Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

34-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

107-ӘН Сүюдің кемелді үлгісі

Сүюші ақсақалдар күнә жасаған адамға мейіріммен қарайды

Сүюші ақсақалдар күнә жасаған адамға мейіріммен қарайды

“Құдай мейірім көрсетуімен сені күнәларыңа өкіндіргісі келеді” (РИМ. 2:4).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ақсақалдар ауыр күнә жасаған бауырласқа қалай көмектесуге тырысатынын қарастырамыз.

1. Ауыр күнә жасаған адам үшін қандай үміт бар?

 АЛДЫҢҒЫ мақаладан көргеніміздей, Қорынт қауымында бір ер кісі ауыр күнә жасағанда, елші Пауыл қандай шара қолдану керектігін айтқан. Күнәсіна өкінбегені үшін ол адамды қауымнан аластатуға тура келген. Десе де негізгі тармақтан көретініміздей, ауыр күнә жасаған адам үшін үміт бар. Ехоба ондай адамды өкіндіруге тырысады (Рим. 2:4). Осы орайда ол ақсақалдарды қалай қолданатынын көрейік.

2, 3. Бауырласымыздың ауыр күнә жасағанын білсек, не істеуіміз керек және неге?

2 Адамның күнә жасағаны жайлы білсе ғана ақсақалдар ол адамға көмектесе алады. Сондықтан біз біреудің ауыр күнә, яғни қауымнан аластатуға себеп болатындай күнә жасағанын біліп жатсақ, ондай адамды ақсақалдардың көмегіне жүгінуге талпындыруымыз керек (Ишая 1:18; Ел. іс. 20:28; Пет. 1-х. 5:2).

3 Ал егер күнә жасаған адам ақсақалдармен сөйлесуден бас тартса ше? Ондай кезде өзіміз ақсақалдарға барып, ол бауырлас көмекке мұқтаж екенін айтуымыз керек. Бұл әрекетіміздің артында сүйіспеншілік тұр, өйткені біз бауырласымыздан айырылып қалғымыз келмейді. Егер ол жаман жолынан қайтпаса, Ехобамен қарым-қатынасын одан әрі бұзады, қауымның да атына кір келтіреді. Сондықтан Ехобаны және бауырласымызды жақсы көргеніміз бізді оңай болмаса да, батылдықпен әрекет етуге талпындырады (Зәб. 27:14).

АУЫР КҮНӘ ЖАСАП ҚОЙҒАН АДАМҒА АҚСАҚАЛДАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

4. Ауыр күнә жасаған адаммен кездескенде ақсақалдар қандай мақсатты көздейді?

4 Қауымда біреу ауыр күнә жасаған жағдайда ақсақалдар кеңесі араларынан үш ақсақалды таңдап, комитет a құрады. Таңдалған ақсақалдардың кішіпейіл әрі қарапайым болғандары маңызды. Олар күнә жасаған адамды өкінуге талпындырғанмен, оны күштеп өзгерте алмайтындарын мойындаулары керек (Мұс. 5-ж. 30:19). Ақсақалдар күнә жасаған адамдардың бәрі бірдей Дәуіт патша сияқты өкіне бермейтіндерін түсінеді (Сам. 2-ж. 12:13). Кейбіреулер Ехобаның ақыл-кеңесіне құлақ аспауды шешуі мүмкін (Мұс. 1-ж. 4:6—8). Қалай болған күнде де, ақсақалдардың мақсаты — адамды өкінуге талпындыру. Ақсақалдар күнә жасаған адаммен кездескенде нені есте ұстау керек?

5. Ақсақалдар күнә жасаған адаммен кездескенде қандай көзқарас танытады? (Тімөтеге 2-хат 2:24—26) (Суретті де қараңыз.)

5 Ақсақалдар күнә жасаған бауырласқа Ехобаның жоғалған бағалы қойы деп қарайды (Лұқа 15:4, 6). Сол себепті ақсақалдар ол адаммен кездескенде қатты-қатты айтып, қаталдық танытпайды. Сондай-ақ бұл кездесуді жай ғана жасалынуы керек шара деп қарастырмайды. Керісінше, олар кездесуде Тімөтеге 2-хат 2:24—26 тармақтарда (оқыңыз) айтылған қасиеттерді танытады. Ақсақалдар күнә жасаған адамға барынша жұмсақтық, мейірімділік пен ілтипаттылық танытады, өйткені ол адамның өкінгенін қалайды.

