35-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық
Ақсақалдар қауымнан аластатылған адамға көмек көрсетеді
“Өкінуді қажет етпейтін тоқсан тоғыз әділ кісіден гөрі күнәсіна өкінген бір адам үшін көкте көбірек қуаныш болады!” (ЛҰҚА 15:7).
НЕГІЗГІ ОЙ
Неге кейде адамды қауымнан аластатуға тура келетінін және сондай кездері ақсақалдар оған өкінуге, қайтадан Ехобаның ықыласына ие болуға қалай көмектесетінін қарастырамыз.
1, 2. а) Әдейі күнә жасайтындарға Ехоба қалай қарайды? ә) Ехоба күнә жасаған адамдар не істейді деп үміттенеді?
ЕХОБА — бәріне көз жұма беретін көнбіс Құдай емес. Ол күнәнің ешбіріне төзбейді (Зәб. 5:4—6). Ол бізден Киелі кітапта жазылған барлық әділ талаптарын ұстануды талап етеді. Әрине, Ехоба біздің кемелсіз екенімізді біледі, сондықтан заң-талаптарын кемелді түрде ұстанады деп күтпейді (Зәб. 130:3, 4). Бірақ ол “өздерінің өрескел қылықтарын ақтау үшін Құдайдың рақымын теріс қолданатындарды” еш жаратпайды (Яһд. 4). Киелі кітапта бұндай “құдайсыздардың сотталып”, Армагеддон соғысында жойылатыны айтылған (Пет. 2-х. 3:7; Аян 16:16).
2 Алайда Ехоба бірде-бір адамның жойылғанын қаламайды. Алдыңғы мақалалардан көргеніміздей, ол “бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9). Ехобаға еліктейтін ақсақалдар күнә жасаған адамға жаман жолынан қайтып, Ехобаның ықыласына қайтадан ие болуға көмектесу үшін бар күштерін салады. Өкінішке қарай, бәрі бірдей өкіне бермейді (Ишая 6:9). Кейбіреулер ақсақалдардың өкінуге қайта-қайта талпындырғанына қарамастан, дұрыс емес әрекеттерін әрі қарай да жасай береді. Бұндай жағдайда ақсақалдар не істеу керек?
“ЗҰЛЫМ АДАМДЫ АРАЛАРЫҢНАН АЛАСТАТЫҢДАР”
3. а) Киелі кітапқа сай, адам күнәсіна өкінбесе, қандай шара қолданылу керек? ә) Неге қауымнан аластатылғаны күнә жасаған адамның өз таңдауы дей аламыз?
3 Күнә жасаған адам өкінбегенде, ақсақалдардың Қорынттықтарға 1-хат 5:13-те жазылған нұсқауды орындаудан басқа амалдары қалмайды. Онда: “Зұлым адамды араларыңнан аластатыңдар”,— делінген. Негізі, бұндай нәтиже — күнә жасаған адамның өз таңдауы. Былайша айтқанда, өзі не ексе, соны орып отыр (Ғал. 6:7). Бұлай дейтін себебіміз, ақсақалдар оны өкінуге қайта-қайта талпындырса да, ол өзгеруден бас тартқан (Пат. 2-ж. 17:12—15). Бұндай әрекетімен ол Ехобаның заң-талаптарымен өмір сүргісі келмейтінін көрсетеді (Мұс. 5-ж. 30:19, 20).
4. Күнәсіна өкінбеген адам қауымнан аластатылғанда, неге қауымда хабарландыру айтылады?
4 Өкінбеген адам қауымнан аластатылған соң, бүкіл қауымның алдында ол бұдан былай Ехоба куәгері емес екені хабарланады a. Бұндай хабарландырудың мақсаты — сол адамды жер қылып, ұялту емес. Хабарландыру Киелі кітаптағы “араласуды доғарыңдар”, “тіпті дастарқандас болмаңдар” деген кеңеске қауымдағылар құлақ асу үшін айтылады (Қор. 1-х. 5:9—11). Бұндай нұсқау берілудің келелі себебі бар. Өйткені елші Пауыл: “Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады”,— деген (Қор. 1-х. 5:6). Өкінбеген адам қауымнан аластатылмаса, ол Ехобаның заң-талаптарын орындау үшін бар күшін салып жүргендерге жаман ықпал етуі мүмкін (Нақ. с. 13:20; Қор. 1-х. 15:33).
