Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зұлым дүниедегі сүйіспеншілік пен әділдік

Зұлым дүниедегі сүйіспеншілік пен әділдік

“Сен зұлымдықты жаратпайтын Құдайсың; Жаман адам сенің тұрағыңда қала алмайды” (ЗӘБ. 5:4).

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

АҢДАТПА *

1—3. а) Зәбүр 5:4—6 тармақтарға сай, Ехоба зұлымдыққа қалай қарайды? ә) Неліктен балаға зорлық жасау Мәсіх заңына қайшы?

ЕХОБА ҚҰДАЙ зұлымдықтың барлық түрін жек көреді (Зәбүр 5:4—6 оқыңыз). Ал бала азғыру сияқты жаға ұстатар жауыздық ол үшін одан бетер жиренішті! Ехоба сияқты, мұндай арсыздықты біздің де суқанымыз сүймейді, әрі қауымда оның орын алуына еш төзбейміз (Рим. 12:9; Евр. 12:15, 16).

2 Балаға жыныстық зорлық жасау үшін жасалған кез келген әрекет Мәсіх заңына мүлдем қайшы! (Ғал. 6:2). Неге бұлай дейміз? Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Мәсіх заңы, яғни Исаның берген тәлімі, өз үлгісімен үйреткендері сүйіспеншілікке негізделген әрі әділдікке бастайды. Осы заңмен өмір сүргендіктен, шынайы мәсіхшілер балаларын махаббатқа бөлеп, қауіпсіз ортада өсіреді. Ал балаға жыныстық зорлық жасау — баланы қорғансыз, жеккөрінішті сезіндіретін өзімшіл әрі әділетсіз әрекет.

3 Өкінішке қарай, бала азғыру жаһандық кеселге айналып, мұның зардабы мәсіхшілер қауымына да тиіп отыр. “Зұлымдар мен алаяқтар” арамшөптей қаулап, кейбірі қауымға еніп алуға тырысады (Тім. 2-х. 3:13). Бұл аздай, қауымдағы кейбіреулер де нәпсілерін тыймай, балаға қиянат жасаған жағдайлар болған. Алдымен, балаға жыныстық зорлық жасаудың неліктен сұмдық күнә болып табылатынын талқылаймыз. Сосын, ақсақалдардың мұндай ауыр күнәға қандай шара қолданатынын және ата-аналар балаларын қорғау үшін не істеулері керектігін ортаға саламыз *.

СҰМДЫҚ КҮНӘ

4, 5. Неліктен балаға жыныстық зорлық жасауды балаға қарсы жасалған күнә дейміз?

4 Балаға жыныстық зорлық жасау — ауыр күнә. Оның кесірі адам айтқысыз үлкен. Бұл — зорлық құрбаны үшін де, оның отбасы мен қауымдағы бауырластары үшін де ауыр қасірет.

5 Зорлық құрбанына * қарсы күнә. Басқаға қиянат жасап, қасірет әкелу — күнә. Келесі мақалада қарастыратынымыздай, зорлықшы дәл осылай істейді: ол балаға қиянат жасап, оның өміріне балта шабады. Баланың сенімін теріс пайдаланып, оның амандығына қол сұғады. Балаларды мұндай зұлымдықтан қорғау қажет. Ал жәбірленген балаларға жұбаныш беріп, көмек көрсеткеніміз жөн (Сал. 1-х. 5:14).

6, 7. Неліктен балаға жыныстық зорлық жасауды қауымға және мемлекеттік билікке қарсы жасалған күнә дейміз?

6 Қауымға қарсы күнә. Қауымға келетіндердің біреуі балаға қиянат жасаса, бұл қауымның атына кір келтіреді (Мат. 5:16; Пет. 1-х. 2:12). “Сенім үшін аянбай күресіп” жүрген миллиондаған адал мәсіхшіге мұндай күйе жағылып жатқаны өзекті өртейді, солай емес пе?! (Яһд. 3). Біз шімірікпей арсыз әрекеттерге баратын, қауымның абыройын төгетін адамдардың арамызда жүруіне жол бермейміз!

