Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба азаттыққа жеткізеді

Ехоба азаттыққа жеткізеді

“Елдің күллі тұрғындарына азаттық жариялаңдар” (МҰС. 3-Ж. 25:10).

22-ӘН Құдай Патшалығы келсін!

АҢДАТПА *

1, 2. а) Кей елдерде нені атап өтеді, ал Азаттық жылы деген не? (“ Азаттық жылы деген не?” қоршауын қараңыз.) ә) Лұқа 4:16—19 тармақтарда Иса не туралы айтқан?

КЕЙБІР елдерде адамдар қандай да бір маңызды оқиғалардың 50 жылдық мерейтойын атап өтіп жатады. Бұндай мерейтойлар бір күн, бір апта, мүмкін одан да көп уақыт тойланатын шығар. Алайда олар бір күні болмаса, бір күні бітеді, қуанышы да көпке созылмайды.

2 Ежелде Исраил халқы 50 жыл сайын көпке қуаныш сыйлаған бір мерекені тойлайтын. Бұл исраилдіктер бостандық алатын Азаттық жылы еді. Біз неге бұл туралы сөз қозғап жатырмыз? Өйткені бұл одан да зор шараны, Ехобаның бізді мәңгіге азат ету үшін жасаған шарасын, есімізге салады. Бұл жайлы Иса да айтып кеткен (Лұқа 4:16—19 оқыңыз).

Азаттық жылы қуанышты кез болған, өйткені құл болған исраилдік кісі өз жері мен отбасына оралатын (3-абзацты қараңыз) *

3. Мұсаның 3-жазбасы 25:8—12 тармақтарға сай, Азаттық жылы исраилдіктерге қандай игілік әкелген?

3 Исаның азаттық жайлы айтқан сөздерінің мәнін түсіну үшін, алдымен Құдайдың өз халқына жасаған шарасы — Азаттық жылы туралы талқылайық. Ехоба исраилдіктерге былай деген: “Елуінші жыл қасиетті жыл болып, елдің күллі тұрғындарына азаттық жариялаңдар. Бұл жыл — сендер үшін Азаттық жылы. Әрқайсысың мұра еткен жерлеріңе, отбасыларыңа оралыңдар” (Мұсаның 3-жазбасы 25:8—12 оқыңыз). Өткен мақалада біз исраилдіктер Демалыс күнінің қандай пайдасын көргенін талқылап едік. Ал енді олар Азаттық жылының қандай игілігін көргенін қарастырайық. Мысалы, исраилдік кісі қарызға батып, оны өтеу үшін иелігіндегі жерін сатты делік. Азаттық жылы келгенде ол жерін қайта иемдене алатын. Осылайша ол “мұра еткен жеріне” оралып, кейін балаларына сол жерді мұралыққа қалдыра алатын. Я болмаса қарызының көп болғаны сонша, ол амалсыздан балаларының бірін не өзін құлдыққа сатқан болар. Ондай адам Азаттық жылы келгенде өз отбасына оралуы керек еді. Сонда ешкім өмір бақи құл болмайтын еді. Бұл шарадан Ехобаның өз халқына өте қамқор болғанын көреміз.

4, 5. Азаттық жылы жайлы білу неге маңызды?

4 Азаттық жылының тағы қандай пайдасы болған? Ехоба былай деген: “Араларыңда кедей-кепшік болмау керек, өйткені Ехоба Құдайларың иеліктеріңе беретін жерде тұрып жатқандарыңда, Ехоба міндетті түрде сендерге батасын береді” (Мұс. 5-ж. 15:4). Ал бүгінде біздің көріп жүргеніміз мүлдем басқа: байлар байыған үстіне байып, кедейлер одан сайын кедейлене түсуде.

5 Мәсіхші болғандықтан, біз Мұса Заңына бағынбаймыз. Демек, біз құлдарды босатуға, қарызды кешуге, жерді қайтаруға мүмкіндік берген Азаттық жылын ұстанбаймыз (Рим. 7:4; 10:4; Ефес. 2:15). Десе де Азаттық жылы туралы білу біз үшін де маңызды. Неліктен? Себебі бұл Ехобаның бізді күнәнің құлдығынан азат ету үшін жасаған шарасын еске салады.

ИСА АЗАТТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

6. Адамзат қандай құлдықтан құтқарылуға мұқтаж?

6 Барлығымыз да құлдықтың ең қатыгез түрі — күнәнің құлымыз. Сондықтан азаттыққа мұқтажбыз. Күнәнің кесірінен біз қартаямыз, ауырамыз және өлеміз. Айнаға қарағанда не дәрігерге барғанда, көп адамның осы ащы шындықтың растығына көзі жетіп жүр. Сондай-ақ күнә жасап қойғанда, салымыз суға кетеді. Елші Пауыл тәніндегі “күнә заңының тұтқыны” екенін мойындап: “Сорлы басым-ай! Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады?”— деген (Рим. 7:23, 24).

7. Ишая азаттыққа қатысты қандай пайғамбарлық айтқан?