5. Қауымнан аластатылған адамға деген көзқарасымыз қандай болу керек және неге?
5 Қауымнан аластатылған бауырласқа деген көзқарасымыз қандай болу керек? Ол адаммен араласпай қойғанымызбен, біз одан үміт үзбейміз. Қайта, оған отардан адасып қалған қой деп қараймыз. Ал ондай қой отарына орала алады. Ұмытпайық, ол адам — өзін Ехобаға бағыштаған адам. Бірақ дәл қазіргі уақытта бағышталғанына сай өмір сүріп жүрген жоқ, сондықтан ол қауіпті жолда тұр (Езек. 18:31). Десе де Ехоба әлі де мейірімділік танытып, уақыт беріп отыр. Сондықтан біз ондай адам оралады деп үміттене аламыз. Осындай үміттері болғандықтан, ақсақалдар қауымнан аластатылған адамға мейлінше көмектесуге тырысады. Қалайша?
ҚАУЫМНАН АЛАСТАТЫЛҒАН АДАМҒА АҚСАҚАЛДАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?
6. Қауымнан аластатылған адамға көмектесу үшін ақсақалдар қандай әрекеттер жасайды?
6 Қауымнан аластатылғаннан кейін адам өз бетінше жүре бере ме? Ехобаға қайтадан оралу үшін оған ешқандай көмек көрсетілмей ме? Мүлдем олай емес. Комитеттегі ақсақалдар адамға қауымнан аластатылатынын айтқаннан кейін, оған қауымға оралу үшін қандай әрекеттер жасау керектігін де айтып түсіндіреді. Бірақ олар бұнымен ғана шектелмейді. Көп жағдайда ақсақалдар оның көзқарасы өзгерді ме, жоқ па — соны білу үшін онымен бірнеше айдан кейін қайта кездесуді ұсынады. Егер ол бұл ұсынысты қабылдаса, ақсақалдар онымен бірнеше айдан кейін кездесіп, оны өкінуге және қайта оралуға талпындырады. Сол уақыт ішінде оның көзқарасы әлі өзгермеген болса, ақсақалдар кейін де ол адаммен кездесуге және оны өкінуге талпындыруға тырыса береді.
7. Біреу қауымнан аластатылған жағдайда ақсақалдар Ехобаға қалай еліктей алады? (Еремия 3:12)
7 Ақсақалдар қауымнан аластатылған адамға Ехоба сияқты жанашырлықпен қарайды. Мысал үшін, Ехоба ежелде өз халқын қашан өкінеді деп күтіп отырмаған. Жүректерінде өкінудің ешбір нышаны байқалмаса да, Ехоба бірінші болып қадам жасап, халқына көмектесуге тырысқан. Осы журналдың екінші мақаласында қарастырғанымыздай, Ехоба өзінің қаншалықты жанашыр екенін көрсету үшін, Ошия пайғамбарға әлі де күнә жасап жүрген әйелімен татуласуды айтқан (Ошия 3:1; Малх. 3:7). Ехобаға еліктейтін ақсақалдар күнә жасаған адамның қайта оралғанын шын жүректен қалайды және сол адамның оралуын қиындататындай ештеңе жасамайды (Еремия 3:12 оқыңыз).
8. Исаның адасқан ұл жайлы мысалы Ехобаның жанашырлығы мен мейірімділігін қалай аша түседі? (Лұқа 15:7)
8 Екінші мақалада Исаның адасқан ұл жайлы мысалы да айтылған еді. Әкесі үйіне қайтып келе жатқан ұлын алыстан-ақ байқап, “алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, елжірей сүйді” (Лұқа 15:20). Әкесі ұлы келіп, аяғына жығылып кешірім сұрайды деп күтіп отырмаған. Керісінше, өзі алдынан жүгіріп шыққан. Ұлын жақсы көретін кез келген әке сөйтер еді. Ақсақалдар да жоғалған қойларға тура солай қарап, олардың отарға оралғандарын қалайды (Лұқа 15:22—24, 32). Күнә жасаған адамның қауымға оралғаны көктегілер үшін де, жердегілер үшін де зор қуаныш! (Лұқа 15:7 оқыңыз).
9. Ехоба күнә жасаған адамды не істеуге шақырады?
