“Әрдайым алғыс білдіріңдер”
МЕН ризашыл адаммын ба? Барлығымыз осы жайлы ойланғымыз келеді. Біздің күндерімізде көпшіліктің “алғысты білмейтін” болып кететіні Киелі кітапта алдын ала айтылған (Тім. 2-х. 3:2). Сіз де “өзгелер маған бір нәрсе істеуге не беруге міндетті” деп ойлайтын адамдарды кездестірген боларсыз. Олар алып жатқан нәрселері үшін алғыс айтуды қажет деп санамайды. Мұндай адамның қасында өзіңізді жайсыз сезінетініңіз шүбәсіз.
Ал Ехобаның қызметшілері “әрдайым алғыс білдіруге” шақырылады (Қол. 3:15). Ризашыл болғанымыз өзіміз үшін де пайдалы. Бұған бірнеше себеп келтірейік.
РИЗАШЫЛ БОЛУ МЕН ӨЗІМІЗГЕ ДЕГЕН БАЙЫПТЫ КӨЗҚАРАС
Ризашыл болудың маңызды бір себебі — бұл өзімізді жақсы сезінуге көмектеседі. Адам бір нәрсе үшін алғыс білдіргенде өзін жақсы сезінеді, алғыс естіген адам да бір марқайып қалады. Неліктен ризашылық екі жаққа да жақсы ықпал етеді? Мысалы, біреу сіз үшін бір нәрсе істеуге асық болып тұрса, бұл сіз соған татисыз деген сөз емес пе? Оның қамыңызды ойлап жатқанын сезгенде, көңіліңіз жадырап қалары сөзсіз. Рутпен де осындай жағдай орын алған еді. Бағоз Рутқа жомарттық танытты. Рут Бағоздың қамқорлығын көргенде өзін бақытты сезінген шығар (Рут 2:10—13).
Құдайға ризашылық білдіру әсіресе маңызды (Сал. 1-х. 5:18). Ара-тұра Ехобаның берген және беріп жатқан көптеген сыйлары жайлы ойланатын шығарсыз (Мұс. 5-ж. 8:17, 18; Ел. іс. 14:17). Алайда Құдайдың ізгілігін жай ғана еске түсірмей, оның сізге және жақындарыңызға үйіп-төгіп беріп жатқан баталары жайлы неге уақыт бөліп, ойланып-толғанбасқа? Жаратушының жомарттығы жайлы ой жүгірткеніңіз оған деген ризашылығыңызды арттырады. Сондай-ақ оның сізді жақсы көретініне, бағалайтынына одан сайын көзіңізді жеткізеді (Жох. 1-х. 4:9).
Жомарттығы мен баталары жайлы ойланудан бөлек, Ехобаға ізгілігі үшін алғыс та білдіріңіз (Зәб. 100:4, 5). Өзгеге алғыс білдіру адамның бақытты болуына ерекше ықпал етеді.
РИЗАШЫЛЫҚ АДАМДАРДЫ БІР-БІРІНЕ ЖАҚЫНДАТАДЫ
Ризашыл болудың тағы бір жақсы себебі — ол достықты қатайтады. Барлығымыз да өзгелердің бізді бағалағанын қалаймыз. Өзге адамға бір мейірімді ісі үшін шын жүректен рақмет айтқанда, екеуіңіздің араңыз жақын болып кетеді (Рим. 16:3, 4). Бұған қоса ризашыл адамдар көбінесе өзгелерге көмектескіш келеді. Олар өзгелерден мейірімділік көргенде, өздері де сондай болуға ұмтылады. Иә, өзгелерге көмектесу бақытқа жетелейді. Иса айтқандай, “алғаннан гөрі берген бақытты” (Ел. іс. 20:35).
Калифорниядағы бір университеттің профессоры Роберт Еммонс мынадай тұжырым жасады: “Ризашыл болу үшін біз өзгелерге тәуелді екенімізді түсінуіміз керек. Өйткені кейде біз бір нәрсе береміз, кейде керісінше аламыз”. Иә, өмір сүру үшін және бақытты болу үшін біз басқаларға тәуелдіміз. Мысалы, олар түрлі жолмен бізге қолдау көрсете алады: бізді ас-сумен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді (Қор. 1-х. 12:21). Ризашыл адам өзгелердің өзіне істеген жақсылығын жоғары бағалайды. Сіз де өзгелердің жасаған жақсылығына алғыс білдіруді әдетке айналдырдыңыз ба?
