Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өзгелерге күйзелісті еңсеруге көмектесіңіз

Өзгелерге күйзелісті еңсеруге көмектесіңіз

“Бәрің де пікірлес, қайғыға ортақтас, бауырластарды сүйетін, мейлінше жанашыр, кішіпейіл болыңдар” (ПЕТ. 1-Х. 3:8).

107-ӘН Сүюдің кемелді үлгісі

АҢДАТПА *

1. Сүйіспеншілігі мол Әкеміз Ехобаға қалай еліктесек болады?

ЕХОБА бізді қатты жақсы көреді (Жох. 3:16). Біз де оған ұқсап, “қайғыға ортақтас, бауырластарды сүйетін, мейлінше жанашыр” болғымыз келеді. Бұл қасиеттерді барлық адамға, әсіресе сенімі бір бауырластарға танытуды қалаймыз (Пет. 1-х. 3:8; Ғал. 6:10). Рухани отбасымызда әлдебіреу күйзеліп жүрсе, жанынан табылуға дайынбыз.

2. Бұл мақаладан не білеміз?

2 Ерте ме, кеш пе — Ехобаның отбасына қосылғысы келетіндердің бәрі күйзеліске түсіретін жағдайларға кезігеді (Мар. 10:29, 30). Осы дүниенің соңы жақындаған сайын қиындықтар да үдей түспек. Сондайда бір-бірімізге қалай демеу бола аламыз? Қазір Лұт, Әйүп және Нағиманың мысалынан не үйрене алатынымызды талқылайық. Сонымен қатар бауырластар кезігіп жүрген кейбір қиындықтарды және оларға көмектесудің жолдарын қарастырамыз.

ШЫДАМДЫ БОЛЫҢЫЗ

3. Петірдің 2-хаты 2:7, 8-де айтылғандай, Лұт қандай шешім қабылдады? Бұл қандай зиян әкелді?

3 Лұттың шектен шыққан азғын қала Содомға көшкені дұрыс болмады (Петірдің 2-хаты 2:7, 8 оқыңыз). Ол шұрайлы аймақты таңдадым деп ойлағанмен, көп қиындыққа кезікті (Мұс. 1-ж. 13:8—13; 14:12). Лұттың әйелі сол қаланың өзін немесе халқын қатты ұнатса керек. Ұнатқаны сонша — Ехобаға мойынсұнбады. Құдай көктен от пен күкірт жаудырғанда, ол өлім құшты. Лұттың екі қызы жайлы айтсақ, олардың атастырылған болашақ күйеулері де қайтыс болды. Лұт үй-жайынан, мал-мүлкінен, ең ауыры — әйелінен айырылды (Мұс. 1-ж. 19:12—14, 17, 26). Ехоба Лұттың ақылсыз әрекеттеріне ашуланды ма? Жоқ.

Ехоба Лұт пен оның отбасына жаны ашығандықтан, оларды құтқару үшін періштелерін жіберді (4-абзацты қараңыз)

4. Ехоба Лұтқа қалай шыдамдылық танытты? (Мұқабадағы суретті қараңыз).

4 Содомда тұруды Лұттың өзі таңдаса да, Ехоба жаны ашып, оны отбасымен құтқару үшін екі періштесін жіберді. Оларға бірден құлақ асудың орнына, Лұт қаладан “кетпей жүріп алды”. Періштелерге Лұттың қолынан сүйреп, оны отбасымен бірге қаладан алып шығуға тура келді (Мұс. 1-ж. 19:15, 16). Кейін періштелер оған тауға қашуды айтты. Бірақ Ехобаға мойынсұнудың орнына, Лұт жақын жердегі бір қалашыққа қашуды сұрады (Мұс. 1-ж. 19:17—20). Ехоба оны шыдамдылықпен тыңдап, сол қалашыққа баруға рұқсат берді. Алайда Лұт кейін ол жерде тұруға қорқып, ақыры Ехоба айтқан таулы өңірге көшті (Мұс. 1-ж. 19:30). Ехоба Лұтқа зор шыдамдылық танытты! Оған қалай еліктесек болады?

5, 6. Ехобаға еліктей отырып, Салоникалықтарға 1-хат 5:14-ті қалай қолдансақ болады?

5 Бауырластарымыздың бірі Лұт іспетті сау басына сақина тілеп, дұрыс емес шешім қабылдап, кейін соның зардабын тартатын шығар. Сондай кезде не істесек болады? Біз оған өзі еккен нәрсесін өзі орып жатқанын айтқымыз келер. Өйткені “бұл рас қой” дерміз (Ғал. 6:7). Бірақ Ехобаның Лұтқа қалай көмектескенін үлгі етсек, нұр үстіне нұр болады. Бұны қалай істей аламыз?

