Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зорлық құрбандарына жұбаныш

Зорлық құрбандарына жұбаныш

“Жұбаныш атаулының қайнар көзі... бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (ҚОР. 2-Х. 1:3, 4).

134-ӘН Балалар — Құдайдың аманаты

АҢДАТПА *

1, 2. а) Адам баласы жұбанышқа мұқтаж екеніне, әрі өзі де біреуді жұбата алатынына мысал келтіріңіз. ә) Кей балалар қандай қиянат көреді?

АДАМ БАЛАСЫ табиғатынан жұбанышқа мұқтаж. Сондай-ақ өзі де басқаларды жұбата алатын ерекше қасиетке ие. Мысалы, бала ойнап жүріп жығылып қалып тізесін қанатып алса, әке-шешесіне егіл-тегіл болып жылап барады. Олар баланың жарасын жазып жібермесе де, оны бауырларына басып жұбатады. Одан не болғанын сұрайды, көз жасын сүртеді. Жылы сөздер айтып, балапандарының маңдайынан сүйіп, жарасын таңып қояды. Сөйтіп, бала өксігін басып, қайтадан ойын қуып кетеді. Кейін тізесіндегі жарасы да жазылады.

2 Кей бүлдіршіндер жантүршігерлік жарақат алып жатады. Оларға жыныстық зорлық жасалады. Мұндай зорлық бір рет немесе жылдар бойы жасалуы мүмкін. Қандай болса да, бұл жәбірленушінің жанына ауыр жара салады. Кей жағдайда зорлық көрсеткен адам ұсталып, жазаға тартылады. Алайда кейбірі жазадан құтылып кетуі мүмкін. Әділдік орнаған күннің өзінде, болған жағдай баланың өміріне өз көлеңкесін түсірмей қоймайды.

3. Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4-те айтылғандай, Ехоба нені қалайды? Қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Бала күнінде зорлық көрген мәсіхші есейген кезінде де жан жарасынан айықпаса, жұбанышты қайдан таба алады? (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз). Ехоба отарындағы қойларының сүйіспеншілікке бөленіп, жандары жұбаныш тапқанын қалайды. Осыған байланысты үш сұрақты қарастырайық: бала кезінде зорлық көргендер неге жұбанышқа зәру? Оларды кім жұбата алады және қалай жұбата алады?

НЕГЕ ЖҰБАТУ КЕРЕК?

4, 5. а) Балалар мен үлкендердің арасындағы айырмашылықты білу неге маңызды? ә) Зорлық көрген бала өзгелерге қалай қарауы мүмкін?

4 Бала кезінде зорлық көрген адамдар көп жыл өтсе де жұбанышқа зәру болуы мүмкін. Неге? Бұл үшін кішкентай балалар мен үлкендердің айырмашылығын түсінуіміз керек: адам өзіне жасалған қиянатқа бала кезінде басқаша қараса, есейгенде мүлдем басқаша қарауы мүмкін. Мұның кейбір мысалын көрейік.

5 Бала өзін жақсы көретін, қамқорлайтын адамдарды өзіне жақын тұтып, оларға сенім артады. Осындай жылы қарым-қатынастың арқасында балалар өзін қауіпсіз сезініп, өзін жақсы көретін адамдарға сенім артуды үйренеді (Зәб. 22:9). Өкінішке қарай, жау алыстан келмейді. Көп жағдайда зорлықшылар үй-ішіндегілер мен бала жақсы танитын адамдар болып жатады. Осылайша бала өзгелерге сенуден қалып, қанша жыл өтсе де оларға күдікпен қарауы мүмкін.

6. Жыныстық зорлық неге озбыр әрі сорақы әрекет?

