Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жақия — қуанышы ортаймаған жан

Жақия — қуанышы ортаймаған жан

ҚАУЫМДА сізге ұнайтын, бірақ қазір атқара алмайтын қызметті аңсап жүрсіз бе? Бәлкім, бұл жауапкершілікті басқа біреу атқарып жүрген шығар. Я болмаса бұл сіз бұрын атқарған қызмет шығар. Қазір жасыңыздың ұлғаюы, денсаулықтың нашарлауы, қаржы тапшылығы я отбасылық міндеттеріңіз мүмкіндік аясын шектеп тастаған болар. Я болмаса ұйымдағы ауыс-түйістердің салдарынан ұзақ жыл бойы атқарған қызметіңізді тоқтатуға тура келген шығар. Себебі қандай болмасын, сіз Ехобаға өзіңіз қалағандай қызмет ете алмай жүрмін деп ойлайтын шығарсыз. Содан көңіліңіз жиі-жиі түсіп жүрген де болар. Бұл түсінікті де. Десе де көңілдің түсуіне, жабырқау мен ренішке тосқауыл қоя аламыз ба? Мұндайда қуанышыңызды қалай сақтай аласыз?

Қуанышымызды жоғалтпауға қатысты шомылдыру рәсімін жасаушы Жақиядан үйренеріміз көп. Жақия өзіне тапсырылған мәртебелі қызметті қуанышпен атқарды. Бірақ ол алда не күтіп тұрғанын білмесе керек. Көп уақытты қызметте емес, түрмеде өткізетіні тіпті ойына да кіріп шықпаған шығар. Алайда Жақия қуанышын жоғалтпай, өмірінің соңына дейін оң көзқарасын сақтап қалды. Жақияға не көмек болды? Бір нәрседен көңіліміз қалғанда, қуанышымызды қалай сақтай аламыз?

ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ ҚЫЗМЕТ

Б. з. 29 жылының көктемінде Жақия Ехобаның тапсырмасын орындай бастады. Ол: “Күнәларыңа өкініңдер, өйткені Көк Патшалығы таяп қалды!”— деп, халықты Мәсіхтің келуіне дайындау керек еді (Мат. 3:2; Лұқа 1:12—17). Көбісі бұл сөздерге ден қойды. Осы хабарды есту үшін адамдар алыстан ағылып жатты. Олардың көбісі күнәларына өкініп, шомылдыру рәсімінен өтті. Сондай-ақ Жақия әділсымақ дінбасылар өзгермесе, оларды қандай жаза күтіп тұрғанын қорықпастан айтты (Мат. 3:5—12). Б. з. 29 жылының күзінде Исаны шомылдыру рәсімінен өткізіп, Жақия қызметіндегі ең маңызды істі атқарды. Содан бастап ол халықты уәде етілген Мәсіхке қарай бағыттап отырды (Жох. 1:32—37).

Жақияның ерекше рөліне меңзеп, Иса: “Адам атаулының ішінде шомылдыру рәсімін жасаушы Жақиядан ұлы ешкім болған емес”,— деді (Мат. 11:11). Жақия Ехоба үшін атқарған бар қызметі мен Құдайдан көрген баталарын қатты бағалағанында күмән жоқ. Жақия сияқты бүгінде Ехобаға бар жүрекпен қызмет ететін көптеген мәсіхшілер молынан жарылқанып жатыр. Терри деген бауырластың үлгісі — соған дәлел. Терри мен әйелі Сандра өмірінің 50 жылдан астам уақытын толық уақытты қызметте өткізген. Ол былай дейді: “Мен көптеген тамаша қызмет атқардым. Тұрақты ізашар болдым, бетелдік, арнайы ізашар, сосын аудандық және облыстық бақылаушы болып қызмет еттім. Қазір қайтадан арнайы ізашар болып қызмет етемін”. Осындай қызмет түрлеріне тағайындалғанда, бұл бізге сөзсіз қуаныш әкеледі. Бірақ Жақияның үлгісінен біздің қуанышымыз қандай да бір тағайындалуымызға байланысты емес екенін және қуанышымызды қашырып алмау үшін күш салу керектігін үйренеміз.

САРҚЫЛМАҒАН РИЗАШЫЛЫҚ

Жақияның қуанышты болуының құпиясы оның ризашылығында еді. Ол тапсырылған мәртебелі істеріне алғысын ешқашан жоғалтпаған. Соның бір мысалын көрейік. Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін оның шәкірттері көбейсе, Жақиянікі азая бастады. Жақияның шәкірттері уайымдап: “Ұстаз, қараңызшы, Иорданның арғы жағында сізге келген адам шомылдыру рәсімін жасап жүр. Жұрттың бәрі соған барып жатыр”,— деді (Жох. 3:26). Жақия былай деп жауап берді: “Қалыңдығы бар кісі — күйеужігіт қой. Ал қасында тұрған досы оның даусын естіп, қатты қуанады. Менің де қуанышым қойныма сыймай тұр” (Жох. 3:29). Жақия Исамен бәсекелескен жоқ, “Исаның қызметі маңыздырақ, ал менің қызметімнің түк пайдасы болған жоқ” деп те ойламады. Қайта, ол күйеужігіттің “досы” екенін бағалы тұтып, қуанышын жоғалтпады.

