Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қызметімізді толықтай атқарып жүрміз бе?

Қызметімізді толықтай атқарып жүрміз бе?

“Ізгі хабардың уағыздаушысы болып, қызметіңді толықтай атқара бер” (ТІМ. 2-Х. 4:5).

57-ӘН Барша жанға уағыздайық

АҢДАТПА *

Иса тірілген соң, шәкірттеріне көрінді де, оларға “шәкірттер дайындауды” тапсырды (1-абзацты қараңыз)

1. Құдайдың қызметшілерінің бәрі нені қалайды және неліктен? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

ИСА МӘСІХ ізбасарларына: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деп бұйырған (Мат. 28:19). Құдайдың барша адал қызметшілері осы тапсырмаларын “толықтай атқаруды” үйренгілері келеді (Тім. 2-х. 4:5). Өйткені өмірде одан асқан маңызды, құнды әрі шұғыл іс жоқ. Десе де кейбірімізге қызметке қалағанымызша уақыт жұмсау қиынның қиыны болып отыр.

2. Қызметімізді қандай нәрселер қиындатуы мүмкін?

2 Сананы тұрмыс билеген заманда уақыт пен күш алатын істер көп. Өз басымыз бен отбасымызды асырау үшін көп жұмыс істеуге тура келер. Бәлкім, өзіміздің немесе отбасымыздағы біреудің тән не жан дерті бар шығар. Болмаса, қарттықпен қатар келетін ауру-сырқаудың зардабын тартып жүрген болармыз. Осындай ауыртпалықтарды арқалай жүріп, қызметімізді толықтай атқара беру мүмкін бе?

3. Исаның Матай 13:23-тегі сөздерінен не білеміз?

3 Жағдайымыз Ехобаға қызмет етуге жұмсайтын уақытымызды шектеп жатса, көңіліміз жығылмасын. Иса Патшалық өнімін бәрі бір мөлшерде емес, әркім өз шамасына қарай беретінін білген (Матай 13:23 оқыңыз). Ехоба үшін қызметте барымызды салып атқарған кез келген ісіміз бағалы (Евр. 6:10—12). Десе де кейбіріміз көбірек істей алатын шығармыз. Осы мақалада келесідей үш нәрсеге үйренеміз: қызметімізге басымдық беру, бір нәрсеге көз тігіп өмір сүру, уағыздау мен тәлім беру қабілетімізді қайрау. Алдымен “қызметті толықтай атқаруға” не жататынын көрейік.

4. Қызметті толықтай атқару дегенді түсіндіріп беріңіз.

4 Қызметті толықтай атқару дегеніміз — жалпақ тілмен айтқанда, уағыздау мен тәлім беру ісіне мейлінше атсалысу. Бұл қызметке көп уақыт бөлуден де маңызды нәрсені — ниетімізді қамтиды. Біз Ехобаны және өзге адамдарды жақсы көргендіктен, мәсіхшілік қызметімізді бүкіл жан-тәнімізбен атқарамыз * (Мар. 12:30, 31; Қол. 3:23). Ехобаға жан-тәнмен қызмет етуге бар күш-қуатымызды, бар қабілет-дарынымызды салып, білек сыбана қызмет ету жатады. Уағыз ісін мәртебе санайтын мәсіхшіге бұлай ету қиын емес. Ондай мәсіхші ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға айтуға тырысады.

5, 6. Уақыты тапшы адам уағыз ісіне басымдық бере ала ма? Мысал келтіріңіз.

5 Бір жігіттің гитара тартқанды жаны сүйеді делік. Ол мүмкіндік болған кездің бәрінде гитарада ойнайды. Бірақ күн көру үшін ол дүкенге сатушы болып орналасып, толық уақыт жұмыс істейді. Уақытының көбі дүкенде өтсе де, жігіттің бар ойы музыкада. Ол гитарада шебер ойнауды үйреніп алып, кәсіби музыкант болғысы келеді. Сондықтан қолы қалт етсе гитарада ойнап тұрады.