6 Балалар дәрменсіз. Оларға әлімжеттік жасап, жыныстық зорлық көрсету — барып тұрған озбырлық пен сорақылық. Балалардың жыныстық өмірге тәндері де, жандары да, ой-саналары да дайын емес. Сондықтан оларды ерте жастан жыныстық әрекетке мәжбүрлеу оларға үлкен кесірін тигізеді. Соның салдарынан баланың өз-өзіне деген, жыныстық қатынасқа деген, оған жақын болғысы келетін адамдарға деген көзқарасы қатты бұзылады.

7. а) Сәбиқұмар үшін баланы алдап соғу неге оңай және ол мұны қалай істейді? ә) Балаға айтылған жалған сөздердің салдары қандай болуы мүмкін?

7 Балалар үлкендер сияқты жаман мен жақсыны айыра алмайды, қауіпті жағдайды байқап, оның алдын ала алмайды (Қор. 1-х. 13:11). Осылайша олар сәбиқұмар адамның оңай олжасына айналады. Сәбиқұмар адам “болған жағдайға өзің кінәлісің; ешкімге айтпа; айтсаң да саған ешкім сенбейді, үлкендерге бәрібір; бір-бірін шынымен жақсы көретін балалар мен үлкендер осылай істейді” деген өтіріктерді баланың санасына сіңдіреді. Мұндай залалды жалған сөздер баланың түсінігін бұрмалап, ол шындықты жылдар өте бір-ақ білуі мүмкін. Осындай жағдайдан өткен бала өзін жексұрын, бұзылған, сүйіспеншілік пен жұбанышқа лайықсыз сезініп өсуі мүмкін.

8. Ехоба қиянат көргендерді жұбата алатынына неге сенімдіміз?

8 Балаға жыныстық зорлық жасау не деген безбүйрек, қаскөй қылмыс еді! Соның кесірінен түскен терең жара ұзақ уақыт жазылмай, солқылдап ауыруы мүмкін. Кең етек алған мұндай зорлық — “зұлымдар мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап” жатқан, “бауырмалдықтан жұрдай” соңғы күндері өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі (Тім. 2-х. 3:1—5, 13). Шайтанның айла-амалдары жауыздыққа толы. Адамдар бас қаскөй Ібілістің қолшоқпарына айналып, соның қалауын орындап жатқанына ішіміз удай ашиды. Алайда Ехобаның күш-құдіреті Шайтан мен оның қолшоқпарларынан әлдеқайда зор! Ехоба оның барлық айла-амалын түкпірлей таниды. Көріп жатқан азабымызды Ехоба білетініне, жанымызды жұбата алатынына еш күмәнданбайық. Осындай “жұбаныш атаулының қайнар көзіне” қызмет ету баға жетпес бата! “Ол бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады. Сонда Құдай бізді жұбатқанындай, біз де әртүрлі қиындық көріп жүргендерді жұбата аламыз” (Қор. 2-х. 1:3, 4). Мұндай жұбанышты Ехоба кімдер арқылы береді?

КІМ ЖҰБАТА АЛАДЫ?

9. Дәуіт патшаның Зәбүр 27:10-дағы сөздеріне сай, жақындары тастап кеткен жандарға Ехоба қалай қарайды?

9 Әке-шешесі көңіл бөлмей қараусыз өскен немесе жақындарынан зорлық көрген адамдар жұбанышқа аса зәру келеді. Дәуіт патша Ехобаның әрқашан жұбата алатынына сенімді болған (Зәбүр 27:10 оқыңыз). Жақындары теріс айналып кеткен жанды Құдай әкелік қамқорлығына алады. Ехоба мұны қалай істейді? Адал қызметшілері арқылы. Ехобаға бізбен қатарласа қызмет ететін жандар — біздің рухани отбасымыз. Мысалы, Иса өзіне еріп Ехобаға ғибадат еткен адамдарды “бауырым, әпке-қарындасым және анам” деп атаған (Мат. 12:48—50).

10. Елші Пауыл ақсақалдық қызметін қалай атқарған?

