Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өлім туралы шындықты бекем ұстаныңыз

Өлім туралы шындықты бекем ұстаныңыз

“Шынайы хабарды жалған хабардан осылай ажыратамыз” (ЖОХ. 1-Х. 4:6).

73-ӘН Батылдық дарыта көр

АҢДАТПА *

Біреу қайтыс болғанда, Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыптарға қатысқаннан гөрі туыстарыңызды жұбатыңыз (1, 2-абзацты қараңыз) *

1, 2. а) Шайтан адамдарды қалай алдап жүр? ә) Осы мақалада не қарастырамыз?

“ӨТІРІКТІҢ әкесі” Шайтан адамзат тарихының бастамасынан бері адамдарды алдап келеді (Жох. 8:44). Ол таратқан өтіріктердің кейбірі өлім және өлімнен кейінгі өмір жайындағы жалған ілімдер. Қазіргі әдет-ғұрыптар мен ырым-тыйымдардың көбісі осы ілімдерден бастау алған. Сондықтан Куәгерлердің отбасында не ағайын-туыстарының арасында біреу қайтыс болып жатса, бауырластарға “сенім үшін аянбай күресуге” тура келеді (Яһд. 3).

2 Осындай сынаққа кезігіп жатсаңыз, Жазбалардағы өлім туралы шындықты бекем ұстануға сізге не көмек болады? (Ефес. 6:11). Жақынынан айырылған бауырласыңызға Құдайға ұнамсыз әдет-ғұрыпқа араласуға қыспақ көрсетілсе, оны қалай жұбатып, қалай нығайта аласыз? Бұл мақалада осы жағдайларға қатысты Ехобаның берген нұсқаулары қарастырылады. Бірақ әңгімені Киелі кітаптағы өлім туралы шындықтан бастайық.

МАРҚҰМДАР ЖАЙЫНДА ШЫНДЫҚ

3. Алғашқы өтірік не нәрсеге әкеп соқты?

3 О баста Құдай адамдарды өлу үшін емес, мәңгі өмір сүру үшін жаратқан болатын. Өмірлері мәңгі жалғасу үшін, Адам мен Хауа Ехобаның қарапайым бұйрығын орындаулары керек еді. Ехоба: “Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің”,— деді (Мұс. 1-ж. 2:16, 17). Бірақ араға Шайтан түсті. Ол жылан арқылы Хауаға: “Жоқ, өлмейсіңдер”,— деді. Өкінішке қарай, Хауа Шайтанның өтірігіне иланып, жемісті алып жеді. Сонан соң күйеуі де жеді (Мұс. 1-ж. 3:4, 6). Нәтижесінде күнә мен өлім адамзатқа сор болып жабысты (Рим. 5:12).

4, 5. Шайтан адамдарды тағы қалай алдап келеді?

4 Ехоба айтқандай-ақ, Адам мен Хауа өлді. Алайда Шайтанның өтірігі тағы басқа өтіріктерге ұласты. Солардың бірі — өлген адамның рухы өмір сүре береді деген ілім. Осы ілімге ұқсас өтіріктерге сеніп жүрген адамдар қаншама! (Тім. 1-х. 4:1).

5 Бұл өтіріктердің құрығына олар қалай ілініп жүр? Шайтан бойымыздағы табиғи қалауды, яғни өлгіміз келмейтінін жақсы біледі. Өйткені біз мәңгі жасау үшін жаралғанбыз (Уағ. 3:11). Біз өлімді тіпті жау санаймыз (Қор. 1-х. 15:26). Сондықтан Шайтан адамдарды айласына оңай түсіреді.

6, 7. а) Шайтан марқұмдар туралы шындықты жасыра алды ма? Түсіндіріңіз. ә) Киелі кітаптағы шындық бізді қандай қорқыныштан арылтты?