7 Билікке қарсы күнә. “Билік басындағыларға бағыну” — мәсіхшілерге қойылатын талап (Рим. 13:1). Бұл талапқа жергілікті заңға бағыну да жатады. Қауымдағы біреу балаға зорлық жасауымен қылмыстық заңды бұзса, демек, мемлекеттік билікке қарсы күнә жасағаны (Елшілердің істері 25:8 салыстырыңыз). Заң бұзушыны жазалау ақсақалдардың құзырында емес. Әйтсе де оның мемлекет тарапынан қылмыстық жауапқа тартылуына кедергі болмайды (Рим. 13:4). Күнә жасаған “адам не ексе, соны орады” (Ғал. 6:7).

8. Біреудің өзге біреуге қарсы күнә жасағанын Ехоба қалай қабылдайды?

8 Ең сорақысы, бұл — Құдайға қарсы күнә (Зәб. 51:4). Бір адам басқа адамға қарсы күнә жасағанда, ол Ехобаға да қарсы күнә жасайды. Ехобаның Исраилге берген Заңына назар аударайықшы. Исраилдік кісі біреудің иелігіне қол сұқса не алдап кетсе, Заң оны “Ехобаға адалдық танытпады” деп тапқан (Мұс. 3-ж. 6:2—4). Сол сияқты арсыз қылыққа барған адамның баланың амандығына қол сұққаны — Ехобаға адалдық танытпағаны. Бұл қылығымен ол Ехобаның киелі есімін қорлап, аяқасты етеді. Сондықтан біз зорлықшының әрекетін Құдайға қарсы сұмдық күнә деп санаймыз.

9. Ехобаның ұйымы жылдар бойы қандай мәліметтермен қамтамасыз етіп келеді және не үшін?

9 Ехобаның ұйымы бізді жыныстық зорлық жайында Жазбаларға негізделген құнды мәліметтермен жылдар бойы қамтамасыз етіп келеді. Мысалы, жыныстық зорлық көріп, жан дүниесі тілім-тілім болған адам не істей алатыны жайында, ондай жанға басқалар қалай көмектесіп, тірек бола алатыны және ата-аналар балаларын қалай қорғау керектігі жайында “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында жазылды. Сондай-ақ ақсақалдарға мұндай жағдайды шешуге қатысты Жазбаларға негізделген егжей-тегжейлі нұсқаулар берілді. Қауымдарда осы мәселеде қолданылатын басшылықты ұйым жылдан-жылға жаңартып отырады. Не үшін? Балаға жыныстық зорлық жасалған жағдайда барлығы Мәсіхтің заңына сай шешілу үшін.

ҚАУЫМДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ШАРАЛАР

10—12. а) Ақсақалдар біреудің ауыр күнә жасағанын білгенде, нені есте ұстаулары керек және олардың басты мақсаты қандай? ә) Жақып 5:14, 15-ке сай, ақсақалдар не істейді?

10 Ақсақалдар ауыр күнәға қатысты мәселені қарастырғанда, отарға Мәсіх заңына сай қарау керектігін есте ұстайды. Яғни сүйіспеншілік көрсетеді және Құдай дұрыс әрі әділ дейтінді іске асырады. Олар әлдекімнің ауыр күнә жасағанын білгенде, бірнеше жайтты ескереді. Ең алдымен, Құдай есімінің киелі тұтылуы үшін қам жейді (Мұс. 3-ж. 22:31, 32; Мат. 6:9). Сонымен қатар қауымдағы бауырластардың рухани күйін ойлайды және ауыр күнәнің құрбаны болғандарға жәрдем береді.

