Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Неге шомылдыру рәсімінен өту қажет?

Неге шомылдыру рәсімінен өту қажет?

“Әрбіріңіз... шомылдыру рәсімінен өтіңіз” (ЕЛ. ІС. 2:38).

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

АҢДАТПА a

1, 2. Адам шомылдыру рәсімінен өткенде не болатынын сипаттап беріңіз және бұл мақалада не нәрсеге көңіл бөлеміз?

 СІЗ конгресте шомылдыру рәсімінен өтуге үміткер жандарды көргенсіз бе? Арнайы баяндамадағы екі сұраққа олардың нық сеніммен “иә” деп жауап бергендерін естіген шығарсыз. Сонда олардың жақындары мен достары мәз-мейрам болып, кеуделерін мақтаныш кернейді. Үміткерлер судан шыққанда, қоршап тұрған халайық ду қол шапалақ ұрып қуанады. Шомылдыру рәсімінен өткендердің жүздері бал-бұл жайнап, нұр шашып тұрады. Осылай аптасына мыңдаған адам Ехоба Құдайдың бағышталған әрі шомылдыру рәсімінен өткен Куәгері болып жатыр.

2 Сіз де шомылдыру рәсімінен өтуді ойлап жүрсіз бе? Ендеше, сіз түнек басқан мына зұлым дүниеде жарқырап тұрған жұлдыз сияқтысыз, өйткені “Ехобаны іздеп” жүрсіз (Зәб. 14:1, 2). Жасыңыз үлкен я кіші болсын, осы мақала сізге арнап жазылған. Ал шомылдыру рәсімінен өтіп қойған болсаңыз, осындағы ойлар Ехобаға мәңгі қызмет етемін деген шешіміңізді бекемдей түседі. Олай болса, Ехобаға қызмет етудің тамаша себептерінің үшеуіне көңіл бөлейік.

ШЫНДЫҚ ПЕН ӘДІЛДІКТІ СҮЙЕСІЗ БЕ?

Шайтан мыңдаған жылдан бері Ехобаның жақсатына күйе жағып келеді (3, 4-абзацтарды қараңыз)

3. Ехобаның халқы шындық пен әділдікті неге сүйеді? (Зәбүр 119:128, 163)

3 Ехоба өзінің қызметшілеріне “шындықты жақсы көріңдер” деп талап қойған (Зәк. 8:19). Иса да бізді әділдікті аңсап, соған ұмтылуға шақырған (Мат. 5:6). Демек, Ехобаның алдында дұрыс, таза әрі игі әрекеттерді істеуге адамның ыстық ықыласы болу керек. Сіз шындық пен әділдікті жақсы көресіз бе? Солай екеніне сенімдіміз. Демек, сіз өтірікті, жаман әрі зұлым істердің барлығын жек көресіз (Зәбүр 119:128, 163 оқыңыз). Өйткені өтірік атаулы мына зұлым дүниенің билеушісі Шайтаннан (Жох. 8:44; 12:31). Оның көксегені — Ехоба Құдайдың киелі есімін қаралау. Ол Едем бағында шыққан бүліктен бері Құдайға жала жауып, жамандап келеді. Ехобаны адамзаттан жақсылығын аяп отырған өзімшіл де әділетсіз Билеуші етіп көрсетеді (Мұс. 1-ж. 3:1, 4, 5). Оның бұл өтірігі қазіргі күнге дейін адамдардың жүректері мен саналарын улап жатыр. Адамдар шындықты жақсы көрмегенін пайдаланып, Шайтан оларды әділетсіз де зұлым жолға итермелеп, түрлі былыққа батыруға тырысады (Рим. 1:25—31).

4. Шындықтың Құдайы Ехоба не істеп жатыр? (Суретті де қараңыз.)

4 Ехоба — “шындықтың Құдайы” (Зәб. 31:5, сілт.). Оны сүйетін жандарға ол шындықты еш жасырмай үйретеді. Оларды Шайтан таратқан өтіріктердің шырмауынан босатып, көздерін ашады. Сонымен қатар шыншыл болуды, әділ жүріп тұруды да үйретеді. Осылай олардың қадір-қасиетін арттырып, жантыныштығын сыйлайды (Нақ. с. 13:5, 6). Киелі кітапты зерттеп жүргенде сіз де осыны сезіндіңіз бе? Білім ала келе сіз Құдайдың жолы бүкіл адамзат үшін және сіз үшін де ең дұрыс жол екенін түсіндіңіз (Зәб. 77:13). Сондықтан Құдайдың талаптарын ұстанып өмір сүруге бекіндіңіз (Мат. 6:33). Сондай-ақ Ехоба Құдайдың есімін ақтауға атсалысып, шындықты қорғағыңыз келер. Бұлай ету үшін не істей аласыз?