6 Шайтан қандай айла-амалға көшпесін, өлім туралы шындықтың шырағын сөндіре алмады. Көп адам Киелі кітаптан марқұмдардың жағдайы мен олар үшін қандай үміт бар екені жайында біліп, басқаларға да айтып жүр (Уағ. 9:5, 10; Ел. іс. 24:15). Бұл шындық жанымызға жұбаныш сыйлап, қорқыныш пен белгісіздік сезімінен арылтты. Мысалы, біз өлген адамдардан қорықпаймыз, болмаса марқұм туыстарымыз азап шегеді деп уайымдамаймыз. Олардың өмірден ғайып болғанын, ешкімге еш нәрсе істей алмайтынын нақты білеміз. Өйткені өлген адамның күйі терең ұйқыда жатқан адамның күйіне ұқсайды (Жох. 11:11—14). Марқұмдар жайында бізге тағы бір нәрсе белгілі: олар уақытты сезбейді. Тіпті ғасырлар бұрын өлген адамның өзіне жаңа дүниеде тірілгенде, қас қағым сәт өткендей болады.

7 Марқұмдардың жағдайы туралы шындықтың анық та қарапайым, қисынды екенімен бәріміз келісеміз. Шындық пен Шайтанның миға сыймайтын өтіріктерінің айырмашылығы расымен де жер мен көктей! Бір жаманы, Шайтанның жалған ілімдері адамдарды шатастырып қана қоймай, Жаратушы Құдайымызды қаралайды. Мұны жақсырақ түсіну үшін мына сұрақтарға тоқталып өтеміз: қалайша Шайтанның өтірігі Ехобаны қорлайды, Мәсіхтің төлем құрбандығын қажетсіз етіп көрсетеді және адамзаттың қасіретіне қасірет қосады?

ӨТІРІКТІҢ ТИГІЗГЕН КЕСАПАТЫ

8. Еремия 19:5-тен көретініміздей, Шайтанның өлім жайлы өтіріктері Ехобаны қалай қаралайды?

8 Шайтанның өлім туралы өтіріктері Ехобаны қаралайды. Сол өтіріктерге өлген адам тозақ отында жанады деген ілім де кіреді. Мұндай ілімдер Құдайды қорлайды. Өйткені адамды тозақта азаптау сынды қатыгездік тұла бойы сүйіспеншілікке толы Құдайға емес, Шайтанға тән (Жох. 1-х. 4:8). Құдайдың осылай қараланып жатқаны сізге ауыр тиетін шығар. Ехоба Құдай қатыгездіктің барлық түрін жек көретіндіктен, бұл оған одан да ауыр тиетіні сөзсіз! (Еремия 19:5 оқыңыз).

9. Шайтанның өтірігі Жохан 3:16 мен 15:13-те айтылған Мәсіхтің төлем құрбандығы жайлы ілімге қалай әсер етеді?

9 Шайтанның өлім жайлы өтіріктері Мәсіхтің төлем құрбандығын қажетсіз етіп көрсетеді (Мат. 20:28). Шайтанның тағы бір өтірігі — адамның өлмес жаны бар деген наным. Бұл рас болса, адам мәңгі өмір сүреді деген сөз. Демек, мәңгі өмірге жол ашу үшін Мәсіх өз өмірін босқа қиғаны. Алайда мынаны ұмытпаңыз: Мәсіхтің құрбандығы — адамзат отбасына көрсетілген сүйіспеншіліктің ең озық көрінісі (Жохан 3:16; 15:13 оқыңыз). Құнының өлшеуі жоқ осы сыйды аяқасты ететін жалған ілімдер Ехоба мен Исаның сезімін қатты жаралайды!

10. Шайтанның өлім туралы өтіріктері қалайша қасіретке қасірет қосуда?