11 Ауыр күнә жасаған адам қауымның ішінен шықса, ақсақалдар ол күнәсіна өкіне ме, жоқ па, соны анықтайды. Егер өкінсе, ақсақалдар оған Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруге көмектеседі (Жақып 5:14, 15 оқыңыз). Нәпсісін тыймай, ауыр күнәға барған мәсіхшіні рухани науқас деуге болады. Бұл оның Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келді деген сөз *. Ал ақсақалдар рухани дәрігерлер. Олар науқастың, яғни ауыр күнә жасаған адамның сауығуы үшін қам жасайды. Ақсақалдардың Жазбаларға негіздеп берген кеңестері оған Құдаймен арақатынасын жақсартуға көмектеседі. Бірақ бұл үшін оның шынайы өкінуі шарт (Ел. іс. 3:19; Қор. 2-х. 2:5—10).

12 Ақсақалдардың мойнына үлкен жауапкершілік жүктелген. Олар өздеріне сеніп тапсырылған Құдайдың отарын шын жүректен қамқорлайды (Пет. 1-х. 5:1—3). Бауырластар қауымда өздерін қауіпсіз сезінсе екен дейді. Сол себепті де балаға зорлық жасау іспетті ауыр күнә жасалғаны жайлы білсе, ақсақалдар бірден әрекет етеді. Бұл қандай әрекеттер? Қазір  13,  15,  17-абзацтардың басында келтірілетін сұрақтарды бірге қарастырайық.

13, 14. Ақсақалдар балаға зорлық көрсетілгені жайлы билік өкілдеріне хабарлау керек пе? Түсіндіріңіз.

 13 Ақсақалдар балаға зорлық көрсетілгені жайлы билік өкілдеріне хабарлауға тиіс пе? Иә. Жергілікті заңға бағынып, олар болған жағдайды билік өкілдеріне хабарлау керек (Рим. 13:1). Мұндай заңдар Құдай заңына қайшы емес (Ел. іс. 5:28, 29). Сондықтан ақсақалдар балаға зорлық жасалғаны жайлы білгенде, бірден Бетелмен байланысып, жергілікті заңға сәйкес қалай әрекет ету керектігін сұрайды.

14 Ақсақалдар зорлық құрбанына, оның ата-анасына және жыныстық зорлық жасалғанынан хабардар адамдарға осы жайлы билік өкілдеріне арыз беруге құқықтары бар екенін айтады. Бірақ балаға зорлық жасаған адам қауымдағы біреу болып, бұл туралы көпшілікке мәлім болса ше? Сондай кезде шағымданған мәсіхші Ехобаның есіміне кір келетін болды деп, осы үшін өзін кінәлі сезіну керек пе? Әрине, олай емес. Бұл жерде Ехобаны қаралап жатқан — ол емес, балаға зорлық жасаған адам.

15, 16. а) Тімөтеге 1-хат 5:19-ға сай, сот комитетін құру үшін неге кем дегенде екі куәгер болу керек? ә) Қауымда әлдебіреу балаға зорлық жасады деп айыпталса, ақсақалдар не істеу керек?

 15 Қауымда ақсақалдар сот комитетін құру үшін, неге кем дегенде екі куәгер болу керек? Өйткені Киелі кітаптың жоғары әділдік нормалары соны талап етеді. Егер біреу ауыр күнә жасады деп айыпталып, бірақ ол онысын мойындамаса, сот комитеті құрылу үшін екі куәгер керек (Мұс. 5-ж. 19:15; Мат. 18:16; Тімөтеге 1-хат 5:19 оқыңыз). Ал билік өкілдеріне балаға зорлық көрсетілгені жайлы арыздану үшін екі куәгердің болуы шарт па? Жоқ. Ақсақалдар да, басқа адамдар да билік өкілдеріне арыз бере алу үшін, жасалған қылмысты екі куәгердің растауы талап етілмейді.

