Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

31-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Біз еш талмаймыз!”

“Біз еш талмаймыз!”

“Сондықтан біз еш талмаймыз” (ҚОР. 2-Х. 4:16).

128-ӘН Соңына дейін табанды тұрайық

АҢДАТПА *

1. Пауыл мәсіхшілерді не істеуге шақырды?

МӘСІХШІЛЕРДІҢ барлығы өмір үшін жарысқа қатысып, жүгіріп келеді. Жарысқа енді қосылғандар да, бұрыннан жүгіріп келе жатқандар да, мәре сызығына жеткенше жүгіруді доғармау керек. Осы орайда елші Пауылдың Філіпідегі мәсіхшілерге жазған сөздері бізге соңына дейін жүгіруге күш-жігер береді. Сол қаладағы мәсіхшілер Пауылдың хатын алғанда, кейбірінің Ехобаға қызмет еткендеріне біраз жыл болған еді. Қызметтерін адалдықпен атқарып жатса да, Пауыл оларды табандылықпен жүгіре беруге талпындырды. Оған еліктеп, “өмірге жетуді мақсат етіп жүгіруге” шақырды (Філіп. 3:14).

2. Неге Пауылдың кеңесі уақтылы кеңес болды?

2 Пауылдың філіпіліктерге айтқан шақыруы дер кезінде болды. Өйткені Філіпідегі қауым құрыла салысымен-ақ қуғын-сүргінге кезікті. Бұл қарсылықтар Пауыл мен Сыйлас “Македонияға кел” деген шақыруға құлақ асып, шамамен б. з. 50 жылы Філіпіге келгенде басталды (Ел. іс. 16:9). Сол жерде олар Ехоба жүрегін ашқан “Лүдия есімді әйелді” кездестірді (Ел. іс. 16:14). Көп ұзамай Лүдия және оның бүкіл үй іші шомылдыру рәсімінен өтті. Бірақ Ібіліс қол қусырып отырмады. Қаладағы ер адамдар Пауыл мен Сыйласты ұстап алды да, қала билеушілеріне сүйреп апарып, “жұртты дүрліктіріп жүр” деген жалған айып тақты. Сөйтіп, олар Пауыл мен Сыйласқа дүре соқтырды, түрмеге жапты, ал кейін қаладан кетуді өтінді (Ел. іс. 16:16—40). Бірақ олар қызметтерін доғарды ма? Жоқ! Ал жаңа құрылған қауымдағы бауырластар ше? Олар да еш тайсалмай тұрды! Пауыл мен Сыйластың көрсеткен табандылығы оларға қатты әсер еткенінде күмән жоқ.

3. Пауыл нені түсінген және бұл мақалада қандай сұрақтарға тоқталамыз?

3 Пауыл өмір үшін жарыста талмай жүгіруге нық бекінген еді (Қор. 2-х. 4:16). Бірақ мәре сызығына жету үшін ол мақсатынан ауытқымау керектігін түсінді. Пауылдың үлгісінен не түйеміз? Бүгінгі таңда табандылық танытқан қандай бауырластарымыз бар? Болашаққа деген үмітіміз еш талмауға қалай көмектеседі?

ПАУЫЛДЫҢ ҮЛГІСІНІҢ БІЗГЕ ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

4. Өз жағдайына қарамастан Пауыл қалай қызметте белсенді болды?

4 Філіпіліктерге арналған хатты жазғанда Пауылдың қандай жағдайда болғаны жайлы ойлап көрейікші. Сол кезде ол Римде үй қамауында отырған еді. Еркіндігін шектеп қойса да, ол келіп-кетушілерге уағыздаудың мүмкіндігін жібермеген және алыс жерлердегі қауымдарға хаттар жазған. Бүгінде де қарттықтың немесе аурудың кесірінен үйлеріне жіпсіз байланған мәсіхшілер де келіп-кетушілерге уағыздаудың мүмкіндігін қалт жібермейді. Сондай-ақ олар үйлерінен табылмаған адамдарға да жігерлендіретін хаттар жазады.

5. Філіпіліктерге 3:12—14 тармақтарға сай, Пауылға мақсатын назарда ұстауға не көмектесті?

