Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жеке зерттеудің сапасын жақсартыңыз!

Жеке зерттеудің сапасын жақсартыңыз!

“Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (ФІЛІП. 1:10).

35-ӘН “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”

АҢДАТПА *

1. Неге кейбіреулерге зерттеу қиынға соғады?

БҮГІНДЕ күн көру кім-кімге де оңай емес. Көп бауырластар отбасыларын асырау үшін бел жазбай жұмыс істейді. Жұмысқа барып келудің өзіне көп уақыттары кетеді. Ал кейбіреулері қара жұмыс істейді. Кешке олар мұрындарынан шаншылып, діңкелері құрып үйлеріне келеді. Сөйтіп, зерттеуге шамалары болмайды.

2. Сіз қай уақытта зерттейсіз?

2 Жағдайымыз қандай болмасын Құдай Сөзін және оған негізделген әдебиеттерді зерттеуге уақыт табуымыз қажет. Өйткені мұнсыз Ехобаға жақындау және мәңгі өмірге ие болу мүмкін емес! (Тім. 1-х. 4:15, 16). Кейбіреулері таңертең милары тынығып тұрғанда зерттегенді ұнатады. Бұл кезде үйдегілер ұйықтап жатқандықтан, үй іші тыныш болады. Басқалары болса жатар алдындағы тыныш уақытты пайдаланып, рухани асты қабылдайды. Олар бірнеше минуттарын бөліп, ой жүгіртеді.

3, 4. Рухани ас-судың көлеміне қатысты қандай өзгерістер болды және не үшін?

3 Зерттеуге қалай да уақыт табу қажеттігін жақсы түсінерміз. Бірақ нені зерттейміз? “Оқитын мәлімет бастан асады. Бәрін оқып үлгеру мүмкін емес”,— дерсіз. Кейбір бауырластар рухани ас-суды толық қабылдап отырғанмен, көпшілігіне бұл қиынға соғады. Басқарушы кеңес те бұдан хабардар. Сол себепті баспа жүзіндегі және сайтта шығатын мәліметтердің санын қысқарту жайында шешім қабылданды.

4 Мысалы, “Ехоба куәгерлерінің жылнамасы” бұдан былай басылмайтын болды. Өйткені Куәгерлермен болған қызықты оқиғалар jw.org® сайты мен ай сайынғы JW Broadcasting® бағдарламасында жарық көріп тұрады. Көпшілікке арналған “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдары болса жылына үш-ақ рет шығады. Бұл өзгерістер өз шаруаларымызды бітіріп алу үшін емес, “маңыздырақ” істерге мұқият ден қою үшін жасалды (Філіп. 1:10). Қазір маңыздырақ істерге басымдық беру үшін және Жазбаларды жеке зерттеудің бар пайдасын көру үшін не істей алатынымызды көрейік.

“НЕНІҢ МАҢЫЗДЫРАҚ ЕКЕНІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗЕЙІК”

5, 6. Қандай мәліметтерді мұқият зерттегеніміз жөн?

5 Маңыздырақ істерге не жатады? Күн сайын уақыт бөліп, Құдай Сөзін зерттеу. Бұл өте маңызды болғандықтан, қауымға апта сайын оқуға берілетін Киелі кітап тараулары қысқартылды. Осының арқасында тармақтарға ой жүгіртуге және қосымша зерттеу жүргізуге уақыт жеткілікті. Біз берілген тарауларды толық оқып қана қоймай, Жазбалардағы хабардың жүрегімізге терең бойлағанын әрі Ехобаға жақындата түскенін қалаймыз (Зәб. 19:14).

6 Тағы нені мұқият зерттегеніміз жөн? Әрине, зерттеуге арналған “Күзет мұнарасын” және қауымда Киелі кітапты зерттеу сияқты “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің басқа да мәліметтерін. Көпшілікке арналған “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын да елеусіз қалдырмағанымыз жөн.

7. Сайтымыз бен JW Broadcasting телеарнасында шығатын мәліметтің бәрін оқып-көріп үлгермесек, неге уайымдаудың қажеті жоқ?

7 Сіз: “Жақсы, бірақ jw.org сайты мен JW Broadcasting телеарнасындағы мәліметтер ше? Оның бәріне қайдан уақыт табамын?!”— дейтін шығарсыз. Мынандай мысал келтірейік. Мейрамханаға барғаныңызда, сізге дәмді тағамның түр-түрін ұсынады. Бірақ оның бәрін жеу мүмкін емес! Сондықтан сіз тағамдардың бірнешеуін ғана таңдайсыз. Сол сияқты, электронды түрде шығатын мәліметтердің бәрін оқып-көріп үлгермей жатсаңыз, еш уайымдамаңыз. Шамаңыз келгенше уақыт бөліңіз. Ал енді зерттеуді қалай жүргізуге болатынын және оның бар пайдасын көру үшін не істеу керектігін көрейік.

