Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаны жақсы танисыз ба?

Ехобаны жақсы танисыз ба?

“Есіміңді білетіндер өзіңді медет тұтады, Өзіңді іздегендерді сен ешқашан тастамайсың, уа, Ехоба” (ЗӘБ. 9:10).

56-ӘН Шындық жолын таңда

АҢДАТПА *

1, 2. Ангелитоның мысалынан көргеніміздей, әрқайсысымыз не істеуіміз керек?

СІЗ Ехоба куәгерлерінің отбасында өсіп-ержеттіңіз бе? Бірақ ата-анаңыз Ехобамен дос болғандықтан ғана, сіз де онымен дос болып кетпейтініңізді ұмытпаңыз. Ата-анамыз Құдайға қызмет етсін-етпесін, әрқайсысымыз Ехобамен өзіміз дос болуымыз керек.

2 Ангелито есімді бір ер бауырластың мысалына ден қояйық. Ол Куәгерлер отбасында ержетеді. Бірақ жасөспірім кезінде ол өзін Ехобаға жақын сезінбейді. Ол былай дейді: “Мен отбасым не істесе, соны істегім келгендіктен ғана Ехобаға қызмет ететінмін”. Бірақ ол кейін Құдай Сөзін оқуға, оқығаны жайлы ойлануға көбірек уақыт жұмсап, Ехобаға жиі дұға ете бастайды. Бұның нәтижесі қандай болды? “Аяулы әкем Ехобаға жақын болудың жалғыз жолы — оны жақыннан танып-білу екенін түсіндім”,— дейді Ангелито. Бұл мысалдан кейін мынадай маңызды сұрақтар туындайды: Ехобаны жай ғана тану мен оны жақсы білудің қандай айырмашылығы бар? Ехобаны қалай жақыннан танып-біле аламыз?

3. Ехобаны жай ғана білу мен оны жақсы танудың айырмашылығы қандай?

3 Егер адам Құдайдың есімін білсе, оның істеген кейбір істері мен айтқан сөздерімен таныс болса, ол адамды Ехоба жайлы біледі дей аламыз. Бірақ Ехобаны жақсы білуге бұдан да көп нәрсе кіреді. Біз Ехоба мен оның тамаша қасиеттері туралы білуге уақытымызды аямауымыз керек. Сол кезде ғана қандай да бір нәрсені істеуге я айтуға оған не түрткі болғанын түсіне бастаймыз. Ал бұл ойымыз бен шешімдеріміз, іс-әрекетіміз оған ұнамды ма, жоқ па, — соны анықтауға көмектеседі. Ехобаның бізге қатысты еркін түсінгеннен кейін, білгендерімізге қарай әрекет етуіміз керек.

4. Киелі кітаптағы мысалдарды қарастырғанымыздың пайдасы қандай?

4 Ехобаға қызмет еткіміз келгенде, кейбіреулер бізді мазақ етуі мүмкін. Ал оның халқымен араласа бастағанымызда, одан да қатты қарсылыққа кезігуіміз мүмкін. Алайда Ехобаға сенім артсақ, ол бізді ешқашан тастамайды. Осылай біз Құдаймен достығымыздың іргесін қалаймыз әрі бұл достық мәңгіге жалғасады. Ехобаны соншалықты жақсы білу мүмкін бе? Иә, мүмкін! Бұған — Мұса мен Дәуіт патшаның өмірі дәлел. Осы жұмыр басты пенделердің іс-әрекеттерін қарастыра отырып, мына сұрақтардың жауабын білеміз: олар Ехобаны қалай танып-білген? Олардың мысалынан не үйренеміз?

МҰСА “КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ТҰЛҒАНЫ” КӨРДІ

5. Мұса нені таңдады?

5 Мұса Құдайға қызмет етуді таңдады. Шамамен 40 жасында Мұса “перғауын қызының ұлы” деп танылудан гөрі, Құдайдың халқымен бірге болуды жөн көрді (Евр. 11:24). Ол жоғары дәрежесінен де бас тартты. Сондай-ақ перғауынның қаһарына ұшырайтынын білсе де, Мысырда құл болып жүрген исраилдіктердің жағына шықты. Ал перғауын құдіретті билеуші еді, әрі мысырлықтар оны құдайдай көретін. Бұдан Мұсаның сенімі өте мықты болғанын көреміз. Ол Ехобаға сенім артқан. Осындай сенімінің арқасында ол Ехобамен өмірінің соңына дейін жақын дос болды (Нақ. с. 3:5).

