32-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы
Ехоба бәрінің өкінгенін қалайды
“Ехоба... бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (ПЕТ. 2-Х. 3:9).
НЕГІЗГІ ОЙ
Өкінудің не екенін және өкіну неге маңызды екенін, сондай-ақ Ехоба әртүрлі адамдарды өкінуге қалай талпындыратынын білеміз.
1. Өкіну деген нені білдіреді?
ҚАТЕЛІК жасап қойған кездері өкінгеніміз өте маңызды. Киелі кітапқа сай, өкінген адам жасаған бұрыс әрекетіне деген көзқарасын өзгертеді, сол әрекетін доғарады және оны ешқашан қайталамауға бел буады (Түсіндірмедегі “Өкіну” сөзін қараңыз).
2. Өкінудің не екенін неге әрбір адам түсіну керек? (Нехемия 8:9—11)
2 Өкінудің не екенін жер басып жүрген әрбір адам түсіну керек. Себебі барлығымыз күніге күнә жасаймыз. Адам мен Хауаның ұрпағы болғандықтан, күнә мен өлім бәрімізге өткен. Ешқайсысымыз шет қалмадық (Рим. 3:23; 5:12). Тіпті елші Пауыл сияқты сенімі мықты адамдардың өзіне күнәмен күресу қиынға соққан (Рим. 7:21—24). Сонда күнәміздің кесірінен сормаңдай, бейшара болғанымыз ба? Жоқ. Құдайымыз Ехоба мейірімді, ол барлығымыздың бақытты болғанымызды қалайды. Мысалы, Нехемияның күндеріндегі яһудилердің жағдайын алайық (Нехемия 8:9—11 оқыңыз). Ехоба олардың бұрынғы күнәлары үшін қайғырып, көңілдері түскенін қаламаған. Қайта, оған қуана қызмет етіп жүргендерін қалаған. Ехоба өкінудің бақытқа жетелейтінін біледі, біздің де осыны түсінгенімізді қалайды. Егер күнәларымызға өкінер болсақ, мейірімді Әкеміз Ехоба бізді кешіретініне толықтай сенімді болсақ болады.
3. Бұл мақалада не талқылаймыз?
3 Ендеше, өкінудің не екенін жақсылап түсініп алайық. Осы мақалада біз үш жайтқа назар аударамыз. Алдымен, өкінуге қатысты Ехоба Исраил халқына не үйреткенін білеміз. Кейін Ехоба күнәкарларды өкінуге талпындыру үшін не істегеніне назар аударамыз. Ал соңында өкінуге қатысты Исаның шәкірттері нені түсінгенін талқылаймыз.
ЕХОБА ИСРАИЛ ХАЛҚЫНА ӨКІНУГЕ ҚАТЫСТЫ НЕ ҮЙРЕТТІ?
4. Өкінуге қатысты Ехоба Исраил халқына не үйретті?
4 Ехоба Исраил халқын құрған кезде, олармен келісімге тұрды. Халық Құдайдың заңдарын ұстанып жүрген кездің бәрінде Ехоба оларды қорғап, батасын бермек еді. Сол заңдарға қатысты Ехоба былай деген: “Мен сендерге бұйырып отырған осы Заңды орындау тым қиын емес, ол қол жетпестей алыста да емес” (Мұс. 5-ж. 30:11, 16). Ал егер халық сол заңдарға мойынсұнбай бүлік шығарса, мысалы жалған құдайларға табынып кетсе, Ехоба оларды батасынан айырып, содан өздері пәлеге душар болмақ еді. Бірақ соның өзінде оларда Ехобаның ықыласына қайта ие болуға үміт бар еді. Олардың “Ехоба Құдайға бет бұруға” және оның “айтқандарына құлақ асуға” мүмкіндіктері болды (Мұс. 5-ж. 30:1—3, 17—20). Басқаша айтқанда, олар өкіне алар еді. Өкінген жағдайда Ехоба оларды өзіне жақындатып, қайтадан батасына бөлемек еді.
5. Ехоба өз халқынан теріс айналып кетпегенін қалай көрсетті? (Патшалар 2-жазба 17:13, 14)
5 Таңдап алған халқы Ехобаға қоймай қарсы шыға берді. Олардың пұтқа табынғандары былай тұрсын, басқа да жеркенішті істермен айналысты. Бұдан халықтың өзі жапа шекті. Бірақ Ехоба қыңыр халқынан теріс айналып кетпеді. Ол пайғамбарларын қайта-қайта жіберіп, халқын өкініп, өзіне қайта оралуға шақырды (Патшалар 2-жазба 17:13, 14 оқыңыз).