ЗЕРТТЕУ ДЕГЕН ЖАТҚАН ЕҢБЕК!

8. “Күзет мұнарасын” зерттегенде, қандай қадамдарды ұстансақ болады? Неге бұлай еткеніміз дұрыс?

8 Зерттеу деп бір мақсатты көздей отырып мұқият оқуды айтады. Бұл — мәліметті көз жүгіртіп оқып шығып, жауаптардың астын сызу ғана емес. Мысалы, зерттеу мақаласына дайындалғанда, алдымен, мақаланың басындағы аңдатпаны оқып шығыңыз. Сосын, тақырыбына, тақырыпшаларына және соңындағы қайталауға арналған сұрақтарға назар аударыңыз. Бұдан кейін мақаланы оқуға кірісіңіз. Асықпай, зейін қойып оқыңыз. Негізгі сөйлемге, яғни абзацтың алғашқы сөйлеміне көңіл аударыңыз. Өйткені негізгі сөйлемдер абзацтағы ойлардың қай бағытта өрбитінін көрсетеді. Абзацтарды оқығанда, әрқайсысының тақырыпшамен қандай байланысы бар екенін, мақаланың тақырыбын қалай ашатынын байқаңыз. Бейтаныс сөздерді немесе толығырақ зерттеп көргіңіз келген ойларды түртіп отырыңыз.

9. а) “Күзет мұнарасын” зерттегенде неге тармақтарға ерекше мән беру керек және мұны қалай істей аламыз? ә) Ешуа 1:8-де айтылғандай, тармақтарды оқумен қатар тағы не істеуіміз керек?

9 “Күзет мұнарасын” зерттегенде Киелі кітапты тереңірек біле түсеміз. Сондықтан тармақтарға, әсіресе кездесуде оқылатын тармақтарға ерекше мән беріңіз. Ондағы негізгі сөздер мен тіркестердің абзацтағы ойды қалай растайтынын байқаңыз. Мақалада келтірілген тармақтарды оқығанда, ой жүгіртуге уақыт бөліп, өз жағдайыңызда қалай қолдана алатыныңыз жөнінде ойланыңыз (Ешуа 1:8 оқыңыз).

Ата-аналар, балаларыңызға зерттеуді қалай жүргізу керектігін үйретіңіздер (10-абзацты қараңыз) *

10. Еврейлерге 5:14-ке сай, ата-аналар отбасылық ғибадатта балаларына зерттеу мен ізденіс жасауды неге үйретулері керек?

10 Ата-аналар отбасылық ғибадаттың балалар асыға күтетін қызықты уақыт болғанын қалайды. Әрине, ата-ананың отбасылық ғибадатта не қарастыратындарын нақты білгені жөн. Бірақ апта сайын Киелі кітапқа негізделген қойылымдар қою сияқты ерекше нәрсе істеудің қажеті жоқ. JW Broadcasting бағдарламасын көрген, я болмаса Нұхтың кемесінің макетін жасаған жақсы болар, дегенмен балаларға зерттеу жүргізуді үйреткен де жөн, мысалы, қауым кездесуіне дайындалуды және мектепте туындаған жағдайлар туралы ізденіс жасауды (Еврейлерге 5:14 оқыңыз). Олар үйде зерттеу жүргізіп машықтанса, кездесулер мен конгрестерде айтылып жатқандарды, тіпті видеолары болмаса да, ден қойып тыңдай алатын болады. Әрине, отбасылық ғибадаттың ұзақтығы балалардың жасы мен қабілетіне байланысты.

11. Киелі кітапты зерттейтін адамдарға өз беттерінше ізденіс жасауды үйреткен неге маңызды?

11 Киелі кітапты зерттейтін адамдарға да жеке зерттеуді үйрету қажет. Олар зерттеу сабағына не қауым кездесулеріне дайындалғанда, алғашында сұрақтардың жауаптарын тауып, астын сызудан бастайды. Бірақ оларға өз беттерінше ізденіс жүргізіп, сапалы зерттеу жасауды үйреткеніміз дұрыс. Сонда ертеңгі күні қиындықтарға кезігіп жатса, бірден қауымдағы бауырластарға жүгінбей, өздері әдебиеттеріміздің көмегімен ізденіп, тиімді кеңестер таба алады.

БІР МАҚСАТТЫ КӨЗДЕЙ ОТЫРЫП ЗЕРТТЕҢІЗ

12. Зерттегенде, қандай мақсаттарды көздесек болады?

