Оқырман сауалдары
Неге “Пәленше” деген кісі Рутқа үйленсе, мұрасына “нұқсан” келетінін айтқан? (Рут 4:1, 6)
Киелі кітап жазылған заманда үйленген ер адам ұрпақ қалдырмай өліп кетсе, оның меншігіндегі жер енді кімге қалады және оның әулетінің аты өшіп кете ме деген мәселелер көтерілетін. Бұл сұрақтар, әдетте, Мұса Заңымен шешілетін.
Көз жұмған марқұмның жері оның бауырына я жақын туысына қалатын. Ал егер исраилдік ер кісі жоқшылыққа ұшырап, жерін сатып жіберген болса, бауыры я жақын туысы оны қайта сатып алып бере алатын. Осылай жер әлгі кісінің отбасының меншігінде қалатын (Мұс. 3-ж. 25:23—28; Мұс. 4-ж. 27:8—11).
Ал марқұмның әулетінің аты қалай сақталған? Руттың жағдайындағыдай, әмеңгерлік жолмен. Марқұмның бауыры оның жесір қалған әйеліне үйленіп, екеуінен туылған ұрпаққа марқұмның аты мен меншігі берілген. Әмеңгерліктің арқасында марқұмның жесіріне де қамқорлық көрсетілген (Мұс. 5-ж. 25:5—7; Мат. 22:23—28).
Бұған мысал — Нағиманың жағдайы. Күйеуі Елимелек те, екі ұлы да қайтыс болған соң, ол асыраушысыз қалады (Рут 1:1—5). Содан, келіні Рутпен Яһудаға қайтады. Нағима Елимелектің Бағоз деген жақын туысына Рутты жібереді де, одан Елимелектің жерін қайта сатып алып, туысқандық міндетін орындауды сұрайды (Рут 2:1, 19, 20; 3:1—4). Бірақ Бағоз өзінен де жақын бір туыстың бар екенін айтады, Киелі кітапта ол “Пәленше” деп аталған. Демек, туысқандық міндетті атқаратын-атқармайтынын алдымен сол кісі шешуі керек еді (Рут 3:9, 12, 13).
Басында пәленше бұл міндетті өз мойнына алуға келісіп-ақ тұрды (Рут 4:1—4). Марқұмның жерін сатып алу үшін біраз шығындалу керек болса да, ол мұның ұтымды жағын көрсе керек: Нағиманың жасы келіп қалғандықтан, одан мұрагер болатын бала туылмас еді. Демек, Елимелектің жері пәленшенің өзіне қалмақ-тын.
Бірақ кейін пәленше әмеңгер болып Рутқа үйлену керектігін түсінгенде, ойын өзгертіп шыға келді. Ол: “Онда мен сатып ала алмаймын, өз мұрама нұқсан келтіріп алармын”,— деді (Рут 4:5, 6). Ол неге бұлай айтты?
Пәленше (не өзге туысы) Рутқа үйленсе, одан туған ұл Елимелектің жерін иемденетін. Сонда бұл пәленшенің мұрасына қалай “нұқсан” келтірмек еді? Киелі кітапта бұл туралы айтылмайды, бірақ келесідей болжамдар бар:
1. Ол “Елимелектің жерін қайта сатып алу үшін төлеген ақшам далаға кетер” деп ойласа керек. Өйткені жер оған емес, Руттан туған ұлға қалар еді.
2. Оған Нағиманы да, Рутты да асырау керек болар еді.
3. Егер пәленше мен Руттан басқа да балалар туылса әрі пәленшенің өз балалары болған болса, Руттан туған балалары пәленшенің өз балаларымен еншілес болмақ еді.
4. Ал егер пәленшенің өз балалары болмай, Рут екеуінен ұл туылса, Елимелектің жерімен қоса пәленшенің де жері сол ұлға өтер еді. Осылайша оның жері өзінің емес, Елимелектің атын алған ұлдікі болар еді. Демек, пәленше “өз мұрамнан айырылып қалар жайым жоқ” деген оймен Нағимаға қол ұшын созғысы келмеген. Сөйтіп, ол жолын Бағозға бере салды. Бағоз болса “марқұмның мұрасы өз атында қала берсін” деген ниетпен туысқандық міндетті өз мойнына алды (Рут 4:10).
Пәленше бәрінен бұрын өз аты мен мұрасын сақтауды көксесе керек. Ол өзімшілдікке бой алдырып кетті. Алайда атын сақтаймын деп жүріп, пәленшенің есімі, керісінше, тарихтан өшіп кетті. Одан қалса, ол керемет мәртебеден де айырылып қалды. Бұған Бағоз ие болды. Оның аты Иса Мәсіхтің шыққан тегінен ойып орын алды! Өзінің қара басын ойлап, мұқтаж жанға көмектесуден бас тартқан пәленшенің оқиғасы осылай аяқталғаны қандай өкінішті! (Мат. 1:5; Лұқа 3:23, 32).