6. Ехоба өкінудің маңыздылығын түсіндіру үшін пайғамбарлары арқылы не деген? (Суретті де қараңыз.)
6 Ехоба халқын ескертіп, түзету үшін оларға пайғамбарларын жіберіп отырған. Мысалы, Еремия арқылы Ехоба былай деген: “Уа, сатқын Исраил, маған қайта орал... Саған қабақ шытып қарамаймын, өйткені мен адалмын,— дейді Ехоба.— Мен мәңгі ашулана бермеймін. Тек өз кінәңді мойындасаң болғаны, өйткені Ехоба Құдайыңа қарсы шықтың” (Ерм. 3:12, 13). Ал Жоел арқылы: “Әлі де болса шын жүректен маған қайтыңдар”,— деген (Жоел 2:12, 13). Ишая арқылы болса былай деген: “Тазарыңдар, Зұлым істеріңді көз алдымнан құртыңдар. Жамандық жасауды доғарыңдар!” (Ишая 1:16—19). Езекиел арқылы да Ехоба былай деген: “Мені зұлым адамның өліміне қуанады дейсіңдер ме? Жоқ, қайта, теріс жолынан қайтып, өмір сүрсе, соған қуанамын... Мен ешкімнің де өліміне қуанбаймын. Сондықтан маған бет бұрыңдар да, өмір сүріңдер” (Езек. 18:23, 32). Адамдардың өкінгенін көргенде Ехоба шын жүректен қуанады, өйткені олардың шексіз, мәңгі өмір сүргенін қалайды! Сол себепті де Ехоба адамдар өздері өкінгенше жай күтіп отырмайды. Бұған дәлел болатын тағы бірнеше оқиғаны қарастырайық.
7. Ошия мен әйелінің жағдайын қолданып Ехоба халқына қандай тәлім берді?
7 Ехоба халқына өмірде болған бір жағдайды қолданып тәлім берді. Ошия пайғамбардың әйелі Гомер азғындық жасап, бөтен еркектерге кетіп қалған еді. Гомердің жағдайы еш үмітсіз болды ма? Жүректе не барын көре алатын Ехоба Ошияға былай деген: “Қайтадан бар да, басқа еркектің сүйіктісі болып, азғындық жасап жүрген сол әйелді жақсы көр. Сол сияқты, Ехоба да басқа тәңірлерге бет бұрған... Исраил халқын жақсы көреді” (Ошия 3:1; Нақ. с. 16:2). Назар аударсақ, Ошияның әйелі жаман жолынан қайтпай, әлі де ауыр күнә жасап жүрген еді. Соған қарамастан Ехоба Ошияға әйелін кешіріп, онымен татуласуды айтты a. Тура осылай Ехоба да қыңыр халқын тастап кетпеді. Небір сұмдық күнәлар жасап жүрген халқын Ехоба әлі де жақсы көрді және оларға өкініп, теріс жолдарынан қайтуға көмектесуін доғармады. Бұл жағдайдан нені түсінеміз? Сонда жүректі тексеретін Ехоба әлі де ауыр күнә жасап жүрген адамды өкінуге талпындыра ма? (Нақ. с. 17:3). Келіңіздер, көрейік.
ЕХОБА КҮНӘКАРЛАРДЫ ӨКІНУГЕ ҚАЛАЙ ТАЛПЫНДЫРАДЫ?
8. Ехоба Қабылды өкінуге талпындыру үшін не істеді? (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—7) (Суретті де қараңыз.)
8 Қабыл Адам мен Хауаның тұңғыш ұлы болды. Ата-анасының күнәкар бейімділігі оған да өтті. Сондай-ақ Киелі кітапта “оның істері зұлым” болғаны айтылған (Жох. 1-х. 3:12). Міне, осыдан да болар, Ехоба Қабылға ықыласын түсірмеді, оның әкелген құрбандығын да қабыл алмады. Қабыл болса жөнделудің орнына, “қатты ашуланып, түрі бұзылып кетті”. Сол кезде Ехоба не істеді? Ол Қабылмен сөйлесті (Мұсаның 1-жазбасы 4:3—7 оқыңыз). Байқасақ, Ехоба Қабылды ақылға шақырды, күнә жасап қоюы мүмкін екенін ескертті және ойын өзгертсе, батасын беретінін айтты. Өкінішке қарай, Қабыл Ехобаның тілін алған жоқ. Ол өкінуге талпындырып жатқан Ехобаға еш бой бермеді. Осы жағдайдан түк шықпағанын көріп, Ехоба күнәкарларды өкінуге талпындыруын қойды ма? Мүлдем олай емес.