6. Мұсаның мысалынан не түйеміз?

6 Бұдан қандай сабақ аламыз? Мұса сияқты, біз де Ехобаға қызмет етіп, оның халқының арасында боламыз ба, жоқ па — соны шешіп алуымыз керек. Бәлкім, бізге де қандай да бір құрбандықтарға баруға тура келер не Ехобаны білмейтіндердің қарсылығына ұшырармыз. Алайда Көктегі Әкемізге сенім артсақ, оның қолдауынан кенде қалмаймыз!

7, 8. Мұса не істеуді доғармады?

7 Мұса Ехобаның қасиеттері жайлы білуді доғармай, оның еркін орындай берді. Мысалы, Ехоба Мұсаға исраилдіктерді құлдықтан алып шығуды тапсырғанда, ол өзіне сенімсіз болды, әрі Ехобаға бұл іс қолынан келмейтінін қайта-қайта айтты. Сол кезде Құдай көмек беру арқылы оған шын жаны ашитынын көрсетті (Мұс. 2-ж. 4:10—16). Соның арқасында Мұса перғауынға қаһарлы үкімді жеткізе алды. Кейін Құдай өз халқын құтқарып, перғауын мен оның әскерін Қызыл теңізде жойғанда, Мұса Ехобаның құдіретті қолын көрді (Мұс. 2-ж. 14:26—31; Зәб. 136:15).

8 Мұса исраилдіктерді Мысырдан алып шыққаннан кейін, халық қайта-қайта күңкілдей берді. Сонда Мұса Ехобаның өз халқына асқан шыдамдылық танытқанына куә болды (Зәб. 78:40—43). Сонымен қатар Ехоба Мұсаның өтінішіне құлақ асып, ойын өзгерткенде, Мұса Ехобаның кішіпейілділігін көрді (Мұс. 2-ж. 32:9—14).

9. Еврейлерге 11:27-ге сай, Мұса мен Ехобаның қарым-қатынастары қандай болған?

9 Мысырдан шыққаннан кейін Мұсаның Ехобамен қарым-қатынасы одан да жақын болып кетті. Жақын болғаны сонша, ол көктегі Әкесін көріп тұрғандай болған (Еврейлерге 11:27 оқыңыз). Киелі кітапта: “Ехоба Мұсамен адамдар бір-бірімен сөйлесетіндей бетпе-бет сөйлесетін”,— делінген (Мұс. 2-ж. 33:11).

10. Ехобаны жақсы тану үшін не істеуіміз керек?

10 Бұдан қандай сабақ аламыз? Ехобаны жақсы танып-білу үшін, оның қасиеттерін білуден бөлек, еркін де орындауымыз керек. Ехобаның бүгіндегі еркі — “әртүрлі адамдардың құтқарылғаны және шындық жайлы тура білім алғаны” (Тім. 1-х. 2:3, 4). Құдайдың еркін орындаудың бір жолы — өзгелерге Ехоба жайлы тәлім беру.

11. Өзгелерге Ехоба жайлы үйреткенде, қалай оны жақыннан тани түсеміз?

11 Өзгелерге Ехоба жайлы үйреткен сайын, өзіміз де оны жақсырақ тани түсеміз. Мысалы, Ехоба бізге ақжүректі адамдарды табуға көмектескенде, оның жанашырлығын көреміз (Жох. 6:44; Ел. іс. 13:48). Киелі кітапты зерттеп жүргендер жаман әдеттерінен арылып, жаңа болмысқа ие болғанда, Құдай Сөзінің құдіретіне куә боламыз (Қол. 3:9, 10). Сондай-ақ уағыздайтын аумағымыздағы адамдарға өзі жайлы білім алуға және құтқарылуға қайта-қайта мүмкіндік беріп жатқанынан Ехобаның шыдамдылығын көреміз (Рим. 10:13—15).

12. Мұсаның 2-жазбасы 33:13-те жазылғандай, Мұса Ехобадан не сұрады және неге?

