Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шомылдыру рәсіміне қалай дайындалу керек?

Шомылдыру рәсіміне қалай дайындалу керек?

“Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?” (ЕЛ. ІС. 8:36).

50-ӘН Бағышталу дұғасы

АҢДАТПА a

Әлем бойынша жастар мен үлкен кісілер рухани қадамдар жасап, шомылдыру рәсімінен өтіп жатыр (1, 2-абзацтарды қараңыз)

1, 2. Шомылдыру рәсімінен өтуге әлі дайын болмасаңыз, неге мұңаюдың қажеті жоқ? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

 ШОМЫЛДЫРУ рәсімінен өтуге ықыласты болсаңыз, сізге “жарайсыз!” дегіміз келеді, өйткені бұл — өмірде ұмтылуға тұрарлық ең керемет мақсат. Шомылдыру рәсімінен өтуге дайынмын деп ойласаңыз, әрі ақсақалдар да бұл шешіміңізді құптаса, онда жақын арада болатын конгреске жоспарлай беріңіз. Осылайша бақыт пен қанағатқа толы өмір жолына аяқ басасыз.

2 Ал егер “маған шомылдыру рәсімінен өтуге әлі ерте, біраз рухани өсуім керек” деп ойласаңыз ше? Немесе біреу сізге осылай айтса, не істесеңіз болады? Еш мұңаймаңыз. Қандай жаста болсаңыз да, рухани алға басып, осы маңызды қадамды жасауға лайық бола аласыз.

“ҚАНДАЙ КЕДЕРГІ БАР?”

3. Эфиопиялық кісі Філіпке не деді және біз қандай сұрақты қарастырамыз? (Елшілердің істері 8:36, 38)

3 Елшілердің істері 8:36, 38 оқыңыз. Эфиопиялық сарай қызметкері уағыздаушы Філіпке: “Шомылдыру рәсімінен өтуіме не кедергі?”— деген. Бұл кісі шомылдыру рәсімінен өтуді қатты қалаған көрінеді. Бірақ ол осы маңызды қадамды жасауға шынымен дайын болды ма?

Эфиопиялық қызметші Ехоба жайлы көбірек біле бергісі келген (4-абзацты қараңыз)

4. Эфиопиялық кісі шындық жайлы білімін молайта бергенін қайдан білеміз?

4 Бұл кісі “Иерусалимге Құдайға ғибадат ету үшін” барған (Ел. іс. 8:27). Демек, өзге ұлттық болса да, ол яһуди дінін қабылдаған көрінеді. Ол Ехоба жайлы Еврей жазбаларынан білсе керек. Эфиопиялық кісі “басты ілімдерді білсем жетеді” деп қоймай, көбірек білім алғысы келген. Бұны қайдан білеміз? Філіп оны жолда кездестіргенде, ол не істеп отырған еді? Ол Ишая пайғамбардың сөздері жазылған шиыршықты оқып отырды (Ел. іс. 8:28). Ал бұл кітапта рухани қатты тағам жазылғанын ескерсек, эфиопиялық кісі терең білімге құштар болған дей аламыз.

5. Эфиопиялық кісі білім алып қана қоймай, тағы не істеді?

5 Бұл кісі “эфиопиялық патшайымның бүкіл қазынасына қарайтын жоғары лауазымды қызметкер” болған (Ел. іс. 8:27). Демек, ол мойнына көп жауапкершілік артылған жұмысбасты адам болған. Соған қарамастан Ехобаға ғибадат етуге уақыт тапқан. Ол шындықты біліп қана қоймай, соған сай өмір сүрген деп айта аламыз. Неге? Өйткені Эфиопиядан сонау Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасына дейін ұзақ жол жүріп барған. Бұндай сапар көп уақыт пен біраз шығынды талап етсе де, эфиопиялық кісі Ехобаға ғибадат ету үшін ештеңесін аямаған.

6, 7. Эфиопиялық кісінің Ехобаға деген сүйіспеншілігі қалай күшейе түсті?