10 Шайтанның өтіріктері адамзаттың қасіретіне қасірет қосуда. Нәрестесінен айырылып, қан жылап отырған ата-анаға жұрт “Құдайға періште керек болған ғой” деп жатады. Бұл ата-ананың қайғысын жеңілдетпей, керісінше, одан бетер ауырлатады, солай емес пе?! Ал тозақ оты туралы жалған ілім болса кезінде небір жауыз әрекеттерге түрткі болды. Мысалы, шіркеу ілімдеріне қарсы шыққандарды шіркеу қызметшілері бағанаға байлап, отқа өртеген. Испан инквизициясы туралы бір еңбекке сай, осындай жауыздыққа барғандар былай деп сенген екен: “дінбұзарлар” осылай “тозақ отының дәмін татып көрсе”, өлер алдында күнәларына өкініп, тозақтан аман қала алады. Көп елде адамдар марқұм ата-бабаларына табынады, олардан желеп-жебеп жүруін сұрайды. Аруақ ұрады деп қорыққандықтан өліп кеткен ата-бабасын риза қылу үшін барын салады. Иә, Шайтанның өтірігінен шыққан ілімдер ешкімге де жұбаныш әкеп жатқан жоқ. Керісінше, адамдарды тоздырып, уайым мен қорқыныштың құлдығына түсіріп отыр.

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҒЫН БҮРКЕМЕЙІК

11. Туыстарымыз бен достарымыз Құдай Сөзіне қайшы әрекет етуге қалай итермелеуі мүмкін?

11 Ехобаны және оның Сөзін жақсы көргеніміз оған мойынсұнуға күш береді. Әсіресе туыстарымыз бен дос-жарандарымыз, ниеттері таза болса да, Жазбалар құптамайтын жоралғыларға қатысуға итермелесе. Олар “марқұмға деген құрметің қайда” деп шымбайымызға бататын сөздер айтар. Тіпті “тірілерге кесірің тиетін болды” дер. Осындайда шындықты бекем ұстануға не көмектеседі? Бұл орайда Киелі кітаптың келесі принциптеріне құлақ асқанымыз жөн.

12. Адамның қайтыс болуымен байланысты қандай ілімдер мен салт-жоралар Жазбаларға қайшы?

12 Жазбалар құптамайтын ілімдер мен салт-жоралардан “бөлек тұруға” нық бекініңіз (Қор. 2-х. 6:17). Кариб халқында адам өлген соң оның аруағы айналаны шарлап, кезінде өзіне жамандық жасаған адамдардан кек алады деген сенім бар. Бір еңбекте өлген адамның аруағы тіпті күллі аймақтың халқына да зиян келтіре алатыны жазылыпты. Ал Африкада кісі өлген үйдің адамдары үйдегі айналардың бетін жауып, марқұмның суреттерін теріс қаратып қояды екен. Себебі неде дейсіз ғой? Олар өлген адам өз бейнесін көрмеуі керек деп сенеді. Ехобаның қызметшісі болғандықтан, біз Шайтанның өтірігін қолдап-қолпаштайтын мұндай наным-сенімдерге иланбаймыз да, салт-жораларына араласпаймыз да! (Қор. 1-х. 10:21, 22).

Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді мұқият зерттеп, Куәгер емес туыстарыңызбен ашық сөйлессеңіз, көп қиындықтың алдын аласыз (13, 14-абзацты қараңыз) *

13. Қандай да бір салт-жораның Құдайға ұнайтынын не ұнамайтынын білмесеңіз, Жақып 1:5-ке сай, не істегеніңіз жөн?

13 Қандай да бір салт-жораның не рәсімнің Ехобаға ұнайтын-ұнамайтынын білмесеңіз ше? Ондайда Ехобаға сеніммен дұға айтып, одан даналық сұраңыз (Жақып 1:5 оқыңыз). Әдебиеттерімізді ақтарып, ізденіс жүргізіңіз. Қажет болса, қауымыңыздағы ақсақалдармен ақылдасыңыз. Олар қатысуға болады-болмайды деп кесіп айтпағанмен, жағдайға тура келетін принциптерді көрсетіп беруі мүмкін. Мұндай принциптердің кейбірі осы мақалада да келтірілді. Осы қадамдарды жасасаңыз, түйсіну қабілетіңізді машықтандырасыз. Ал түйсіну қабілетінің арқасында жаман мен жақсыны тап басып айыра алатын боласыз (Евр. 5:14).

14. Басқаларды сүріндірмеу үшін не істесек болады?