12 Мұса Ехобамен достығын қатты бағалаған. Ол Құдайдың атынан кереметтер жасаса да, Ехобадан оны жақсырақ танып-білуге көмектесуін өтінді (Мұсаның 2-жазбасы 33:13 оқыңыз). Бұл кезде Мұсаның жасы 80-нен асып кеткен еді. Сонда да ол сүйіспеншілігі мол көктегі Әкесі жайлы әлі де көп білуі керектігін түсінген.

13. Құдаймен достығымызды бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?

13 Бұдан қандай сабақ аламыз? Ехобаға қанша уақыт қызмет етпейік, онымен қарым-қатынасымызды әрдайым бағалауымыз керек. Құдаймен достығымызды бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы — онымен дұғада сөйлесу.

14. Құдайды жақыннан тану үшін неге дұға еткен маңызды?

14 Біреумен жақын дос болғымыз келсе, онымен жиі сөйлесуіміз керек. Сол сияқты, Құдайға жақын болу үшін де оған жиі дұға етуіміз қажет, әрі ішкі ойларымыз бен сезімдерімізді ашық айтудан қысылмауымыз керек (Ефес. 6:18). Түркияда тұратын Криста есімді әйел бауырлас былай дейді: “Ехобаға жан дүниемді ақтарып дұға еткен сайын және оның көмегін сезінген сайын, оған деген махаббатым мен сенімім арта түседі. Ехобаның дұғаларыма жауап беріп жатқанын көргенім, оған Әкем әрі Досым ретінде қарауға көмектесті”.

ЕХОБАНЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН АДАМ

15. Ехоба Дәуіт жайлы не деген?

15 Дәуіт патша Ехоба Құдайға бағышталған халықтың арасында дүниеге келді. Алайда ол Ехобаға отбасы ғибадат еткендіктен ғана ғибадат етпеді. Оның Құдаймен жеке қарым-қатынасы болды және Ехоба оны ерекше жақсы көрді. Ехобаның өзі Дәуіт жайлы “көңілімнен шығатын адам” деген (Ел. іс. 13:22). Дәуіт қалай Ехобаға осыншалықты жақын болып кетті?

16. Жаратылыстарға қарап, Дәуіт Ехоба жайлы не білген?

16 Дәуіт Ехоба жайлы жаратылыстардан білді. Бозбала кезінде Дәуіт әкесінің қойларын баққандықтан, көп уақытын далада өткізетін. Сондықтан да ол Ехобаның қолынан шыққан туындылар жайлы ойлана бастаса керек. Мысалы, Дәуіт түнгі аспанға көз тіккенде, тек жұлдыздарды ғана емес, оларды жаратқан Жаратушының қасиеттерін де көре білген. Ол: “Заңғар көк Құдайдың салтанатын жариялайды, Аспан әлемі оның істерін айтып жар салады”,— деп жазды (Зәб. 19:1, 2). Дәуіт адамдардың қалай жаратылғаны туралы ойланғанда, Ехобаның өте дана екеніне көзі жеткен (Зәб. 139:14). Ал Ехобаның ғаламат істері жайлы ой жүгірткенде, ол Ехобаның алдында өзінің қаншалықты кішкентай екенін түсінген (Зәб. 139:6).

17. Жаратылыстар туралы ойланғанның қандай пайдасы бар?

17 Бұдан қандай сабақ аламыз? Жаратылыстарға қарап тамсаныңыз. Ехобаның жаратқан әсем әлеміне қарап, оны қызықтауға уақыт бөліңіз. Күнделікті өмірде айналадағы өсімдіктерге, жануарлар мен адамдарға қарап, олардан Ехоба жайлы не білемін деп ойланыңыз. Сонда әр күніңіз сүйікті Әкеңіз Ехоба жайлы білімге толы болады (Рим. 1:20). Сондай-ақ күн сайын оған деген сүйіспеншілігіңіз артқан үстіне арта түседі.

18. Зәбүрдің 18-тарауынан көргеніміздей, Дәуіт нені түсінген?

18 Дәуіт өзіне Ехобаның көмектесіп жатқанын түсінген. Мысалы, Дәуіт әкесінің отарын арыстан мен аюдан қорғағанда, сол жыртқыш аңдарды өлтіруге күш берген Ехоба екенін білген. Алып Ғолиятты сұлатып салғанда да Ехобаның көмегін анық көрген (Сам. 1-ж. 17:37). Сондай-ақ іштар патша Саулдан қашып жүргенде де жанын сақтап қалған Ехоба екенін түсінген (Зәб. 18, кіріспе). Егер Дәуіт өркөкірек болғанда “бәрін өзім істедім” деп ойлауы мүмкін еді. Бірақ ол кішіпейіл болған, сондықтан өмірінде Ехобаның қолын көре білген (Зәб. 138:6).

