14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
“Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі... білетін болады”
“Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (ЖОХ. 13:35).
106-ӘН Сүйіспеншілік қасиетін дамытайық
АҢДАТПА a
1. Қауымға алғаш келген адамдар бірінші нені байқайды? (Суретті де қараңыз.)
МЫНАДАЙ бір жағдайды мысалға алайық: күйеуі мен әйелі Патшалық сарайына бірінші рет барып, Ехоба куәгерлерімен танысады. Бауырластардың оларды қалай қарсы алғанын, бір-біріне деген қарым-қатынасын көргенде, олар таңғалады. Сөйтіп, қайтар жолда әйелі ерекше әсерленіп, күйеуіне былай дейді: “Ехоба куәгерлері басқаша екен, олардан бір ерекше жылулық есіп тұрды”.
2. Неге кейбіреулер шындықтан кетіп қалған?
2 Расымен де, Ехоба куәгерлерінің өзара сүйіспеншілігі бір ғажап дүние. Дегенмен де олар ешқашан қателеспейтін кемелді адамдар емес (Жох. 1-х. 1:8). Сондықтан да бауырластармен жақынырақ араласқан сайын, олардың қателіктерін де байқап жатамыз (Рим. 3:23). Кейбіреулер, өкінішке орай, сол үшін Ехобаға қызмет етуін доғарып, шындықтан кетіп қалған.
3. Исаның шынайы ізбасарларын неден білуге болады? (Жохан 13:34, 35)
3 Осы мақаланың негізгі тармағына тағы бір назар аударыңызшы (Жохан 13:34, 35 оқыңыз). Исаның шынайы шәкірттерін неден білуге болады делінген? Олардың ешбір кінәратсыз болатынынан емес, сүйіспеншіліктерінен. Байқасақ, Иса “менің шәкірттерім екендеріңді сендер білетін боласыңдар” демеген. Ол: “Жұрттың бәрі... білетін болады”,— деген. Демек, Иса шәкірттері ғана емес, қауымнан тыс адамдар да шынайы мәсіхшілерді өзара сүйіспеншіліктерінен танитынын айтқан.
4. Кейбіреулер шынайы мәсіхшілерге қатысты қандай сұрақтар қоюы мүмкін?
4 Кейбір Куәгер емес адамдарда мынадай сұрақтар туындауы мүмкін: “Исаның шынайы шәкірттерін ерекшелендіретін ол қандай сүйіспеншілік? Иса елшілерін жақсы көретінін қалай көрсеткен? Бүгінде біз оған қалай еліктей аламыз?” Ехоба куәгерлері де осы сұрақтар жөнінде ой жүгірткендері абзал. Сол кезде олар бауырластардың кемшіліктеріне қарамастан, сүйіспеншілікті жақсырақ танытуды үйренеді (Ефес. 5:2).
НЕГЕ СҮЙІСПЕНШІЛІК ИСАНЫҢ ШЫНАЙЫ ШӘКІРТТЕРІНЕ ҒАНА ТӘН?
5. Жохан 15:12, 13-тегі Исаның сөздері нені білдіреді?
5 Иса ізбасарларының арасында ерекше сүйіспеншілік болатынын айтып кетті (Жохан 15:12, 13 оқыңыз). Байқасақ, ол ізбасарларына: “Бір-біріңді мен өздеріңді сүйгендей сүйіңдер”,— деп бұйырған. Иса бұның жанқияр сүйіспеншілік екенін, яғни қажет болса, мәсіхші бауырласы үшін өлуге де дайын болу керек екенін түсіндірді b.
6. Киелі кітап сүйіспеншіліктің маңыздылығы жайлы не дейді?
6 Құдай Сөзінде сүйіспеншілік қасиетіне аса мән беріледі. Мысалы, сүйіспеншілік жайлы келесідей тармақтар көбісіне қатты ұнайды: “Құдай — сүйіспеншілік” (Жох. 1-х. 4:8), “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Мат. 22:39), “Сүйіспеншілік көптеген күнәні жабады” (Пет. 1-х. 4:8), “Сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қор. 1-х. 13:8). Осы және басқа да тармақтардан сүйіспеншілік қасиетін өз бойымызда тәрбиелеу керектігін және басқаларды сүю керектігін анық түсінеміз.
