Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Солтүстіктің шабуылы!

Солтүстіктің шабуылы!

“Менің еліме... бір халық келді” (ЖОЕЛ 1:6).

95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде

АҢДАТПА *

1. Расселл бауырлас пен оның серіктестері қандай әдіс бойынша зерттеу жүргізген және неліктен бұл әдіс тиімді болды?

БІР ҒАСЫРДАН астам уақыт бұрын Ч. Т. Расселл мен оның серіктері, Киелі кітапты зерттейтін шағын топ, бірге жинала бастады. Олар Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх туралы, өлгендердің күйі мен төлем жайлы Киелі кітаптың шын мәнінде неге үйрететінін түсінгілері келді. Олардың зерттеу әдістері қарапайым еді. Біреу қандай да бір сұрақты көтеретін де, бәрі сол тақырыпқа қатысты әрбір тармақты мұқият қарастырып шығатын. Сосын ізденістерінің нәтижесін жазып алатын. Ехобаның көмегімен сол ақжүректі мәсіхшілер Киелі кітаптың негізгі шындықтарын түсінді, бұл шындықтар бүгінгі күні де бағалы.

2. Киелі кітап пайғамбарлығын түсінуге тырысқанда неге кейде бұрыс тұжырым жасауымыз мүмкін?

2 Бірақ көп ұзамай сол Киелі кітап зерттеушілері Киелі кітаптың негізгі ілімдеріне қарағанда ондағы пайғамбарлықтарды түсіну қиын екенін байқады. Неліктен? Бұның бір себебі — әдетте Киелі кітаптағы пайғамбарлықты орындалып жатқанда не орындалғаннан кейін жақсырақ түсінеміз. Бірақ бұның басқа да себебі бар. Пайғамбарлықты дұрыс түсіну үшін оның мәнмәтінін толықтай қарастыру керек. Егер пайғамбарлықтың тек бір қырына ғана назар аударып, басқасына көз жұмсақ, бұрыс тұжырым жасауымыз мүмкін. Жоел кітабындағы пайғамбарлықпен де солай болған сияқты. Осы пайғамбарлықты қарастырып, қазіргі түсінігімізді неге өзгерту қажет екенін талқылайық.

3, 4. Осыған дейін Жоел 2:7—9 тармақтардағы пайғамбарлықты қалай түсініп келдік?

3 Жоел 2:7—9 оқыңыз. Жоел пайғамбар шегірткелердің Исраил елін жоятынын айтқан. Арыстандікіндей тістері мен жақтары бар осы қомағай шегірткелер көз алдындағының бәрін жалмап қоятын болады (Жоел 1:4, 6). Көп жылдар бойы бұл пайғамбарлық Ехобаның халқының ешкім тоқтата алмайтын шегірткелер сияқты уағыздай беретінін бейнелейді деп түсіндік. Ал уағыз ісінің “елге”, немесе дінбасыларының ықпалындағы адамдарға залал келтіретін әсері бар деп пайымдадық *.

4 Егер тек Жоел 2:7—9 тармақтарды оқысақ, бұл тұжырым дұрыс сияқты болып көрінеді. Алайда пайғамбарлықтың мәнмәтініне мұқият үңілсек, оның мағынасы басқа екенін түсінеміз. Бұның төрт себебіне тоқталып өтейік.

ӨЗГЕРІСТІҢ ТӨРТ СЕБЕБІ

5, 6. Мына тармақтарды қарастырғанда, қандай сұрақ туындайды: а) Жоел 2:20? ә) Жоел 2:25?

5 Бірінші себебін білу үшін Ехобаның шегірткелер жайлы айтқан уәдесіне мән берейік: “Солтүстіктен келгенді [шегірткелерді] қастарыңнан алысқа қуамын” (Жоел 2:20). Егер шегірткелер Исаның уағыздау мен шәкірт дайындауға қатысты бұйрығына бағынып жүрген Ехоба куәгерлерін бейнелесе, неге Ехоба оларды алысқа қууды уәде етеді? (Езек. 33:7—9; Мат. 28:19, 20). Шындығында, Ехоба өзінің адал қызметшілерін емес, халқына қарсы шыққандарды “қуып” жатыр.