Жақияның тапсырмасы оңай болмаған. Бірақ оның дұрыс көзқарасы оған қуанышын сақтауға көмек берді. Мысалы, Жақия туғанынан назир болған, сондықтан оған шарап ішуге болмайтын (Лұқа 1:15). Оның тақуалық өмір салтына нұсқап Иса: “Жақия өзгелердей ішіп-жемеді”,— деді. Ал Иса мен оның шәкірттері назир антының шектеуінде болмаған, сондықтан басқалар сияқты өмір кешкен (Мат. 11:18, 19). Сонымен қатар Жақия кереметтер жасамаған, ал Исаның шәкірттері кереметтер жасайтын. Арасында Жақияның бұрынғы шәкірттері де болған (Мат. 10:1; Жох. 10:41). Жақия өз шәкірттері мен Исаның шәкірттерінің арасындағы осындай айырмашылықтарды ойлап, ойға батқан жоқ. Ол бар ойын Ехобаның берген тапсырмасына аударып, соны орындаудан бас алмады.

Біз де қазір атқарып жатқан қызметімізді бағаласақ, қуанышымызды көздің қарашығындай сақтай аламыз. Басында айтылып кеткен Терри былай дейді: “Мен әр қызметіме ден қойып кірісетінмін”. Артта қалған жылдары жайлы ол: “Менің ешқандай өкінішім жоқ, сол жылдар әдемі естелік болып есімде қалды”,— дейді.

Әр қызметті, әр жауапкершілікті не нәрсе ерекше ететінін ойлап тұрғанымыз да қуанышымызды еселей түседі. Құдаймен қызметтесу — абыройлы іс (Қор. 1-х. 3:9). Құнды заттың әдемі күйін сақтау үшін оны күтіп ұстау керек. Сол сияқты Ехобамен қызметтесу қандай мәртебе екенін ұмытпай, ой жүгіртіп отырсақ, қуанышымыз ешқашан ортаймайды. Біз өз құрбандығымызды басқалардікімен салыстырмайтын боламыз. Ехоба бізге маңызсыз, ал басқаларға маңызды іс тапсырды деп ойламаймыз (Ғал. 6:4).

РУХАНИ НӘРСЕЛЕРГЕ КӨЗ ТІГІҢІЗ

Жақия қызметінің ұзаққа жалғаспайтынын білсе де, кенеттен үзілетінін ойламаса керек (Жох. 3:30). Б. з. 30 жылы, Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгеніне шамамен алты ай өткен соң, Ирод патша Жақияны түрмеге жабады. Түрмеде де Жақия куәлік етуін доғармады (Мар. 6:17—20). Осындай қиындықтарда оған қуанышты болып жүруге не көмектесті? Оның бар назары рухани нәрселерде еді.

Жақия түрмеде жатқанда, Исаның қызметі жайлы хабарлар оған жетіп жатты (Мат. 11:2; Лұқа 7:18). Жақия оның Мәсіх екеніне сенімді еді, бірақ Иса Жазбалардағы Мәсіхке қатысты айтылған барлық пайғамбарлықтарды қалай орындайды деп дал болған шығар. Жақия Мәсіхтің патша болатынын білгендіктен, “Иса билігін жақында бастай ма, мені түрмеден босата ма?” деген сұрақтар толғандырған шығар. Исаның рөлі жайлы түсінігін анықтай түсу үшін Жақия екі шәкіртін жіберіп, былай деп сұратты: “Келеді деген Кісі сіз бе, әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?” (Лұқа 7:19). Сонда Иса: “Зағиптар көріп, ақсақтар жүріп, алапестер тазарып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, кедей-кепшіктерге ізгі хабар жарияланып жатыр”,— деп Жақияға айтуды бұйырады (Лұқа 7:20—22). Шәкірттері Исаның адамдарды керемет түрде сауықтырып жатқанын айтып беріп жатқанда, Жақия оларды бар зейінімен тыңдаса керек.

Шәкірттерінің хабары Жақияны бек нығайтты. Исаның Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтарды орындап жатқанына көзі жетті. Иса Жақияны түрмеден құтқармаса да, Жақия өзінің қызметі бекер болмағанын білген. Басына төнген жағдайларына қарамастан, ол қуанышын жоғалтқан жоқ.

Дүниежүзі бойынша жүріп жатқан уағыз ісіне назар аударсақ, қуанышымызды жоғалтпаймыз

Жақияға ұқсап біз де рухани нәрселерге көз тіксек, бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзе аламыз (Қол. 1:9—11). Сондай-ақ бізге Киелі кітап оқығанымыз, ол жайында ой жүгірткеніміз көмек болады. Соның арқасында Құдай үшін істеп жатқанымыздың бәрі бекер емес екенін ұмытпаймыз (Қор. 1-х. 15:58). Сандра былай дейді: “Күн сайын Киелі кітаптың тарауын оқимын, соның арқасында Ехобаға одан бетер жақындай түстім. Бұл маған бар назарымды өзіме емес, Ехобаға аударуға көмектеседі”. Бұған қоса, біз Патшалық ісінің дүниежүзілік есебіне ден қоямыз. Бұл бізге тек өзіміз жайында ойлау бермеуге, оның орнына, Ехобаның істеп жатқан істеріне назар аударуға септеседі. “Ай сайынғы Broadcasting® бағдарламасы бізге ұйымға жақын болуға, сондай-ақ өз қызметімізді қуана атқаруға көмектеседі”,— дейді Сандра.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырын Жақия қызметке арнады. “Ол Ілиясқа дарыған рух пен күшке бөленді” және “біздікіндей сезімі бар адам болған” (Лұқа 1:17; Жақ. 5:17).Жақияның ризашылығына еліктеп, ол сияқты бар назарымызды рухани нәрселерге аударсақ, өмірімізде қандай жағдай болмасын, біз де қызметімізді қуана атқаратын боламыз.