Ежелдегі бағушылар сияқты ақсақалдар жоғалған қойды іздеп тауып, оған көмек көрсетуге барынша тырысады (5-абзацты қараңыз)


6. Ақсақалдар күнә жасаған адаммен кездеспес бұрын өз жүректерін қалай дайындайды? (Римдіктерге 2:4)

6 Ақсақалдар өз жүректерін дайындап алады. Олар Пауылдың: “Құдай мейірім көрсетуімен сені күнәларыңа өкіндіргісі келеді”,— деген сөздерін есте ұстайды (Римдіктерге 2:4 оқыңыз). Сондықтан олар күнә жасаған адамға Ехоба сияқты жұмсақтықпен, мейіріммен қарайды. Ақсақалдар өздерінің бірінші кезекте Мәсіхтің қол астындағы бағушылар екенін ұмытпау керек (Ишая 11:3, 4; Мат. 18:18—20). Күнә жасаған адаммен кездеспей тұрып, ақсақалдар комитеті дұға етіп, адамды өкінуге талпындыру үшін не істей алатындарын қарастырады. Олар Жазбаларды және әдебиеттерімізді қолданып зерттеу жүргізеді және Ехобадан дұғада түсінік сұрайды. Олар адамның көзқарасына, ой қалпына, жүріс-тұрысына әсер еткен болуы мүмкін бұрынғы және қазіргі жағдайларға қатысты нені анықтап алу керектігін талқылайды (Нақ. с. 20:5).

7, 8. Ақсақалдар күнә жасаған адаммен сөйлескенде Ехобаның шыдамдылығына қалай еліктей алады?

7 Ақсақалдар Ехобаның шыдамдылығына еліктейді. Олар Ехоба ежелде күнә жасаған адамдарға қалай қарағанын есте ұстайды. Мысалы, Ехоба Қабылға зор шыдамдылық танытып, күнә жасаған жағдайда салдарын тартатынын, ал тілін алса, батаға кенелетінін айтып түсіндірген (Мұс. 1-ж. 4:6, 7). Ал Дәуітті болса Натан пайғамбар арқылы ақылға шақырған. Пайғамбардың келтірген мысалы Дәуіт патшаны өкінуге талпындырған (Сам. 2-ж. 12:1—7). Ехоба қыңыр халқы Исраилге де пайғамбарларын “қайта-қайта жіберген” (Ерм. 7:24, 25). Ол қызметшілері өздері өкінеді деп күтіп отырмаған. Қайта, өзі бірінші болып әрекет етіп, оларды өкінуге талпындырған.

8 Ақсақалдар ауыр күнә жасаған адамға көмектескенде тура Ехоба сияқты көзқарас танытады. Тімөтеге 2-хат 4:2-де айтылғандай, олар күнә жасаған адамға “зор шыдамдылықпен” қарайды. Сол адамның дұрыс әрекет етуге деген ықыласы ояну үшін ақсақалдың сабырлы әрі шыдамды болғаны маңызды. Егер күнә жасаған адам ақсақалдың ашу-ызаға бой алдырғанын не көңілі қалып қалғанын байқаса, ол берілген кеңеске құлақ аспауы, тіпті өкінбей қоюы мүмкін.

9, 10. Күнә жасаған адам қателігін түсіну үшін ақсақалдар не істей алады?

9 Ақсақалдар күнәға әкеп соққан жағдайларды анықтауға тырысады. Мәсіхшінің рухани әлсіреуіне не себеп болуы мүмкін? Ол жеке зерттеуге, уағызға немқұрайды қарап кетті ме? Ехобаға сирек не үстіртін дұға етіп жүрді ме? Жаман қалауларымен күресуін доғарып, өршітіп алды ма? Араласатын ортаны не көңіл көтеру түрлерін дұрыс таңдамады ма? Жасаған таңдаулары оның ой қалпы мен көзқарасына қалай әсер еткен болуы мүмкін? Соңғы кезде қабылдаған шешімдері мен жасаған әрекеттері көктегі Әкеміз Ехобаға қалай әсер етіп жатқанын түсіне ме?

10 Адам өзінің күнә жасауына не себеп болғанын түсіну үшін ақсақалдар оған ойластырылған сұрақтар қояды (Нақ. с. 20:5). Бірақ ақсақалдар ізеттілік танытып, қажетсіз әрі орынсыз сұрақтар қоймайды. Сондай-ақ олар Натан пайғамбар сияқты мысалдар келтірсе болады. Сонда күнә жасаған адам Дәуіт сияқты өзінің әрекетінің дұрыс болмағанын түсінуі мүмкін. Негізі, адам бірінші кездескенде-ақ өз ісіне ұялып, қынжылып, тіпті өкінуі де мүмкін.

