдайдың керемет бір туындысын мысалға алып: “Осыдан Ехоба жайлы не білуге болады?”— деп сұрап көріңіз. Оның сіз күтпеген жауабын естігенде, таңғалып қаласыз (Мат. 21:16).

ЖАРАТЫЛЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП, ҚАШАН ТӘЛІМ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

8. Балаларымен жол жүргенде исраилдік ата-аналарда қандай мүмкіндік болған?

8 Исраилдік ата-аналар “жол жүргенде де” балаларына Ехобаның заң-талаптарын үйрету керек болған (Мұс. 5-ж. 11:19). Ал Исраил еліндегі жолдарда әр түрлі жануарларды, құстар мен гүлдерді көруге болатын. Сол кезде ата-аналар үшін балаларын Ехобаның жаратылыстарына қызықтырудың орайы туатын. Ата-аналар, сіздерде де жаратылыстарға қарап, балаларыңызға тәлім беретін осындай мүмкіндіктер бар. Қазір кейбір ата-аналардың үлгісін қарастырайық.

9. Пунита мен Катя бауырластардың сөздерінен не түйіп алдыңыздар?

9 Үндістанның ірі қаласында тұратын Пунита есімді ана былай дейді: “Ауылға туыстарымызға барғанда, Ехобаның керемет жаратылыстарын тамашалауға мүмкіндік ашылады. Көшелері ығы-жығы, көліктері кептеліп жатқан қаладан шыққанда балаларымыз табиғатқа тереңірек үңілетінін байқадық”. Балалар табиғат аясында ата-аналарымен бірге өткізген уақытты әдетте ешқашан ұмытпайды. Молдовада тұратын Катя есімді бауырлас осыны қоштап былай дейді: “Бала кезімде ата-анаммен табиғат аясында өткізген сәттерім күні кешегідей есімде. Ата-анам бала күнімнен бастап Ехобаның жаратылыстарын ден қойып бақылауды және сол арқылы Ехобаның қасиеттерін танып-білуді үйреткеніне қатты ризамын”.

Қалалы жерде де балаңызға Ехоба жайлы үйрететін жаратылыстарды табуға болады (10-абзацты қараңыз)

10. Қаланың шетіне шығуға мүмкіндігі болмаса, ата-аналар не істей алады? (“ Ата-аналарға көмекші құралдар” деген қоршауды қараңыз.)

10 Ал егер қаланың сыртына шығып, табиғатты тамашалауға мүмкіндік болмаса ше? Үндістанда тұратын Амол бауырласымыз мынадай бір тиімді әдісін айтты: “Біздің жақта ата-аналар ертеден қара кешке дейін жұмыс істейді. Одан қалса, балаларын қаланың сыртына алып шығуды қалталары көтере бермейді. Десе де амал жоқ емес. Балаларды шағын саябаққа апарып я балконға шығарып-ақ Ехобаның жаратылыстарын көрсетіп, оның қасиеттерін айтып беруге болады”. Демек, айналамызға зер салып қарасақ, үйден алысқа кетпей-ақ балаларымызға көрсетіп, Ехоба жайлы тәлім беретін жаратылыстар көптеп табылады (Зәб. 104:24). Мысалы, құстар, қыбырлаған жәндіктер мен өсімдіктердің түр-түрі бар. Германияда тұратын Карина: “Менің анам гүлдерді жақсы көреді. Кішкентай кезімде мені ертіп келе жатып, бір әдемі гүлді көріп қалса, маған бірден көрсететін”,— дейді. Бұған қоса, біздің сайтымызда жаратылыс туралы видеолар мен әдебиеттер бар. Соларды қолданып та балаларыңызға тәлім бере аласыздар. Иә, жағдайымыз қандай болмасын, балаларымыздың назарын Ехобаның жаратылыстарына аударуға мүмкіндік жоқ емес. Ал осылай еткенде Ехобаның қандай қасиеттері туралы айтып берсек болады?

ЕХОБАНЫҢ “КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ҚАСИЕТТЕРІ АЙҚЫН”

11. Балалары Ехобаның сүйіспеншілігін көру үшін ата-аналар не істесе болады?