7 Қуанышымызға орай, Құдай бізді күнәдан азат ету үшін шара жасап қойған. Бізді азаттыққа жеткізетін — Иса Мәсіх. Исаның жерге келуінен 700-ден астам жыл бұрын Ишая пайғамбар болашақта болатын ұлы азаттық жайлы айтқан. Ол адамзаттың исраилдіктер Азаттық жылы ие болған азаттықтан да ұлы азаттыққа жететінін пайғамбарлық еткен. Ол былай жазған: “Әлемнің Әміршісі Ехоба маған рухын қондырды, Өйткені Ехоба мені момындарға ізгі хабарды жариялауға тағайындады. Ол мені жүрегі жаралыларды сауықтыруға жіберді, Тұтқындар босатылатынын... жариялауға жіберді” (Ишая 61:1, 2). Бұл пайғамбарлық кімге қатысты айтылған?

8. Азаттық жайлы Ишаяның пайғамбарлығы кімге қатысты?

8 Азаттық жайлы осы маңызды пайғамбарлық Иса жердегі қызметіне кіріскенде орындала бастады. Иса өзі туып-өскен Назарет қаласындағы мәжілісханаға барғанда, сонда жиналған яһудилерге Ишая пайғамбардың сөздерін оқып берді. Бұл пайғамбарлықты өзіне қатыстырып, Иса былай деді: “Ехоба маған рухын қондырды, өйткені ол мені кедейлерге ізгі хабарды жариялауға тағайындады. Ол мені тұтқындарға бостандық алатынын, зағиптарға көздері ашылатынын жария етуге жіберді. Сондай-ақ қысым көргендерді азат етуге, Ехобаның ықыласына ие болатын уақыт туралы жариялауға жіберді” (Лұқа 4:16—19). Иса бұл пайғамбарлықты қалай жүзеге асырды?

АЗАТТЫҚҚА АЛҒАШ ЖЕТКЕНДЕР

Иса Назареттегі мәжілісханада азаттық жайлы жариялады (8, 9-абзацты қараңыз)

9. Исаның кезінде көп адамдар неден азат болуды қалаған?

9 Ишая пайғамбарлық еткен және Иса мәжілісханада оқыған азаттыққа адамдар бірінші ғасырда қол жеткізе бастады. Иса да бұны растап: “Бүгін өздеріңіз естіген осы сөздер орындалды”,— деген (Лұқа 4:21). Исаны тыңдағандардың көбі Рим үкіметінің бодандығынан азат болуды аңсап жүргендер болса керек. Олар “біз осы кісі Исраилді құтқарады деп үміттенген едік” деген екі кісі сияқты ойлаған көрінеді (Лұқа 24:13, 21). Бірақ біз Исаның өз ізбасарларын Римнің қатал билігіне қарсы қоймағанын білеміз. Қайта, ол “патшанікін патшаға... беріңдер” деген (Мат. 22:21). Олай болса, Иса сол кездегі адамдарды қалай азаттыққа жеткізді?

10. Иса адамдарды неден азат етті?

10 Құдай Ұлы адамзатты екі нәрседен азат ету үшін келді. Біріншісі — адамдарды дінбасыларының бұрыс ілімдерінен азат ету. Сол замандағы көптеген яһудилер салт-дәстүрлер мен бұрыс ілімдердің құлы болған (Мат. 5:31—37; 15:1—11). Халыққа рухани жетекшілік етіп жүрміз дегендердің өздері рухани соқыр еді. Мәсіхтен және оның тәлімдерінен бас тартқандықтан, олар Құдайды танып-білмей, соқыр күйлерінде қала берді, күнәлары да кешірілмеді (Жох. 9:1, 14—16, 35—41). Ал момын адамдарға Иса өз үлгісімен әрі шындықты үйретуімен жалған ілімдерден қалай азат болуды көрсетті (Мар. 1:22; 2:23—3:5).

11. Иса тағы неден азат болуға жол ашты?

11 Ал екіншіден, Иса адамзатты күнәнің құлдығынан босату үшін келді. Құдай Исаның төлем құрбандығының негізінде төлемге сенім білдірген әрі сенімдерін іс жүзінде көрсеткен адамдардың күнәларын кешірмек еді (Евр. 10:12—18). Иса: “Ұл сендерді азат етсе, шынымен азат боласыңдар”,— деген (Жох. 8:36). Бұл азаттық исраилдіктер Азаттық жылы ие болған азаттықтан анағұрлым жақсы еді. Өйткені Азаттық жылы бостандық алған адам кейін қайтадан құл болуы мүмкін еді, олай болмаған күннің өзінде түбінде қайтыс болар еді. Ал Иса беретін азаттықтың шегі жоқ.

12. Иса жариялаған азаттыққа алғаш кімдер ие болды?