6 Ехоба періштелерін Лұтты ескерту үшін ғана емес, Содомға төніп тұрған апаттан аман қалуға көмектесу үшін де жіберді. Сол сияқты, бауырласымыз қиындыққа ұрынғалы жатқанын байқасақ, оны ескерткеніміз дұрыс шығар. Бірақ оған көмектесу де қажет. Егер ол Киелі кітаптың ақыл-кеңесін бірден қолданбай жатса, шыдамдылық таныту керек болады. Қолымызды бір сілтеп, бауырласымыздан күдер үзгенше, екі періште сияқты іс жүзінде көмек көрсетудің жолын табайық (Жох. 1-х. 3:18). Жақсы кеңесті қолдана алуы үшін, бауырласты “қолынан ұстап” жетелейік (Салоникалықтарға 1-хат 5:14 оқыңыз).

7. Ехобаның Лұтқа қалай қарағанынан не үйренеміз?

7 Ехоба Лұттың қателіктеріне тіреліп тұрып алса болар еді. Бірақ ол елші Петір арқылы Лұтты әділ кісі деп атады. Ехоба кемелсіздіктерімізге назар аудармайтыны қандай жақсы! (Зәб. 130:3). Біз одан не үйренеміз? Бауырластардың жақсы қасиеттеріне неғұрлым көп мән берсек, соғұрлым оларға көп шыдамдылық танытамыз. Сонда олар да көмегімізді қабылдауға ынталы болады.

ЖАНАШЫР БОЛЫҢЫЗ

8. Жанашырлық бізді не істеуге талпындырады?

8 Әйүп Лұт сияқты қателік жасаған жоқ. Десе де ол бар иелігінен, жұрт алдындағы жақсатынан, денсаулығынан айырылып, басынан азапты күндерді өткерді. Ал бауыр еті балаларының бірі қалмай қаза болғанда, әйелі екеуінің жүрегі қарс айырылды. Бұл аздай, үш жалған досы ауыр сөздер айтып, Әйүпті табалады. Олар оны неге жұбата алмады? Өйткені Әйүптің жағдайына үстіртін ғана мән берді. Олар бірден жаман тұжырым жасап, Әйүпті аяусыз жазғырды. Бұдан қандай сабақ аламыз? Жағдайдың жай-жапсарын Ехоба ғана толық білетінін мойындаңыз. Қайғысын бөлісіп жатқан адамды мұқият тыңдаңыз. Тыңдап қана қоймай, оның жан азабын сезініңіз. Сонда бауырласыңыздың қайғысына шындап ортақтасасыз.

9. Жанашырлық бізді неден сақтайды және бұл неге маңызды?

9 Жанашырлық қасиеті бізді біреудің проблемалары жайында өсек таратудан сақтайды. Өсек айтатын адам қауымды нығайтпайды, керісінше бөліп-жарады (Нақ. с. 20:19; Рим. 14:19). Ол мейірімнен аттап, ойланбай әрекет етеді. Оның сөздері онсыз да күйзеліп жүрген адамды одан бетер жаралайды (Нақ. с. 12:18; Ефес. 4:31, 32). Мұның орнына адамның жақсы қасиеттеріне көңіл қойып, басына түскен қиындығын жеңілдетуге тырысқанымыз жөн емес пе?!

Бауырлас “ашына сөйлесе”, шыдаммен тыңдаңыз. Орайы түскенде жұбаныш сөздерімен демеңіз (10, 11-абзацты қараңыз) *

10. Әйүп 6:2, 3-тегі сөздерден не түйеміз?

10 Әйүп 6:2, 3 оқыңыз. Әйүптің “ашына сөйлеген” кезі болған. Бірақ кейін ол айтқан сөздерін “қайтып алды” (Әйүп 42:6). Әйүп сияқты күйзеліп жүрген бауырласымыз артынан өкінетіндей сөздер айтып, ашына сөйлеуі мүмкін. Сондай кезде не істеуіміз керек? Оны сынап-мінеуге асықпай, жанашырлықпен қарағанымыз жөн. Ехоба адамдарды күйзеліп, қиындық көріп өмір сүру үшін жаратпаған. Сондықтан азабы жанына батқанда, Ехобаның адал қызметшісі де ойланбай сөйлеп жатады. Ол тіпті Ехобаға және бізге қатысты орынсыз нәрселер айтуы мүмкін. Мұндайда ашуланып, оны айыптауға асықпайық (Нақ. с. 19:11).