10 Мәсіхшілер қауымы қамқор жандардан тұратын жылы ұяға ұқсайды. Мұны түсіну үшін елші Пауылдың мысалына назар аударайық. Ол өте еңбекқор, адал әрі үлгілі ақсақал болған. Сондықтан Құдайдың қозғау салуымен: “Мен Мәсіхке еліктегендей, сендер де маған еліктеңдер”,— деген (Қор. 1-х. 11:1). Пауыл бірде ақсақалдық қызметін ананың мейіріміне теңеп: “Сендерді баласын емізіп, мәпелеген анадай аяладық”,— деді (Сал. 1-х. 2:7). Бүгіндегі ақсақалдар да көңілі жабырқаған бауырластарды Жазбалардың жылы сөздерімен жұбатып, анадай мейірім танытады.

Көңілі құлазығандарды көбіне толысқан мәсіхші әйелдер жақсы жұбатады (11-абзацты қараңыз) *

11. Ақсақалдар ғана емес, басқалар да жұбаныш бере алатынын қайдан білеміз?

11 Тек ақсақалдар ғана зорлықтың құрбандарын жұбата ала ма? Киелі кітаптағы “бір-біріңді әрдайым осы сөздермен жұбатыңдар” деген талап бәрімізге қойылған (Сал. 1-х. 4:18). Жұбанышқа мұқтаж нәзік жандарға әсіресе толысқан әйел бауырластар көп көмек көрсете алады. Киелі кітапта Ехоба Құдай өзін баласын жұбатқан анаға теңейтіні бекер емес (Ишая 66:13). Сондай-ақ онда қасірет шеккен жандарға демеу болған әйелдердің мысалдары да бар (Әйүп 42:11). Бүгінде де жан азабын тартқан нәзік жанды бауырластарды жұбатып жүрген мәсіхші әйелдер көп. Ехоба оларға қарап сүйсінеді. Мұндай көмек көрсетуді кей жағдайда ақсақалдар толысқан бір әйел бауырласқа тапсыруы мүмкін *.

ҚАЛАЙ ЖҰБАТҚАН ДҰРЫС?

12. Неден аулақ болғанымыз жөн?

12 Бауырласымызды жұбатқымыз келгенімен, ол құпия сақтағысы келетін нәрселерді сұрамаймыз (Сал. 1-х. 4:11). Ендеше, жұбанышқа мұқтаж жандарға қалай көмектескеніміз жөн? Қазір Жазбаларды арқау ете отырып, мұның бес жолын көрейік.

13. Патшалар 1-жазба 19:5—8 тармақтарда жазылғандай, Ехобаның періштесі Ілиясқа қалай көмектесті? Біз оған қалай еліктей аламыз?

13 Іс жүзінде көмек көрсетіңіз. Бірде Ілияс пайғамбар өз жаны үшін бассауғалап қашып кетеді. Түңілгені сонша — өз басына өлім тілейді. Ерік-жігері құм болған қызметшісіне Ехоба күшті бір періштесін жібереді. Періште оған іс жүзінде зор көмек көрсетті. Ол Ілиясқа ыстық нан мен су беріп, әлденіп алуды айтты (Патшалар 1-жазба 19:5—8 оқыңыз). Бұл жағдай бір маңызды жайтты аңғартады: кейде қарапайым істің өзі адамға үлкен пайдасын тигізіп жатады. Мысалы, оған тамақ әзірлеп берерміз, кішкентай бір сыйлық жасармыз, хатпен бір-екі ауыз жылы сөз жазармыз. Мұның бәрі бауырласымыздың құлаған көңілін бір көтеріп тастайды. Бәлкім, бізге адамның жеке мәселесі немесе болған ауыр жағдайы туралы әңгімелесу қиын я ыңғайсыз болар. Десе де іс жүзінде оған көмек көрсете бергеніміз абзал.

14. Ілиястың жағдайынан не үйренеміз?

