Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ізгілікке іңкәрсіз бе?

Ізгілікке іңкәрсіз бе?

ЖҰРТ бізді ізгі, жақсы адам деп танығанын бәріміз де қалаймыз. Алайда “жақсылықты жек көретін” мына дүниеде ізгілік таныту кім-кімге де оңай емес (Тім. 2-х. 3:3). Адамдар “жақсыны жаман, жаманды жақсы” дейді, ақ пен қараны өз беттерінше ажыратуды қалайды (Ишая 5:20). Ізгілік ізін суытқан осындай ортада тұрып жатқанымызды былай қойғанда, алған тәрбиеміз бен кемелсіздігіміз тағы бар. Бір бауырласымыздың айтқаны көбіміздің көкейімізде жүрген ойды аңғартатын болар. Ехобаға жылдар бойы қызмет етіп келе жатса да, ол: “Менен ізгі адам шықпайтын сияқты”,— деп мұңын шақты.

Сізді қуантып қояйық, қандай кедергі болмасын, кез келген адам ізгі бола алады! Себебі ізгілік Құдайдың киелі рухынан туындайды. Ал оның рухы ішкі не сыртқы кедергілердің қай-қайсысынан да күшті. Олай болса, осы қасиеттің қыр-сырына үңіліп, оны қалай жақсырақ танытуға болатынын көрейік.

ІЗГІЛІК ДЕГЕН НЕ?

Ізгілік * — өнегеліліктің шыңы, жамандық атаулыдан таза. Ізгі адам моральдық жағынан кіршіксіз, әрқашан игілікке ұмтылады. Ол басқа адамдарға оң әсерін тигізеді, әрі кімге, қалай жақсылық жасасам екен деп жүреді.

Отбасы мен достарына жақсылық жасауға қашанда дайын адамдарды білетін шығарсыз. Бірақ бұл — Ехоба оларды ізгі адам деп біледі деген сөз емес. Өйткені нағыз ізгілікті я жақсылықты ешбір пенде таныта алмайды. Киелі кітапта: “Жер бетінде әрдайым жақсылық жасап, ешқашан күнә істемейтін әділ адам жоқ”,— делінген (Уағ. 7:20). Елші Пауыл: “Бойымда, яғни тәнімде, еш жақсылықтың жоқ екенін білемін”,— деп мойындаған (Рим. 7:18). Сондықтан нағыз ізгі адам болғымыз келсе, ізгіліктің қайнар бұлағы Ехобаға жүгінгеніміз абзал.

ІЗГІЛІКТІҢ ТҮП КӨЗІ

Ненің ізгі екенін орнататын — Ехоба Құдай. Жазбаларда Ехоба туралы: “Сен игісің [яки ізгісің], істерің де игі [яки ізгі]. Маған жарлықтарыңды үйретші”,— деген сөздер бар (Зәб. 119:68). Қазір осы тармақты арқау ете отырып, Ехобаның ізгілігінің екі қырына тоқталамыз.

Ехобаның өзі ізгі. Ізгілік қасиеті — Ехобаның болмысының ажырамас бөлігі. Ол Мұсаға: “Мен саған бар ізгілігімді көрсетемін”,— деген кезде қандай жағдай болғанын көрейікші. Ехоба Мұсаға ізгілігімен қоса ұлылығын паш еткенде, мынадай дауыс естілді: “Ехоба, Ехоба — мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайтын, айнымас сүйіспеншілігі мол және әрдайым сөзіне адал Құдай. Ол айнымас сүйіспеншілігін мыңдаған ұрпаққа көрсетеді. Теріс қылықты, қылмыс пен күнәні кешіреді, бірақ кінәліні ешқашан жазасыз қалдырмайды” (Мұс. 2-ж. 33:19; 34:6, 7). Бұдан түйеріміз — Ехобаның ізгілігі оның әрбір қасиетінен көрініс табады. Иса адамзат тарихындағы ең ізгі тұлға болса да: “Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес”,— деген (Лұқа 18:19).