6 Філіп эфиопиялық кісіге өте маңызды шындықтарды ашып, Мәсіхтің кім екенін түсіндіріп берді (Ел. іс. 8:34, 35). Исаның ол үшін қандай құрбандыққа барғанын білгенде, жүрегі толқып кетсе керек. Бұдан кейін ол не істеді? Ол яһуди дінін қабылдаған абыройлы кісі болып қала берсе болар еді. Бірақ Ехобаға да, оның Ұлына да сүйіспеншілігі күшейгендіктен, ол бүкіл өмірін өзгертетін шешім қабылдауға дайын болды. Ол Иса Мәсіхтің шәкірті болып, шомылдыру рәсімінен өтемін деді. Дайын екенін көрген Філіп оны шомылдыру рәсімінен өткізді.

7 Эфиопиялық кісі сияқты әрекет етсеңіз, сіз де шомылдыру рәсімінен өтуге дайын боласыз. Бұл үшін ол сияқты мына үш қадамды жасауыңыз керек: 1) білімді молайту, 2) сол білімге сай әрекет ету, 3) Ехобаға деген сүйіспеншілікті тереңдете беру. Қазір осы үш қадамды жеке-жеке талдаймыз.

БІЛІМІҢІЗДІ МОЛАЙТА БЕРІҢІЗ

8. Жохан 17:3 сізді не істеуге шақырады?

8 Жохан 17:3 және сілтемесін оқыңыз. Исаның осы сөздері кезінде сізді Киелі кітапты зерттеуге талпындырған ба? Көбімізге осы сөздер қозғау салған. Алайда Исаның дәл осы сөздері білімімізді әрі қарай да молайта беруге шақырады. Өйткені онда жалғыз шынайы Құдай туралы “білім ала беру керектігі” айтылған (Уағ. 3:11). Біз мұндай білімді мәңгілік бойы аламыз. Ехоба Құдай туралы біліміміз молайған сайын, оған жақындай береміз (Зәб. 73:28).

9. Негізгі ілімдермен танысқан соң, әрі қарай не істеуіміз қажет?

9 Әрине, Ехобаны танып-білу үшін сізге алдымен негізгі ілімдермен танысу қажет. Елші Пауыл Еврейлерге жазған хатында бұл ілімдерді “бастапқы ілімдер” деп атап, кішкентай сәбиге нәр болатын сүтке теңеген (Евр. 5:12; 6:1). Бірақ ол бізді бастапқы ілімдермен шектеліп қана қоймай, одан да терең шындықтарды біле беруге шақырған. Ал сіз Құдай Сөзін тереңірек қазуға ынта-ықыласыңызды арттырып жатырсыз ба? Рухани алға басып, Ехоба жайлы, оның ниеті жайлы біле бергіңіз келе ме?

10. Неге кейбір адамдарға оқып-зерттеу қиын?

10 Көп адам оқып-ізденгенді жақтыра бермейді. Ал сізге қалай? Мысалы, мектеп қабырғасында жүргенде оқып-ізденуді үйрендіңіз бе? Кітапты қызығып оқып, көп нәрсе білгенді ұнатқансыз ба? Әлде, керісінше, қиналғансыз ба? Бәлкім осы не басқа себептермен сіз “кітап оқуға мүлдем жоқпын” деп тұжырымдаған шығарсыз. Бірақ Ехоба сізге көмектесе алады, өйткені ол — әлемдегі ең керемет әрі кемелді Ұстаз.

11. Ехобаны неге “Ұлы Тәлімгер” дейміз?

11 Ехоба біздің “Ұлы Тәлімгеріміз” (Ишая 30:20, 21). Ол — мейірімді, шыдамды, түсінігі мол Ұстаз. Ехоба оқушыларының жақсы жақтарын байқай біледі (Зәб. 130:3). Олардан шамалары келмейтін нәрсені талап етпейді. Ол бізге таңғажайып сый — миды бергенін, білімге деген құштарлық дарытқанын ұмытпайық (Зәб. 139:14). Жаратушымыз біздің мәңгі бақи әрі құмарлана білім ала бергенімізді қалайды. Сондықтан қазірден бастап Киелі кітаптың шындықтарына “құштар болуды” үйреніңіз (Пет. 1-х. 2:2). Бұл үшін қолжетімді мақсаттар қойып, Киелі кітапты жүйелі түрде оқып-зерттеуге ұмтыла беріңіз (Ешуа 1:8). Сонда Ехоба сіздің күш салғаныңызды жарылқап, ол туралы оқып-біле беру сізге ұнай түседі.