14 “Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!.. Қауымдағылардың сүрінуіне себеп болмаңдар” (Қор. 1-х. 10:31, 32). Қандай да бір салт-жораға қатысу-қатыспауды шешер алдын шешіміміз өзгелердің, әсіресе бауырластарымыздың ар-ұжданына қалай әсер ететіні жайлы ойланғанымыз жақсы. Себебі біз ешкімді сүріндіргіміз келмейді! (Мар. 9:42 сілт.). Сенуші емес адамдарды да текке ренжіте бергіміз келмейді. Олармен ұрсысып немесе әдет-ғұрыптарын күлкі етпегеніміз жөн. Сүйіспеншілігіміз оларға ізетпен сөйлеуге қозғау болсын. Өйткені бұл Ехобаға даңқ әкеледі. Сүйіспеншіліктің күшіне күмәніңіз болмасын! Сезімін ескеріп, құрметпен сөйлесек, қатуланып тұрған адамның өзі жібіп кетуі мүмкін.

15, 16. а) Неліктен басқаларға сеніміміз жайында айтып қойғанымыз абзал? Мысал келтіріңіз. ә) Пауылдың Римдіктерге 1:16-да айтқан сөздерінің бізге қандай қатысы бар?

15 Ағайын-туыстарыңызға Ехоба куәгері екеніңізді айтып қойыңыз (Ишая 43:10). Ехоба Құдайға сенетініңізді туыстарыңыз бен көрші-қолаңға айтып қойсаңыз, абыр-сабыр уақытта өзіңізге жеңіл болады. Мозамбикте тұратын Франсиско былай деп жазды: “Әйелім Каролина екеуміз шындықты білген соң, туыстарымызға бұдан былай өлгендерге сиынбайтынымызды айттық. Бұл шешіміміздің беріктігі Каролинаның әпкесі қайтыс болғанда сынға алынды. Жергілікті рәсім бойынша, марқұмды жуындырып, кейін сол су төгілген жерде ет жақын туысы үш күн түнеуі қажет. Мұның бәрі өлген кісінің рухын риза қылу үшін жасалынады. Біздің жағдайда туыстар бұл міндетті Каролина атқарады деп күтті”.

16 Франсиско мен Каролина не істеді екен? Франсиско былай дейді: “Ехобаны сүйгендіктен әрі оған ұнамды болғымыз келгендіктен, біз бұдан бас тарттық. Алайда шешіміміз Каролинаның туыстарына ұнай қоймады. Олар ашу шақырып, өлген адамға деген сый-құрметтен ада екенімізді айтып жазғырды. Енді бізбен бет көріспей кететіндерін, ешқандай көмек көрсетпейтіндерін айтты. Өз сенімімізді бұрынырақта айтып түсіндіргендіктен, абыр-сабырда оларға жауап қайтарып әуре болып жатпадық. Кей ағайындарымыз: “Бұлар өз ұстанымдары жайында баяғыда айтып ескертіп еді ғой!”— деп бізді қорғаштады. Содан арада біраз уақыт өтіп, туыстарымыздың ашуы басылды. Кейін олармен татуласып кеттік. Кейбірі тіпті үйімізге келіп, Жазбаларға негізделген әдебиеттер алып кетті”. Олай болса, өлім туралы шындықты білетінімізге ешқашан ұялмайық, қайта оны қызғыштай қорғайық! (Римдіктерге 1:16 оқыңыз).

ЖОҚТАҒАНДАРДЫ ЖҰБАТЫП, ДЕМЕУ БОЛЫҢЫЗ

Нағыз дос сүйікті адамынан айырылған жанды жұбатады әрі демейді (17—19 абзацтарды қараңыз) *

17. Жақынын жоғалтқан бауырласымызды жұбатуға не көмек болады?

17 Бауырласымыз жақынын жоғалтқанда, нағыз досы, қиын шақта арқа сүйер бауыры бола білгеніміз дұрыс (Нақ. с. 17:17). Әсіресе оған Жазбаларға қайшы келетін рәсімге қатысуға қысым жасалып жатса, осылай еткеніміз маңызды. Қазір бауырласымызды жұбатуға көмек болатын Киелі кітаптағы екі принципке назар аударайық.