Табиғат әлемі — Ехобаның ізгілігінің айнасы

Ехобаның істері ізгі. Оның кез келген іс-әрекетінен ізгілік есіп тұрады. “Ехоба бәріне шапағатын түсіреді, Барлық істерінен мейірімі көрінеді” (Зәб. 145:9). Ол адамдарға өмірді де, өмірге қажеттінің бәрін де беріп, ізгілігін ешкімнен аямайды (Ел. іс. 14:17). Бізді кешіретінінен де ізгілігі көрінеді. “Уа, Ехоба, сен ізгі әрі кешіруге дайынсың”,— делінген Зәбүр кітабында (Зәб. 86:5). “Ехоба мінсіздіктен таймай жүретіндерді ешбір игіліктен құралақан қалдырмайды” (Зәб. 84:11).

ІЗГІ БОЛУДЫ ҮЙРЕНЕЙІК

Адам баласы Құдайға ұқсас етіп жаралғандықтан, ізгі бола да алады, ізгі істер жасай да алады (Мұс. 1-ж. 1:27). Құдай Сөзі: “Жақсылық [яки ізгілік] жасауды үйреніңдер”,— деп шақырады (Ишая 1:17). Ендеше біз, Құдайдың қызметшілері, қалай ізгі бола аламыз? Мұның үш жолы бар.

Біріншісі — дұғада киелі рух сұрау арқылы. Сонда жүрегімізге шынайы ізгілік ұялайды (Ғал. 5:22). Иә, Құдайдың киелі рухы жамандықтан жиреніп, жақсылықты сүюге көмектеседі (Рим. 12:9). Киелі кітапта Ехобаның “істеріміз де, сөздеріміз де әрқашан игі болу үшін нығайтатыны” айтылған (Сал. 2-х. 2:16, 17).

Екінші жолы — рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзін оқу. Солай етсек, “жақсылық атаулыны түсінеміз” әрі “кез келген игі іске толықтай даяр боламыз” (Нақ. с. 2:9; Тім. 2-х. 3:17). Киелі кітапты оқып, білгеніміз туралы ой жіберіп толғанғанда, жүрегіміз Құдай жайында, оның еркі жайында ізгі асыл тастарға толады. Бұл рухани қазынамызды байыта түсіп, ертеңгі күні кәдемізге асады (Лұқа 6:45; Ефес. 5:9).

Үшінші жолы — бар күшімізді салып “жақсылыққа еліктеу” (Жох. 3-х. 11). Жазбалар жақсы адамдардың үлгісіне тұнып тұр. Әрине, үлгі тұтар ең үздік тұлғалар — Ехоба мен Иса. Дегенмен ізгілігімен тарихта із қалдырған Құдай қызметшілерінен де үйренеріміз көп. Мысалы, Табита мен Барнабадан (Ел. іс. 9:36; 11:22—24). Олар жайында Киелі кітапта не айтылғанын зерттеп, басқаларға қалай жәрдем бергендеріне көңіл қойыңыз. Өзіңіз де отбасыңызға не бауырластарға қандай көмек ұсына алатыныңызды ойлап көріңіз. Табита мен Барнаба ізгі болғандарының қандай жемісін көргендерін де назардан тыс қалдырмаңыз. Сіз де мұндай жемісті нәтижеге жете аласыз.

Сіздің айналаңызда да ізгі жандар аз емес шығар. Мәселен, “ізгілік атаулыны жақсы көретін”, қауым үшін түн ұйқысын төрт бөлетін ақсақалдар, сөзімен әрі жүріс-тұрысымен “ізгілікке үйрететін” адал әйел бауырластар (Тит. 1:8; 2:3). Розлин есімді бауырласымыз былай дейді: “Менің құрбым қауымдағы біреу көмекке не жігерге мұқтаж болса, жанын салып қол ұшын береді. Ол адамның жай-күйі туралы ойланып, кішігірім сыйлық жасайды немесе басқалай жәрдем береді. Мен оны нағыз ізгі адам деп айтар едім”.

Ехоба өз халқына: “Жақсылықты іздеңдер”,— дейді (Амос 5:14). Солай етсек, Ехобаның нормаларын сүйіп қана қоймай, ізгі істер жасауға да ықыласты боламыз.

