Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Исаның ізімен жүріп, тыныштық табыңыз

Исаның ізімен жүріп, тыныштық табыңыз

“Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректеріңді... сақтайды” (ФІЛІП. 4:7).

113-ӘН Құдай сыйлаған татулық

АҢДАТПА *

1, 2. Исаны уайымдатқан не?

ЖЕРДЕГІ өмірінің ақырғы күні Исаның еңсесін уайым басты. Ол біраздан соң зұлым да безбүйрек адамдардың қолына түсіп, қиналып өлмек еді. Алайда оны толғандырған тағы бір елеулі мәселе бар еді. Иса Әкесін қатты сүйді, әрі оған ұнамды болуды қалады. Ол алдындағы ауыр сынақтан адал өтсе, Ехобаның есімін ақтауға ойып тұрып үлес қосарын білді. Иса адамдарды да сүйді. Ақтық демі шыққанша Ехобаға адал болып қалса, адамзаттың мәңгі өмір сүру үмітін жалғайтынын ол жақсы түсінді.

2 Уайымы зілдей ауыр болса да, Иса тыныштығын жоғалтпады. Ол елшілеріне: “Мен өздеріңе берген тыныштықты араларыңда қалдырамын. Ал менің тыныштығым осы дүниенің тыныштығынан өзгеше”,— деген (Жох. 14:27). Иса Құдайдың тыныштығына ие еді, яғни Ехобамен баға жетпес қарым-қатынастан туындайтын мамыражай, тыныш күйде еді. Исаның ой-санасы мен жүрегі осындай тыныштықтың құшағында болды (Філіп. 4:6, 7).

3. Бұл мақалада не туралы білеміз?

3 Исанікіндей азап ешкімнің басына түсе қоймас. Бірақ оған ергендердің бәрі қиындықтан өтеді (Мат. 16:24, 25; Жох. 15:20). Сондайда Иса сияқты уайым кешетін болармыз. Алайда уайымға құл болып, тыныштығымыздан айырылмау үшін не істеуге болады? Жерде қызмет еткен кезінде Исаға қандай үш нәрсе көмек болғанын және біз оған қалай еліктей алатынымызды көрейік.

ИСА ҰДАЙЫ ДҰҒА ЕТКЕН

Дұға ету арқылы жантыныштығын сақтай аламыз (4—7 абзацтарды қараңыз)

4. Өмірінің соңғы күні Иса қандай жағдайларда дұға айтты? Салоникалықтарға 1-хат 5:17-де мәсіхшілерге қандай кеңес берілген?

4 Салоникалықтарға 1-хат 5:17 оқыңыз. Жердегі өмірінің соңғы күні Иса үзбей дұға айтумен болды. Өлімін еске алу кешін енгізгенде, Иса нан мен шарапты қолына алып, дұға айтқан (Қор. 1-х. 11:23—25). Құтқарылу мейрамын тойлап болған соң да, ол шәкірттерімен бірге дұға етті (Жох. 17:1—26). Сол түні шәкірттерімен бірге Зәйтүн тауына барғанда да, Иса қайта-қайта дұға айтумен болды (Мат. 26:36—39, 42, 44). Ақтық демі шығарда да айтқан сөздері дұға болды (Лұқа 23:46). Сол маңызды күні болған жайттардың бәрін Иса дұғасына қосып отырды.

5. Шәкірттер не үшін батылдық таныта алмай қалды?

5 Исаның сынаққа төзе алғанының бір себебі — Әкесіне сенім артып дұға айтқаны. Бірақ, өкінішке қарай, шәкірттері сол түні ұдайы дұға етпеді. Соның кесірінен сын сағатта берік тұра алмады (Мат. 26:40, 41, 43, 45, 56). Сынақта нық тұрып, адал болып қалғымыз келсе, Исаның ізімен жүргеніміз әрі “ұдайы дұға еткеніміз” өте маңызды. Дұғада Ехобадан не сұрасақ болады?