18. Иса неге көзіне жас алды? Оның үлгісінен не үйренеміз?

18 “Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар” (Рим. 12:15). Қайғыдан көкірегі қарс айырылған адамды жұбатуға сөз таппай қиналатын кездеріміз болады. Бірақ кейде оны сөзімізден гөрі көз жасымыз жақсырақ жұбатуы мүмкін. Исаның досы Елазар қайтыс болған кезде, әпкелері Мәриям мен Марта және достары оны жоқтап қайғырды. Төрт күннен соң Иса келді. Елазарды тірілткелі жатса да, ол “көзіне жас алды” (Жох. 11:17, 33—35). Оның көз жасы Елазардың жақындарына деген сүйіспеншілігін көрсетіп, Марта мен Мәриямға жұбаныш болды. Сондай-ақ оның көз жасы осы сәтте Ехобаның да не сезініп жатқанын көрсетті. Сол секілді бауырласымыз біздің сүйіспеншілігіміз бен қамқорлығымызды көргенде, өзінің жалғыз емес, қамқор да жанашыр достарымен бірге екенін сезінеді.

19. Уағыздаушы 3:7-ге сай, қайғырып жүрген бауырласты қалай жұбата аламыз?

19 Үндемейтін уақыт пен сөйлейтін уақыт бар (Уағ. 3:7). Қайғыдан езілген бауырластың құлаған көңілін орнықтырудың тағы бір жолы — оны мұқият тыңдау. Ол ішіндегі мұң-қайғысын төгіп-төгіп алар, тіпті “ашына сөйлер” (Әйүп 6:2, 3). Мұндайда көңіліңізге қаяу алмаңыз. Өйткені жығылғанға жұдырық болып, оған Куәгер емес туыстары қысым көрсетіп жатқан шығар. Сондықтан онымен бірге Құдайға дұға айтыңыз. “Дұғаларды тыңдайтын” Ехобадан күш беруін, ой-сананы орнықтыруын жалынып сұраңыз (Зәб. 65:2). Мүмкіндік болса, онымен бірге Киелі кітапты оқыңыз. Я болмаса әдебиеттерімізден жағдайға сай келетін мақаланы, көңілге медет болатын өмірбаян оқысаңыздар болады.

20. Келесі мақала не жайында?

20 Бізге марқұмдар туралы шындық та, қабірдегілерді керемет болашақ күтіп тұрғаны да мәлім (Жох. 5:28, 29). Бұған біз өте ризамыз! Олай болса, сөзімізден де, ісімізден де Жазбалардағы шындықты бекем ұстанатынымыз көрініп тұрсын. Осы шындықты мүмкіндік туған кездің бәрінде адамдарға айтып жүрейік. Келесі мақалада Шайтанның шындықты жасыру үшін қолданатын басқа бір айласы қарастырылады. Бұл — спиритизм. Сол мақалада жын-перілердің құрығына айналған рәсімдер мен ойын-сауық түрлерінен неге аулақ болуымыз керектігі талқыланады.

24-ӘН Ехобаның тауына келіңдер!

^ 5-абзац Шайтан мен оның жын-перілері адамдарды өлгендердің күйі туралы өтірікке сендіріп жүр. Бұл өтіріктің кесірінен Жазбаларға қайшы келетін көптеген әдет-ғұрыптар пайда болды. Біреулер сізді сол ғұрыптарға қатысуға мәжбүрлесе, осы мақаладағы кеңестердің арқасында Ехобаға адалдық сақтай аласыз.

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жақынынан айырылған әйелді Куәгер туыстары жұбатып жатыр.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жерлеу рәсімі жайлы ізденген соң, бауырласымыз туыстарына өз нанымдарын ізеттілікпен түсіндіріп жатыр.

^ 59-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ақсақалдар жақын адамынан айырылған бауырласты жұбатып, жігерлендіріп жатыр.