6 Сол сияқты сіз де уағыз ісіне өзіңіз қалағандай уақыт жұмсай алмайтын шығарсыз. Алайда сіз бұл істі жақсы көресіз. Ізгі хабарды адамдардың жүрегіне жеткізу үшін, қабілетіңізді шыңдайсыз. Бірақ уақытыңызды алатын жауапкершіліктеріңіз көп болғандықтан, уағыз ісіне басымдық бере аламын ба деп ойланатын боларсыз.

ҚЫЗМЕТКЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІҢІЗ

7, 8. Исаның қызметке деген көзқарасына қалай еліктей аламыз?

7 Исаның қызметке деген көзқарасы таңғалдырады. Ол үшін Құдай Патшалығы туралы айту басты нысана болған (Жох. 4:34, 35). Мейлінше көп адамға уағыздау үшін ол жүздеген шақырым жерді жүріп өткен. Жұрт қаумалаған жерде де, үйлерде де уағыздаудың әрбір сәтін пайдаланды. Иә, Иса өмірін тұтасымен қызметке арнады.

8 Исаға еліктеп біз де қайда жүрмейік, қолымыз қалт етсе ізгі хабарды уағыздағымыз келеді. Бұл үшін өз мүддемізді құрбан етуге де дайынбыз (Мар. 6:31—34; Пет. 1-х. 2:21). Қауымдағы кейбір бауырластар арнайы, тұрақты не қосалқы ізашар болып қызмет етуде. Өзгелері болса басқа тілді игерген немесе жариялаушылар жетіспейтін жерге көшкен. Алайда уағыз ісінің басым бөлігін атқаратындар қызметте барын салып жүрген қауымдағы жариялаушылар. Ехоба бізден жоқ нәрсені береді деп күтпейді. Ол бәріміздің “бақытты Құдайдың ұлы ізгі хабарын” қуана жариялағанымызды қалайды (Тім. 1-х. 1:11; Мұс. 5-ж. 30:11).

9. а) Жұмыс істеуіне тура келсе де, Пауыл уағыз ісіне қалайша басымдық берген? ә) Елшілердің істері 28:16, 30, 31-ден Пауылдың қызметке деген көзқарасы жайлы не білеміз?

9 Елші Пауыл қызметке өмірдегі ең маңызды іс деп қарауымен бізге жақсы үлгі қалдырды. Ол Қорынт қаласында екінші миссионерлік сапармен жүргенде ақшадан біраз тарығып қалады. Сөйтіп, шатыр жасап күн көруіне тура келеді. Бірақ Пауыл бұл іске басымдық бермеген. Ол қызметін әрі қарай атқара алу үшін ғана осы кәсіппен айналысты. Соның арқасында қорынттықтарға ізгі хабарды “еш ақысыз” жариялай алар еді (Қор. 2-х. 11:7). Біраз уақыт жұмыс істеу керек болса да, Пауыл әр демалыс күні адамдарға уағыздап, қызметін басты орынға қойып жүрді. Жағдайы реттелген соң, уағыз ісіне одан да көп уақыт жұмсайтын болды. “Пауыл өзін толығымен Құдай сөзін уағыздауға арнап, яһудилерге Исаның Мәсіх екенін дәлелдеп, куәлік етіп жүрді” (Ел. іс. 18:3—5; Қор. 2-х. 11:9). Кейін Римде екі жыл үй қамауында отырса да, жақсы әдетінен жаңылмай, келушілерге Құдай сөзін айтып жүрді және хаттар жазды (Елшілердің істері 28:16, 30, 31 оқыңыз). Ол қызметінің алдында еш нәрсенің кесе-көлденең тұруына жол бермеді. Пауыл: “Осы қызметке ие болғандықтан, еш талмаймыз”,— деп жазды (Қор. 2-х. 4:1). Пауылдың жағдайындағыдай, жұмыс көп уақытымызды алып жатса да, біз Патшалық ісіне өміріміздің төрінен орын бере аламыз.

Қызметімізді толықтай атқарудың түрлі жолдары бар (10, 11-абзацты қараңыз)

10, 11. Ауру-сырқауымызға қарамастан, қызметімізді қалайша толықтай атқара аламыз?