6. Тыныштықтан айырылмауға сенім қалай көмектеседі?

6 Дұғада Ехобадан “сенімімізді нығайтуын” сұрағанымыз жөн (Лұқа 17:5; Жох. 14:1). Өйткені Шайтан Исаның барлық ізбасарын сынақтан өткізеді (Лұқа 22:31). Қиындықтар қабаттасып кеткенде, тыныштығымыздан айырылмауға сенім қалай көмектеседі? Қиындықпен күресу үшін қолдан келгеннің бәрін істеген соң, сенім бізге мәселені Ехобаға табыстап, уайымдамауға көмектеседі. Ехоба мәселені шешудің ең жақсы жолын білетіндіктен оған сенім артсақ, жүрегіміз бен ой-санамыз тыныштықтың құшағында болады (Пет. 1-х. 5:6, 7).

7. Роберт бауырластың сөзінен не түйдіңіз?

7 Дұға ететін болсақ, жантыныштығымызды ешқандай қиындыққа алдырмаймыз. Жасы сексендегі Роберт есімді ақсақал былай дейді: “Філіпіліктерге 4:6, 7-дегі кеңес мені небір күндерден алып шықты. Ақшадан қатты қысылған, ақсақалдық қызметімнен айырылып қалған кезім де болды”. Роберт бауырлас ненің арқасында жантыныштығын сақтай алды? “Мазам қаша бастаса, бірден дұға айтамын. Жиі-жиі әрі шын беріле дұға айтқан сайын, тыныштығым да еселене беретініне кәміл сенемін”,— дейді ол.

ИСА БАР ЫНТАСЫМЕН УАҒЫЗДАҒАН

Уағыздау арқылы жантыныштығын сақтай аламыз (8—10 абзацтарды қараңыз)

8. Жохан 8:29-ға сай, Исаның жантыныштығына тағы не нәрсе сеп болды?

8 Жохан 8:29 оқыңыз. Әкесін қуантып жүргенін білгендіктен, Иса қуғын-сүргін кезінде де жантыныштығын сақтай алды. Өте қиын жағдайда да ол Әкесіне мойынсұнды. Ехобаны жақсы көргендіктен, Иса оған өмірін тұтасымен арнады. Жерге келмес бұрын ол Әкесінің қасында “шебер жұмысшы” болған (Нақ. с. 8:30). Ал жерге келгенде, Әкесі жайында бар ынтасымен тәлім берді (Мат. 6:9; Жох. 5:17). Бұл іс Исаны зор шаттыққа бөлеп, көңілін тасытатын (Жох. 4:34—36).

9. Өзімізді уағыз ісіне толығымен арнағанымыз жантыныштығын сақтауға қалай көмектеседі?

9 Ехобаға мойынсұнсақ әрі “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектенсек” — Исаның ізімен жүргеніміз (Қор. 1-х. 15:58). Өзімізді “толығымен Құдай сөзін уағыздауға арнасақ”, қиыншылығымызға оң көзбен қарайтын боламыз (Ел. іс. 18:5). Мысалы, қызметте таудай қиындықтары бар адамдар жиі кезігіп тұрады. Бірақ олар Ехобаны танып-біліп, ақыл-кеңесіне құлақ асқанда, өмірлерінің мәні кіріп, бақытқа кенеліп жатады. Осыған куә болған сайын, Ехоба бізді де қалдырмайтынына сеніміміз арта түседі. Бұл сенімділік өз кезегінде жантыныштығымызды тұғырынан тайдырмай ұстап тұрады. Өзін адам құрлы санамай, жанкүйзелісімен өмір бақи күресіп келген бір әйел бауырлас осының растығына көз жеткізген. Ол былай дейді: “Қызметке білек түре кірісіп кетсем, эмоциялық күйім бір қалыпқа түсіп, қуанып қаламын. Қызметте жүрсем, Ехобаға етене жақын жүргенімді сеземін. Қуанышымның себебі осы болар”.