9. Ехоба Дәуітті өкінуге қалай талпындырды?
9 Ехоба Дәуіт патшаны ерекше жақсы көрген. Тіпті оны “көңілімнен шығатын адам” деп атаған (Ел. іс. 13:22). Бірақ Дәуіт неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру сияқты өте ауыр күнәлар жасаған. Мұса Заңына сай, Дәуіт осы үшін өлімге лайық еді (Мұс. 3-ж. 20:10; Мұс. 4-ж. 35:31). Бірақ Ехоба араша түсті b. Ол Дәуітке өзінің пайғамбары Натанды жіберді. Ол кезде Дәуіттің жүрегінде өкініштің нышаны да жоқ еді. Натан Дәуіттің жүрегіне әсер ету үшін бір мысал айтты. Сол кезде қателігін түсінген Дәуіт шын жүректен өкінді (Сам. 2-ж. 12:1—14). Оның қаншалықты өкінгенін ол жазған Зәбүр жырынан анық көреміз (Зәб. 51, кіріспе). Жүректі қозғайтын бұл Зәбүр жыры қаншама адамды күнәсіна өкінуге талпындырып, қаншама адамды жұбатқан. Дәуітті өкінуге талпындырғаны үшін көбіміз Ехобаға риза шығармыз!
10. Ехобаның күнәкар адамға шыдамдылықпен, кешіріммен қарағаны сізді қандай сезімге бөлейді?
10 Ехоба күнәні жек көреді, оның ешбір түріне төзбейді (Зәб. 5:4, 5). Бірақ ол бізді жақсы көреді, сондықтан бізге күнәмен күресуге көмектескісі келеді. Ол тіпті әбден күнәға батқан адамның өзіне барынша көмектесуге тырысып, оны өкінуге және өзіне жақындауға талпындырады. Ехобаның осындай Құдай болғаны неткен жұбаныш! Ехобаның шыдамдылығы мен кешірімділігі жайлы ой жүгіртер болсақ, бұл бізді оған адал болуға және күнә жасап қойғанда бірден өкінуге талпындырады. Ал қазір өкінуге қатысты бірінші ғасырдағы мәсіхшілер нені түсінгенін көрейік.
ИСАНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ ӨКІНУГЕ ҚАТЫСТЫ НЕНІ ТҮСІНДІ?
11, 12. Әкесінің кешіруге асық Құдай екенін көрсету үшін Иса қандай мысал келтірген? (Суретті қараңыз.)
11 Б. з. I ғасырында жер бетіне Мәсіх келді. Алдыңғы мақалада айтылғандай, Ехоба шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия мен Иса Мәсіх арқылы адамдарға өкінудің маңыздылығын үйретті (Мат. 3:1, 2; 4:17).
12 Жерде қызмет еткенде Иса әрдайым адамдарға Әкесінің кешіруге асық Құдай екенін үйретіп жүрді. Бірде ол адасқан ұл жайлы мысал келтіріп, Әкесінің қаншалықты кешірімді екенін өте керемет сипаттады. Бір жас жігіт үйден кетіп, бейбастақ өмір кешіп, әбден күнәға батады. Кейін ол “ақылға келіп”, үйіне оралуды шешеді. Ал Әкесі бұған қалай қарады? “Ұлы алыста келе жатқанда-ақ Әкесі оны көріп, аяп кетеді. Сөйтіп, алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, елжірей сүйеді”. Ұлы ең болмағанда әкесінің жалшыларының бірі боламын деген оймен келген еді. Бірақ әкесі оны “ұлым” деп атап, отбасына қайта қабылдады. Сөйтіп, әкесі: “Ұлым жоғалған еді — табылды”,— деп, той бастап жіберді (Лұқа 15:11—32). Еш күмән жоқ, Иса жерге келмес бұрын көкте Әкесінің тура осылай қаншама өкінген жандарға жаны ашып, оларды дарқан көңілмен кешіргенін талай рет көрген. Ехобаның қаншалықты мейірімді екенін сипаттайтын бұл мысал шынымен де жанымызға жылу береді!