7. Неге Шайтан ешқашан бір-бірін шын жақсы көретін халық құра алмайды?
7 Бүгінде барлық діндер ақиқат бізде деп алады да, әрқайсысы Құдай жайлы әртүрлі нәрсеге үйретеді. “Сонда қайсысы шынайы дін екенін қалай білеміз?” дейді көбісі. Расында да, Шайтан адамдарды адастыру үшін жалған діндерді көптеп шығарған. Бірақ ол ешқашан бір-бірін шын сүйетін дүниежүзілік бауырластықты құра алмайды. Бұны тек Ехоба істей алады. Өйткені шынайы сүйіспеншіліктің көзі — жалғыз Ехоба. Оның рухы мен батасына кенелген адамдар ғана бір-бірін шын жақсы көреді (Жох. 1-х. 4:7). Сол үшін де Иса оның шынайы ізбасарларын анықтаудың кілті — араларындағы жанқияр сүйіспеншілік екенін айтқан.
8, 9. Ехоба куәгерлерінің сүйіспеншіліктері адамдарға қалай әсер етеді? Мысал келтіріңіз.
8 Шынында да, Иса айтып кеткендей, көп адам оның шынайы ізбасарларын сүйіспеншіліктеріне қарап танып жатыр. Бұны Иан бауырластың мысалынан көруге болады. Ол әлі Куәгер емес кезінде үйінің жанындағы стадионға спорт ойынын тамашалауға барған екен. Ал бірнеше айдан кейін дәл сол стадионда өткен Куәгерлердің конгресіне алғаш рет қатысады. “Конгреске барғанымда, стадионды танымай қалдым. Алдыңғы жолы ойынға жиналған жұртпен салыстырғанда, Куәгерлер ұқыпты киінген, сыпайы, балалары тәртіпті екен. Олардың өмірге риза, көңілдері тыныш екені байқалып тұрды. Бұл маған қатты әсер етті, өйткені дәл осындай сезім маған жетіспей жүрген еді. Конгресте айтылған баяндамалардың ешқайсысы есімде қалмаса да, Куәгерлер өзін қалай ұстағаны ойымнан кетпей қойды”,— дейді Иан c. Өзімізді осылай ұстайтын себебіміз — бір-бірімізді шын сүйеміз. Сондықтан бір-бірімізге мейіріммен, құрметпен қараймыз.
9 Ал Джон есімді бауырлас қауым кездесулеріне алғаш барғанда, мынадай әсер алыпты: “Қауымдағылардың бәрі мені туған бауырындай қарсы алғанда, ішім жылып кетті. Мыналар нағыз Құдайдың адамдары ғой деп ойладым. Олардың шынайы сүйіспеншіліктерін көріп, шынайы дінді тапқанымды түсіндім” d. Бұлар Ехобаның халқы шынайы мәсіхшілер екенін дәлелдейтін сансыз көп оқиғалардың екеуі ғана.
10. Әсіресе қандай сәттерде бауырласымызды сүйетінімізді көрсете аламыз? (Сілтемені де қараңыз.)
10 Мақаланың басында айтылғандай, бауырластарымыздың ешқайсысы кемелді емес. Сондықтан кейде олар көңілімізге ауыр тиетін бірдеңе айтып не істеп қояды e (Жақ. 3:2). Біз мұны қалай қабылдаймыз? Дәл осындай кезде нағыз мәсіхші ретінде сүйіспеншілік танытатын сәт туады. Бұны біз Исадан үйренеміз (Жох. 13:15).
ИСА ЕЛШІЛЕРІН СҮЙЕТІНІН ҚАЛАЙ КӨРСЕТКЕН?
11. Жақып пен Жохан қандай ұнамсыз қылық жасады? (Суретті де қараңыз.)
11 Иса ізбасарларының қателесетінін түсінген, олардан мінсіздікті күтпеген. Қайта, олардың жағымсыз мінез-құлықтарын түзеп, Ехобаға ұнамды болуға көмектесіп отырған. Бірде елшілері Жақып пен Жохан Исаға аналары арқылы өтініш айтып, Патшалықта екеуін құрметті деген орындарға жайғастыруын сұрайды (Мат. 20:20, 21). Осылай олардың көкіректіктері мен басқаларды басып озғылары келетіні көрініп қалады (Нақ. с. 16:18).