10. Бренданың айтқанынан не үйрендіңіз?

10 Бренда есімді әйелдің мысалына тоқталайықшы. Оның өзі де, қызы да шашыранды склероз дертіне шалдыққан. Бренданың әл-дәрмені жоқ. Ол мүгедектер арбасына таңылған. Шамасы келгенде үйме-үй уағыздап тұрады, бірақ көбіне хат жазу арқылы куәлік береді. Бренда былай дейді: “Мен шындыққа тура қарап, осы заманда жағдайым еш түзелмейтінін түсіндім. Сөйтіп, бар ақыл-санамды уағыз ісіне жұмылдырдым. Қызмет қиындығымды ұмыттырып, уайымымды сейілтеді. Бар ойым — қауымның аумағындағы адамдарға көмектесу. Оларға үміт хабарын жеткізген сайын өз үмітім де жалындап отырады”.

ИСАҒА ДОСТАРЫ ДЕМЕУ БОЛДЫ

Достармен араласу арқылы жантыныштығын сақтай аламыз (11—15 абзацтарды қараңыз)

11—13. а) Елшілер мен басқа да адамдар Исаның нағыз достары екенін қалай дәлелдеді? ә) Достарының демегені Исаға қалай әсер етті?

11 Жерде қызмет еткен кезінде Исаға адал елшілері үлкен демеу болды. “Туған бауырдан да жақын дос бар” демекші, олар нағыз дос екендерін дәлелдеді (Нақ. с. 18:24). Олар Исаның жанына қымбат жандар болды. Исаның қызметі кезінде бауырларының ішінен ешқайсысы оған сенбеген еді (Жох. 7:3—5). Тіпті бірде туыстары оны ақылынан адасты деп ойлады (Мар. 3:21). Ал достары туралы Иса өлер алдындағы түні: “Қиындыққа ұшыраған кездерімде менімен бірге болған сендерсіңдер”,— деп айтқан (Лұқа 22:28).

12 Ара-тұра елшілері көңілін қалдырса да, Иса олардың қателіктеріне қадалып жатпай, сенімдеріне назар аударды (Мат. 26:40; Мар. 10:13, 14; Жох. 6:66—69). Өлімге кесілер алдындағы түні Иса сол адал елшілеріне былай деді: “Мен сендерді достарым деп атаймын, себебі Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім” (Жох. 15:15). Достары Иса үшін нағыз жігердің көзі болған. Олар Исаға қызметін атқаруға қолдау көрсетіп, көңіліне шаттық ұялатты (Лұқа 10:17, 21).

13 Елшілерінен бөлек, Исаның басқа да адал достары болды. Олардың ішінде ерлер мен әйелдер де бар еді. Олар Исаға уағыз ісінде әртүрлі жолдармен көмек көрсеткен. Кейбірі оны үйіне шақырып қонақ еткен (Лұқа 10:38—42; Жох. 12:1, 2). Басқалары оған еріп жүрген әрі қолда барларымен бөліскен (Лұқа 8:3). Исаның адал достарының көп болғанының себебі — оның өзі адал дос бола білген. Иса оларға жақсылық жасаған, шамалары келмейтін нәрсені күтпеген. Өзі кемелді болса да, кемелсіз достарының көмегін құнды көрген. Иә, достарының демеуі Исаға жантыныштығын сақтауға сеп болды.

14, 15. Адал достарды қалай тапсақ болады және олар бізге қалай көмектеседі?

14 Нағыз достар Ехобаға адал болып қалуымызға көмектеседі. Адал достар табудың ең жақсы жолы — адал дос бола білу (Мат. 7:12). Киелі кітап өзгелердің, әсіресе мұқтаж жандардың мүддесі үшін күш пен уақытымызды аямауға шақырады (Ефес. 4:28). Қауымыңызда сіздің көмегіңізге мұқтаж жандар бар ма? Бәлкім, үйінен шыға алмайтын жариялаушыларға дүкеннен керек-жарағын әкеп берерсіз. Таршылық көріп жатқан отбасына ас әзірлеп бере алатын шығарсыз. Я болмаса jw.org® сайтын, “JW Library®” қосымшасын қолдана алмайтындарға көмектесіп, рухани қазынаның көзін ашып берерсіз. Ой-санамызды өзгелерге қол ұшын беруге жұмылдырсақ, бақыттың құшағына енеріміз сөзсіз (Ел. іс. 20:35).