5. Шындық пен әділдіктің жағына шыққаныңызды қалай көрсетесіз?

5 Сіз: “Шайтанның өтірігі маған керек емес, мен шындықтың жағына шығамын. Билеушімнің Ехоба болғанын қалаймын және ол нені дұрыс деп айтса, соны істегім келеді”,— деп ұйғаратын шығарсыз. Ендеше, бұндай шешім қабылдағаныңызды қалай көрсетесіз? Ехобаға дұға етіп, оған бағышталуыңызбен және шомылдыру рәсімінен өтіп, бағышталғаныңызды көпшілік алдында паш етуіңізбен. Иә, шындық пен әділдікке деген сүйіспеншілік — шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыратын өте күшті себеп.

ИСА МӘСІХТІ СҮЙЕСІЗ БЕ?

6. Зәбүр 45:4-те айтылғандай, біз Исаны не үшін жақсы көреміз?

6 Зәбүр 45:4-те (оқыңыз) Иса Мәсіхті не үшін жақсы көретініміздің бірнеше келелі себебі жазылған. Иса — шындықтың, кішіпейілділік пен әділдіктің жағында. Сол үшін де сіз оны жақсы көресіз, өйткені сіз де шындық пен әділдіктің жағындасыз. Исаның шындық пен әділдікті қалай батыл қорғағаны да есіңізде болар (Жох. 18:37). Ал кішіпейілділіктің маңыздылығын ол қалай көрсетті?

7. Исаның кішіпейілділігіне не себепті сүйсінесіз?

7 Иса кішіпейілділіктің маңыздылығын өз үлгісімен көрсетті. Мысалы, ол атақ-марапатты ешқашан өзіне алмай, оны барлық уақытта Әкесіне жаудырған (Мар. 10:17, 18; Жох. 5:19). Исаның осылай өзін кіші тұтқаны сізге қалай әсер етеді? Оны жақсы көріп, оның ізімен жүргіңіз келеді емес пе?! Иса неге сондай кішіпейіл деп ойлайсыз? Өйткені ол кішіпейіл Әкесі Ехобаны қатты сүйеді әрі оны үлгі тұтады (Зәб. 18:35; Евр. 1:3). Ехобаның қасиеттерін осыншалықты мінсіз танытатыны үшін сіз оны жаныңызға жақын тарта түсесіз, солай емес пе?

8. Біздің Патшамыз Иса екеніне неге қатты қуаныштымыз?

8 Исаны жақсы көретініміздің тағы бір себебі — ол ең керемет, теңдессіз Патша! Ехоба оны өзі үйретіп, осы рөлге өзі тағайындаған (Ишая 50:4, 5). Ал Иса бізді жақсы көргендіктен қандай жанқиярлыққа барғанын ойлаңызшы! (Жох. 13:1). Патшаңыз ретінде ол сіздің сүйіспеншілігіңізге әбден лайық, солай емес пе?! Иса айтып кеткендей, оны шын сүйсек, өсиеттерін орындаймыз әрі ол бізді достарым деп атайды (Жох. 14:15; 15:14, 15). Ехобаның Ұлымен дос болу біз үшін неткен сый-құрмет!

9. Мәсіхшілердің шомылдыру рәсімі қай жағынан Исаның шомылдыру рәсіміне ұқсайды?

9 Иса ізбасарларына өсиет еткен істердің бірі — шомылдыру рәсімінен өту (Мат. 28:19, 20). Оның өзі де шомылдыру рәсімінен өтіп, ізбасарларына үлгі қалдырған (“ Иса өткен шомылдыру рәсімі мен оның ізбасарлары өтетін шомылдыру рәсімінің айырмашылығы неде?” деген қоршауды қараңыз). Әрине, Иса өткен шомылдыру рәсімі мен біздікінің айырмашылығы бар. Бірақ ұқсастығы да жоқ емес. Шомылдыру рәсімінен өтуімен Иса өзін Әкесінің еркін орындауға арнады (Евр. 10:7). Оның ізбасарлары да Құдайға бағышталғандарының белгісі ретінде көпшілік алдында шомылдыру рәсімінен өтіп, енді өздерінің емес, Ехобаның еркін орындауды басты орынға қояды. Осылай қожайындары Мәсіхтің ізімен жүреді.

10. Исаны не себепті жақсы көресіз және бұл сізді не істеуге талпындырады?

10 Сіз Исаның Ехобаның жалғыз Ұлы екеніне және бізге билік етуге тағайындалған Патша екеніне сенесіз. Оның кішіпейіл екенін және Ехобаның қасиеттерін мінсіз танытатынын білесіз. Ашыққандарды тамақтандырып, түңілгендерді жұбатып, науқастарды сауықтырғанын да талай оқыдыңыз (Мат. 14:14—21). Ал бүгінде Исаның қауымдарға қалай жетекшілік етіп жатқанын көріп жүрсіз (Мат. 23:10). Құдай Патшалығының Патшасы ретінде келешекте ол бұдан да көп іс атқарады. Осындай Патшаңызды жақсы көретініңізді қалай көрсетсеңіз болады? Оны үлгі етіңіз (Жох. 14:21). Ал оны үлгі ету Ехобаға өміріңізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуден басталады.