Біз өзіміз де, ісіміз де ізгі болғанын қалаймыз

Ізгілік таныту үшін тауды қопарудың немесе қымбат сыйлық жасау үшін қалтадан қағылудың қажеті жоқ. Мысалы, гүл өсу үшін оған бір құйғанда бір шелек су құймаймыз ғой. Аз-аздан жиі-жиі құйып отырамыз. Сол секілді ізгілік те көптеген кішігірім жақсылықтан құралады.

Жазбалар бізді ізгі іске дайын болуға шақырады (Тім. 2-х. 2:21; Тит. 3:1). Өзге адамның жай-күйіне назар аударсақ, оған “ұнайтынды, яғни оны рухани нығайтатын нәрсені істеудің” жолын табамыз (Рим. 15:2). Бәлкім, қолымыздағы барымызбен бөлісерміз (Нақ. с. 3:27). Бір кесе шайға шақырып, көңілді сергітетін әңгімеге тартатын шығармыз. Ал біреу ауырып жатса, оған ашық хат жолдап не үйіне соғармыз, болмаса телефон шалып халін сұрармыз. Иә, бір сәтке кідіріп ойланып көрсек, басқаларды “қажет кезінде нығайтып, пайдаларына асатын” жақсы сөз айтудың көп жолын табамыз (Ефес. 4:29).

Ехобаны үлгі тұтып, біз де барлық адамға ізгілік жасағымыз келеді. Сондықтан алалаушылықтан аулақпыз. Адамдардың бәріне бірдей ізгілік танытудың ең тамаша жолы — Патшалық туралы ізгі хабарды айту. Біз, Иса бұйырғандай, бізді жек көретіндерге де ізгілік танытамыз (Лұқа 6:27). Біреуге мейірімділік пен ізгілік танытудың еш оғаштығы жоқ. Өйткені “бұларға қарсы еш заң жоқ” (Ғал. 5:22, 23). Өз қиындығымызға не өзгенің жасаған жамандығына қарамай “жақсы жүріс-тұрысымыздан” айнымасақ, өзгелердің шындыққа тартылуы әбден мүмкін, сондай-ақ Құдайға мадақ әкелеміз (Пет. 1-х. 3:16, 17).

ІЗГІЛІК ЕККЕН ІЗГІЛІК ОРАДЫ

“Жақсы адам іс-әрекетінің жемісін көреді”,— дейді Құдай Сөзі (Нақ. с. 14:14). Ізгіліктің жемістері қандай? Басқаларға ізгілік танытқанда, олар да бізге ізгілікпен жауап беріп жатады (Нақ. с. 14:22). Бұлай болмаған күнде де, үзбей жақсылық жасай берсек, “қатуланып тұрған адамды жұмсартып, жүрегін жібіте” аламыз (Рим. 12:20 сілт.).

Жамандығын тыйып, жақсылыққа бет бұрған көп адам қазір нағыз бақыттың дәмін татуда. Бұған Нэнсидің өмірі дәлел. Ол былай деп сыр шертеді: “Бойжете келе бейберекет, азғын өмір кештім, абыройдан жұрдай болдым. Бірақ Құдайдың көз алдында ізгілікке не жататынын білген соң, өмірімді соған сай туралай бастадым. Содан бақытым да еселене берді. Қазір қадір-қасиетімді қайта тапқандаймын”.

Мақаладан ізгі болуға көп себеп бар екенін көрдік. Десе де ең басты себеп — Ехобаны қуантқымыз келетіні. Біздің ізгі істерімізді басқалар байқамаған жағдайда да Ехоба байқайды. Ол ізгілік жолындағы әрбір ісіміз бен әрбір ізгі ойымызды біледі (Ефес. 6:7, 8). Ехоба ізгі адамды сыйсыз қалдырмайды. Киелі кітапта айтылғандай, “Ехоба жақсы адамды ұнатады”, яғни ықыласына бөлейді (Нақ. с. 12:2). Олай болса, осы әдемі қасиетті шыңдай берейік. Ехоба: “Жақсылық жасайтын әркім... тыныштыққа, даңқ пен құрметке бөленеді”,— деп уәде береді (Рим. 2:10).

^ 5-абзац Түпнұсқадағы ізгілік сөзі қазақ тіліндегі “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” жақсылық, игілік деп те берілді.