Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның көмегімен зұлым рухтарға қарсы тұрыңыз

Ехобаның көмегімен зұлым рухтарға қарсы тұрыңыз

“Біз... көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (ЕФЕС. 6:12).

55-ӘН Олардан қорықпаңдар!

АҢДАТПА *

1. Ефестіктерге 6:10—13 тармақтарда түсіндірілгендей, Ехоба біздің қамымызды ойлайтынын қалай көрсетуде?

ЕХОБА біздің қамымызды ойлайтынын көп жолмен көрсетеді. Солардың ішінде біз үшін әсіресе бағалысы — дұшпандарымызға қарсы тұруға көмектесіп жатқаны. Шайтан мен жын-перілер біздің қас жауларымыз. Ехоба олар турасында ескертіп, бізді төтеп беруге қажетті “сауыт-сайманмен” жабдықтаған (Ефестіктерге 6:10—13 оқыңыз). Оның беріп жатқан көмегін қабыл алып, оған толықтай сенім артсақ, Ібіліске қарсы тұра аламыз. Бұған елші Пауыл сияқты сенімді болайық. Ол: “Құдай бізге жақ болса, кім бізге қарсы шыға алады?”— деген (Рим. 8:31).

2. Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Мәсіхші болғандықтан, біз бар назарымызды Шайтан мен жын-перілерге емес, Ехоба туралы тәлім алуға және оған қызмет етуге тігеміз (Зәб. 25:5). Десе де Шайтанның негізгі айла-тәсілдерін біліп жүргеніміз дұрыс. Неліктен? Сонда ол бізден амалын асырып кетпейді (Қор. 2-х. 2:11). Олай болса, Шайтан мен жын-перілер адамдарды қандай жолмен адастырып жүргеніне көңіл бөлейік. Сондай-ақ олардың құрығына ілініп қалмауға не көмектесетінін қарастырайық.

ЗҰЛЫМ РУХТАРДЫҢ ҚҰРЫҒЫ

3, 4. а) Спиритизм деген не? ә) Спиритизм қаншалықты кең тараған?

3 Шайтан мен жындардың адамдарды алдаудағы ең ұтымды айласы — спиритизм. Спиритизммен айналысатындар жай адамның қолынан келмейтін нәрсені істей аламыз, құпияларды аша аламыз дейді. Мысалы, сәуегейлік жасап не жұлдыздарды жорып болашақты болжай алатындарын айтады. Өзгелері болса аруақтармен сөйлесе аламыз дейді. Тағы біреулері бақсылықпен, сиқырлықпен айналысып, әлдебіреуді дуалауға әрекеттенеді *.

4 Спиритизмге қаншалықты көп адам сенеді? Латын Америкасы мен Кариб аймағындағы 18 елде сауалнама жүргізіліп, соған қатысқандардың үштен бірі сиқырлыққа, бақсы-балгерлікке және тура сонша адам аруақтармен байланыса алатындарына сенетіні анықталды. Ал Африканың 18 елінде өткен сауалнаманың қорытындысы бойынша, қатысушылардың жартысынан көбі бақсы-балгерлікке сенетіні мәлім болды. Әрине, жердің қай шетінде тұрмайық біз әрдайым спиритизмнің тұзағынан сақтануымыз керек. Өйткені Шайтан “бүкіл жержүзін адастырып жүр” (Аян 12:9).

5. Ехоба спиритизмге қалай қарайды?

5 Ехоба — “шындықтың Құдайы” (Зәб. 31:5 сілт.). Сондықтан ол спиритизмді жек көреді! Ол исраилдіктерге былай деген: “Араларыңда ешкім ұлын не қызын отқа өртемесін, сәуегейлік, сиқырлық, бал ашу, бақсы-балгерлік, дуалау, тәуіпке жүгіну, көріпкелдік, аруақтарды шақыру дегендермен айналыспасын. Мұндаймен айналысатындар Ехобаға жеркенішті” (Мұс. 5-ж. 18:10—12). Бүгінде біз исраилдіктерге берілген Заңға бағынышты емеспіз. Бірақ Ехоба спиритизмді сол кезде қалай жек көрсе, қазір де дәл солай жек көретінін білеміз (Малх. 3:6).

6. а) Шайтан спиритизмді не үшін қолданады? ә) Уағыздаушы 9:5-ке сай, өлгендер жайында шындық қандай?