5 Пауыл бұрынғы жетістіктері мен қателіктерінің Ехобаға қызмет етуден алаңдатуына жол бермеген. Ол “алдағы нәрселерге ұмтылу” үшін, яғни мәреге жету үшін “өткенді ұмыт қалдырудың” аса маңызды екенін айтқан (Філіпіліктерге 3:12—14 оқыңыз). Өткен нәрселерге алаңдамау үшін Пауыл не істеді? Біріншіден, ол яһуди дінінде айтарлықтай жетістіктерге жетсе де, оларды “түкке тұрғысыз қоқыс” санады (Філіп. 3:3—8). Екіншіден, бұрын мәсіхшілерді қудалағанына кінәлі сезініп, кертартпа ойларға берілген жоқ. Үшіншіден, Пауыл Ехобаға жетерліктей қызмет еттім деп ойламады. Керісінше, түрмеге жабылса да, таяқ жесе де, таспен атқыланса да, кеме апатына ұшырап, ас пен киімге жарымаса да жемісті қызмет атқарды (Қор. 2-х. 11:23—27). Иә, қандай жетістіктерге жетпесін, қандай қиыншылықтарға кезікпесін, Пауыл Ехобаға қызмет етуін доғармау керектігін түсінді. Біз де Пауылға осы жағынан еліктесек болады.

6. Қандай “өткен” нәрселерді ұмытуымыз керек?

6 Пауыл сияқты “өткенді ұмыт қалдыру” үшін біз не істеуіміз қажет? Бәлкім, кейбірімізді кезінде жасаған күнәларымыз жегідей жейтін шығар. Бойыңызда осындай сезімдер болса, неге Мәсіхтің төлем құрбандығы жайлы жеке зерттеу жүргізбеске? Жігерлендірерлік тақырыпта жеке зерттеу жүргізсек, ой жүгіртіп, дұға ететін болсақ, өзімізді әлдеқайда жақсы сезінеміз. Ехобаның бізді кешіргенін сезініп, өзімізді кінәлауды қоямыз. Пауылдың үлгісінен тағы не үйрене аламыз? Кейбіріміз Ехобаға көбірек қызмет ету үшін ақшасы өте жақсы жұмыстан бас тартқан шығармыз. Олай болса, “сол кезде көп ақшаға қол жеткізер едім-ау” деген ойды да ұмыт қалдырдық па? (Мұс. 4-ж. 11:4—6; Уағ. 7:10). Сондай-ақ “өткен” нәрселерге Ехобаға атқарған қызметіміз немесе басымыздан өткен қиындықтарымыз кіреді. Әрине, бұрын Ехобаның бізге қалай батасын төккені жайлы, қолдап келгені жайлы ойлағанымыз оған жақындата түседі. Бірақ болдым-толдым, Ехобаға жетерліктей қызмет еттім деген ойда болғымыз келмесі анық (Қор. 1-х. 15:58).

Өмір үшін жарыста біз еш нәрсеге алаңдамай, мақсатымызға көз тігуіміз керек (7-абзацты қараңыз)

7. Қорынттықтарға 1-хат 9:24—27 тармақтарға сай, өмір үшін жарыста жеңу үшін не істеу керек? Мысал келтіріңіз.

7 Пауыл Исаның “тар есіктен кіруге барынша тырысыңдар” деген сөздерінің мәнін жақсы түсінген (Лұқа 13:23, 24). Ол Иса сияқты өмірінің соңына дейін аянбай қызмет ету керектігін білген. Сондықтан да ол мәсіхшілердің өмір жолын жарысқа теңеді (Қорынттықтарға 1-хат 9:24—27 оқыңыз). Жарысқа түскен жүйрік жан-жағына алаңдамай, бар назарын мәреге тігеді. Мысалы, бүгінде жарыс кезінде жүйріктер қала көшелерімен жүгіріп жатады. Оларды түрлі дүкендер немесе басқа да нәрселер алаңдатуы мүмкін. Жүгіріп келе жатқан жүйрік тоқтай қалып, дүкендерде тұрған тауарларға қарай ма? Жеңіске жеткісі келсе, ол жан-жағына алаңдамайды. Сол сияқты өмір үшін жарысқа қатысып, жүгіріп келе жатқан біз де еш нәрсеге алаңдамауымыз керек. Бар назарымыз мақсатымызда болып, Пауыл сияқты Ехобаға аянбай қызмет етсек, жүлдеге ие боламыз!