16 Ақсақалдар балаға зорлық жасалғаны жайлы біліп, ол туралы билік өкілдеріне хабарлаған соң, Жазбаларға сүйене отырып, жағдайдың мән-жайын өздері анықтауға тырысады. Егер күдікті өзіне тағылған айыппен келіспесе, ақсақалдар болған жағдайды білетін куәгерлермен сөйлеседі. Сот комитетін құру үшін кем дегенде екі куәгер қажет, яғни шағымданушы адам мен осы не басқа жағдайда айыпталушының балаға зорлық жасағанына куә болған тағы бір адам *. Ал егер екінші куәгер болмаса, бұл шағымданушының тағып жатқан айыбы жалған дегенді білдірмейді. Тіпті айыпталушының кінәлі екенін дәлелдейтін екі куәгер болмаса да, сорақы іс орын алған болуы мүмкін. Ақсақалдар мұны да ескереді. Олар жәбір көргендерге тиісті көмек көрсетуді тоқтатпайды. Сондай-ақ қауымды қорғау үшін, күдікті адамды бақылауға алады (Ел. іс. 20:28).

17, 18. Сот комитетінің қызметі жайлы айтып беріңіз.

 17 Сот комитетінің атқаратын қызметі қандай? “Сот” деген сөз ақсақалдар соттаушы не заң бұзған адамды жазалаушы дегенді білдірмейді. Олар қылмыстық істерге араласпайды, әрі мұндай істерді мемлекеттік биліктің құзырына қалдырады (Рим. 13:2—4; Тит. 3:1). Ақсақалдар күнә жасаған адамның қауымда қалатын-қалмайтынын қарастырады.

18 Сот комитетінде қызмет ететін ақсақалдардың міндеті — жағдайды рухани немесе діни тұрғыдан қарастыру. Олар Жазбаларды қолданып, күнә жасаған адамның өкінетін-өкінбейтінін анықтайды. Егер ол еш өкінбесе, қауымнан шығарылады, әрі бұл жайлы хабарландыру айтылады (Қор. 1-х. 5:11—13). Егер ол өкінсе, қауымда қала алады. Алайда ақсақалдар оған бұдан былай қауымда ешқандай жауапкершілік ала алмайтынын айтады. Сондай-ақ олар балаларды қорғау үшін, ата-аналармен жеке-жеке сөйлеседі. Балалары әлгі адамның маңында жүргенде әсіресе мұқият болуды ескертеді. Бірақ бір айта кетері, ақсақалдар жәбір көргендер жайлы мәліметті құпия сақтайды.

БАЛАЛАРДЫ ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚТАН ҚОРҒАУ

Әкесі мен анасы балаларын жыныстық зорлықтан қорғау үшін оларға жыныстық тәрбие беріп жатыр. Бұл үшін олар Ехобаның ұйымы беріп жатқан мәліметті қолдануда (19—22 абзацтарды қараңыз)

19—22. Ата-аналар балаларын қорғау үшін не істеулері керек? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

19 Балаларды қиянаттан қорғау бірінші кезекте кімнің жауапкершілігі? Әрине, ата-аналардың *. Қымбатты ата-ана, балалар — Ехобаның сіздерге берген мұрасы, бағалы сыйы (Зәб. 127:3). Оларды қорғау — сіздердің Ехобаның алдындағы жауапкершіліктеріңіз. Қазіргі зұлым дүниеде балаларыңызды жыныстық зорлықтан қорғау үшін не істей аласыздар?

20 Біріншіден, жыныстық зорлық туралы көбірек ізденіс жасаңыз. Балаларға жыныстық зорлық жасайтын адамдар қандай болатынын, олардың балаларды алдау үшін қандай айла-амалдар қолданатынын біліп алыңыз. Қауіпті жағдайларды көре біліңіз (Нақ. с. 22:3; 24:3). Қаперіңізде болсын, көп жағдайда зорлықшылар бала жақсы танитын, сенім артатын адам болып жатады.