13, 14. Өкінуге қатысты Петір нені түсінді және өзгелерге бұл жайлы не үйретті? (Суретті де қараңыз.)
13 Елші Петір өкіну мен кешірімге қатысты Исадан өте маңызды жайтты үйренді. Петір жиі қателік жасады, бірақ Иса оны қайта-қайта кешірді. Бірде Петір Иесі Исадан үш рет танды, сол кезде ол қатты күйзеліп, күнәсі үшін өкінді (Мат. 26:34, 35, 69—75). Иса қайта тірілгеннен кейін, оңашада болса керек, Петірге көрінді (Лұқа 24:33, 34; Қор. 1-х. 15:3—5). Сол кезде ол өкінген елшісіне кешіргенін айтып, көңілін орнықтырса керек.
14 Өкіну мен кешіруге ие болудың не екенін өз басынан түсінген Петір өзгелерге өкінудің маңыздылығы жайлы үйрете бастады. Елуінші күн мейрамынан кейін көп ұзамай, Петір Исаға сенбейтін яһудилердің алдында тұрып, сөз сөйледі. Петір олардың Мәсіхті өлтіргендерін айтты, бірақ артынан оларды өкінуге шақырды. Ол былай деді: “Сондықтан өкініп, теріс жолдан қайтыңыздар. Сонда күнәларыңыз кешіріліп, Ехобаның қайта нығайтатын уақыты келеді” (Ел. іс. 3:14, 15, 17, 19). Бұл сөздермен Петір өкіну адамды теріс жолдан қайтуға талпындыратынын айтты. Ал теріс жолдан қайту деген бұрыс ой қалып пен әрекетті өзгертіп, енді Құдайға ұнайтындай жүріп-тұруды білдіреді. Сондай-ақ Петір Ехоба олардың күнәларын кешіретінін, яғни түгел өшіріп тастайтынын айтты. Біраз жылдардан кейін Петір мәсіхшілерге былай деген: “Ехоба... сендерге шыдамдылық танытып отыр, өйткені ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9). Күнә жасап, тіпті ауыр күнә жасап қойған мәсіхшілер үшін бұл сөздер неткен жұбаныш болмақ еді!
15, 16. а) Елші Пауыл Ехоба мен Исаның кешіріміне қатысты нені түсінді? (Тімөтеге 1-хат 1:12—15) ә) Біз келесі мақалада не қарастырамыз?
15 Өкінуге және кешірімге ие болуға ең мұқтаж адамдардың бірі тарстық Саул еді. Ол Мәсіхтің бағалы ізбасарларын еш аяусыз қудалаған. Мәсіхшілердің көбісі Саулды әбден құрыған адам, ол ешқашан өзгермейді деп ойлаған шығар. Бірақ қайта тірілген Исаның көзқарасы адамдардікінен мүлдем басқаша еді. Ол да, Әкесі Ехоба да Саулдың бойынан жақсы қасиеттер көрді. Иса Саулды өзі “таңдап алғанын” айтқан (Ел. іс. 9:15). Саулды өкінуге талпындыру үшін Иса тіпті керемет жасады (Ел. іс. 7:58—8:3; 9:1—9, 17—20). Елші Пауыл атанған Саул мәсіхші болған соң, өзіне танытылған рақым мен мейірімділік үшін жиі алғыс білдірген (Тімөтеге 1-хат 1:12—15 оқыңыз). Ол: “Құдай мейірім көрсетуімен сені күнәларыңа өкіндіргісі келеді”,— деп, бауырластарына маңызды шындықты үйреткен (Рим. 2:4).
16 Бірде Пауыл Қорынттағы қауымда азғындықпен байланысты даулы мәселе туғанын естиді. Оның бұл мәселені қалай шешкенінен Ехоба сүйіспеншілікпен жөнге салатынын, сондай-ақ өкінген адамға мейірімділік танытудың маңыздылығын үйренеміз. Қорынт қауымында болған жағдайды келесі мақалада егжей-тегжейлі қарастырамыз.
33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт
a Бұл ерекше жағдай. Бүгінде неке адалдығы бұзылып жатса, Ехоба жазықсыз тараптың опасыздық жасаған жұбайымен қалуын талап етпейді. Ехоба жазықсыз тарап, егер өзі қаласа, ажыраса алатынын Иса арқылы түсіндірген (Мат. 5:32; 19:9).
b “Ехоба Құдайдың кешірімшілдігінің игілігін көр” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2012 жыл, қараша, 21—23 б., 3—10 абз.).