11. Иса күнә жасаған адамдарға қалай қараған?

11 Ақсақалдар барынша Исаға еліктейді. Қайта тірілген Иса тарстық Саулмен сөйлескенде мынадай ойландыратын сұрақ қойды: “Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің?” Осылай оған дұрыс емес бағытта жүргенін көруге көмектесті (Ел. іс. 9:3—6). Ал “Езабел іспетті әйелге” b қатысты Иса: “Мен оған өкінуге уақыт бердім”,— деген (Аян 2:20, 21).

12, 13. Күнә жасаған адамға өкінуге уақыт беру үшін ақсақалдар не істейді? (Суретті де қараңыз.)

12 Исаға еліктеп, ақсақалдар “бұл адам өкінбейді” деп тұжырымдауға асықпайды. Кейбіреулер ақсақалдар комитетімен бірінші рет кездескенде-ақ өкінуі мүмкін. Ал кейбіреулерге көбірек уақыт қажет болып жатады. Сондықтан комитеттегі ақсақалдар күнә жасаған адаммен бір емес, бірнеше рет кездесуі мүмкін. Бірінші кездесуден кейін ол адам кездесуде айтылған нәрселер жайлы ойлана бастауы мүмкін. Кішіпейілділік танытып, Ехобаға дұға етуі де мүмкін (Зәб. 32:5; 38:18). Соның арқасында ол ақсақалдармен тағы бір рет кездескенінде, бірінші кездесудегідей емес, мүлдем басқаша көзқарас танытуы мүмкін.

13 Күнә жасаған адамды өкінуге талпындыру үшін ақсақалдар жанашырлық пен мейірімділік танытады. Олар осы орайда жасап жатқан еңбектеріне Ехоба батасын берсін деп дұға етеді. Сондай-ақ ол адам есін жиып, өкінеді деп үміттенеді (Тім. 2-х. 2:25, 26).

Ақсақалдар күнә жасаған адамға өкінуге уақыт беру үшін, онымен бірнеше рет кездесуі мүмкін (12-абзацты қараңыз)


14. Адам күнәсіна өкініп жатса, бұл кімнің арқасы және неге?

14 Күнә жасаған адам өкініп жатса, бұл — үлкен қуаныш! (Лұқа 15:7, 10). Оның өкінгені кімнің арқасы? Ақсақалдардың ба? Елші Пауыл күнә жасаған адамдарға қатысты: “Құдай оларды өкіндірер”,— деген (Тім. 2-х. 2:25). Демек, мәсіхшінің ойы мен көзқарасының өзгеруіне әсер еткен — қандай да бір адам емес, Ехобаның өзі. Пауыл адамның өкінуі қандай жеміс әкелетінін де айтқан: ол шындық жайлы тура білімге ие болады, есін жияды және Шайтанның тұзағынан босана алады (Тім. 2-х. 2:26).

15. Өкінген адамға ақсақалдар әрі қарай да қандай көмек көрсетеді?

15 Өкінген адамға әрі қарай да көмек көрсетілу үшін ақсақалдар комитеті оған бақташылық сапар жасалып тұруын қамдайды. Бұл оған сенімін нығайтуға және Шайтанның тұзағына қарсы тұрып, дұрыс әрекет ете беруге көмектеседі (Евр. 12:12, 13). Әрине, ақсақалдар ол адамның қандай күнә жасағанын ешкімге айтпайды. Бірақ кейде қауымдағыларды хабардар ету керек бір жайт болуы мүмкін.

“ӨЗГЕЛЕРДІҢ АЛДЫНДА ТҮЗЕТ”

16. Тімөтеге 1-хат 5:20-да Пауыл “өзгелер” дегенде кімдерге меңзеген?

16 Тімөтеге 1-хат 5:20 оқыңыз. Пауыл ақсақал болып жүрген Тімөтеге: “Күнә жасай беретіндерді өзгелердің алдында түзет”,— деп нұсқау берген. Пауылдың мұндағы “өзгелер” деген сөзі әрдайым бүкіл қауымды білдіре ме? Жоқ. Ол “өзгелер” деп жасалған күнә жайлы білетін адамдарды айтқан. Ондай адамдарға болған жайтты өз көзімен көргендер немесе күнә жасаған адамның өзі хабардар еткен адамдар жатуы мүмкін. Ақсақалдар істің қарастырылғанын және күнә жасаған адамның түзетілгенін тек сол адамдарға ғана айтады.

17. Адамның ауыр күнә жасағаны жайлы қауымдағылардың көбісі білсе не оларға алдағы уақытта мәлім болатын болса, қауымда қандай хабарландыру жасалады және не үшін?