9 Осыған дейін қарастырғанымыздай, Ехоба күнәсіна өкінбейтін адамға көз жұмып қарамайды. Бірақ одан теріс айналып та кетпейді. Ехоба оның қайта оралғанын қалайды. Адам күнәсіна өкінгенде Ехоба өзінің не сезінетінін Ошия 14:4-те былай деп сипаттаған: “Мен оларды сауықтырамын, енді опасыздық жасамайды. Оларға деген ашуым қайтқандықтан, Оларды өз еркіммен жақсы көремін”. Бұл сөздер ақсақалдарды адамның бойынан өкінудің кез келген нышанын байқай білуге талпындырады. Ехобаның бұл сөздері күнә жасаған адам үшін де тезірек оралуға талпыныс береді.
10, 11. Көп уақыт бұрын қауымнан аластатылған адамдарға ақсақалдар қалай көмектеседі?
10 Ал қауымнан аластатылғанына біраз уақыт, тіпті бірталай жыл болған адамдар жайлы не деуге болады? Олар қауымнан аластатылғанына себеп болған бұрыс әрекеттерін доғарған болуы мүмкін. Кейбіреулері тіпті қауымнан не үшін аластатылғанын ұмытып та кетуі мүмкін. Қалай болған күнде де, ақсақалдар оларды іздестіріп, олармен кездесуге тырысады. Кездесуде ақсақалдар олармен бірге тіпті дұға етеді және оларды қауымға қайта оралуға талпындырады. Егер адамның қауымнан аластатылғанына бірталай жыл болған болса, оның рухани әлсіреп кеткені айтпаса да түсінікті. Егер ол адам қауымға қайта оралғысы келетінін айтса, ақсақалдар оның қауымға қайта қабылданғанын күтіп жатпай, онымен Киелі кітап зерттеу сабағы өтілуін қамдай алады. Мұндай зерттеу сабағын тек қана ақсақалдар ұйымдастырады.
11 Ехобаның жанашырлығына еліктеп, ақсақалдар да мейлінше көп адамға өкінуге көмектескісі келеді. Олар қайта оралуға әлі де есік ашық екенін айтудан талмайды. Адам күнәсіна өкініп, жаман жолынан қайтып жатса, ол көп күттірмей-ақ қауымға қайта қабылдана алады (Қор. 2-х. 2:6—8).
12. а) Әсіресе қандай жағдайларда ақсақалдар аса мұқият болу керек? ә) Неге біз өте ауыр күнә жасаған кейбір адамдар Ехобаның ықыласына ие бола алмайды деп ойламауымыз керек? (Сілтемені де қараңыз.)
12 Адамды қауымға қайта қабылдарда ақсақалдарға аса мұқият болу қажет жағдайлар бар. Мысалы, балаға қатысты зорлық-зомбылық, жолдантаюшылық және некені ойрандату мақсатымен жоспар құру сияқты жағдайларда ақсақалдар адамның шын өкінгеніне жақсылап көз жеткізіп алуы қажет (Малх. 2:14; Тім. 2-х. 3:6). Олар отарды қорғау керек. Десе де мынаны ұмытпағанымыз жөн: Ехоба шын өкініп, жаман әрекетін қойған адамды, қандай күнә жасаса да, кешіріп, қабылдауға дайын. Ақсақалдар өзгелерге қиянат жасаған адамдарға асқан сақтықпен қарағанмен, өте ауыр күнә жасаған кейбір адамдар ешқашан Ехобаның ықыласына ие бола алмайды деген ойға жол бермейді b (Пет. 1-х. 2:10).
ҚАУЫМДАҒЫЛАР ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕДІ?
13. Біз түзетілген адамға және қауымнан аластатылған адамға қалай қараймыз?
13 Алдыңғы мақалада қарастырғанымыздай, кейде қауымда біреудің түзетілгені жайлы хабарландыру айтылуы мүмкін. Ондай жағдайда біз ол адаммен араласа береміз, өйткені ол өкініп, жаман жолынан қайтқан (Тім. 1-х. 5:20). Ол әрі қарай да қауымның бөлігі болып қала береді және дұрыс нәрсені істей беру үшін бауырластардың қолдауына мұқтаж (Евр. 10:24, 25). Ал қауымнан аластатылған адаммен жағдай басқаша. Біз ол адаммен “араласуды доғарамыз”, онымен “тіпті дастарқандас та болмаймыз” (Қор. 1-х. 5:11).