6 Ехоба бізге спиритизмнің қауіпті екенін ескертеді. Өйткені бұл — Шайтанның адамдарға қиянат жасайтын, оларды қорқытып-үркітіп уысында ұстап отыратын, сондай-ақ Ехобадан алшақтататын қаруы. Ол спиритизмнің көмегімен өлгеннен кейін адамның рухы өмір сүре береді деген өтірікті таратады (Уағыздаушы 9:5 оқыңыз). Шайтанның бар көксейтіні — адамдарды Ехобаға емес, зұлым рухтарға сенім артқызу.

ҚҰРЫҚҚА ІЛІНІП ҚАЛМАЙЫҚ

7. Жоғарыда не білдік?

7 Жоғарыдан Шайтан мен жын-перілердің айла-амалдарына қатысты бірнеше жайтты білдік. Ал енді оларға қарсы тұруға көмектесетін бірнеше тиімді кеңесті қарастырайық.

8. а) Зұлым рухтарға қарсы тұрудың негізгі жолы қандай? ә) Шайтанның марқұмдар жайындағы өтірігін Зәбүр 146:4 қалай әшкерелейді?

8 Құдай Сөзін оқып, ой елегінен өткізіңіз. Бұл — зұлым рухтардың таратып жатқан өтірігіне иланып қалмаудың негізгі жолы. Құдай Сөзі Шайтанның өтірігін шауып тастайтын өткір семсер секілді (Ефес. 6:17). Мысалы, ол марқұмдар тірілермен тілдесе алады деген өтірікті әшкерелейді (Зәбүр 146:4 оқыңыз). Сондай-ақ Ехоба ғана болашақты дөп басып айта алатынын еске салады (Ишая 45:21; 46:10). Егер Құдай Сөзін жүйелі түрде оқып, ой елегінен өткізетін болсақ, зұлым рухтардың тықпыштап жатқан өтірігін жек көріп, бірден бас тартатын боламыз.

9. Спиритизмге қатысы бар қандай әрекеттерден қашық болуымыз керек?

9 Спиритизмге қатысы бар ешкімге, еш нәрсеге жүгінбеңіз. Мәсіхші болғандықтан, спиритизмнің ешбір түріне жоламаймыз. Мәселен, тәуіптерге бармаймыз немесе өлгендермен сөйлесудің басқа да жолдарын іздемейміз. Алдыңғы мақалада айтылғандай, марқұмдар аруаққа айналады деген сенімге негізделген салт-жораларға қатыспаймыз. Болашақты болжау үшін жұлдызжорамалға, көріпкелдерге жүгінбейміз (Ишая 8:19). Өйткені бұлардың бәрі өте қауіпті, тіпті бізді Шайтанмен, жын-перілермен тікелей байланысқа шығаруы мүмкін.

I ғасырдағы мәсіхшілер сияқты спиритизммен байланысты заттар мен ойын-сауық түрлерінің бәрінен арылайық (10—12 абзацтарды қараңыз)

10, 11. а) I ғасырдағы кейбір адамдар шындықты білгенде не істеген? ә) Қорынттықтарға 1-хат 10:21-ге сай, алғашқы мәсіхшілерден не үйренеміз?

10 Спиритизмге қатысы бар заттардан арылыңыз. I ғасырда Ефес қаласында тұрған кейбір адамдар спиритизммен айналысқан. Олар шындықты білгеннен кейін өмірлерінде ауқымды өзгерістер жасады. “Сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді” (Ел. іс. 19:19). Олар зұлым рухтарға қарсы тұруға шындап кіріскен еді. Сиқырлық туралы кітаптары қыруар ақша тұрса да, оларды басқаларға таратуды не сатуды ойламады. Керісінше, бәрін жойып жіберді. Олардың бар уайымы кітаптардың құны емес, Ехобаның көңілінен шығу болды.

11 Ефестегі мәсіхшілердің әрекеттерінен не үйренеміз? Спиритизммен байланысы бар заттарымыз болса, олардың көзін құртқанымыз жөн. Бұған бәле-жаладан, тіл көзден сақтайтын тұмар, көз моншақ не оқытылған заттар кіреді (Қорынттықтарға 1-хат 10:21 оқыңыз).

12. Көңіл көтеруіміз жайында не деп ойланғанымыз дұрыс?