РИЗАШЫЛЫҚ ПЕН ӨМІРГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАС
Ризашыл болудың тағы бір себебі — ризашыл болғаныңыз қандай да бір нәрсенің жаман жағына емес, жақсы жағына назар аударуға көмектеседі. Біздің миымыз сүзгі секілді. Ол өміріңіздің кей тұстарын елемей, басқа тұстарына көбірек мән бере алады. Ризашыл болсаңыз өміріңіздегі проблемаларға көп мән бермей, қуанышты тұстарын көбірек байқай аласыз. Ризашыл болған сайын, жақсы нәрселерге көп назар аудара аласыз, ал бұл сізге одан сайын ризашыл болуға көмектеседі. Бар назарыңызды өміріңіздің риза болатын тұстарына аударғаныңыз елші Пауылдың шақыруына құлақ асуға көмектеседі. Ол: “Әрдайым Иемізге қуаныңдар!”— деген (Філіп. 4:4).
Ризашыл болғаныңыз негатив ойларды тұсаулап тастайды. Бір уақытта ризашыл және қызғаншақ, ашуланшақ не мұңшыл бола алмайсыз. Ризашыл адам дүние-мүлікке құныққыш келмейді. Ол қолда барға қанағат етеді, көп дүние-мүлікке ие болуға тырмыспайды (Філіп. 4:12).
КӨРІП ЖАТҚАН БАТАЛАРЫҢЫЗДЫ САНАП ЖҮРІҢІЗ
Мәсіхші болғандықтан сіз кезігіп жатқан қиындықтарыңыз арқылы Шайтанның жігеріңізді құм қылып, көңіліңізді түсіргісі келетінін байқаған шығарсыз. Көзқарасыңыз дұрыс болмаса не наразылық рухын танытсаңыз, бұл оған ұнайды. Осындай рухтың кесірінен өзгелерге ізгі хабарды айтқанда, олар сізді тыңдамауы мүмкін. Алайда ризашыл болсақ, Құдай рухының жемісін танытамыз. Мысалы, бақыттырақ боламыз және Құдайға деген сеніміміз де нығаяды (Ғал. 5:22, 23).
Ехобаның қызметшісі болғандықтан, осы мақаладағы ризашылыққа қатысты айтылған сөздермен келісетін шығарсыз. Алайда ризашылық білдіру мен оң көзқарас таныту өздігінен пайда болмайды. Бірақ қамықпаңыз, ризашыл болу қолыңыздан келеді. Қалайша? Өміріңіздегі риза болатын жайттар жайлы ойлануға күніге уақыт бөліңіз. Осылай ете берсеңіз, ризашыл бола түсесіз. Осының арқасында қиындықтарын ғана ойлай беретін адамдарға қарағанда анағұрлым бақыттырақ боласыз. Құдайдың және айналаңыздағы адамдардың сізді қуантып, рухыңызды көтеру үшін жасап жатқан жақсылықтары жайлы ойланыңыз. Тіпті оларды жазып жүрсеңіз болады. Алғыс білдіргіңіз келетін екі не үш нәрсені күн сайын түртіп жүріңіз.
Ғалымдардың байқауынша, адамның өзгелерге жиі ризашылық білдіргені мидың жұмыс істеу функциясын өзгертеді екен. Соның нәтижесінде өмірге оң көзқарас сақтау жеңіл болады. Ризашыл адам — бақытты адам. Сондықтан алып жатқан баталарыңызды санап жүріңіз, өміріңізде болып жатқан бақытты сәттерден рақат табыңыз, әрі әрдайым ризашыл болыңыз! Ендеше, жақсы істерге кәдімгі нәрсе деп қарамай, “Ехобаға алғыс айтыңыз, өйткені ол ізгі”. Иә, “әрдайым алғыс білдіріңіз” (Шеж. 1-ж. 16:34; Қол. 3:15).