14. Қауымнан аластатылған адам қауымға келіп жатса, мәсіхші Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сай қандай шешім қабылдай алады? (Суретті де қараңыз.)
14 Қорынттықтарға 1-хат 5:11-дегі нұсқау қауымнан аластатылған адамды мүлдем елемей жүруіміз керек дегенді білдіре ме? Жоқ. Әрине, біз ол адаммен араласпаймыз. Бірақ мәсіхші Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сай қауымнан аластатылған адамды, мысалы туысын не бұрын жақын араласқан досын, қауымға шақыруды шешуі мүмкін. Қауымнан аластатылған адам қауымға келіп жатса, не істейміз? Бұрын біз ондай адаммен амандаспайтын едік. Бірақ енді мәсіхші Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сай өзі шешім қабылдау керек. Кейбіреулер қауымда ондай адаммен амандасуды және қауымға келгеніне қуанышты екенін айтуды жөн көруі мүмкін. Бірақ әңгімеміз одан әріге ұласып, созылып кетпеу керек. Сондай-ақ біз ол адаммен бірге уақыт өткізбейміз.
15. Жоханның 2-хаты 9—11 тармақтарда кімдер жайлы айтылған? (“ Жохан мен Пауыл бірдей күнә жайлы айтқан ба?” деген қоршауды да қараңыз.)
15 Кейбіреулер “күнә жасаған адаммен сәлемдесу оның зұлым істеріне ортақтасуды білдіреді емес пе? Киелі кітапта солай жазылған ғой” деп, түсінбей қалуы мүмкін (Жоханның 2-хаты 9—11 оқыңыз). Егер мәнмәтінді қарасақ, бұл тармақтағы сөздер жолдантаюшыларға және өзгелерді Құдай заңына қайшы әрекет етуге үгіттейтіндерге қатысты айтылған (Аян 2:20). Сондықтан ақсақалдар жалған ілімдерді тарататындармен және өзгелерді дұрыс емес қылыққа итермелейтіндермен кездеспейді. Әрине, күндердің күнінде олар естерін жияды деп үміттенеміз. Бірақ оған дейін біз ондай адамдармен амандаспаймыз да, қауымға да шақырмаймыз.
ЕХОБАНЫҢ ЖАНАШЫРЛЫҒЫ МЕН МЕЙІРІМДІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕЙІК
16, 17. а) Ехоба күнә жасаған адамның не істегенін қалайды? (Езекиел 18:32) ә) Ақсақалдар Ехобамен қалай қызметтесе алады?
16 Сонымен, осы журналдағы мақалалардан не білдік? Ехоба ешкімнің жойылғанын қаламайды! (Езекиел 18:32 оқыңыз). Ол әрбір күнә жасаған адам өкініп, онымен татуласса екен дейді (Қор. 2-х. 5:20). Тарихқа үңілсек, Ехоба тоңмойын халқын да, жекелеген адамдарды да өкініп, өзіне оралуға қайта-қайта талпындырып отырған. Осы орайда ақсақалдар да Ехобамен иық тіресе қызметтесіп, күнә жасаған адамдарды өкінуге шақырады (Рим. 2:4; Қор. 1-х. 3:9).
17 Адам күнәсіна өкінгенде, көкте қандай қуаныш болатынын елестетіп көріңізші! Періштелермен бірге Әкеміз Ехобаның өзі де қауымға оралған әрбір қой үшін ерекше қуанады. Ехобаның жанашырлығы, рақымы мен мейірімділігі жайлы ой жүгіртейік, сонда оған деген сүйіспеншілігіміз тереңдей түседі (Лұқа 1:78).
111-ӘН Қуануға себеп көп
a Бұл адамдарға қатысты “қауымнан шығарылған” деген тіркесті енді қолданбаймыз. Қорынттықтарға 1-хат 5:13-тегі Пауылдың сөздеріне сай, оларға қатысты “қауымнан аластатылған” деген тіркес қолданылатын болады.
b Киелі кітапқа сай, кешірілмейтін күнә деген қандай да бір күнәнің түрі емес. Кешірілмейтін күнәға зұлым ниетпен Құдайға қоймай қарсы шығу жатады. Ал адам бұндай күнә жасады ма, жоқ па — оны шешетін біз емес (Мар. 3:29; Евр. 10:26, 27).