19. Дәуіттің мысалынан қандай сабақ аламыз?

19 Бұдан қандай сабақ аламыз? Біз Ехобадан көмек сұрап қана қоймай, оның қашан және қалай көмек бергенін де аңғара білуіміз керек. Кішіпейіл болсақ, барлық нәрсені өз күшімізбен жасай алмайтынымызды және қолымыздан келмейтін істерді Ехобаның көмегімен ғана істей алатынымызды түсінеміз. Ехобаның көмегін көрген сайын, онымен арақатынасымыз да берік бола түседі. Фиджида тұратын Айзек бауырлас осы сөздердің растығына көз жеткізген. Ехобаға жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан ол былай дейді: “Ойлап қарасам, Ехоба маған әрдайым көмектесіп келген екен. Сонау Киелі кітапты зерттей бастағаннан күні бүгінге дейін. Сондықтан да мен үшін Ехоба — тірі Тұлға”.

20. Неліктен Дәуіт Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болған және бұдан не үйренеміз?

20 Дәуіт Ехобаның қасиеттеріне еліктеген. Ехоба бізді өзінің қасиеттеріне еліктей алатындай етіп жаратқан (Мұс. 1-ж. 1:26). Ехобаның қасиеттері жайлы біле түскен сайын, оған көбірек еліктей аламыз. Дәуіт те көктегі Әкесі Ехобаны жақсы білген. Сондықтан өзгелермен қарым-қатынасында оған еліктей алған. Бір мысал келтірейік. Дәуіт Барсабиямен неке адалдығын бұзып, оның күйеуін өлтірткенде, Ехобаға қарсы күнә жасады (Сам. 2-ж. 11:1—4, 15). Бірақ Ехоба оған мейірімділік танытуды ұйғарды, өйткені Дәуіттің өзі талай рет басқаларға мейірімділік танытқан еді. Ехобамен осындай жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, ол Исраил халқының ең сүйікті патшаларының бірі болды және Ехоба оны басқа патшалар үшін үлгі етті (Пат. 1-ж. 15:11; Пат. 2-ж. 14:1—3).

21. Ефестіктерге 4:24 пен 5:1-ге сай, Құдайға еліктеудің қандай пайдасы бар?

21 Бұдан қандай сабақ аламыз? Біз “Құдайға еліктеуіміз” керек. Бұлай еткеніміз өзімізге пайдалы, бұған қоса Құдайды одан сайын тани түсеміз. Құдайға қарап бой түзесек, оның балалары екенімізді паш етеміз (Ефестіктерге 4:24; 5:1 оқыңыз).

ЕХОБАНЫ ТАНЫП-БІЛЕ БЕРІҢІЗ

22, 23. Ехоба жайлы білгендерімізді өмірімізде қолдансақ, нәтижесі қандай болады?

22 Байқағанымыздай, Ехоба өзі жайлы шындықты жаратылыстары мен Киелі кітап арқылы ашады. Бұл бірегей кітап Мұса мен Дәуіт сияқты Құдайдың адал қызметшілерінің мысалдарына толы. Біз олардан үлгі-өнеге ала аламыз. Ехоба өз тарапынан әрекет етті. Біз де өз тарапымыздан әрекет етіп, оны тану үшін қолымыздан келгеннің бәрін істей берейік.

23 Біз Ехобаны танып-білуді ешқашан тоқтатпаймыз (Уағ. 3:11). Оны қаншалықты білетінімізден гөрі, білгенімізді өмірімізде қолданғанымыз маңызды. Осылай етсек әрі сүйіспеншілігі мол Әкемізге еліктесек, ол бізге жақындай түседі (Жақ. 4:8). Құдай өз Сөзі арқылы оны танып-білгісі келетіндерді еш тастамайтынын уәде етеді.

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”

^ 5-абзац Көп адам Құдайдың бар екеніне сенгенімен, оны жақсы танымайды. Ехобаны танып-білу дегеніміз не және Мұса мен Дәуіт патшадан Ехобамен дос болу жайлы нені үйренеміз? Бұл мақала осы жайлы болмақ.