12 Қалай көңіл көтеретініңізге мән беріңіз. Мына сұрақтарға ой жүгіртіп көріңіз: кітап-журнал мен интернеттен спиритизм туралы оқимын ба? Тыңдайтын әуен, көретін фильм мен шоу-бағдарламаларым, ойнайтын бейне ойындарым жайлы не деуге болады? Олардың ішінде спиритизм кездесе ме? Вампирлер мен зомбилер, тылсым күштер бар ма? Сиқыр мен дуаны жай қызық қылып көрсете ме? Әрине, адамның қиялынан туған ертегі-әңгімелердің бәрін спиритизмге жатқыза алмаймыз. Десе де ойын-сауық түрін таңдағанда, Ехоба жек көретін нәрселерден бойыңызды аулақ ұстауға бекініңіз. Өйткені бәріміз де Құдай алдында ар-ұжданымыз таза болғанын қалаймыз әрі сол үшін бар күшімізді саламыз * (Ел. іс. 24:16).

13. Неден аулақ болуымыз керек?

13 Жын-перілер жайлы әңгімелер айтудан аулақ болыңыз. Осы ретте Исадан үлгі алғымыз келеді (Пет. 1-х. 2:21). Ол жерге келмес бұрын көкте өмір сүргендіктен, Шайтан мен жын-перілер туралы өте жақсы білген. Бірақ ол жұрт арасында сол зұлым рухтардың не істегені жайлы әңгімелер айтпаған. Себебі Иса Шайтанның өкілі емес, Ехобаның куәгері болғысы келген. Біз де Исаға еліктеп, жын-перілер туралы әңгіме таратпайық. Керісінше, “ізгілік жүрек қылын шертіп”, сөздеріміз ізгілікке, яғни шындыққа толы болсын (Зәб. 45:1).

Зұлым рухтардан қорқудың еш себебі жоқ. Ехоба, Иса мен періштелер олардан әлдеқайда құдіретті (14, 15-абзацты қараңыз) *

14, 15. а) Зұлым рухтардан неге қорықпау керек? ә) Ехоба өз халқын қорғап отырғанына қандай дәлел бар?

14 Зұлым рухтардан қорықпаңыз. Осы кемелсіз дүниеде жамандыққа ұшырап жататынымыз рас. Аяқастынан оқыс жағдайға кезігуіміз, ауруға шалдығуымыз, тіпті өмірімізден айырылуымыз мүмкін. Бірақ осының бәрі зұлым рухтардың кесірінен болды деп ойламауымыз керек. Киелі кітапта “барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жататыны” айтылған (Уағ. 9:11). Жын-перілерге келер болсақ, Ехоба олардан әлдеқайда құдіретті. Мысалға, Құдай Шайтанның Әйүпті өлтіруіне жол бермеген (Әйүп 2:6). Мұсаның кезінде Ехоба өз күшінің Мысырдағы сиқыршы абыздардың күшінен асып түсетінін дәлелдеген (Мұс. 2-ж. 8:18; 9:11). Ехобаның құдіретіне кенелген Иса да өзінің қаншалықты күшті екенін көрсетті. Ол Шайтан мен жын-перілерді көктен жерге лақтырды. Ал жақын арада оларды түпсіз тұңғиыққа тастайды. Сол кезде зұлым рухтар ешкімге зиян келтірмейтін болады (Аян 12:9; 20:2, 3).

15 Бүгінгі таңда да Ехоба өз халқын қорғап отырғанының дәлелі жетіп артылады. Айтар болсақ, біз бүкіл жер шары бойынша шындық жайында айтып, шындық жайында тәлім береміз (Мат. 28:19, 20). Осылайша Ібілістің зұлым істерін әшкерелейміз. Шындығына келгенде, Шайтан шамасы жетсе, ісіміздің бәрін тоқтатып тастар еді. Бірақ бұл оның қолынан келмейді. Сондықтан зұлым рухтардан қорқудың еш мәні жоқ. “Ехоба өзіне бар жүрегімен берілгендерді қолдау үшін, бүкіл жер бетін мұқият бақылап отыр” (Шеж. 2-ж. 16:9). Ехобаға адал болсақ, жын-перілер бізге оңалмастай зиян келтіре алмайды.

