Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Осы дүниенің даналығына” алданып қалмаңыз

“Осы дүниенің даналығына” алданып қалмаңыз

“Осы дүниенің даналығы — Құдайдың көз алдында ақымақтық” (ҚОР. 1-Х. 3:19).

98-ӘН Рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалар

АҢДАТПА *

1. Құдай Сөзінің арқасында біз не нәрсеге ие боламыз?

БІЗ үшін аспайтын асу, шешілмейтін түйін жоқ, өйткені бізде Ұлы Тәлімгер Ехоба бар (Ишая 30:20, 21). Оның Сөзі бізді “барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр” етеді (Тім. 2-х. 3:17). Киелі кітаптың ақыл-кеңесімен өмір сүрудің арқасында біз “осы дүниенің даналығынан” асқан даналыққа ие боламыз (Қор. 1-х. 3:19; Зәб. 119:97—100).

2. Бұл мақала не жайында?

2 Бұл мақаладан осы дүниенің даналығы адамдарды барынша тән құмарлықтарын ойлауға үндейтінін көреміз. Олардың ойлары мен әрекеттеріне еріп кетпеу үшін көп күш салу керек болар. Киелі кітап: “Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен әрі бос, алдамшы ойларымен... торға түсіріп алмасын”,— деп ескертеді (Қол. 2:8). Біз алда тарихқа үңіле отырып, бос әрі алдамшы екі ойға назар аударамыз. Олардың әлемге қалай кең тарап кеткенін қарастырамыз. Әр жағдайда осы дүниенің даналығы не үшін ақымақтық екенін және Құдайдың Сөзіндегі даналық осы дүние ұсынып жатқан кез келген нәрседен әлдеқайда артық екенін көреміз.

ЖЫНЫСТЫҚ ӨНЕГЕЛІЛІККЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСТЫҢ ӨЗГЕРУІ

3, 4. XX ғасырдың басында Құрама Штаттарда адамдардың жыныстық өнегелілікке деген көзқарасы қалай өзгерді?

3 XX ғасырдың басында Құрама Штаттарда адамдардың жыныстық өнегелілікке деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Бұған дейін жыныстық қатынас тек үйленген адамдарға ғана тиесілі нәрсе болатын, әрі ел арасында ашық айтылмайтын шетін тақырып еді. Бірақ бұл құндылықтар құлдырап, жұртшылық “бәрі бола береді” деген көзқарасқа көшті.

4 1920—1930 жылдарда қоғамда орасан зор өзгеріс белең алды. “Төсек қатынасына меңзейтін фильмдер, сахналық қойылымдар, әндер, кітаптар мен жарнамалар шыға бастады”,— дейді бір зерттеуші. Сол жылдары жыныстық қатынас туралы ой тудыратын би түрлері мен киім үлгілері көбейді. Киелі кітапта соңғы күндер жайында айтылып кеткендей, адамдар бұрын-соңды болмаған деңгейде “ләззат-ермекті артық көретін болды” (Тім. 2-х. 3:4).

Ехобаның халқы құлдырап жатқан осы дүниенің моральдық нормаларына ермеді (5, 9-абзацты қараңыз) *

5. 1960 жылдан бері адамдардың моральдық нормалары қалай өзгерді?

5 1960 жылдары некеге тұрмай-ақ бірге өмір сүру, гомосексуализм, ажырасу әлемде кең етек алды. Жыныстық қатынас ашық көрсетілетін ойын-сауық түрлері көбейді. Моральдық нормалардың бұлай төмендеуі қоғамға өз кесірін тигізбей қоймады. Бір жазушы сипаттағандай, отбасылардың шаңырақтары ортасына түсті, жалғызбасты аналар мен әкелер, жан күйзелісі, порнографияға тәуелділік ұлғайды. ЖИТС сияқты жыныстық жолмен берілетін аурулардың кең таралуы — осы дүниенің даналығы ақымақтық екенінің бір ғана дәлелі (Пет. 2-х. 2:19).

6. Неліктен адамдардың жыныстық қатынасқа деген бүгіндегі көзқарасы Шайтанды қуантады?

6 Шайтанның қалауы да осы. Себебі жыныстық қатынас пен неке — Құдайдың берген сыйы. Осы сыйды адамдардың аяқасты етіп қорлап жатқаны Шайтанға майдай жағады (Ефес. 2:2). Жыныстық өнегесіздік Ехобаның адамдарға ұрпақ қалдыру үшін берген сыйын қорлап қана қоймай, адамды мәңгі өмір сүру үмітінен айырады (Қор. 1-х. 6:9, 10).

ЖЫНЫСТЫҚ ӨНЕГЕЛІЛІККЕ ДЕГЕН ЖАЗБАЛАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

7, 8. Жазбалардың жыныстық қатынасқа деген көзқарасы неліктен осы дүниенікінен әлдеқайда жақсы?