17 Кейбір жағдайларда адамның күнә жасағанын қауымдағылардың көбісі білуі мүмкін, я болмаса оларға алдағы уақытта мәлім болуы мүмкін. Бұндай кезде “өзгелер” дегенге бүкіл қауым жатады. Сондықтан ақсақалдар күнә жасаған бауырластың түзетілгені c жайлы бүкіл қауымға хабарлайды. Не үшін? Пауылдың сөзін еске түсірсек, бұндай хабарландыру “қалғандарына ескерту болып”, күнә жасамаулары үшін айтылады.

18. Кәмелетке толмаған шомылдыру рәсімінен өткен бауырлас күнә жасаса, ақсақалдар не істейді? (Суретті де қараңыз.)

18 Кәмелетке, яғни 18 жасқа толмаған шомылдыру рәсімінен өткен бауырлас ауыр күнә жасаса, қандай шара жасалады? Бұндай жағдайда ақсақалдар кеңесі екі ақсақал тағайындайды. Олар баламен және оның мәсіхші ата-анасымен d сөйлеседі. Олар ата-анасынан балаға өкінуге көмектесу үшін не істеп жатқанын сұрастырып біледі. Егер ата-анасы балаға көмектесе алып жатса, яғни бала ата-анасының ақыл-кеңесіне құлақ асып, ой қалпы мен іс-әрекетін өзгертіп жатса, екі ақсақал әрі қарай ешқандай шара қолданудың қажеті жоқ деп шешуі мүмкін. Негізі, баланы тәрбиелеп, жөнге салуды Ехоба ата-анаға жүктеген (Мұс. 5-ж. 6:6, 7; Нақ. с. 6:20; 22:6; Ефес. 6:2—4). Ақсақалдар арагідік балаға қандай көмек көрсетіліп жатқаны жайлы ата-анасынан сұрастырып, анықтап тұрады. Ал егер бала өкінбей, бұрыс жолынан қайтпай қойса ше? Мұндай жағдайда баламен және оның мәсіхші ата-анасымен ақсақалдар комитеті кездеседі.

Кәмелетке толмаған бауырлас ауыр күнә жасаған жағдайда онымен және оның ата-анасымен екі ақсақал кездеседі (18-абзацты қараңыз)


“ЕХОБА ӨТЕ ЖАНАШЫР ӘРІ МЕЙІРІМДІ”

19. Ақсақалдар ауыр күнә жасаған адаммен кездескенде Ехобаға қалай еліктейді?

19 Комитетте қызмет ететін ақсақалдарға Ехоба маңызды жауапкершілік жүктеген: олар қауымның тазалығын сақтау керек (Қор. 1-х. 5:7). Десе де олар күнә жасаған адамды өкінуге талпындыру үшін бар күштерін салады. Ол адамнан үміттерін үзбей, оң көзқарас танытады. Неге? Өйткені олар “өте жанашыр әрі мейірімді Ехобаға” барынша еліктеуге тырысады (Жақ. 5:11). Елші Жохан да тура осындай көзқарас танытып, былай деп жазған: “Сүйікті балаларым, мұны күнә жасамауларың үшін жазып отырмын. Егер біреу күнә жасап қойса, Әкенің қасында әділ көмекшіміз Иса Мәсіх бар” (Жох. 1-х. 2:1).

20. Келесі мақалада не қарастырамыз?

20 Өкінішке қарай, күнә жасаған мәсіхшінің өкінбей қоятын кезі болады. Ондай адам қауымнан аластатылу керек. Мұндай жағдайда ақсақалдар не істейді? Бұл жайлы осы бірқатар мақаланың соңғысында қарастырамыз.

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

a Ақсақалдардан тұратын бұл топ бұған дейін “сот комитеті” деп аталып келді. Бірақ сот жүргізу ақсақалдар атқаратын істің бір қыры ғана болғандықтан, бұдан былай бұл тіркесті қолданбаймыз. Оның орнына “ақсақалдар комитеті” деген тіркес қолданылатын болады.

b “Езабел іспетті әйел” деген тіркес қауымға жаман ықпал етіп жүрген бір әйелді не бір топ әйелді білдіруі мүмкін.

c Тімөтеге 1-хат 5:20-ға сай, бұдан былай “сөгіс беру” деген тіркестің орнына “түзету” деген сөзді қолданамыз.

d Ата-анаға қатысты айтылған сөздер баланың заңды қамқоршысына немесе ата-ананың міндетін атқарып жүрген адамдарға да қатысты.