СЕНІМІМІЗДІ СЫНАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР

8. Қазір қандай үш жайтты қарастырамыз?

8 Қазір қарқынымызды бәсеңдететін үш жайтты қарастырайық. Олар — бірден орындалмаған уәделер, бойдан кеткен күш-қуат және ұзаққа созылған қиындықтар. Өзгелердің осы қиындықтарды қалай еңсергенін білгеніміздің біз үшін зор пайдасы бар (Філіп. 3:17).

9. Күткеніміз бірден орындалмаса, бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін?

9 Уәделер бірден орындалмағанда. Бүгінде біз Ехобаның берген уәделерінің орындалуын күтіп жүрміз. Абақұқ пайғамбардың жағдайы біздікіне ұқсас болған. Ол Яһуда еліндегі зұлымдықтың жойылуын қатты қалайтынын Ехобаға айтқанда, Ехоба Абақұққа сол уақытты “күт” деп бұйырды (Абқ. 2:3). Алайда күткеніміз ұзақ орындалмай жатқандай көрінсе, қарқынымыз бәсеңдеп, тіпті салымыз суға кетуі мүмкін (Нақ. с. 13:12). Бұған — ХХ ғасырдың басында бауырластармен болған жағдай дәлел. Сол уақытта көптеген майланған мәсіхшілер 1914 жылы көктегі сыйларын алуға үміттенген. Алайда күткендері бірден жүзеге аспағанда, адал қызметшілер бұны қалай еңсерді?

1914 жылы Ройал мен Пёрл Спац бауырластардың күткендері орындалмады, бірақ олар одан кейін де Ехобаға ондаған жылдар бойы адал қызмет етті (10-абзацты қараңыз)

10. Күткендері бірден орындалмағанда бір ерлі-зайыпты не істеді?

10 Сондай қиындықты бастан өткерген екі адал мәсіхшінің үлгісіне тоқталайық. Ройал Спац бауырлас 1908 жылы 20 жасында шомылдыру рәсімінен өткен. Сол кезде ол көктегі сыйын алатын уақыттың өте жақын екеніне толықтай сенімді болды. Сондықтан 1911 жылы болашақ жары Пёрлге некелесуді ұсынып жатып былай дейді: “1914 жылы қандай оқиға болатынын білесің ғой. Үйленетін болсақ, жақын арада үйленгеніміз дұрыс!” Алайда 1914 жылы олар көктегі сыйын алмағанда, өмір үшін жүгіруді қойды ма? Жоқ. Себебі олар бірінші кезекте көктегі сыйды алуды емес, Ехобаға адал қызмет етуді ойлады. Олар жарысты табандылықпен жүгіріп өтуге белдерін бекем буды. Ройал мен Пёрл ондаған жылдар бойы қызметтерін құлшыныспен атқарып, жердегі өмірлерін аяқтағанша адалдықтарынан таймады. Сіз Ехоба өзінің есімі мен бүкіләлемдік билігін ақтайтын және барлық уәделерін орындайтын кезді аңсап күтіп жүрген шығарсыз. Бұның барлығы Ехоба белгілеген уақытта міндетті түрде жүзеге асатынына сенімді болыңыз. Ал оған дейін Ехобаға барынша қызмет етіп, уәделердің орындалмай жатқаны қызметімізді кері тартуына жол бермейік.

Артур Сикорд бауырлас қартайған шағында да Ехобаға бар жақсысын бергісі келді (11-абзацты қараңыз)

11, 12. Денсаулығымыздың нашарлағаны рухани алға баса алмаймыз дегенді білдіре ме? Мысал келтіріңіз.