21 Екіншіден, балаңызбен ашық әңгімелесіңіз (Мұс. 5-ж. 6:6, 7). Бұған баланы мұқият тыңдау да кіреді (Жақ. 1:19). Балалар жәбір көргенде, бұл туралы айтудан тартынады. Себебі олар ешкім айтқаныма сенбейді деп ойлауы мүмкін. Я болмаса зорлықшы ешкімге айтпа деп қорқытып тастағандықтан, бала үндемеуі мүмкін. Бір жамандықты сезсеңіз, балаңызға жұмсақтықпен сұрақтар қойып, оны шыдаммен тыңдаңыз.

22 Үшіншіден, балаңызға жыныстық тәрбие беріңіз. Бұл үшін баланың жасы мен түсіну қабілетін ескеріңіз. Әлдебіреу ерсі жолмен денесін ұстаса, балаңызға не айту, не істеу керектігін үйретіңіз. Баланы қорғауға қатысты Ехобаның ұйымы беріп жатқан мәліметтерді қолданыңыз (“ Өзіңіз де, балаларыңыз да біле жүрсін” деген қоршауды қараңыз).

23. Балаға жасалатын жыныстық зорлыққа қатысты көзқарасымыз қандай? Келесі мақала не жайлы?

23 Ехобаның қызметшілері балаларға жыныстық зорлық жасауды ауыр күнә әрі жауыздықпен жасалатын қылмыс деп санайды. Мәсіх заңына бағынғандықтан, біз мұндай қылмысқа баратын адамды еш қорғамаймыз, ол өз ісі үшін өзі жауап береді. Ал зорлық құрбандары жөнінде не деуге болады? Оларға қандай көмек бере аламыз? Келесі мақала осы жайлы болмақ.

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

^ 5-абзац Бұл мақала балаларды жыныстық зорлық жасаушылардан қалай қорғай алатынымыз жайында. Сонымен қатар ақсақалдар қауымның, ал ата-аналар балаларының амандығы үшін қандай шаралар қолдану керектігін де білеміз.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: Балаға жыныстық зорлық жасау деп ересек адамның баланы пайдаланып, жыныстық құштарлығын қанағаттандыруын айтады. Бұған баламен жыныстық қатынасқа түсу, оральды не анальды жыныстық қатынас жасау, баланың жыныс мүшесін, кеудесін не құйрығын сипалау сияқты әртүрлі анайы істер жатады. Зорлық құрбандары көбіне қыз балалар. Бірақ ұл балалар да жәбір көріп жатады. Зорлықшылардың көбісі ер адамдар болғанмен, олардың арасында әйел адамдар да бар.

^ 5-абзац СӨЗ МӘНІ: Осы және келесі мақаладағы “зорлық құрбаны” деген жыныстық зорлық жасалған балаға нұсқайды. Бұл тіркес баланың арампиғылды зорлықшының тарапынан қиянат көргенін, баланың дәрменсіздігін және еш кінәсіз екенін көрсету үшін қолданылды.

^ 11-абзац Мәсіхшінің рухани науқас болғаны оның ауыр күнәсін ақтауға еш себеп бола алмайды. Күнә жасаған адам өзінің шешімдері мен әрекеттері үшін толықтай жауапты және ол Ехобаның алдында есеп береді (Рим. 14:12).

^ 16-абзац Айыпталушымен сөйлескенде ақсақалдар жәбір көрген баланың қатысуын талап етпейді. Онсыз да жан дүниесі астан-кестен болып жатқан балаға бұл ауыр тиюі мүмкін. Болған жағдайға қатысты баланың айтқандарын ата-анасы немесе бала сенім артатын басқа бір ересек адам айтып бере алады.

^ 19-абзац Бұл жауапкершілік баланың заң жүзіндегі қамқоршыларына, баланы бағып-қағып отырған адамдарға да қатысты.