12. Исаның өмірі мен қызметін зерттегеніміз неге маңызды?

12 Жүйелі түрде уақыт бөліп, Исаның қалай қызмет етіп, қалай өмір сүргені туралы ой жүгіртіңіз. Өйткені әсіресе қазіргі қиын заманда Исаның ізімен тура жүрмесек, Ехобаға қызмет ете алмаймыз (Пет. 1-х. 2:21). Иса өз шәкірттерінің қиындық көретінін айтып кеткен (Лұқа 14:27, 28). Бірақ олар да өзі сияқты, соңына дейін Ехобаға адал болып қалатынына сенімді болған (Жох. 16:33). Ендеше, Исаның өмір жолын тыңғылықты зерттеп, күнделікті өміріңізде оған еліктеуге күш салыңыз.

13. Ехобадан нені сұрай беруіңіз керек және неге?

13 Әрине, құр білімнің өзі жеткіліксіз, өйткені білім алудағы басты мақсатымыз — Ехоба жайлы көбірек білу және оны одан сайын жақсы көріп, оған деген сенімімізді күшейту (Қор. 1-х. 8:1—3). Сондықтан біліміңізді арттырумен қатар, дұғада Ехобадан “сенімімді ұлғайтуға көмектесші” деп сұраңыз (Лұқа 17:5). Ол сіздің дұғаңызға қуана-қуана жауап беріп, мол сенім береді. Нәтижесінде тура білімге негізделген сеніміңіз сізді алға басып, әрекет етуге талпындырады (Жақ. 2:26).

БІЛІМІҢІЗДІ ІСКЕ ЖАРАТА БЕРІҢІЗ

Топан су келгенше, Нұх пен оның отбасы білгендеріне сай әрекет қылды (14-абзацты қараңыз)

14. Елші Петір алған білімімізге сай әрекет ету керектігінің маңыздылығын қалай көрсетті? (Суретті де қараңыз.)

14 Елші Петір білгендерімізге сай әрекет ете берудің маңыздылығын көрсеткен. Ол Киелі кітапта айтылған Нұхтың оқиғасын келтірген. Есімізде болса, Ехоба сол замандағы зұлым адамдарды жою үшін Топан су жіберетінін Нұхқа айтқан. Бірақ Топан судың болатынын құр біліп қойғаннан Нұх пен отбасы аман қалмас еді. Сонда олар не істеді? Елші Петір “Топан су келгенше, кеме соғылып жатқанын” айтқан (Пет. 1-х. 3:20). Демек, Нұх пен отбасы Құдайдан естігендеріне сай әрекет етіп, үлкен кеме соққан (Евр. 11:7). Олардың бұл әрекетін Петір шомылдыру рәсіміне теңеп, былай деген: “Бұл жайт — қазір сендерді... құтқарып жатқан нәрсе, яғни шомылдыру рәсімі” (Пет. 1-х. 3:21). Нұх пен оның отбасы кемені соғу үшін біраз жылдар еңбек еткенін шомылдыру рәсіміне дайын болу үшін әрекет етуге ұқсатсақ болады. Ал шомылдыру рәсіміне дайын болу үшін сізге не істеу қажет?

15. Күнәларыңызға шын жүректен өкінетініңізді қалай көрсетесіз?