11 Бойдан күш кеткенде. Біздің кәдімгі жүйріктен айырмашылығымыз — рухани мықты болуымыз тәндік денсаулығымызға тәуелді емес. Бұған — денсаулығы сыр берсе де, рухани мықты болып, алға ұмтылып жүрген бауырластарымыз дәлел (Қор. 2-х. 4:16). Мысалға, Бетелде қызмет еткеніне 55 жыл болған Артур Сикорд * бауырластың оқиғасын алайық. Ол 88 жасқа келгенде, бойынан күш-қайраты кетіп, төсек тартып қалады. Бірде оған күтім жасайтын бауырлас төсегінің жанына келіп, жылы үнмен: “Артур бауырлас, сіз Ехоба үшін көп нәрсе істедіңіз”,— деп мақтады. Бірақ Артур бауырлас бұрын атқарған қызметімен шектелмейтін адам еді. Ол әлгі бауырласқа күлімдеп қарады да, былай деп жауап берді: “Иә, мұның рас. Бірақ біздің бұрын атқарған қызметіміз емес, қазір не істеп жатқанымыз маңыздырақ”.

12 Мүмкін, сіз Ехобаға жылдар бойы қызмет етіп, ал қазір денсаулығыңыз сыр бергендіктен бұрынғыдай көп қызмет ете алмайтын шығарсыз. Сіз сондай жағдайда болсаңыз, салыңыз суға кетпесін. Жылдар бойы атқарған адал қызметіңізді Ехоба ардақтап аса бағалайды (Евр. 6:10). Ал қазіргі жағдайыңызға келер болсақ, Ехобаны қаншалықты сүйетініңіз оған қанша қызмет ететініңізбен өлшенбейді. Қуанышыңыз бен үмітіңізді өшірмей, қолыңыздан келгенді істейтін болсаңыз, міне, сүйіспеншілік осымен дәлелденеді (Қол. 3:23). Ехоба шама-шарқымыздың шегін біледі, сондықтан қолымыздан келмейтінді талап етпейді (Мар. 12:43, 44).

Анатолий мен Лидия бауырлас көптеген қиыншылықтарға адалдықпен төзді (13-абзацты қараңыз)

13. Анатолий мен Лидия бауырлас қандай жағдайларға тап болды? Қиындықтарға қарамастан, Ехобаға адалдықпен қызмет етуге олардың үлгісі қалай көмектеседі?

13 Ұзаққа созылған қиындықтар. Ехобаның кейбір қызметшілері ондаған жылға созылған қуғын-сүргін мен асау қиындықтарға кезіккен. Мысалы, Анатолий Мельник * бауырлас 12 жаста болғанда, оның әкесі тұтқындалып, түрмеге жабылды, Молдовадағы отбасынан ажыратылып, 7000 шақырым жерде жатқан Сібірге жер аударылды. Ал бір жылдан соң Анатолийдің өзі де, анасы мен ата-әжесі де Сібірге айдалды. Кейінірек олар басқа ауылда өтетін қауым кездесуіне бара бастайды. Бірақ бұл үшін қақаған аязда қар басқан жолмен 30 шақырым жерді жүріп өтеді. Біршама уақыт өткен соң Анатолий бауырлас 3 жылға түрмеге жабылады. Әйелі Лидия бір жасар қызымен жалғыз қалады. Қаншама жылдарға созылған осындай сынақтарға қарамастан, Анатолий бауырлас отбасымен бірге қайтпас қайсарлық танытып, Ехобаға адал қызмет ете берді. Қазір 82 жастағы Анатолий бауырлас Орталық Азиядағы бір филиалда комитет мүшесі болып қызмет етеді. Аяулы Анатолий мен Лидия бауырлас сияқты біз де Ехобаға қызмет етуге барымызды салып, қиындықтарға бұрынғыдай төтеп беруді доғармайық (Ғал. 6:9).

ҮМІТІМІЗДЕН КӨЗ ЖАЗБАЙЫҚ

14. Пауыл мақсатына қатысты нені жақсы түсінетін?

14 Пауыл өмір үшін жарысты аяқтап, мақсатына жететініне сенімді болды. Майланған мәсіхші болғандықтан ол Құдайдың сыйын, яғни “көктегі өмірге жетуді” асыға күтті. Алайда сол мақсатқа жету үшін ол жүгіруді тоқтатпау керектігін жақсы түсінетін (Філіп. 3:14). Філіпіліктерге сол мақсатқа жетуге көмектесу үшін оларға бір қызық салыстыру айтып берді.