12. Жақып пен Жоханнан басқа жағымсыз мінезін тағы кімдер көрсетті?
12 Сол жағдайда жағымсыз қырларын көрсеткен Жақып пен Жохан ғана емес. Киелі кітапта: “Қалған 10 елші мұны естігенде, ағайынды екеуіне ашуланды”,— делінген (Мат. 20:24). Бәлкім, сол кезде Жақып пен Жоханның және қалған елшілердің арасында ұрыс-жанжал туып, бір-біріне ауыр сөздер айтқан болар. Олар екі ағайындыға былай деген шығар: “Патшалықта құрметті орынға жайғасатындай сендер соншама кімсіңдер? Бізден қай жерлерің артық? Біз де сендер сияқты Исамен ауыр еңбек етіп жүрміз. Ондай мәртебелі орынға біз де лайықпыз”. Өкінішке орай, сол жағдайда елшілер бір-бірін бауырлардай сүю керектігін ұмыт қалдырды.
13. Елшілердің жағымсыз қырларын көргенде, Иса не істеді? (Матай 20:25—28)
13 Сол жағдайда Иса не істеді? Ол ашуға бой алдырмай, шыдамды болды. Ол: “Сендерден көңілім қалды, енді мен өте кішіпейіл, бір-бірін жақсы көретін басқа елшілерді іздеймін”,— деген жоқ. Олар жүректерінде жақсылыққа ұмтылатынын білгендіктен, оларды ақылға шақырып, жұмсақ сөйлесті (Матай 20:25—28 оқыңыз). Елшілер арамызда кім ұлы деп дауласқан жағдайлар бұдан кейін де болды, бірақ Иса әрі қарай да оларға мейірім таныта берді (Мар. 9:34; Лұқа 22:24).
14. Исаның елшілері қандай ортада туып-өсті?
14 Иса елшілерінің қандай ортада өскендерін ескерген (Жох. 2:24, 25). Олардың заманында діни жетекшілер атақ-дәрежеге, адамның беделіне аса көп мән берген (Мат. 23:6). Бұған қоса, олар өз әділдіктеріне тым сенімді боп, өзгелерді менсінбейтін f (Лұқа 18:9—12). Осындай орта елшілердің өздеріне деген және өзгелерге деген көзқарастарын қалыптастырғанын Иса жақсы түсінген, сондықтан шәкірттерінен көп нәрсе күтпеген (Нақ. с. 19:11). Олардың олқылықтарын қатты қабылдамай, шыдаммен қараған. Иса шәкірттерінің жүрегі ақ екенін білгендіктен, тәкаппарлықтарын басып, кішіпейіл болуға, бір-бірін басып озуға емес, шын сүюге жалықпай үйрете берген.
ИСАҒА ҚАЛАЙ ЕЛІКТЕЙ АЛАМЫЗ?
15. Жақып және Жоханмен болған жағдайдан қандай сабақ аламыз?
15 Жақып пен Жоханның Патшалықтан құрметті орын сұрағандары дұрыс болмады, әрине. Олармен дауласып, бірліктерін бұзған он елші де дұрыс әрекет етпеді. Бірақ Иса елшілердің бәріне мейіріммен қарап, сүйіспеншілік танытты. Осы жағдайдан қандай сабақ аламыз? Адамның қандай қателік жасағаны ғана емес, сол жағдайдағы біздің реакциямыз, өзімізді қалай ұстағанымыз да маңызды. Біреу сізді ренжіткенде дұрыс әрекет ету үшін мына сұрақтардың үстінен ой жүгіртіп көріңіз: “Бауырластың әрекетіне неге сонша жаман болдым? Бәлкім, бойымда арылуым керек жаман қасиетім бар шығар? Немесе мені ренжіткен бауырлас көп қиындық көріп жүр ме екен? Онікі дұрыс болмаса да, қателігін жанқияр сүйіспеншілікпен жаба аламын ба?” Бауырластарымыз қателескенде де оларға сүйіспеншілікпен қарай берсек, Исаның нағыз шәкірттері екенімізді көрсете береміз.
16. Исадан тағы не үйренеміз?