6 Екінші себепті білу үшін Жоел 2:25-тегі сөздерге көңіл аударайық. Ехоба былай дейді: “Мен сендерге жіберген ұлы әскер: Құжынаған шегіртке мен қанатсыз шегіртке, Обыр шегіртке мен жалмайтын шегіртке жеп кеткен өнімнің, Сол жылдары келтірілген залалдың, орнын толтырамын”. Байқасаңыз, Ехоба шегірткелер келтірген залалдың “орнын толтыратынын” уәде еткен. Егер шегірткелер Патшалықтың жариялаушыларын бейнелесе, бұл олардың айтатын хабары залал келтіреді дегенді білдірер еді ғой. Бірақ бұл хабар өмірді сақтап қалады және зұлым адамды өкіндіре алады (Езек. 33:8, 19). Ал бұл олар үшін бата емес пе?

7. Жоел 2:28, 29-дағы “сосын” деген сөз нені түсінуге көмектеседі?

7 Жоел 2:28, 29 оқыңыз. Үшінші себеп — пайғамбарлықтағы оқиғалардың орындалу реті. Ехобаның “сосын мен әрбір адамға рухымды төгемін” дегенін байқадыңыз ба? Бұл шегірткелер өз тапсырмаларын бітіргеннен кейінгі уақытқа нұсқайды. Егер шегірткелер Құдай Патшалығын уағыздаушылар болса, неге Ехоба киелі рухын олар куәлік беруді аяқтағаннан кейін төкпек? Шын мәнінде, Құдайдың құдіретті рухы болмағанда, олар ондаған жылдар бойы қарсылықтар мен тыйым салынғанына қарамай уағыздай алмас еді.

Д. Ф. Рутерфорд бауырлас пен басшылықты қолға алған өзге де майланған қызметшілер Құдайдың осы зұлым дүниеге қарсы үкімін батылдықпен жариялап жатыр (8-абзацты қараңыз)

8. Аян 9:1—11 тармақтарда жазылған шегірткелер кімді бейнелейді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

8 Аян 9:1—11 оқыңыз. Ал қазір төртінші себепке тоқталайық. Бұрын біз Жоел кітабында сипатталған шегірткелер уағыз ісімізді білдіреді деп ойладық, өйткені Аян кітабында да осыған ұқсас пайғамбарлық бар. Бұл пайғамбарлықта қаптаған шегірткелердің бет пішіндері ер адамдікіндей және “бастарына кигені алтын тәж іспетті” екені айтылған (Аян 9:7). Олар “маңдайларына Құдайдың белгісі қойылмағандарды”, яғни Құдайдың жауларын бес ай бойы (шегірткенің өмір сүру ұзақтығы) азаптаулары керек еді (Аян 9:4, 5). Бұл жерде Ехобаның майланған қызметшілері сипатталып тұр. Олар Құдайдың зұлым заманға қарсы үкімін батылдықпен жариялайды, ал бұл осы заманды қолдайтындарды “азапқа” салады.

9. Жоел мен Жохан көрген шегірткелердің айырмашылықтары қандай?

9 Аяндағы пайғамбарлық пен Жоел кітабындағы пайғамбарлықтардың ұқсастықтары бар, әрине. Дегенмен олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар да бар. Байқасақ, Жоел кітабындағы шегірткелер өсімдіктерді жайпап салады (Жоел 1:4, 6, 7). Ал Жохан көрген аянда шегірткелерге көк шөпке зақым келтіруге рұқсат берілмейді (Аян 9:4). Жоел көрген шегірткелер солтүстіктен келген (Жоел 2:20). Ал Жохан көрген шегірткелер тұңғиықтан шықты (Аян 9:2, 3). Жоел сипаттаған шегірткелер алысқа қуылды. Ал Аяндағы шегірткелер алысқа қуылмады, қайта, оларға істерін соңына дейін аяқтауға мүмкіндік берілді. Киелі кітапта Құдайдың оларға көңілі толмағаны жайлы ештеңе айтылмаған. (“ Шегірткелер жайлы пайғамбарлықтар. Ұқсас болғанмен, екі түрлі” деген қоршауды қараңыз.)

10. Киелі кітаптағы қандай да бір нәрсе екі түрлі мағынаны білдіруі мүмкін екеніне мысал келтіріңіз.