ЕХОБА ҚҰДАЙДЫ СҮЙЕСІЗ БЕ?

11. Шомылдыру рәсімінен өтудің ең басты себебі қандай?

11 Шомылдыру рәсімінен өтуге қозғау салатын ең басты себеп қандай? Құдайдың ең басты заңы қандай екенін Иса айтып кеткен. Ол: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— деген (Мар. 12:30). Сіз Құдайды осылай жақсы көресіз бе?

Сізге қуаныш сыйлайтын жайттардың бәрі де Ехобадан (12, 13-абзацтарды қараңыз)

12. Сіз Ехобаны не үшін сүйесіз? (Суретті де қараңыз.)

12 Ехобаны жақсы көрудің себептерін атап өтер болсақ, олар өте көп. Мысалы, сіз оның “өмірдің қайнар көзі” екенін әрі “игі де кемелді сыйдың бәрі” содан екенін білдіңіз (Зәб. 36:9; Жақ. 1:17). Сізге қуаныш сыйлайтын жайттардың барлығы жомарт та қамқор Құдайымыздан келіп жатыр.

13. Төлем құрбандығы неліктен ең ғажап сый?

13 Төлем құрбандығы — Ехобаның берген ең ғажап сыйы. Оны соншалықты бағалы ететін не деп ойлайсыз? Ехоба мен Ұлы Исаның бір-біріне қандай жақын болғанын ойлап көріңізші. Иса: “Әкемді жақсы көремін”, “Әкем мені жақсы көреді”,— деген (Жох. 10:17; 14:31). Көкте миллиардтаған жылдар ішінде олар бір-біріне қатты бауыр басып, жақын болып кеткені сөзсіз (Нақ. с. 8:22, 23, 30). Асыл Ұлының азап шегуіне жол беріп, өлімге қию Құдайдың жанына қаншалықты батты десеңізші! Ехоба бүкіл адамзатты, оның ішінде сізді де қатты сүйгендіктен, өзінің қымбатты Ұлын құрбан етуге дайын болды. Өйткені сіздің де, басқалардың да мәңгі өмір сүргенін қалады (Жох. 3:16; Ғал. 2:20). Ехобаны сүюге бұдан асқан себеп бар ма?!

14. Өмірде ұмтылатын ең керемет мақсат қандай?

14 Ехобаны жақыннан танып-білген сайын, оны одан бетер жақсы көріп кеткен боларсыз. Онымен достығыңызды қазір де, мәңгілік бойы да нығайта бергіңіз келер, әрі бұл қолыңыздан келеді де. Ехоба сізді: “Балам, менің жүрегімді қуант”,— деп шақырады (Нақ. с. 23:15, 16). Сіз оның жүрегін сөзіңізбен ғана емес, ісіңізбен де қуанта аласыз. Оны шын сүйетініңіз қандай өмір жолын ұстанатыныңыздан көрінеді (Жох. 1-х. 5:3). Ехобаға ұнамды өмір сүру — өмірде ұмтылатын ең керемет мақсат.

15. Ехобаны сүйетініңізді қалай паш ете аласыз?

15 Ехобаға деген сүйіспеншілігіңізді қалай паш етуге болады? Біріншіден, оған арнайы дұға айтып, өміріңізді бағыштау арқылы (Зәб. 40:8). Сосын шомылдыру рәсімінен өтіп, бағышталғаныңызды көпшіліктің алдында жариялайсыз. Мақаланың басында айтылып кеткендей, бұл — өміріңіздегі бақытқа толы әрі өте маңызды сәт. Енді сіз өзіңіз үшін емес, Ехоба үшін өмір сүресіз (Рим. 14:8; Пет. 1-х. 4:1, 2). Рас, бұл — өте жауапты қадам. Бірақ бұл қадам ең бақытты өмірге есік ашады. Қалай?

16. Зәбүр 41:12-де айтылғандай, өмірін Ехобаға қызмет етуге арнаған жандарды ол қалай жарылқайды?

16 Әлемдегі ең қолы ашық Тұлға — Ехоба. Оған бергеніңіз сізге асып-тасып, молынан қайтады (Мар. 10:29, 30). Ехоба құрдымға кетіп бара жатқан мына зұлым дүниенің өзінде сізге бата мен қызыққа, мән-мағынаға толы ең жақсы өмірді береді, әрі бұл — тек бастамасы ғана. Шомылдыру рәсімінен кейін басталатын өмірдің шегі жоқ десе де болады, өйткені сіз көктегі Әкеңізге мәңгілік бойы қызмет ете аласыз. Осылай Әкеңізбен араларыңыздағы сүйіспеншілік барған сайын ұлғайып, түбінде сіз де ол сияқты мәңгі өмір кешесіз (Зәбүр 41:12 оқыңыз).