11 Балаңыз Ехобаның сүйіспеншілігін сезіну үшін оған құс өз балапанын, мал өз төлін қалай аялап, бауырына басатынын көрсетсеңіз болады (Мат. 23:37). Сондай-ақ айналамыздағы жаратылыстардың сан түрлілігі мен әдемілігіне назар аударсаңыз болады. Алдыңғы абзацта айтылған Карина былай дейді: “Серуенге шыққанда анам мені тоқтатып, әрбір гүлдің өзінше ерекше, өзінше сұлу екеніне назарымды аударатын. Бұл сұлулықтан Ехобаның сені жақсы көретінін көре біл дейтін. Қаншама жыл өтсе де, мен әлі күнге дейін гүлдердің сан алуандығына, пішіні мен түсіне тамсанып қараймын. Оларға қараған сайын, Ехоба бізді қатты жақсы көретінін сезінемін”.

Құдайдың даналығын көрсету үшін балаңызға денеміздің қандай керемет жаратылғанын айтсаңыз болады (12-абзацты қараңыз)

12. Ата-аналар балаларына Құдайдың даналығын қалай түсіндіре алады? (Зәбүр 139:14) (Суретті де қараңыз.)

12 Жаратылыстарға қарап Ехобадан асқан дана тұлға жоқ екенін түсінеміз. Ендеше, балаңызға оның даналығын да көре білуге көмектесіңіз (Рим. 11:33). Мысалы, қалай су көкке көтеріліп, мақтадай бұлтқа айналады, ал кейін бұлттар сол суды арқалап, ары-бері қалықтап көшіп жүреді?! (Әйүп 38:36, 37). Я болмаса адамның денесі тамаша жаратылғанына көңіл аударыңыз (Зәбүр 139:14 оқыңыз). Владимир бауырлас осы тәсілді қолданған екен: “Ұлымыз бірде велосипедтен құлап, тізесін жарақаттап алды. Екі-үш күннен кейін оның жарасы тез-ақ жазылып кетті. Осы жағдайды пайдаланып, әйелім екеуміз оған: — Қарашы, Ехоба біздің денемізді өзін-өзі емдей алатындай етіп жаратқан. Ал адамдар олай жасай алмайды. Мысалы, көлік сынып қалса, өзін-өзі жөндей алмайды ғой. Байқадың ба, Ехоба қандай ақылды!— дедік. Бұл әңгімеден баламыз Ехобаның дана Құдай екенін түсінді”.

13. Ата-аналар балаларына Құдайдың құдіретін түсінуге қалай көмектесе алады? (Ишая 40:26)

13 Ехоба бізді аспанға көз тастауға және құдіретімен жұлдыздардың бәрін өз орнында қалай ұстап тұрғаны жайлы ойлануға шақырады (Ишая 40:26 оқыңыз). Сіз де балаларыңызды жұлдыздарға қарап ой түюге талпындырыңыз. Тайваньда тұратын Тин-тин есімді әйел бауырлас балалық шағынан былай деп сыр шертеді: “Анам екеуміз тауға шығып, палаткада түнеген кезіміз есімде. Қаланың жасанды жарықтары кедергі болмағандықтан, түнгі аспанда жұлдыздар анық көрініп тұрды. Сол кезде анам: — Мына жұлдыздардың бәрін жаратқан Ехобаның құдіреті жайлы ойланшы. Ехоба сол құдіретімен саған міндетті түрде көмектесетінін ұмытпа, сонда сен кез келген сынақты жеңіп шыға аласың,— деді. Сол уақыттары мен құрбы-құрдастарымнан қысым көріп, Ехобаға адал болып қала алмайтын шығармын деп уайымдап жүрген едім. Бірақ сол демалыста Ехобаны тани түсуге ықыласым артты әрі оған қызмет ете беремін деген шешімім беки түсті”.

14. Ата-аналар балаларына Ехобаның бақытты Құдай екенін түсінуге қалай көмектессе болады?

14 Ехобаның қолынан шыққан туындылардан оның күлкі-қуанышты жақсы көретінін байқаймыз. Ғалымдар жануарлардың көбісінің, соның ішінде құстар мен балықтардың ойнай алатын қабілеті бар екенін айтады (Әйүп 40:20). Балаңыз күшіктердің бір-бірінің үстіне шығып аунап жатқанын, мысықтың тоқыма жіптің артынан қуалап жүргенін көргенде мәз болып күлген шығар. Ол тағы бір жолы қандай да бір жануардың қылығын қызықтап, күліп жатса, бақытты Құдайға қызмет етіп жатқанымызды есіне салып қойыңыз (Тім. 1-х. 1:11).