10 Екі пайғамбарлықтағы айтарлықтай айырмашылықтарға қарап, олар бір-бірімен байланысты емес деп тұжырымдауға болады. Демек, Жоел кітабында суреттелген шегірткелер мен Аян кітабында айтылған шегірткелер бір емес. Кейде Киелі кітаптағы қандай да бір нәрсе екі түрлі мағынаны білдіруі мүмкін. Мысалы, Аян 5:5-те Иса “яһуда руынан шыққан Арыстан” деп аталған, ал Петірдің 1-хаты 5:8-де Ібіліс “ақырған арыстанға” теңелген. Жоғарыда қарастырылған төрт жайтқа сүйенсек, Жоелдің пайғамбарлығына қатысты түсінігімізді өзгерту керек екеніне көзіміз жетеді. Олай болса, Жоелдің пайғамбарлығы нені білдіруі мүмкін?

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТЫҢ МӘНІ

11. Жоел 1:6; 2:1, 8, 11-тармақтар шегірткелердің кім екенін түсінуге қалай көмектеседі?

11 Жоелдің пайғамбарлығының мәнмәтініне ден қойсақ, пайғамбардың әскери шабуыл жайлы айтып жатқанын түсінеміз (Жоел 1:6; 2:1, 8, 11). Ехоба “ұлы әскерін”, яғни Бабыл сарбаздарын қолданып өзіне мойынсұнбаған исраилдіктерді жазалайтынын айтты (Жоел 2:25). Әскер “солтүстіктен келген” деп тура айтылған, өйткені бабылдықтар Исраилге солтүстіктен шабуылдамақ еді (Жоел 2:20). Бұл әскер жақсы ұйымдасқан шегірткелер легіне теңелді. Олар туралы Жоел былай деген: “Әрбірі [сарбаз] өз жолымен алға басады... Қалаға лап қойып, қабырғаға жүгіріп шығады. Үйлерге өрмелеп, ұры іспетті терезеден кіреді” (Жоел 2:8, 9). Бұл көріністі елестете алдыңыз ба? Барлық жерде сарбаздар. Жасырынатын жер жоқ. Бабылдықтардың семсерінен ешкім қашып құтыла алмайды!

12. Жоелдің шегірткелер жайлы пайғамбарлығы қалай орындалды?

12 Б. з. б. 607 жылы бабылдықтар (не халдейлер) шегірткелер іспетті Иерусалимді жаулап алды. Киелі кітапта былай делінген: “Халдейлердің патшасы... олардың жігіттерін... семсермен өлтірді. Оның қыз-бозбалаға да, кәрі-құртаңға да жаны ашымады. Құдай бәрін соның қолына берді. Ол шынайы Құдайдың үйін өртеп, Иерусалимнің қабырғасын құлатып тастады, бекініс мұнараларын да өртеп жіберді. Осылай бағалы нәрселердің бәрін жойды” (Шеж. 2-ж. 36:17, 19). Бабылдықтар елді жаулап алып, оны жойғаннан кейін адамдар Иерусалимді “адам да, аң да тұрмайтын әрі халдейлердің қолына берілген қаңыраған ел” деп айтқан (Ерм. 32:43).

13. Еремия 16:16, 18-дің мағынасын түсіндіріңіз.

13 Жоелдің пайғамбарлығынан шамамен 200 жыл өткен соң, Ехоба Еремия арқылы осы шабуыл жайлы тағы бір пайғамбарлық айтты. Ол жаулап алушылар зұлымдық жасаған исраилдіктерді мұқият іздеп, олардың бәрін ұстап алатынын айтты. “Міне, мен көптеген балықшыларды жіберіп отырмын,— дейді Ехоба. Балықшылар оларды аулайды. Сосын көптеген аңшыларды жіберемін, Аңшылар оларды әрбір тау-төбеден, Жартастың қуыстарынан іздеп табады... Олардың қылмысы мен күнәсінің есесін толық қайтарамын”. Ешқандай мұхит та, орман да өкінбеген исраилдіктерді Бабылдың сарбаздарынан жасырып қала алмас еді (Ерм. 16:16, 18).

ҚАЛПЫНА КЕЛЕТІН КЕЗ

14. Жоел 2:28, 29-дағы сөздер қашан орындалды?

14 Сондай-ақ Жоел жақсы хабар да айтты: жер қайтадан өнімді болмақ еді (Жоел 2:23—26). Сосын күндердің күнінде рухани ас-судың мол қоры болар еді. “Мен әрбір адамға рухымды төгемін, Сонда ұл-қыздарың пайғамбарлық етеді... тіпті құл-күңдеріме де рухымды төгемін”,— дейді Ехоба (Жоел 2:28, 29). Бұл пайғамбарлық исраилдіктер Бабылдан оралғанда бірден орындалған жоқ. Қайта, араға ғасырлар салып, б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында жүзеге асты. Оны қайдан білеміз?