15 Достарымыз басымызға күн туғанда демеу болып, жантыныштығымыздан айырылмауға жәрдем береді. Мұңын шаққан Әйүпті Елиху үнсіз тыңдап отырғанындай, достар да уайымымызды айтқанда, шыдаммен тыңдайды (Әйүп 32:4). Әрине, олар біз үшін шешім қабылдап береді деп күтпейміз. Әйтсе де Жазбаларды арқау еткен ақыл-кеңестерін елеусіз қалдырмайық (Нақ. с. 15:22). Дәуіт патша кішіпейілділікпен достарының көмегін қабыл алғандай, біз де достарымыздың көмегін қабылдаудан қысылмайық (Сам. 2-ж. 17:27—29). Расында да, мұндай достар Ехоба сыйға тартқан адамдар (Жақ. 1:17).

ТЫНЫШТЫҒЫМЫЗ ТҰҒЫРЫНАН ТАЙМАСЫН

16. Філіпіліктерге 4:6, 7-ге сай, тыныштықты иемденудің жолы қандай? Түсіндіріңіз.

16 Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз. Неліктен Ехоба “Мәсіх Иса арқылы” тыныштыққа ие болатынымызды айтты? Себебі Исаның Құдай ниетіндегі рөлін түсініп, оған сенген жағдайда ғана ой-санамыз бен жүрегімізде баянды тыныштық орнайды. Мысалы, Исаның төлем құрбандығының арқасында барлық мін-кінаратымыз кешіріледі (Жох. 1-х. 2:12). Бұл жанымызға жұбаныш береді емес пе?! Құдай Патшалығының Патшасы Иса Шайтанның және оның дүниесінің кесірінен болған бар залалдың уытын қайтарады (Ишая 65:17; Жох. 1-х. 3:8; Аян 21:3, 4). Болашағымыздың бізге осылай күлімдеп тұрғаны үмітімізді жалындатады! Исаның тапсырған ісі қиынға соғып жатса да, ұмытпаңыз, ол “осы заман аяқталғанша, әр күні” сізбен бірге (Мат. 28:19, 20). Бұлай екені қайратымызды қамшылай түседі, солай емес пе?! Жұбаныш, үміт және қайрат — жантыныштығымыздың үш тұғыры десек, қате айтпаспыз.

17. а) Мәсіхшілер жантыныштығын қалай сақтай алады? ә) Жохан 16:33-тегі уәдеге сай, не нәрсеге сенімді бола аламыз?

17 Сонымен, қатал сынаққа кезігіп, өр еңсеміз түскенде, жантыныштығын сақтай алудың сыры неде екен? Иса істеген үш нәрсені істеуде. Бұлар: ұдайы дұға айту; қиынға соққан жағдайда да Ехобаға мойынсұну әрі бар ынтамызбен уағыздау; сондай-ақ достардың көмегіне жүгіну. Сонда Құдайдың тыныштығы ой-санамыз бен жүрегімізді сақтайды. Осылайша Иса сияқты біз де кез келген сынақты жеңе аламыз! (Жохан 16:33 оқыңыз).

41-ӘН Ести көр мені деп өтінем

^ 5-абзац Тыныштығымызды қашыратын қиындықтар көбімізде бар. Олар алқымымыздан алып жатса да, жантыныштығын сақтау — мүмкін нәрсе. Бұған Исаның мысалы дәлел. Исаға қандай үш нәрсе көмек болғанына осы мақалада назар аударамыз.