16 Исадан тағы бір үйренетініміз — бауырластарға түсінікпен қарау (Нақ. с. 20:5). Иса адамдардың жүрегін көре алған. Бірақ біз көре алмаймыз. Дегенмен олардың кемшіліктеріне көз жұмып, шыдамды бола аламыз (Ефес. 4:1, 2; Пет. 1-х. 3:8). Бұлай етуге бауырласымыздың өткен өмірін білгеніміз көмектеседі. Қазір соның бір мысалын көрейік.
17. Аудандық бақылаушы бір ер бауырласпен араласқанның қандай пайдасын көрді?
17 Шығыс Африкадағы аудандық бақылаушы бір қауымға сапармен барғанда, оған бір ер бауырластың мінезі дөрекі боп көрінеді. Сонда ол не істеді? “Оның мінезі жаман екен деп ат-тонымды ала қашпай, керісінше, онымен жақынырақ араласып көрейін дедім”,— дейді ол. Сонда аудандық бақылаушы әлгі бауырластың осындай адам боп қалыптасуына өткен өмірі әсер еткенін түсінеді. Аудандық бақылаушы әрі қарай былай дейді: “Ескі болмысты бағындыру қандай қиын болғанын және осы деңгейге жету үшін қаншама күш салғанын білгенде, мен оны бағалап кеттім. Қазір екеуміз тамаша доспыз”. Осы оқиғадан көретініміздей, бауырластарды жақсырақ түсінген сайын, оларды көбірек сүйетін боламыз.
18. Бауырласымыз ренжітсе, не жайлы ойланғанымыз дұрыс? (Нақыл сөздер 26:20).
18 Кейде біз ренжіткен адаммен сөйлесуім керек деп шешерміз. Бірақ алдымен мына жайлы ойланғанымыз дұрыс болады: “Мен мән-жайды толық білемін бе? (Нақ. с. 18:13). Ол мені әдейілеп ренжітейін демеген шығар (Уағ. 7:20). Сондай қателікті өзім де жасағанмын ба? (Уағ. 7:21, 22). Барып онымен сөйлесем деп алып, түймедейді түйедей қылып жүрмеймін бе?” (Нақыл сөздер 26:20 оқыңыз). Осылай ой жүгіртетін болсақ, болған келеңсіздікті ойлай бермей, сүйіспеншілікпен кешіруді ұйғарармыз.
19. Сіз не нәрсеге бел будыңыз?
19 Ехоба куәгерлері Исаның нағыз ізбасарлары екендерін халық ретінде дәлелдеп жүр. Олардың жеке әрқайсысы да Исаның шынайы ізбасары екенін көрсетуде. Қалай? Кемшіліктеріне қарамастан бір-бірін риясыз сүю арқылы. Осылай біз басқаларға шынайы дінді табуға және сүйіспеншіліктің Құдайы Ехобаға ғибадат етуге көмектесеміз. Ендеше, шынайы мәсіхшілердің белгісі болып табылатын сүйіспеншілік қасиетін таныта беруге бел буайық!
17-ӘН “Қалаймын”
a Біздің арамыздағы шынайы сүйіспеншілікті көргенде, көп адам шындық жолына қызығып жатады. Бірақ кемелсіздіктің кесірінен бір-бірімізді сүю кейде қиын боп қалады. Десе де бір-бірімізді сүю неге соншалықты маңызды және бауырластардың кемшіліктерін көргенде Исаға қалай еліктей аламыз?
c 2012 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қарашадағы санында “Өмірімнің мәні кірді” (ор.) деген мақаланы қараңыз.
d 2012 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 шілдедегі санында “Маған өмірім керемет болып көрінді” деген мақаланы қараңыз.
e Бұл мақалада Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10-да жазылған ауыр күнәлар айтылып тұрған жоқ. Ондай жағдайларды ақсақалдар қарастырады.
f Бір раввиннің былай деген сөзі бар: “Жер бетінде кем дегенде Ыбырайым сияқты отыз әділ адам бар. Егер отыз әділ адам болса, солардың екеуі — ұлым екеуміз. Ал он әділ адам болса, солардың екеуі қайтадан ұлым екеуміз боламыз. Бес әділ адам болса да, олардың екеуі ұлым екеуміз боп қаламыз. Ал екеу-ақ болса, олардың екеуі де ұлым екеуміз боламыз. Егер әділ адам біреу-ақ болса, ол мен болам”.