15 Алдымен, күнәларыңызға шын жүректен өкінуіңіз қажет (Ел. іс. 2:37, 38). Шын өкінген адам шын өзгереді. Мысалы, сіз азғындық, темекі шегу, боғауыз я қорлық сөздер айту сияқты Ехобаға ұнамайтын істерді тастадыңыз ба? (Қор. 1-х. 6:9, 10; Қор. 2-х. 7:1; Ефес. 4:29). Әлі арылмаған болсаңыз, жақсы жаққа өзгеру үшін еш берілмей, тырыса беріңіз. Осы жайында өзіңізбен зерттейтін бауырласпен сөйлессеңіз, я болмаса ақсақалдардан көмек сұрасаңыз болады. Ал егер сен әлі ата-анаңмен тұрып жатқан жас қыз я жігіт болсаң, олардан: “Шомылдыру рәсімінен өтуге лайықты болу үшін мына жаман әдетімнен қалай арылсам болады?”— деп көмек сұрап көр.

16. Қандай рухани істерді әдетке айналдыруымыз керек?

16 Сонымен қатар, рухани істермен айналысуды әдетке айналдырған да маңызды. Бұған қауым кездесулеріне барып, түсініктемелер беру жатады (Евр. 10:24, 25). Ал жариялаушы болғаннан кейін, уағыз ісіне жүйелі түрде қатысып тұрыңыз. Қызметке көбірек шыққан сайын, уағыздау сізге ұнай түседі (Тім. 2-х. 4:5). Ата-анаңмен тұрып жатқан жас жеткіншек болсаң, былай деп ойланып көр: “Қауымға я қызметке ата-анамның айтуымен ғана барамын ба, әлде өз еркіммен бе?” Рухани істерді өз қалауыңмен атқарғаның Ехобаға сенетініңді, оны сүйетініңді және оған деген ризашылығыңды көрсетеді. “Құдайға шын берілген адамдарға тән” осы әрекеттер — біздің Ехобаға ұсынатын сыйымыз (Пет. 2-х. 3:11; Евр. 13:15). Ешкім итермелемей-ақ, өз қалауымызбен ұсынатын сыйлар Ехобаға қатты ұнайды (Қорынттықтарға 2-хат 9:7 салыстырыңыз). Ехобаға ең жақсымызды бергенде өзіміз де бақыт сезінеміз.

ЕХОБАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІҢІЗ АРТА БЕРСІН

17, 18. Қиындықтардан өтіп, шомылдыру рәсіміне дайын болу үшін қандай қасиеттің болғаны өте маңызды және неліктен? (Нақыл сөздер 3:3—6)

17 Сіз шомылдыру рәсімінен өткенге дейін түрлі қиындықтарға тап боласыз. Өзгелер сізді басқа дінге кіріп кетті деп келеке-мазақ етуі, тіпті қарсы шығып, қуғындауы да мүмкін (Тім. 2-х. 3:12). Немесе жаман бір әдетіңізді енді жеңдім бе дегенде, оған қайтадан беріліп қалуыңыз мүмкін. Я болмаса шомылдыру рәсімінен өту мақсатыңыз әзірге қол жетімсіз болып көрінгендіктен, шыдамыңыз таусылып, іштей қынжылатын шығарсыз. Бірақ Ехобаны шын жақсы көрсеңіз, осы сынақтардың бәрінен өте аласыз.

18 Сізде бар ең әдемі, ең асыл қасиет — Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз (Нақыл сөздер 3:3—6 оқыңыз). Ехобаны қатты жақсы көрген сайын, кез келген қиындыққа тайсалмай төтеп бере аласыз. Киелі кітапта Ехобаның қызметшілеріне деген айнымас сүйіспеншілігі жайында көп айтылады. Бұл қасиет Ехобаның өз қызметшісіне қатты бауыр басып, оны ешқашан орта жолдан тастамайтынын және сүйіспеншілігін ешқашан сөндірмейтінін білдіреді (Зәб. 100:5). Құдайға ұқсас жаратылғандықтан, сіз де осындай сүйіспеншілік таныта аласыз (Мұс. 1-ж. 1:26). Қалай?