12 Б.з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында Ехоба елшілер мен басқа да адал ерлер мен әйелдерді киелі рухпен майлады. Осылайша Ехоба оларды өз балалары етті, олар болашақта көкте өмір сүру үшін тіріліп, Исамен бірге билік етпек еді (Рим. 8:2, 15—17). Олар Назареттегі мәжілісханада Иса жариялаған азаттыққа ие болған алғашқы адамдар болды. Сол ерлер мен әйелдер бұдан былай яһуди дінбасыларының жалған ілімдері мен Жазбаларға негізделмеген салт-дәстүрлерге құл болмайтын болды. Сондай-ақ Құдай оларды өлімге апаратын күнәдан азат етілген адамдар деп қарастырды. Б.з. 33 жылы Мәсіхтің ізбасарлары киелі рухпен майланғанда басталған бейнелі мағынадағы Азаттық жылы Мәсіхтің мыңжылдық патшалығының соңында аяқталады. Осы уақыт аралығында қандай нәрселер іске асады?

МИЛЛИОНДАҒАН АДАМДАР ҮШІН АЗАТТЫҚ

13, 14. Иса жариялаған азаттыққа майланғандардан басқа тағы кімдер қол жеткізе алады?

13 Біздің күндерімізде күллі ұлттан шыққан миллиондаған ақжүректі адамдар “басқа қойларға” жатады (Жох. 10:16). Құдай оларды Исамен бірге көкте билік етуге таңдамаған. Десе де олар жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттене алады. Сіз де осыған үміттенесіз бе?

14 Сіз қазірдің өзінде майланғандар ие болған кейбір нәрселердің игілігін көре аласыз. Мысалы, Исаның төгілген қанына деген сеніміңіз арқылы Ехобадан күнәларыңызды кешуін сұрай аласыз. Бұның нәтижесінде Құдайдың ықыласына және таза ар-ұжданға ие боласыз (Ефес. 1:7; Аян 7:14, 15). Сондай-ақ жалған ілімдердің құлдығынан босағаныңыз жайлы ойлап көріңізші. Иса: “Шындық сендерді азат етеді”,— деген (Жох. 8:32). Осындай азаттыққа ие болғанымыз қандай жақсы!

15. Болашақта бізді қандай азаттық пен баталар күтіп тұр?

15 Алдағы уақытта бұдан да ұлы азаттыққа қол жеткізе аласыз. Жақын болашақта Иса жалған діндер мен адами үкіметтерді жояды. Сол кезде Құдай өзіне қызмет ететін “ұлы жамағатты” қорғап қалады, содан кейін олар жердегі жұмақтың рақатын көреді (Аян 7:9, 14). Сан мыңдаған адам қайта тіріледі және оларға Адам атаның күнәсінің салдарынан азат етілуге мүмкіндік беріледі (Ел. іс. 24:15).

16. Адамзат болашақта қандай азаттыққа жетеді?

16 Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы кезінде Иса және онымен бірге билік ететіндер адамзатты тәндік жағынан да, рухани жағынан да кемелділікке жеткізеді. Бұл кез ежелдегі Азаттық жылы іспетті болады. Сол кезде Ехобаға адалдықпен қызмет ететін адамдардың бәрі күнәдан азат болып, кемелділікке жетеді.

Жаңа дүниеде пайдалы әрі қанағат сыйлайтын іспен шұғылданатын боламыз (17-абзацты қараңыз)

17. Ишая 65:21—23 тармақтарда Құдай халқына қатысты қандай пайғамбарлық жазылған? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

17 Болашақта жер беті қандай болатыны жайлы Ишая 65:21—23 (оқыңыз) тармақтарда жазылған. Кейбіреулер жұмақта ешкім жұмыс істемейді, тек демалады деп ойлайды. Бірақ Киелі кітаптан білетініміздей, Құдай халқы жұмақта пайдалы әрі қанағат әкелетін жұмыспен айналысады. Мыңжылдықтың соңында “жаратылыс... күнә мен өлімнің құлдығынан босап, Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді” (Рим. 8:21).

18. Бізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына неге сенімдіміз?

18 Ехобаның жасаған шарасы бойынша, исраилдіктер орнымен жұмыс істеп, орнымен тынығатын. Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде де осылай болмақ. Сондай-ақ ол кез рухани істермен айналысатын кез болады. Бүгінде Құдайға ғибадат ету — бақытты болуымыздың басты кілті, жаңа дүниеде де солай болмақ. Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде барлық адал адамдар шаттыққа кенеледі, өйткені бәрі бірдей Құдайға қызмет етіп, қанағат әкелетін жұмыспен айналысатын болады.

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

^ 5-абзац Ехоба ежелгі исраил халқын азаттыққа не бостандыққа жеткізу үшін ерекше бір шара жасаған. Бұл Азаттық жылы еді. Мұса Заңын ұстанбасақ та, Азаттық жылының біз үшін де мәні бар. Азаттық жылы Ехобаның біз үшін жасаған шарасын еске салады және оның пайдасын біз де көре аламыз. Бұл жайлы осы мақалада талқылаймыз.

^ 61-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Құл болған адам Азаттық жылы бостандық алып, өз жері мен отбасына оралатын.