15. Філіпідегі мәсіхшілерді мақсаттарына жетуге талпындыру үшін Пауыл нені мысалға алды?

15 Пауыл філіпіліктерге олардың көктің азаматтары екендерін естеріне салды (Філіп. 3:20, сілт.). Неге Пауыл бұл тақырыпты қозғады? Сол заманда адамдар Рим азаматы болғысы келетін, өйткені мұның көптеген артықшылықтары бар еді *. Філіпідегі мәсіхшілер Рим азаматтары болған, сондықтан олар Римнің заңдарына сай өмір сүрулері керек еді. Алайда майланған мәсіхшілер әлдеқайда жақсы үкіметтің азаматтары болатын. Оның артықшылықтары бәрінен асып түсетін. Бұл еш нәрсемен салыстыруға келмейтін азаматтық еді! Сондықтан Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерді “Мәсіх туралы ізгі хабарға лайық өмір сүруге” шақырды (Філіп. 1:27). Бүгінде майланған мәсіхшілер көктегі мәңгілік өмірге жету үшін тоқтамай жүгіріп, жақсы үлгі көрсетіп жатыр.

16. Үмітіміз көкте не жерде өмір сүру болса да, Філіпіліктерге 4:6, 7-ге сай, не істеуді доғармауымыз керек?

16 Үмітіміз көктегі я жердегі болсын, біз мақсатымызға жетуге барынша ұмтылуымыз керек. Қандай қиындықтарға тап болмайық, біз өткенді ойлай бермеуіміз керек. Сондай-ақ еш нәрсенің Ехобаға қызмет етуге кедергі жасауына жол бермейік (Філіп. 3:16). Біреуіміз Ехобаның уәделерінің орындалуын көптен бері күтіп жүрген болармыз, басқа біреуіміз қартайып, күшімізден айырылған шығармыз. Тағы біреуіміз қанша жылдан бері қиындықтан көз ашпай, қудалауға шыдап жүрген шығармыз. Сіздің жағдайыңыз қайсысы болмасын, “еш нәрсені уайымдамаңыз”. Барлық өтініштеріңізді жалбарынып Құдайға айтыңыз. Сонда ол сізге адам ақылынан асқан тыныштығын сыйлайды (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз).

17. Келесі мақалада нені қарастырамыз?

17 Мәре сызығына жету үшін спортшы соңғы күші қалғанша жүгіретіні сияқты, біз де өмір үшін жарысты аяқтау үшін мақсатымызды көз алдымызда ұстауымыз керек. Жүгіруші мәреге жақындаған сайын оның бар ойы — жарысты аяқтау. Жарысымыз соңына таяған сайын бар назарымызды алдағы керемет уәделерге тіккіміз келері сөзсіз. Дұрыс бағыттан ауытқымай жүгіру үшін не істеуіміз қажет? Келесі мақалада өмірімізде не нәрсеге басымдық беруіміз керектігін түсініп, ненің маңыздырақ екеніне көз жеткіземіз (Філіп. 1:9, 10).

79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер

^ 5-абзац Ехобаға қанша жыл қызмет етпейік, біз әрдайым рухани толысып, мәсіхші ретінде жақсара беруіміз керек. Елші Пауыл бір сенімдегі бауырластарын осылай етуге үндеп, еш талмауға шақырған. Оның філіпіліктерге жазған жігерлі сөздері бізге өмір үшін жарысты табандылықпен жүгіріп өтуге көмектеседі. Осы мақалада Пауылдың сөздерін қалай іс жүзінде қолдана алатынымызды қарастырамыз.

^ 11-абзац Артур Сикордтың “Шынайы ғибадатқа қосқан үлесім” (ағ.) деген өмірбаянын 1965 жылы 15 маусымдағы “Күзет мұнарасынан” оқи аласыз.

^ 13-абзац Анатолий бауырластың өмірбаяны “Ояныңдар!” журналының 2004 жылы 22 қазанда “Құдайды сүюді бала кезімнен үйретті” (ор.) деген мақалада жарық көрген.

^ 15-абзац Філіпі қаласы Римнің отарында болғандықтан, оның тұрғындары Рим азаматына тиесілі кейбір құқықтарға ие болған. Демек, Філіпідегі бауырластар сөздің төркінін түсінген.