12 Зерттеуді жаныңыз сүймесе ше? Бұл ешқашан қолымнан келмейді деп ойлауға асықпаңыз. Басында зерттеуге кішкене ғана уақыт бөлерсіз. Кейін бұл уақытты бірте-бірте ұлғайта беріңіз. Мақсатыңызды, яғни не нәрсеге қол жеткізгіңіз келетінін ойда ұстаңыз. Әрине, ең басты мақсатымыз — Ехобаға жақындай түсу. Ал тез арада жеткіңіз келетін мақсаттар қойғыңыз келсе, біреудің қойған сауалына жауап іздесеңіз немесе өміріңізде кезіккен күрделі мәселе жайында ізденсеңіз болады.

13. а) Мектепте оқитын жеткіншек өз сенімін қорғау үшін не істесе болады? ә)  Қолостықтарға 4:6-дағы кеңесті қалай қолдануға болады?

13 Егер сен мектепте оқитын болсаң, сыныпта әйтеуір біреуді туған күнімен құттықтап жатар. Оларға туған күнді не үшін тойламайтыныңды Жазбалармен түсіндіріп бергің-ақ келер. Бірақ дұрыс жеткізе алатыныңа күмәнданатын шығарсың. Бұл орайда жеке зерттеудің көмегі зор! Сен екі мақсатты көздесең болады. Бұлар: туған күнді тойлау Құдайға не үшін ұнамайтынына өз көзіңді жеткізу және осы шындықты басқаларға түсіндіре білу (Мат. 14:6—11; Пет. 1-х. 3:15). Зерттеуді “Неге сыныптастарым туған күнді тойлау керек деп ойлайды?” деген сұрақтан бастасаң болады. Сосын, әдебиеттеріміздің көмегімен ізденіс жүргіз. Жазбалардағы шындықты қорғау сен ойлағандай қиын болмауы мүмкін. Көп адам туған күнді жұрт тойлаған соң ғана тойлайды. Ізденіс кезінде қажетті бір-екі ой тапсаң, соның өзі шынайы қызыққан адамға қанағаттандырарлық жауап бола алады (Қолостықтарға 4:6 оқыңыз).

ЗЕРТТЕУДІҢ ҚЫЗЫҒЫ

14—16. а) Жазбалардағы аса таныс емес кітаппен қалайша жақсырақ таныса аласыз? ә) Абзацтардың соңында келтірілген тармақтардан Амос кітабы жайлы не білдіңіз? (“ Жазбаларға жан бітір!” деген қоршауды қараңыз.)

14 Мынандай жағдайды алайық. Келе жатқан кездесуде шағын пайғамбарлық кітаптардың сізге аса таныс емес біреуі оқылады делік. Ең алдымен, бойымызда сол пайғамбар жазған хабарға деген қызығушылық оятқанымыз дұрыс. Қалай?

15 Біріншіден, “Бұл кітапты жазған адам туралы не білемін? Ол қандай адам болған, қай жерде тұрған, немен айналысқан?” деп ойланыңыз. Жазушының қандай ортадан шыққанын біліп алсақ, оның жазу мәнерін, кей сөздер мен мысалдарды не үшін келтіргенін түсінеміз. Кітапты оқу барысында жазушының болмысын аша түсетін ойларға назар аударыңыз.

16 Екіншіден, кітаптың қай уақытта жазылғанын біліңіз. Мұны “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” “Киелі жазбаларға енген кітаптар кестесінен” табуға болады. Сондай-ақ А6 қосымшасындағы пайғамбарлар мен патшалардың кестесін қараңыз. Егер зерттеп жатқан кітабыңыз пайғамбарлық кітап болса, сол кітап жазылған уақытта халықтың тыныс-тіршілігі қандай болған? Пайғамбар халыққа не үшін жіберілген? Ол халықтың қандай жаман көзқарасын, ісін әшкерелеуі керек еді? Оның замандастары кімдер? Сол уақыттағы жағдайды жан-жақты көре білу үшін, Киелі кітаптың басқа да кітаптарына жүгінерсіз. Мысалы, Амос пайғамбардың кезінде қандай оқиғалар орын алғанын білгіңіз келсе, Патшалар туралы 2-жазба мен Шежірелер туралы 2-жазбадағы үзінділерді оқысаңыз болады. Олар Амос 1:1-дің тоғыспалы сілтемелерінде келтірілген. Ошия пайғамбардың жазған кітабын оқуды да жөн көрерсіз. Өйткені ол Амостың замандасы болған болуы мүмкін. Осылай ізденгеніңіз Амос өмір сүрген заманмен кеңірек танысуға көмектеседі (Пат. 2-ж. 14:25—28; Шеж. 2-ж. 26:1—15; Ошия 1:1—11; Амос 1:1).