7 Осы дүниенің даналығымен жүретін адамдар Киелі кітаптағы моральдық нормаларды ақылға қонымсыз санап, күлкі-мазақ қылады. Олар: “Құдай бізді жыныстық құштарлықпен жаратып алып, оны тізгінде деп айтпайды ғой!”— деп жатады. Себебі олар адам кез келген қалауын қанағаттандыруы керек деп ойлайды. Бірақ бұл орайда Жазбалардың айтары басқа. Құдай Сөзі жаман құмарлықтарды игеру қолымыздан келетінін айтып, адами қадірімізді асырады (Қол. 3:5). Бұған қоса, жыныстық құштарлықты орынды түрде қанағаттандыру үшін, Ехоба неке құрылымын сыйлады (Қор. 1-х. 7:8, 9). Осы құрылымның арқасында ерлі-зайыптылар төсек қатынасынан ләззат ала алады. Осылайша жыныстық өнегесіздіктің қаупі мен өкінішке толы салдарын тартпайды.

8 Жазбалар жыныстық қатынасқа дұрыс қарауды үйретеді. Рас, онда бұл қатынастың адамға ләззат сыйлайтыны айтылған (Нақ. с. 5:18, 19). Дегенмен: “Әрқайсысың өз тәніңді қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер, Құдайды білмейтін халықтар сияқты ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар”,— деп те ескертеді (Сал. 1-х. 4:4, 5).

9. а) Ехобаның халқы XX ғасырдың басында Құдай Сөзіндегі даналықпен өмір сүруге қалай талпындырылды? ә) Жоханның 1-хаты 2:15, 16-да қандай кеңес жазылған? б) Римдіктерге 1:24—27 тармақтарда жазылғандай, қандай ұятсыз істерден аулақ болуымыз керек?

9 XX ғасырдың басында Ехобаның халқы “ұяттан әбден безгендердің” бос, алдамшы ойларына ермеді (Ефес. 4:19). Олар Ехобаның нормаларын мейлінше бекем ұстанды. 1926 жылдың 15 мамырындағы “Күзет мұнарасында” былай деп жазылды: “Ер адам да, әйел адам да ой-санасы мен іс-әрекетін кіршіксіз таза сақтауы қажет. Бұл әсіресе қарсы жынысты адамдардың бір-бірімен қарым-қатынастарына қатысты”. Айналасындағы жұрт құрдымға кетіп бара жатқанда, Ехобаның халқы Киелі кітаптағы асқақ даналықпен өмір сүрді (Жоханның 1-хаты 2:15, 16 оқыңыз). Біздің Құдай Сөзін білгеніміз қандай жақсы! Осы дүниенің өнегелілікке қатысты даналығына қарсы тұруымыз үшін, Ехоба рухани ас-суды уақтылы беріп жатқанына да өте ризамыз! * (Римдіктерге 1:24—27 оқыңыз).

АДАМНЫҢ ӨЗІН ОЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСЫ

10, 11. Киелі кітапта соңғы күндер жайлы не айтылған?

10 Киелі кітапта соңғы күндері “адамдар тек қара басын ойлайтыны” айтылып кеткен (Тім. 2-х. 3:1, 2). Расында да, осы дүние осындай өзімшіл көзқарасты алға тартады. Бір еңбекте айтылғандай, 1970 жылдары “өзін-өзі кемелдендіруге арналған кітаптар көптеп шыға бастады”. Олар “оқырмандарын өзін-өзі тануға, өзін қандай болса солай қабылдауға, өз кейпін өзгертпеуге үндеді”. Сол кітаптардың бірінде былай делінген: “Әлемдегі ең сұлу, ең ғажап, сүюге лайық жанды сүй. Ол — өзің”. Сондай-ақ онда: “Адам қалай жүріп-тұрса да өзі біледі, өзі нені дұрыс деп шешсе, соны істеуі керек”,— деп те жазылған.

11 Бұл сөздер сізге таныс па? Кезінде Шайтан да Хауаға осындай ой салған. Шайтан оған: “Ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты боласың”,— деген (Мұс. 1-ж. 3:5). Бүгінгі таңда да адамдар өздері туралы асыра ойлайтындары сонша — ешкім, тіпті Құдай да, оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айта алмайды деп санайды. Мұндай ой қалып олардың әсіресе некеге қалай қарайтындарынан анық байқалады.

Мәсіхші өзінен гөрі өзгелердің, әсіресе жұбайының қамын ойлайды (12-абзацты қараңыз) *

12. Осы дүниенің некеге деген көзқарасы қандай?

12 Киелі кітап ерлі-зайыптылар бір-бірін және неке антын сыйлау керек деп үйретеді. Бұл жұбайларды біртұтас болып қалуға аса үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырады. Киелі кітапта: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”,— делінген (Мұс. 1-ж. 2:24). Ал осы дүниенің даналығына ергендер бұған қарама-қайшы ойда. Олар “некеде әркім өз жағдайын жасауы керек” дейді. Ажырасу туралы бір кітапта салтанатты неке қию рәсімінде айтылатын “өмірлік серік боламын” деген ант “махаббатым сарқылғанша” деп өзгертілгені айтылған. Некеге осылай немқұрайды қараудың салдарынан отбасылар ойран болып, қаншама адамның сезімдері мен жүректері жараланды. Осы дүниенің некеге деген көзқарасы — барып тұрған ақымақтық!