15. Елшілердің істері 2:16, 17-де айтылғандай, Петір Жоел 2:28-дегі сөздерге қандай өзгеріс енгізді және бұл нені білдіреді?

15 Киелі рухтың жетелеуімен елші Петір Жоел 2:28, 29-дағы сөздерді Елуінші күн мейрамы күні орын алған таңғажайып оқиғамен байланыстырды. Сол күні таңғы сағат тоғыздарда керемет түрде киелі рух төгіліп, оған кенелген адамдар әртүрлі тілде “Құдайдың ғажайып істері жайлы айта” бастады (Ел. іс. 2:11). Рухтың жетелеуімен Петір Жоелдің пайғамбарлығынан үзінді келтірген кезде оны сәл басқаша айтты. Қай сөзді басқаша айтқанын байқадыңыз ба? (Елшілердің істері 2:16, 17 оқыңыз). Үзіндіні “сосын” деп бастаудың орнына ол “соңғы күндері”, яғни осы мәнмәтінде яһуди жүйесінің соңғы күндерінде, Құдайдың рухы “әрбір адамға төгілетінін” айтты. Бұл Жоелдің пайғамбарлығы орындалғанға дейін біраз уақыт өткенін көрсетеді.

16. Құдай рухы I ғасырдағы уағыз ісіне қалай ықпал етті, ал бүгінгі күн жайлы не дей аламыз?

16 Құдай бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге рухын төккеннен кейін олар болашақта бүкіл дүниеге тарайтын уағыз ісін бастап кетті. Сол кезде, шамамен б. з. 61 жылы, елші Пауыл Қолостықтарға жазған хатында ізгі хабар “барлық жерде уағыздалып” жатыр деп айта алған (Қол. 1:23). Мұндағы “барлық жер” сол замандағы Пауыл мен өзгелер сапар жасай алған жерлерді білдіреді. Ехобаның құдіретті киелі рухының арқасында уағыз ісі бүгінде одан да көп жерге, “жердің қиыр шетіне дейін” таралуда! (Ел. іс. 13:47). (“ Рухымды төгемін” деген қоршауды қараңыз.)

НЕ ӨЗГЕРДІ?

17. Шегірткелер жайлы Жоелдің айтқан пайғамбарлығына қатысты түсінігіміз қалай өзгерді?

17 Сонымен, не өзгерді? Енді біздің Жоел 2:7—9 тармақтардағы пайғамбарлыққа қатысты түсінігіміз әлдеқайда тура. Сол тармақтар құлшыныспен атқарылып жатқан уағыз ісімізді емес, б. з. б. 607 жылы Иерусалимді жаулап алған Бабыл әскерін білдіреді.

18. Ехобаның халқына қатысты не өзгермеді?

18 Ал не өзгермеді? Ехобаның халқы кез келген тәсілді қолданып, ізгі хабарды әлі де барлық жерде уағыздауда (Мат. 24:14). Бізге сеніп тапсырылған уағыз ісін атқаруға ешқандай үкімет бөгет бола алмайды. Ехобаның қолдауының арқасында бұрын-соңды болмағандай белсенділік танытып, Патшалық жайлы ізгі хабарды батылдықпен уағыздап жүрміз! Киелі кітап пайғамбарлығын түсіну үшін кішіпейілділікпен Ехобаның басшылығына жүгіне береміз және оның өз уақытында “шындықты толық түсінуге” көмектесетініне сенімдіміз! (Жох. 16:13).

97-ӘН Құдай Сөзімен өмір сүру

^ 5-абзац Көптеген жылдар бойы біз Жоел кітабының 1, 2-тарауларындағы пайғамбарлықты біздің күндеріміздегі уағыз ісіне қатысты деп ойлап келдік. Алайда Жоел кітабындағы пайғамбарлықтың осы бөлігіне қатысты түсінігімізді өзгертуге келелі төрт себеп бар. Олар қандай?

^ 3-абзац Мысалы, 2009 жылғы 15 сәуірдегі “Күзет мұнарасының” “Ехобаның даналығы жаратылыстарынан көрініс табады” деген мақаласының 14—16 абзацтарын қараңыз.