11. Кеңес беруге келгенде, ақсақалдар Елихуді қалай үлгі етсе болады?

11 Ауыр жағдайға тап болып, стресте жүрген адам кейде ақыл-кеңеске, түзетуге мұқтаж болып жатады (Ғал. 6:1). Мұндайда ақсақалдар қалай көмектессе болады? Олардың Әйүпті асқан аяушылықпен тыңдаған Елихуді үлгі еткендері дұрыс (Әйүп 33:6, 7). Ол Әйүпті толық түсінгеннен кейін ғана кеңес берді. Елихудің ізін басып, бүгінде де ақсақалдар жабыққан жанды ден қойып тыңдап, мәселенің мән-жайына терең үңіледі. Бұдан кейін кеңес берілгенде, адам оны бар жүрегімен қабылдай алады.

СӨЗДЕРІҢІЗ ЖЫЛЫ-ЖҰМСАҚ БОЛСЫН

12. Күйеуі мен ұлдарының өлімі Нағимаға қалай әсер етті?

12 Нағима Ехобаны жақсы көретін адал әйел болған. Бірақ күйеуі мен екі ұлы қайтыс болған соң, ол өзінің атын “ащы” дегенді білдіретін “Мара” деген есімге ауыстырғысы келді (Рут 1:3, 5, 20 сілт., 21). Келіні Рут оның өмірінің осындай көлеңкелі тұсында қасынан кетпеді. Рут іс жүзінде қолғабыс етіп қана қоймай, оны жылы-жұмсақ сөздерімен де жұбатты. Ол жүрегінің түбінен шыққан қарапайым сөздерімен Нағиманы жақсы көретінін, қолдайтынын білдірді (Рут 1:16, 17).

13. Қосағынан айырылған адамдарға не үшін көмектесуіміз қажет?

13 Қосағынан айырылған бауырласымыз көмекке әбден-ақ мұқтаж. Жұбайларды қатар өскен екі ағашқа теңеуге болады. Жылдар жылжыған сайын екеуінің тамыры бір-бірімен өріле өседі. Ағаштардың біреуін қопарып алатын болса, екіншісіне үлкен зақым келеді. Сол сияқты жұбайлардың біреуі өмірден озса, екіншісі ұзақ уақыт бойы қайғыдан іш құса болып жүруі мүмкін. Күйеуі аяқастынан көз жұмған Паула * былай дейді: “Аспан аударылып түскендей күй кештім. Тірексіз қалғандай болдым. Ең жақын досымды жоғалттым. Екеуміз кез келген нәрсе жайында сөйлесетінбіз. Ол қуанғанымда бірге күліп, қиналғанымда демеушім болатын. Иығына басымды қойып, егіле жылап алатынмын. Құдды бір қақ ортамнан бөлініп түскендей болдым”.

Жарынан айырылған бауырласқа қалай көмектессек болады? (14, 15-абзацты қараңыз) *

14, 15. Жарынан айырылған жандарды қалай жұбатсақ болады?

14 Асыл жарынан айырылған жанды жұбату үшін не істесек болады? Ең бірінші әрі маңызды қадам — не айтарымызды білмей ыңғайсыздансақ та, онымен сөйлесу. Паула былай деп сөзін жалғады: “Адамдардың ыңғайсызданатынын түсінемін. Олар оғаш нәрсе айтып қоямын ба деп уайымдайды. Бірақ ешкім ешнәрсе айтпағаннан гөрі оғаш нәрсе естіген артық”. Расында да, қайғы жұтып отырған адам біреуден ақылды бір нәрсе естимін деп күтпейді. “Достарымның қайғыңа ортақпын деген бірауыз сөзіне де риза болып қалатынмын”,— дейді Паула.

15 Бірнеше жыл бұрын жан жарынан айырылған Уильям былай дейді: “Басқалар әйелім туралы жақсы естеліктер айтып жатса, мәз болып қаламын. Оның сүйікті де қадірлі жан болғаны мені қуанышқа бөлейді. Бауырластардың осылай қолдағанынан артық көмек жоқ. Әйелім өмірімнен ерекше орын алған ең қымбат жан болғандықтан, басқалардың ол туралы айтқан жақсы сөздері маған үлкен жұбаныш берді”. Күйеуі көз жұмған Бианка былай дейді: “Мені жұбататын нәрсе — басқалардың менімен бірге дұға айтып, бір-екі тармақ оқып бергені. Олардың күйеуім жайында айтқан әңгімелері де, ол туралы өзім айтқанда тыңдағандары да мен үшін зор көмек”.