10 Қарттықтың не нашар денсаулықтың кесірінен үйден үйге жүріп қызмет етуге өзіміз қалағандай атсалыса алмайтын шығармыз. I ғасырдағы жариялаушылар адам бар жердің бәрінде уағыздаған. Олар үйме-үй, көпшілік орындарында не бейресми болсын, “кезіккендермен пікір алысып жүрді” (Ел. іс. 17:17; 20:20). Осылайша шындық туралы айтудың бірде-бір мүмкіндігін жібермеді. Егер сіз көп жүре алмасаңыз, көпшілік орындарында отырып, өткен-кеткендерге уағыздай алатын шығарсыз. Я болмаса бейресми түрде, телефон не хат арқылы куәлік бере аларсыз. Нашар денсаулықтарына, тағы басқа қиындықтарына қарамастан, көп жариялаушылар уағыз ісінің осы түрлеріне қатысып, көңілдері толып, қуаныш алып жүр.

11 Сіз ауру-сырқауыңызға қарамастан, қызметіңізді толықтай атқара аласыз. Елші Пауыл: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деген (Філіп. 4:13). Ол миссионерлік сапарларының бірінде ауырып қалып, осы күш-қуатты қажет етті. Пауыл өз жағдайы туралы ғалаттықтарға: “Өздеріңе ізгі хабарды алғаш рет жариялауға барғанымда науқас болғанымды білесіңдер”,— деген (Ғал. 4:13). Мысалы, сіздің денсаулығыңыздың күйі кейбір адамдарға ізгі хабарды жариялауға жол ашуы мүмкін. Мысалы, дәрігерлерге, медбикелер мен күтім жасаушыларға. Жариялаушылар осы кісілердің есігін қағып жатқанда, олар жұмыс орнында, яғни сіздің қасыңызда отыруы мүмкін.

БІР-АҚ НӘРСЕГЕ КӨЗ ТІГІҢІЗ

12. “Көзімізді бір-ақ нәрсеге тігу” деген нені білдіреді?

12 Иса былай деген: “Дененің шамы — көз. Сондықтан көздеріңді бір-ақ нәрсеге тіксеңдер, бүкіл денелерің жарық болады” (Мат. 6:22). Мұнымен Иса не айтқысы келді? Ол қарапайым өмір сүріп немесе бір ғана мақсатты көздеп, содан ауытқымауды айтты. Исаның өзі де қызметіне көз тіккен, әрі шәкірттерін де Ехобаға деген қызметтеріне және оның Патшалығына көз тігуге шақырған. Біз де “Құдай Патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қойып”, мәсіхшілік қызметті өмірімізде басты нысана етеміз (Мат. 6:33).

13. Мәсіхшілік қызметімізге көз тігу үшін не істей аламыз?

13 Қызметімізге көз тігудің бір жолы — өмірімізді қарапайым ету. Сонда басқа адамдарға Ехоба туралы білуге, оны жақсы көруге көмектесетін уақытымыз көп болады *. Сіз апта ішінде қызметке көбірек атсалысу үшін жұмыс уақытыңызды қысқарта аласыз ба? Уақытты сарқып алатын демалыс түрлеріне азырақ уақыт жұмсай аласыз ба?

14. Қызметке көбірек уақыт бөлу үшін бір ерлі-зайыпты не істеді?

14 Бір ақсақал мен әйелінің мысалына тоқталайықшы. Күйеуі Илайс былай дейді: “Ізашар болып қызмет ете алмасақ та, уағыз ісіне көбірек қатысудың басқа амалдарын іздестірдік. Сөйтіп, кішігірім қадамдардан бастадық. Алдымен, шығындарды азайттық. Демалуға тым көп уақыт жұмсайтынымызды түсініп, оны да қысқарттық. Сосын жұмыс берушілермен келісіп, жұмыс кестемізді ыңғайластырып алдық. Осының арқасында кешкі мезгілде уағыздайтын болдық, зерттеу сабақтарымыз көбейді, тіпті айына екі мәрте жұмыс күндері қызмет ете алатын деңгейге жеттік. Қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаймын!”

УАҒЫЗДАУ МЕН ТӘЛІМ БЕРУ ҚАБІЛЕТІҢІЗДІ ҚАЙРАҢЫЗ

Апта ішіндегі кездесуде үйренгенімізді қолдансақ, қызметімізді жетілдіре түсеміз (15, 16-абзацты қараңыз) *

15, 16. Тімөтеге 1-хат 4:13, 15-ке сай, уағыздау қабілетімізді қалай қайрай аламыз? (“ Қызметімді толықтай атқаруға арқау болар мақсаттар” деген қоршауды қараңыз).