17. Қалай сіз Ехобаға ода жоқ нәрсені бере аласыз?

17 Өміріңіздегі бастан өткізген әрбір бақытты сәт пен игі сыйлардың барлығы Ехобадан. Ал өміріңізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткенде, сіз оған өз атыңыздан өте құнды сыйлық бере аласыз. Бұл — сіздің шын қалауыңызбен атқаратын адал қызметіңіз (Әйүп 1:8; 41:11; Нақ. с. 27:11). Ойлап көріңізші, аспан мен жердегінің бәрі Ехобанікі болса да, сіз оған ода жоқ нәрсені сыйлай аласыз. Бұл неткен мәртебе! Ехобаға қызмет етуден артық бақытты өмір жолы бар ма?! Расында да, шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыратын ең керемет себеп — Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз!

НЕГЕ ӨТПЕСКЕ?

18. Қандай сұрақтар жайлы ойланғаныңыз жөн?

18 Сонымен, шомылдыру рәсімінен өтемін деп шештіңіз бе? Бұны өзіңіз ғана айта аласыз. Бірақ өзіңізге мына сұрақты қойып көріңіз: “Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар, оны несіне кейінге ысырып жүрмін?” (Ел. іс. 8:36). Осы мақалада қарастырып өткен үш себепті алайықшы. Біріншіден, сіз шындық пен әділдікті сүйесіз. Ендеше, сіз әрбір адам тек шындықты айтып, әділ жүріп-тұратын заманда өмір сүргіңіз келе ме? Екіншіден, сіз Иса Мәсіхті жақсы көресіз. Ендеше, ол сіздің Патшаңыз болғанын қалайсыз ба, оның ізімен жүргіңіз келе ме? Үшінші әрі ең басты себеп — сіз Ехобаны сүйесіз. Олай болса, Құдайыңыз Ехобаға қызмет етіп, оның жүрегін қуантқыңыз келе ме? Осы сұрақтардың барлығына “иә” деп жауап берсеңіз, онда шомылдыру рәсімінен өтуге сізге не кедергі?! (Ел. іс. 16:33).

19. Шомылдыру рәсімінен өтуден неге тартынбағаныңыз жөн? Мысал келтіріңіз. (Жохан 4:34)

19 Шомылдыру рәсімінен өтуге бекіне алмай жүрсеңіз, Исаның Жохан 4:34-тегі (оқыңыз) сөздеріне назар аударыңызшы. Ол Құдайдың еркін орындауды тамаққа теңеген. Неге деп ойлайсыз? Тамақ жегеніміз ағзамызға пайдалы екеніндей, Ехобаның еркін орындау да өз игілігімізге асатынын Иса білген. Ехоба ешқашан өзімізге зиян болатын нәрсені істе деп айтпайды. Ал Құдайдың еркін орындауға сіздің шомылдыру рәсімінен өтуіңіз жата ма? Әрине (Ел. іс. 2:38). Ендеше, Ехобаның бұйрығына мойынсұнып, шомылдыру рәсімінен өткеніңіз өз игілігіңіз үшін екеніне кәміл сенсеңіз болады. Сіз әлемдегі ең дәмді тағам деп ұсынылған тамақтан бас тартпайсыз ғой?! Сол сияқты, шомылдыру рәсімінен өтуден де еш тартынбаңыз.

20. Келесі мақалада не жайында талқылаймыз?

20 Сонымен, неліктен кейінге ысырмай, шомылдыру рәсімінен өтпеске? Бәлкім, кейбірі: “Мен әлі дайын емеспін”,— дер. Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту өмірдегі ең маңызды да жауапты шешім екені рас. Сондықтан оған дайын болу үшін жақсылап ойланып, күш салу керек әрі біраз уақыт қажет. Бірақ осы қадамды жасауға шынымен ниетті болсаңыз, қазірден бастап қалай дайындала аласыз? Бұл сұрақтың жауабын келесі мақалада қарастырайық.

28-ӘН Ехобаның досы болайық

a Киелі кітапты зерттеп жүрген әрбір адам үшін шомылдыру рәсімінен өту — аса маңызды қадам. Ал адам мұндай шешімге қалай келеді? Бір сөзбен айтқанда, сүйіспеншілік арқылы. Сонда біз кімді және нені сүюіміз керек? Осы мақалада соның жауабын аламыз әрі шомылдыру рәсімінен өткен адам қандай өмірге қол жеткізетінін де білеміз.