Басқарушы кеңестің екі жаңа мүшесі
2023 ЖЫЛДЫҢ 18 қаңтарында, сәрсенбі күні, jw.org сайтында арнайы хабарландыру шықты. Бұл Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесіне Гейдж Флигл мен Джеффри Уиндер бауырластардың тағайындалғаны жайлы хабарландыру еді. Екі бауырласымыз да ұзақ уақыттан бері Ехобаға адал қызмет етіп келе жатыр.
Гейдж Флигл бауырлас Пенсильвания штатының батысында өскен. Ата-анасы оны кішкентайынан шындықта тәрбиелеген. Жасөспірім кезінде ол отбасымен бірге қажеттілік бар кішігірім қалаға көшіп барады. Содан көп өтпей, 1988 жылы 20 қарашада шомылдыру рәсімінен өтеді.
Ата-анасы Гейдж бауырласты толық уақыт қызмет етуге талпындырған. Олар жиі аудандық бақылаушылар мен бетелдіктерді қонақ қылған екен. Осының арқасында Гейдж бауырлас сол бауырластардың қуана қызмет етіп жүргендеріне куә болған. Сөйтіп, ол шомылдыру рәсімінен өткеніне бір жыл болмай-ақ, 1989 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұрақты ізашар болады. Ал екі жылдан кейін, яғни 1991 жылдың қазан айынан бастап Бруклин Бетелінде қызмет ете бастайды. Осы мақсатты ол 12 жасында қойған екен.
Гейдж бауырлас басында түптеу бөлімінде 8 жыл қызмет етеді, кейін қызмет бөліміне тағайындалады. Сол аралықта ол бірнеше жыл орыс тілді қауымда қызмет етеді. 2006 жылы Надя есімді бауырласқа үйленіп, ол да Бетелде қызмет ете бастайды. Олар бірге португал тілді қауымда, кейін 10 жылдан аса уақыт бойы испан тіліндегі қауымда қызмет етеді. Қызмет бөлімінде біраз жыл болғаннан кейін, Гейдж бауырлас Білім беру комитетіне, ал кейін Қызмет комитетіне тағайындалады. Ал 2022 жылдың наурыз айында ол Басқарушы кеңестің Қызмет комитетінің көмекшісі болып тағайындалды.
Джеффри Уиндер бауырлас Марриета қаласында өскен (Калифорния штаты). Кішкентайынан шындықта тәрбиеленген. Ол 1986 жылдың 29 наурызында шомылдыру рәсімінен өтеді. Бір айдан соң қосалқы ізашарлық қызметті бастайды. Бұл қызмет ұнап қалып, әрі қарай да жалғастыра береді. Бірнеше ай қосалқы ізашар болғаннан кейін, 1986 жылдың қазанынан бастап тұрақты ізашар болады.
Джеффри бауырлас жасөспірім кезінде Бетелде қызмет етіп жүрген екі ағасына қонаққа барады. Осы кезде оның Бетелде қызмет етуге ықыласы пайда болады. Сөйтіп, 1990 жылдың мамыр айында Уолкиллдегі Бетелде қызмет етуге шақырылады.
Джеффри бауырлас әртүрлі бөлімдерде қызмет еткен. Мысалы, тазалық бөлімінде, фермада, Бетел бюросында. 1997 жылы әйелі Анжеламен неке құрып, екеуі бірге әлі күнге дейін Бетелде қызмет етіп келе жатыр. 2014 жылы олар Уорвикке дүниежүзілік бас басқарманың құрылысына көмектесуге жіберіледі. Ал 2016 жылы Паттерсондағы Күзет мұнарасының білім орталығына көшеді. Ол жерде Джеффри бауырлас аудио-видео бөлімінде қызмет етеді. Ал төрт жылдан кейін қайтадан Уорвикке, Кадрлар жөніндегі комитетте қызмет етуге тағайындалады. 2022 жылдың наурыз айында болса Басқарушы кеңестің Кадрлар жөніндегі комитетінің көмекшісі болып тағайындалды.
Патшалық ісі үшін аянбай еңбек етіп жатқан осы “сый ретіндегі адамдарға” Ехоба молынан батасын берсін деп дұға етеміз (Ефес. 4:8).