ҰСАҚ-ТҮЙЕГІНЕ ҮҢІЛІҢІЗ

17, 18. Ұсақ-түйек нәрселерге мән беру жеке зерттеуді қалай қызықты етеді? Абзацтардағы мысалдарды қолданыңыз немесе өз мысалыңызды келтіріңіз.

17 Киелі кітапты асқан ыждағатпен оқуымыз керек. Мәселен, сіз Зәкәрия кітабының 12-тарауын, Мәсіхтің өлімі жайлы пайғамбарлықты, оқып жатырсыз делік (Зәк. 12:10). 12-тармаққа келгенде, Мәсіх өлген кезде “Натанның әулеті” зар еңіреп жоқтайтынын оқисыз. Сол кезде бір сәтке кідіріп: “Натанның әулеті мен Мәсіхтің қандай байланысы бар? Бұған қатысты қосымша мәліметтер бар ма?”— деп ойланасыз. Сөйтіп, бейне бір тыңшыдай іздеу жұмыстарын бастап кетесіз. Тоғыспалы сілтеменің біріншісі — Самуилдің 2-жазбасы 5:13, 14. Ол жерден Натан Дәуіт патшаның ұлдарының бірі болғанын білесіз. Сілтемедегі екінші тармақ Лұқа 3:23, 31-ден Исаның анасы Мәриям Натаннан тарағанын көресіз *. Сіз бұған дейін Исаның Дәуіттің ұрпағынан шығатынын білгенсіз (Мат. 22:42). Ал Дәуіттің 20-дан астам ұлы болған ғой. Енді сіз Зәкәрия айтқан пайғамбарлықтың арқасында Иса өлгенде Натанның әулеті не үшін зар еңіреп жылайтынын түсіндіңіз.

18 Басқа бір мысалды қарастырайық. Лұқа кітабының 1-тарауында Жәбірейіл періштенің Мәриямға келіп, оның дүниеге әкелетін баласы туралы былай дегенін оқимыз: “Ол аса ұлы болады, әрі Құдай Тағаланың Ұлы деп аталады. Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Ол Жақыптың әулетіне мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді(Лұқа 1:32, 33). Әдетте біз осы сөздердің тек бірінші жартысына, атап айтқанда, Иса “Құдай Тағаланың Ұлы” деген тұсына назар аударамыз. Бірақ періште Исаның “Патша ретінде билік ететінін” де айтты. Мәриям осы сөздерден не түйді екен? Иса Ирод патшаның немесе одан кейін таққа отыратын мұрагерлердің орнын басып, Исраилге билеуші болады деп ойлады ма? Иса патша тағына отырса, Мәриям патшаның анасы болып, үй ішімен патша сарайында тұрмақ. Бірақ Жәбірейілмен сөйлескенде, оның осы жайлы айтқандығы Киелі кітапта жазылмаған. Онда Мәриям Исаның екі шәкірті сияқты, Патшалықта беделді орында отыруды сұрағаны жайлы да айтылмаған (Мат. 20:20—23). Осылай ой жүгірткеніміз Мәриямның өте кішіпейіл жан болғанына көзімізді жеткізе түседі!

19, 20. Жақып 1:22—25 және 4:8-де айтылғандай, жеке зерттегенде, біз қандай мақсатты көздейміз?

19 Құдай Сөзі мен оған негізделген әдебиеттерді зерттеудің басты мақсаты Ехобаға жақындай түсу екенін есте ұстайық. Біз қандай адам екенімізді анықтап, Құдайға ұнамды болу үшін қандай өзгерістер жасауымыз керектігін де білгіміз келеді (Жақып 1:22—25; 4:8 оқыңыз). Әрбір жеке зерттеудің алдында Ехобадан киелі рух сұрайық. Зерттегелі жатқан мәліметтің барынша пайдасын көруге және жақсаруымыз керек тұстарымызды байқауға көмек сұрап жалбарынайық.

20 Олай болса, барлығымыз Зәбүр жырында айтылған Құдайдың адал қызметшісіне еліктейік. Ол туралы былай делінген: “Ол Ехобаның заңынан қуаныш табады, Оның заңын күні-түні күбірлеп оқиды... Оның әрбір ісі сәтті болады” (Зәбүр 1:2, 3).

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

^ 5-абзац Ехоба бізге көруге, оқуға және зерттеуге болатын мәліметті көл-көсір етіп беріп жатыр. Бұл мақалада не зерттеуге болатынын және зерттеудің барынша пайдасын көру үшін не істей алатынымызды білеміз.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ата-аналар балаларына зерттеуге арналған “Күзет мұнарасына” дайындалуды үйретіп жатыр.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас Амос пайғамбар жайлы ізденіс жүргізуде. Ол Киелі кітапта жазылғандарды оқып, ой жүгірткеннің арқасында Амосты көз алдына елестете алды.