13. Ехоба өркөкірек адамдардан неге жеркенеді?

13 Сондай-ақ Киелі кітапта: “Көкірек көтерген әркім Ехобаға жеркенішті”,— деп жазылған (Нақ. с. 16:5). Ехоба көкірек адамдардан не үшін жеркенеді? Себебі олар өздерін шектен тыс жақсы көріп, Шайтан сияқты кеуде көтеріп кетеді. Шайтан өркөкірек болғаны сонша — Иса, яғни Ехобаға бәрін жаратуға көмектескен тұлға, оның алдына жығылып, табынуы керек деп ойлады! (Мат. 4:8, 9; Қол. 1:15, 16). Өзі жайлы осылай асқақ ойлайтын адамдар өздерін данамыз деп санаса да, Құдайдың алдында олар ақылсыз.

АДАМНЫҢ ӨЗІН ОЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЗБАЛАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

14. Өзіміз туралы дұрыс ойда болуға Римдіктерге 12:3 қалай көмектеседі?

14 Киелі кітап өзіміз туралы дұрыс ойда болуға көмектеседі. Өз-өзімізді лайықты шамада жақсы көргенде тұрған ештеңе жоқ. Өйткені Иса: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деген. Бұл сөздер қандай да бір мөлшерде өзімізді ойлауымыз керектігін көрсетеді (Мат. 19:19). Алайда Киелі кітап өзімізді басқалардан жоғары санауға үйретпейді. Керісінше, онда былай делінген: “Күншіл не атаққұмар болмай, қайта, кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар” (Філіп. 2:3; Римдіктерге 12:3 оқыңыз).

15. Киелі кітаптың ақыл-кеңестері пайдалы екеніне неге сенімдісіз?

15 Көзі ашық, көкірегі ояу деп саналатын адамдар Киелі кітаптың ақыл-кеңестерін ақымақтық деп есептейді. Басқаларды өзіңнен жоғары санау әлсіздіктің белгісі, солай етсең, өзгелер басынып кетеді деп ойлайды. Шайтанның дүниесіне тән осындай көзқарастың салдары қандай? Өзімшіл адамдарды бақытты дей аласыз ба? Ал олардың отбасылары ше? Олардың шынайы достары бар ма? Құдаймен жақын қарым-қатынаста ма? Қайсысы адамды өрге жетелейді, осы дүниенің даналығы ма, әлде Құдай Сөзіндегі даналық па?

16, 17. Не нәрсеге ризамыз және не себепті?

16 Осы дүние дана деп санайтын адамдардың кеңесіне жүгіну өзі адасып кеткен адамнан жол сұраумен тең. Иса өз заманындағы халық дана деп есептеген адамдар жайлы: “Олар соқыр жетекшілер. Егер соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлайды”,— деген (Мат. 15:14). Расында да, осы дүниенің даналығы — Құдайдың көз алдында ақымақтық.

Құдайдың қызметшілері өткенді еске алып, Ехобаның даналығымен өмір сүргендеріне қуанып отыр (17-абзацты қараңыз) *

17 Киелі кітаптағы даналыққа тұнған ақыл-кеңестер қай заманда да “тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді” (Тім. 2-х. 3:16). Ұйымы арқылы бізді осы дүниенің даналығынан қорғап жатқаны үшін Ехобаға дән ризамыз! (Ефес. 4:14). Алып жатқан рухани ас-суымыз әрқашан Құдай Сөзіндегі нормаларға сай өмір сүруге күш береді. Ехобаның асқан даналық пен Киелі кітап арқылы бағыт беріп отырғаны — біз үшін баға жетпес сый!

54-ӘН Міне, жол!

^ 5-абзац Бұл мақала ең сенімді ақыл-кеңес тек Ехобадан келетініне көзімізді жеткізеді. Оның Сөзіндегі даналықпен өмір сүрсек, шынымен бақытты боламыз. Ал осы дүниенің даналығына ерсек, құрдымға кетіп, көп зиян көреміз.

^ 50-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Куәгер отбасының өміріндегі кейбір кезеңдер. Олар 1960 жылдардың аяғында уағыздап жүр.

^ 52-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: 1980 жылдары әйелі ауырып қалғанда, күйеуі оған күтім жасап жатыр. Ал қыздары қастарында отыр.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бүгінгі күні олар өткенді еске алып, Ехобаның даналығымен өмір сүргендеріне қуанып отыр. Ал тұрмыс құрған қыздары күйеуімен және ұлымен бірге олардың қуанышына ортақтасып жатыр.