Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Киелі кітапта қандай да бір іс қарастырылу үшін кем дегенде екі куәгер қажет екені айтылған (Мұс. 4-ж. 35:30; Мұс. 5-ж. 17:6; 19:15; Мат. 18:16; Тім. 1-х. 5:19). Мұса Заңына сай, егер ер адам біреудің атастырылған қалыңдығын “ашық далада” зорласа және қыз айғайлаған болса, ол айыпсыз деп табылып, ер адам кінәлі болатын. Ешқандай куәгер болмаса да, неге қыз кінәсіз, ал ер адам кінәлі болып табылған?

Мұсаның 5-жазбасы 22:25—27 тармақтар ер адамның кінәлі не кінәсіз екенін дәлелдеу жайлы емес. Өйткені бұл үзіндіде кінәлі екені анықталып қойылған ер адам жайлы айтылған. Бұл заңның мақсаты қыздың айыпты не айыпсыз екенін қарастыру болған. Мәнмәтінге көңіл бөлейік.

Алдыңғы тармақтарда біреудің атастырылған қалыңдығымен “қалада” жақындасқан ер адам жайлы айтылған. Атастырылған қыз тұрмысқа шыққан болып есептелгендіктен, ер адам неке адалдығын бұзғаны үшін кінәлі деп табылған. Ал әйел ше? Ол “қала ішінде айғайлап көмекке шақырмаған”. Егер ол айғайлағанда, басқалар оны естіп, қорғап қалар еді. Бірақ ол айғайламаған. Демек, ол да неке адалдығын бұзды, сол себепті екеуі де кінәлі деп табылған (Мұс. 5-ж. 22:23, 24).

Ал бұдан кейінгі заңда басқаша жағдай айтылған: “Егер әлдекім ашық далада біреудің атастырылған қалыңдығын кездестіріп, күш көрсетіп, онымен жақындасса, еркектің өзін ғана өлтіріңдер. Ал қызға тиіспеңдер, ол өлімге лайықты күнә жасаған жоқ. Бұл жағдай біреудің басқа адамға тап беріп, өлтіруімен парапар. Өйткені әлгі адам қызды ашық далада ұстап алғандықтан, қыз айғайласа да, көмекке келетін ешкім болмады” (Мұс. 5-ж. 22:25—27).

Бұндай жағдайда билер әйелдің сөзіне сенген. Өйткені “қыз айғайласа да, көмекке келетін ешкім болмады”. Сондықтан қыз неке адалдығын бұзған жоқ. Ал ер адам қызды зорлағаны үшін әрі неке адалдығын бұзғаны үшін кінәлі деп саналған, себебі ол “күш көрсетіп, онымен жақындасты”.

Бұл заңда әйелдің айыпты не айыпсыз екеніне назар аударылса да, онда ер адамның қыз зорлағаны үшін және неке адалдығын бұзғаны үшін кінәлі екені анық айтылады. Біз билердің “мұқият тергеу жүргізгеніне” және Құдайдың қайта-қайта анық айтқан нормаларына сай шешім қабылдағанына сенімді болсақ болады (Мұс. 5-ж. 13:14; 17:4; Мұс. 2-ж. 20:14).