14 Жаны күйзелген бауырлас өзін қауіпсіз, еркін сезінуіне жағдай жасаңыз. Ілиястың жағдайынан тағы бір нәрсеге үйрене аламыз. Хориб тауына дейін жол жүру үшін, Ехоба оған керемет түрде күш дарытты. Ехоба ғасырлар бұрын сол жерде халқымен келісім жасасқан еді. Бәлкім, қиырдағы сол тауда Ілияс өзін қауіпсіз сезінген болар. Өйткені жанын алғысы келген адамдардан алыста болды. Сол сияқты зорлықтың құрбаны болған адамды жұбатқымыз келсе, алдымен оған өзін жайлы сезінуіне жағдай жасауымыз керек. Мысалы, жаны күйзеліп жүрген әйел бауырласқа Патшалық сарайында емес, үйінде отырып сөйлескен ыңғайлы шығар немесе керісінше болуы мүмкін. Ақсақалдар осыны ескеру керек.

Зер салып тыңдау, бірге беріле дұға ету, жұбаныш сыйлар сөздерді таңдау арқылы адамның жан азабын жеңілдете аламыз (15—20 абзацтарды қараңыз) *

15, 16. Зер салып тыңдауға не жатады?

15 Тыңдай біліңіз. Киелі кітапта: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу болсын”,— деп кеңес беріледі (Жақ. 1:19). Ал біз туралы не деуге болады? Бәлкім, сіз адамды тыңдау деп үндемей, жай ғана бетіне қарап отыруды айтатын шығарсыз. Бірақ зер салып тыңдауға бұл ғана жатпайды. Мысалы, Ілияс ақыр соңында ішіндегісін ақтарып салғанда, Ехоба оны ықыласпен тыңдады. Ол Ілиястың қатты қорыққанын, жалғызсырағанын және бар еңбегім зая кетті деп уайымдағанын түсінді. Ехоба оның әрбір уайымына назар аударып, мейіріммен көмек ұсынды. Осылайша Ілиясты шын ықыласпен тыңдағанын көрсетті (Пат. 1-ж. 19:9—11, 15—18).

16 Бауырласымызды тыңдап отырғанда, оны жақсы көретінімізді, оған мейлінше жанашыр екенімізді қалай көрсете аламыз? Ізетпен айтылған жылы сөздер арқылы. Бәлкім: “Өте ауыр жағдайдан өткен екенсің. Балаға мұндай қиянат жасауға ешкімнің құқығы жоқ”,— дерсіз. Егер ашына сөйлеп жатқан болса, оны дұрыс түсінгеніңізге көз жеткізу үшін бір-екі сұрақ қоярсыз. Мысалы: “Сені дұрыс түсінсем, былай деп айтқың келді... Солай ма?”— деуге болады. Сонда досыңыз сіздің шынымен де тыңдап, айтқандарын түсінуге тырысып жатқаныңызды сезеді (Қор. 1-х. 13:4, 7).

17. Неліктен шыдамды әрі “сөйлеуге баяу болу” керек?

17 Әйтсе де “сөйлеуге баяу болу” керектігін ұмытпаңыз. Бауырласқа кеңес беремін, оны түзетемін деп сөзін бөлмеңіз, шыдамды болыңыз. Ілияс жанына батқан уайымын Ехобаға айтқанда, күйініп, ашына сөйлеген. Ехоба сенімін қатайтса да, Ілияс сол сөздерін тағы да айтып, шерін тарқатты (Пат. 1-ж. 19:9, 10, 13, 14). Бұдан не түйеміз? Күйзеліп жүрген адам бір емес, бірнеше рет шерін тарқатуы мүмкін. Сондай кезде біз де Ехобаға ұқсап шыдамдылықпен тыңдағымыз келеді. Мәселенің шешімін табудың орнына, бауырласымызға мейлінше жанашыр боламыз (Пет. 1-х. 3:8).

18. Жаны күйзелген бауырласпен бірге дұға еткеніміз оны қалай жұбатады?