Ехобаға күн сайын ризашылығыңызды білдіріп отырыңыз (19-абзацты қараңыз) b

19. Ехобаның сіз үшін жасаған барлық жақсылығына ризашылығыңызды қалай арттырсаңыз болады? (Ғалаттықтарға 2:20)

19 Біріншіден, Ехобаға деген ризашылығыңызды арттырыңыз (Сал. 1-х. 5:18). Күн сайын “Ехоба мені жақсы көретінін бүгін қалай көрсетті?” деп ойланыңыз. Сосын дұғада сол жақсылықтарын атап өтіп, Ехобаға алғыс білдіруді ұмытпаңыз. Осы жақсылықтарын Ехоба дәл сіз үшін, сізді жақсы көргендіктен жасап жатқанын елші Пауыл сияқты аңғара біліңіз (Ғалаттықтарға 2:20 оқыңыз). “Мен де оны сүйетінімді көрсетемін бе?” деп ойланыңыз. Ехобаны сүйсеңіз, ешқандай азғыруға берілмейсіз және қиындықтардың бәріне табандылықпен төтеп бересіз. Сонымен қатар Ехобаны сүйетініңізді әр күні дәлелдеп, рухани әдеттерден де еш айнымайсыз.

20. Ехобаға бағышталу үшін не істеу керек және бұл шешім қаншалықты маңызды?

20 Сөйтіп, келе-келе сүйіспеншілігіңіз сізді өте маңызды бір қадам жасауға қозғау салады. Сіз өміріңізді Ехобаға бағыштауды уәде етіп, ерекше бір дұға айтасыз. Ехобаға бағышталғаннан кейін сізді керемет жарқын болашақ күтіп тұр: сіз енді мәңгілікке оның меншігісіз. Бұл уәде өмірдің ыстық-суығында да оған қызмет ете беретініңізді білдіреді. Бұл — бір бергенде, мәңгілікке берілетін уәде. Оны қайтадан жаңартып отырудың қажеті болмайды. Бұл өте жауапты әрі маңызды шешім екені рас. Бірақ ол өміріңізде қабылдайтын ең керемет, еш өкіндірмейтін шешім болмақ (Зәб. 50:14). Әрине, Шайтан мінсіздігіңізден тайып кетуіңіз үшін Әкеңізге деген сүйіспеншілігіңізді суытуға тырысады. Бірақ оған ешқашан да дес бермеңіз! (Әйүп 27:5). Ехобаға деген ыстық сүйіспеншілігіңіз болса, оған бағышталғанда берген уәдеңізде берік тұра аласыз әрі оған одан бетер жақындай түсесіз.

21. Неге шомылдыру рәсімі соңы емес, бастамасы деп айта аламыз?

21 Өміріңізді дұғада Ехобаға бағыштаған соң, келесі қадамды жасау үшін қауымыңыздағы ақсақалдарға жолығыңыз. Бірақ шомылдыру рәсімі мәре сызығы емес, Ехобаға мәңгі қызмет етемін деген өмір жолыңыздың бастамасы ғана. Ендеше, қазірден Әкеңізге деген сүйіспеншілігіңізді тереңдете беріңіз. Осы сүйіспеншілігіңізді күннен-күнге нығайтатын мақсаттарға ұмтылыңыз. Сонда шомылдыру рәсімінен өтуге талпынасыз. Сіз шомылдыру рәсімінен өтетін күн ерекше шуақты күн болмақ! Бірақ бұл тек бастамасы екенін ұмытпаңыз. Лайым Ехоба мен оның Ұлына деген сүйіспеншілігіңіз мәңгі бақи өсе берсін!

135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”

a Шомылдыру рәсімінен өткісі келетін адамның ниеті дұрыс болу керек. Сондай-ақ әрекеттері де дұрыс болғаны жөн. Осы мақалада эфиопиялық сарай қызметкерінің үлгісін қарастыра отырып, шомылдыру рәсімінен өткісі келетін зерттеуші қандай қадамдар жасауы керектігін білеміз.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас қыз бауырлас Ехобаның қамқорлығына ризашылығын білдіріп дұға етіп тұр.