16. а) Жан жарын жоғалтқандарға қолдау көрсетуді неге доғармау керек? ә)  Жақып 1:27-ге сай, бізде қандай жауапкершілік бар?

16 Руттың жесір қалған Нағиманың жанында қалғаны секілді, біз де жарынан айырылғандарға әрі қарай да көмек көрсете беруіміз керек. Паула былай дейді: “Күйеуім қайтыс болған кезде бауырластар аямай қолдау көрсетті. Бірақ уақыт өтіп, бәрі өзінің қалыпты өміріне оралды. Ал мені мүлдем басқа өмір күтіп тұрған еді. Қайғы жұтқан адамның айлар, тіпті жылдар өтсе де жұбанышқа мұқтаж болатынын өзгелер түсініп, қолдау көрсетіп жатса, бұдан асқан көмек жоқ екен!” Әрине, бес саусақ бірдей емес. Кейбіреулер жаңа жағдайға тез бейімделіп кетеді. Ал басқаларға кезінде қосағымен бірге жасаған кез келген іс жараның бетін тырнағандай әсер етеді. Расында да, әр адам өзінше қайғырады. Жұбайынан айырылған адамдардың қамын ойлау — Ехоба бізге берген жауапты да мәртебелі іс (Жақып 1:27 оқыңыз).

17. Жұбайлары тастап кеткен адамдар көмегімізге неге мұқтаж?

17 Кей адамдар зайыбы тастап кеткендіктен күйзеліске түсіп, жан азабын тартады. Күйеуі басқа әйелге кетіп қалған Джойс былай дейді: “Күйеуім менімен ажырасқанда, жүрегіме қанжар сұғылғандай болды. Ол қайтыс болған күнде де, жаныма бұлай батпас еді. Егер ол аурудан не апаттан көз жұмса, бұл кездейсоқ болған жағдай ғой дейсің. Бірақ ол мені өзі қалап тастап кетті. Ол мені қорлап, үстімнен таптап өткендей болды”.

18. Некелік жарсыз қалғандарға қалай көмектессек болады?

18 Осындай жандарға титтей де болса жақсылық жасасақ, оларды жақсы көретінімізді естеріне саламыз. Некелік жарсыз қалғандар әсіресе адал достарға мұқтаж (Нақ. с. 17:17). Адал дос екеніңізді қалай көрсетсеңіз болады? Оларды бір кесе шайға шақырыңыз. Мүмкін, бірге демалуға немесе уағыз қызметіне шығарсыздар. Болмаса ара-тұра отбасылық ғибадатқа шақырып тұрыңыз. Осылай етсеңіз, “жүрегі жаралы жанға жақын тұратын” әрі “жесірлердің қорғаушысы” Ехобаны қуантасыз (Зәб. 34:18; 68:5).

19. Петірдің 1-хаты 3:8 не істеуге ынтаңызды арттырды?

19 Жақында Құдай Патшалығы жерге билік жүргізіп, барлық “қиыншылықтар ұмытылады”. “Бұрынғы жайттар еске алынбайтын, Жүрекке қаяу да түсірмейтін” кезді қалай тағатсыздана күтеміз десеңізші! (Ишая 65:16, 17). Сол күн келгенше бір-бірімізді демеп, барлық бауырласты сүйетінімізді сөзімізбен де, ісімізбен де дәлелдей берейік! (Петірдің 1-хаты 3:8 оқыңыз).

111-ӘН Қуануға себеп көп

^ 5-абзац Лұт, Әйүп және Нағима Ехобаға адал қызмет еткен. Алайда олар да өмірлерінде ауыр кезеңдерді бастан өткізді. Осы мақаладан олардың мысалынан не үйренетінімізді білетін боламыз. Сондай-ақ күйзеліп жүрген бауырластарға шыдамдылық пен жанашырлық таныту, жылы сөздер айту қаншалықты маңызды екенін сөз етеміз.

^ 13-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қатты түңілген ер бауырлас “ашына сөйлеп” отыр, ал ақсақал оны шыдаммен тыңдауда. Бауырлас сабасына түскен соң, ақсақал оған жұмсақтықпен кеңес берді.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ерлі-зайыпты жақында әйелі қайтыс болған бауырласпен әңгімелесуде. Онымен бірге әйелі туралы сөйлесіп, қуанышты сәттерді еске алып отыр.