18 Онымен бірге беріле дұға етіңіз. Рухы күйреген адам дұға етуге батпауы мүмкін. Ол өзін Ехобамен сөйлесуге лайықсыз сезінетін шығар. Сондықтан бауырласымызды жұбату үшін, онымен бірге дұға етіп, дұғада оның есімін атағанымыз дұрыс. Оның біз үшін, қауым үшін өте бағалы жан екенін айтсақ болады. Бәлкім, Ехобадан осы аяулы қозысын жұбатуын сұрармыз. Осындай дұға бауырласымыз үшін үлкен жігер болмақ (Жақ. 5:16).

19. Біреуді жұбатпас бұрын не істегеніміз жөн?

19 Шипа болатын, жұбаныш беретін сөздер айтыңыз. Бірдеңе айтпас бұрын ойланып алыңыз. Ойланбай айтылған сөздер адамды жаралайды, ал жылы сөздер сауықтырады (Нақ. с. 12:18). Сондықтан күйзелген жанға жұбаныш сыйлар, жылы да жұмсақ сөздер табуға Ехобадан көмек сұраңыз. Әйтсе де ең әсерлі сөздер Киелі кітаптағы Ехоба айтқан сөздер екенін ұмытпаңыз (Евр. 4:12).

20. Зорлық көрген бауырлас өзі жайлы не деп ойлауы мүмкін және оның есіне нені салу керек?

20 Бала кезінде зорлық көргендер өздерін лас, ешкімнің сүйіспеншілігіне лайық емес, қажетсіз сезінуі мүмкін. Бұдан олардың жағдайлары өте мүшкіл екенін көреміз. Сондықтан Жазбалардың көмегімен Ехоба оларды қатты бағалайтынын естеріне салыңыз (“ Жазбалардан жұбаныш табу” деген қоршауды қараңыз). Еңсесі түсіп, жаны қиналған Даниял пайғамбарды періштенің жұмсақтықпен нығайтқанын еске алыңыз. Ехоба Даниялдың аса бағалы жан екенін білгенін қалады (Дан. 10:2, 11, 19). Жаны күйзелген бауырластар да Ехоба үшін аса бағалы!

21. Жасаған ісіне өкінбейтіндерді не күтіп тұр және не істеуге бел бууымыз керек?

21 Өзгелерді жұбатқанда оларға Ехобаның сүйіспеншілігін сезінуге көмектесеміз. Сондай-ақ Ехоба әділдіктің де Құдайы екенін ұмытпайық. Ешкім білмесе де, зорлық көрген әрбір адамның жағдайы Ехобаға мәлім. Ол бәрін көріп тұр, жасаған ісіне өкінбейтін адамды ол міндетті түрде жазалайды (Мұс. 4-ж. 14:18). Дегенмен зорлықтың құрбаны болғандарды жақсы көретінімізді көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық. Шайтан мен оның дүниесінен қорлық көрген әркімді Ехоба жан жарасынан толықтай сауықтыратыны көңілімізге жай береді. Жыныстық зорлық сияқты жанға батар жайттар ертеңгі күні мүлде “еске алынбайды, жүрекке қаяу да түсірмейді” (Ишая 65:17).

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

^ 5-абзац Бала кезінде жыныстық зорлық көргендер тіпті біраз жылдар өтіп кетсе де қиындықтарға кезігуі мүмкін. Неге бұлай болатынын осы мақаладан білеміз. Сондай-ақ зорлық құрбаны болғандарды кімдер жұбата алатынын, қалай жұбата алатындарын да көреміз.

^ 11-абзац Мамандардың көмегіне жүгіну-жүгінбеуді зорлық көрген адамның өзі шешеді.

^ 76-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Рухани толысқан мәсіхші әйел жаны күйзеліп жүрген бауырласты жұбатуда.

^ 78-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Көңілі құлазыған әйел бауырласқа екі ақсақал келіп отыр. Ол толысқан әйел бауырласты да шақырған екен.