ЕХОБА КӨМЕГІН ҚАБЫЛДАҒАНДАРДЫ ЖАРЫЛҚАЙДЫ

16, 17. Зұлым рухтарға қарсы тұру үшін қайсар болу керектігіне мысал келтіріңіз.

16 Зұлым рухтарға қарсы тұру үшін қайсарлық қажет, әсіресе достарымыз бен ағайын-туыстарымыз қарсылық көрсеткенде. Қызметшілері қайсарлық танытса, Ехоба оларды міндетті түрде жарылқайды. Бұған Ганада тұратын Эриканың оқиғасы дәлел. Ол Киелі кітапты 21 жасында зерттей бастаған. Оның әкесі бас абыз болатын. Бірде ол ата-баба аруағына ас бағыштап, Эриканың да сол еттен жегенін қалады. Эрика бас тартқанда, үй іші бұған аруақтарды қорлау деп қарады. Сөйтіп, олар аруақ ұратын болды, енді жаман бір кеселге ұшырайтын болдық деп қорықты.

17 Отбасы Эриканы мәжбүрлеп салт-жораларына қатыстырмақ болды, олай етпесе, тіпті үйден қуып шығатындарын айтты. Бірақ бауырласымыз қайтпас қайсарлық танытып, еш берілмеді. Кейбір бауырластар Эриканы үйлеріне кіргізіп, қамқорлық көрсетті. Осылайша Ехоба оны жаңа отбасымен жарылқады, бауырластар оған туған бауырларындай болып кетті (Мар. 10:29, 30). Туыстары Эрикамен ат құйрығын үзісіп, тіпті киім-кешегін өртеп жіберсе де, оның адалдығы еш мұқалмады. Эрика шомылдыру рәсімінен өтіп, тұрақты ізашар болып қызмет етіп жүр. Оның бойында жын-перілерден қорқыныш жоқ. Ол: “Үй ішім де Ехобаны танып-білсе екен, оған қызмет етуден келетін азаттықты сезінсе екен деп күніге дұға етемін”,— деп тілеуін айтты.

18. Ехобаға сенім артсақ, ол бізді қалай жарылқайды?

18 Әрине, бәріміздің сеніміміз анау айтқандай сынала бермейтін шығар. Алайда бәріміз де зұлым рухтарға қарсы тұруымыз және Ехобаға сенім артуымыз қажет. Солай етсек, Ехоба бізді молынан жарылқайды және Шайтанның өтірігіне алданып қалмаймыз. Сондай-ақ жын-перілерден жан ұшыра қорықпаймыз. Ал ең бастысы — Ехобамен достығымыз беки түседі. “Олай болса, Құдайға бағыныңдар, ал Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді. Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақ. 4:7, 8).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

^ 5-абзац Ехоба зұлым рухтардың бар екенін және олардың бізге қиянат жасай алатынын айтып ескертеді. Зұлым рухтар адамдарды қалай адастырады? Олардан қалай қорғана аламыз? Зұлым рухтардың айла-амалдарына беріліп қалмауымыз үшін, Ехоба қандай көмек ұсынып жатқанын қазір қарастырамыз.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: Спиритизм дегеніміз жын-перілермен байланысу үшін жасалатын рәсімдер және осымен байланысты наным-сенімдер. Бұған аруақтарға сену, тәуіп арқылы олармен байланысу жатады. Спиритизмге бақсы-балгерлік пен сәуегейлік те кіреді. Бұл мақалада сиқырлық тылсым күшпен байланысты рәсімдерге нұсқайды. Сиқырлыққа біреуді қарғау, дуалау және дуаны қайтару жатады. Бірақ мұнда цирктегідей жұртты таңғалдыру үшін жасалатын епті қимылдар айтылып тұрған жоқ.

^ 12-абзац Ақсақалдар ойын-сауық түрлеріне қатысты ережелер орнатпайды. Мәсіхші не оқып, не көретінін, қандай ойын ойнайтынын шешкенде, Жазбалармен тәрбиеленген ар-ұятын іске қосу керек. Парасатты отағалары отбасының таңдаған ойын-сауықтары Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтінін қадағалап отырады. (jw.org® сайтының БІЗ ЖӨНІНДЕ/ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР деген жеріндегі “Ехоба куәгерлері кейбір фильмдерге, кітаптарға не әндерге тыйым сала ма?” деген мақаланы қараңыз.)

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса — періштелерден тұратын көктегі әскердің құдіретті Патшасы.