ОТБАСЫҢЫЗБЕН ЖАРАТЫЛЫСТАРДЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КӨРІҢІЗДЕР

Табиғат аясында бірге болғанда балаңыз өзін еркін сезініп, сізге ішіндегісін айта алады (15-абзацты қараңыз)

15. Ата-аналар балаларының көңілінде жүрген ойларды қалай білсе болады? (Нақыл сөздер 20:5) (Суретті де қараңыз.)

15 Кейде балалар қиындықтары мен уайымдарын ата-аналарына ашылып айта бермейді. Осындайда олардың ішіндегісін суырып шығаруға не көмектеседі? (Нақыл сөздер 20:5 оқыңыз). Кейбір ата-аналардың айтуынша, табиғат аясында жүргенде балалары сыр шертуге бейім келеді екен. Бұның бір себебі табиғатта ата-аналарды да, балаларды да алаңдататын нәрселердің азырақ болуында. Ал екінші себебін Тайваньда тұратын Масахико есімді ер бауырлас айтып берді: “Демалуға шыққанда, мысалы тауға көтерілгенде не жағажайда серуендегенде, балалар өздерін әлдеқайда еркін сезінеді. Сондай кезде оларды әңгімеге тартып, ойларында жүрген нәрсені біліп алуға болады”. Жоғарыда айтылып кеткен Катя болса былай дейді: “Сабақтан шыққан соң, анам мені әдемі бір саябаққа алып кететін. Сондай өте жайлы, мамыражай ортада мектепте не болғанын, мені не мазалайтынын айту жеңіл болатын”.

16. Отбасылары бірге демалып, көңілді уақыт өткізу үшін не істесе болады?

16 Ехобаның жаратып берген табиғатында отбасылары демалып, көңілді уақыт өткізе алады, осылайша аралары жақындай түседі. Киелі кітапта да “күлетін уақыт”, “би билейтін” немесе ойнап, секіретін уақыт бар екені айтылған (Уағ. 3:1, 4). Жасампаз Әкеміз Ехоба өзімізге ұнайтын істермен айналыса алатын көркем жерлерді беріп қойған. Мысалы, көп отбасылар көңілді уақыт өткізіп, сергіп қайту үшін, саябақтарға, тауға, судың жағасына я ауылды жерлерге шығып тұрады. Ол жақта балалар асыр салып ойнайды, жан-жануарларды бақылайды, суға шомылады. Ашық аспан астында Ехоба жаратқан сұлу табиғаттың рақатын көріп, демала алатынымыз қандай тамаша!

17. Ата-аналар неліктен балаларына Ехобаның жаратылысының қызығын көруді үйретулері керек?

17 Ата-аналар мен балалар Ехобаның жаратқандарының нағыз қызығын көретін уақыт алда, яғни Құдайдың жаңа дүниесінде болады. Ол кезде біз жануарлардан еш қорықпаймыз, олар да бізден үрікпейтін болады (Ишая 11:6—9). Сол кезде еш уақыт санамай, Ехобаның жаратылыстарының қызығын шексіз көре береміз (Зәб. 22:26). Бірақ сол уақытты күтпей-ақ, қазірден бастап балаларыңызға Ехобаның жасаған туындыларын қызықтауды үйрете беріңіз және солар арқылы Ехоба туралы тәлім беруді де ұмытпаңыз. Сонда олар да Дәуіт сияқты шын жүректен: “Уа, Ехоба... Сенікіндей істер жоқ”,— деп айта алады (Зәб. 86:8).

134-ӘН Балалар — Құдайдың аманаты

a Балалық шақтарында ата-анасымен бірге табиғат аясында уақыт өткізгендері көп бауырластың әлі күнге дейін есінде. Сол кездері ата-аналары оларға Ехобаның қасиеттері жайлы тәлім берген екен. Сіз де сол ата-аналар сияқты балаларыңызға жаратылыстар арқылы Ехобаның қасиеттерін танып-білуді қалай үйрете аласыз? Бұл мақаладан соны білеміз.