15 Қызметімізді толықтай атқарудың тағы бір жолы — уағыздау шеберлігімізді шыңдау. Кейбір маман иелері біліктілігін арттыра беру үшін үзбей білім алып, арнайы курстардан өтіп тұрады. Бұл Патшалық жариялаушыларына да қажет. Біз де қабілетті қызметші болуды үзбей үйрене бергеніміз жөн (Нақ. с. 1:5; Тімөтеге 1-хат 4:13, 15 оқыңыз).

16 Осы салада “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің маңызы зор. Бұл кездесу уағыздау қабілетімізді қайрай түсетін таптырмас кеңестерге толы. Онда берілетін нұсқауларға мұқият ден қойсақ, қызметімізді жетілдіре аламыз. Мысалы, бағдарламаның төрағасы оқушыларға кеңес беріп жатқанда, қызметіміздің сапасын арттыратын кеңестерді түртіп алармыз. Кейін сол кеңестерді біреуге уағыздағанда қолдансақ болады. Я болмаса тобымыздың бақылаушысынан көмек сұрай аламыз, онымен уағызға шықсақ та болады. Сондай-ақ тәжірибелі жариялаушымен, ізашармен не аудандық бақылаушымен қызметтесе аламыз. Тәлім беру құралдарын да ұмытпаған жөн. Ондағы әрбір құралды шебер қолдануды үйреніп алсақ, уағыздау мен тәлім беру ісін одан сайын ұнататын боламыз.

17. Қызметті толықтай атқарғанның нәтижесі қандай болады?

17 Ехоба бізді өзімен қызметтесуге шақырғаны үшін өте қуаныштымыз! (Қор. 1-х. 3:9). “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп”, мәсіхшілік қызметіңізге көз тіксеңіз, “Ехобаға қуана қызмет етесіз” (Філіп. 1:10; Зәб. 100:2). Қандай қиындықтарыңыз, кедергілеріңіз болмасын, Құдай сізге қызметіңізді толықтай атқара беруге қажетті күш дарытады. Бұған еш күмәніңіз болмасын (Қор. 2-х. 4:1, 7; 6:4). Жағдайыңызға қарай азды-көпті қызмет етсеңіз де, жан-тәніңізбен атқарсаңыз, “өз істеріңізге қуанатын” боласыз (Ғал. 6:4). Қызметіңізді толықтай атқарсаңыз, Ехобаны және өзге адамдарды жақсы көретініңізді көрсетесіз. “Сонда өзіңізді де, тыңдаушыларыңызды да құтқара” аласыз (Тім. 1-х. 4:16).

58-ӘН Татулықты сүйетіндерді іздейік

^ 5-абзац Біздің Патшалық туралы ізгі хабарды айту және шәкірт дайындау міндетіміз бар. Алайда кейбіріміздің қиындықтарымыз да бар. Соған қарамастан қызметімізді толықтай атқара беру үшін не істей аламыз? Уағыз ісін тиімдірек атқарып, көбірек қуаныш алу үшін ше? Бұл сұрақтарға осы мақаладан жауап аламыз.

^ 4-абзац СӨЗ МӘНІ: Мәсіхшілік қызметіміз уағыздау мен тәлім беру ісінің әртүрлі салаларын, теократиялық ғимараттарды соғу мен күтіп ұстауды, сондай-ақ төтенше жағдайларда көмек көрсетуді де қамтиды (Қор. 2-х. 5:18, 19; 8:4).

^ 13-абзацҚарапайым өмір салтына көше аласыз ба?” деген қоршаудағы жеті кеңесті қараңыз (2016 жылдың шілде айындағы “Күзет мұнарасы”, 8-бет).

^ 62-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Қыз бауырлас апта ішіндегі кездесуде қайта бару тапсырмасымен шығып тұр. Кейін төрағаның берген кеңесін “Тәлім беру” кітапшасына түртіп алды. Кездесуде үйренгенін ол демалыс күні қызметте қолданып тұр.