Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

32-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сүйіспеншіліктеріңіз арта берсін

Сүйіспеншіліктеріңіз арта берсін

“Мен үнемі дұға етіп... сүйіспеншіліктерің арта берсе екен деп сұраймын” (ФІЛІП. 1:9).

106-ӘН Сүйіспеншілік қасиетін дамытайық

АҢДАТПА *

1. Філіпідегі қауымды құруға кімдер көмектесті?

ЕЛШІ ПАУЫЛ, Сыйлас, Лұқа, Тімөте төртеуі Філіпіге келгенде, ол қалада ізгі хабарды қызыға тыңдаған адам көп еді. Бұл төртеуі Філіпідегі қауымның іргетасын қалады. Енді жаңа шәкірттер бірге бас қосатын болды. Олар, сірә, қонақжайлылығымен ерекшеленген Лүдия бауырластың үйінде жиналса керек (Ел. іс. 16:40).

2. Қауым көп ұзамай қандай қиындыққа тап болды?

2 Буыны қатпаған бұл қауым көп ұзамай бір қиын жағдайға тап болады. Шайтан да тыныш отыра ма, ол шындықты жек көретін адамдарды уағыздап жүрген Пауыл мен серіктестеріне қарсы айдап салады. Пауыл мен Сыйласты тұтқындап, дүре соғады, сосын түрмеге қамайды. Түрмеден босағаннан кейін олар жаңа шәкірттерге барып, оларды жігерлендіреді. Сосын Пауыл, Сыйлас, Тімөте қаладан кетіп қалады, ал Лұқа қалып қойса керек. Жаңадан құрылған қауым енді қайтпек? Ехобаның киелі рухының арқасында жаңа шәкірттер құлшына қызмет етулерін жалғастыра берді (Філіп. 2:12). Пауылдың оларды мақтан тұтатындай жөні бар еді!

3. Філіпіліктерге 1:9—11 тармақтарда Пауыл не туралы дұға айтты?

3 Он жылдай уақыт өткен соң Пауыл Філіпідегі қауымға хат жазды. Сол хатты оқып отырып Пауылдың бауырластарға деген сүйіспеншілігін байқамау мүмкін емес. Ол бір сөзінде: “Бәріңді Мәсіх Иса іспетті бар көңіліммен жақсы көріп, қатты сағынып жүргеніме Құдай куә”,— деп жазды (Філіп. 1:8). Сондай-ақ олар үшін дұға айтатынын жазды. Пауыл Ехобадан бауырластардың сүйіспеншіліктерінің артқанын, ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізгендерін, кіршіксіз таза болғандарын, ешкімнің сеніміне нұқсан келтірмегенін және әділ істерді молынан жасай бергендерін сұрады. Пауылдың шын жүректен айтқан сол сөздері біздің де кәдемізге жарайды. Олай болса, Пауылдың філіпіліктерге жазғандарын бірге оқып көрейік (Філіпіліктерге 1:9—11 оқыңыз). Содан кейін айтқан кеңестеріне тоқталып, оларға қалай құлақ асуға болатынын талқылаймыз.

“СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕРІҢ АРТА БЕРСІН”

4. а) Жоханның 1-хаты 4:9, 10-ға сай, Ехоба бізді жақсы көретінін қалай білдірді? ә) Ехобаны қалай жақсы көруіміз керек?

4 Ехоба бізді жақсы көретінін білдіру үшін жерге өз Ұлын жіберді. Ол біздің күнәларымыз үшін өлді (Жоханның 1-хаты 4:9, 10 оқыңыз). Құдайдың бізге деген ұлы махаббаты оны жақсы көруге қозғау салады емес пе?! (Рим. 5:8). Біз Құдайды қалай жақсы көруіміз керек? Бұның жауабын Иса парызшылдарға айтқан: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Мат. 22:36, 37). Әрине, біз Құдайды жартыкеш емес, бар жүрекпен жақсы көргіміз келеді. Оған деген сүйіспеншілігіміздің күннен күнге артқанын қалаймыз. Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерге: “Сүйіспеншіліктерің арта берсін”,— деп кеңес берген. Олай болса, Құдайға сүйіспеншілігімізді қалай арттыра аламыз?

5. Сүйіспеншілігіміз ненің арқасында артады?

5 Құдайды сүю үшін оны танып-білуіміз керек. Киелі кітапта: “Сүймейтін адам Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жох. 1-х. 4:8). Елші Пауыл Құдайға сүйіспеншілігімізді арттыру үшін “біліміміз бен түсінігімізді тереңдетуіміз” қажет деп айтқан (Філіп. 1:9). Біз Киелі кітапты зерттей бастағанда, Құдай туралы бәрін білмесек те, оны сүйе бастадық. Ал ол туралы көп білген сайын сүйіспеншілігіміз де арта түсті. Сондықтан Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуді және Құдай Сөзі жайлы ой жүгіртуді өміріміздегі ең маңызды істердің бірі деп білеміз (Філіп. 2:16).

6. Сүйіспеншілікті арттыру жайында Жоханның 1-хаты 4:11, 20, 21-де не айтылған?

6 Құдайдың бізге деген ұлы махаббаты бізді бауырластарды сүюге қозғау салады (Жоханның 1-хаты 4:11, 20, 21 оқыңыз). Бәлкім, бауырластарды сүю өздігінен келеді деп ойлайтын шығармыз. Не дегенмен біз Ехобаға бірге ғибадат етеміз, оған ұқсауға тырысамыз. Сондай-ақ біз үшін жанын аямаған Исаның сүйіспеншілігіне еліктейміз. Десе де бір-біріңді сүйіңдер деген өсиетке құлақ асу әрдайым оңай емес. Філіпідегі қауымда болған бір оқиғаны қарастырайық.

7. Пауылдың Еуодия мен Синтихеге берген кеңесінен не түйеміз?

7 Еуодия мен Синтихе елші Пауылмен бірге иық тіресе қызмет еткен құлшынысты әйел бауырластар еді. Бірақ өзара келіспей қалғандықтан, екеуінің достықтарына сызат түскен көрінеді. Пауыл сол бауырластардың қауымына жазған хатында Еуодия мен Синтихенің есімдерін атап, “бір ойда болыңдар” деп кеңес берді (Філіп. 4:2, 3). Пауыл бұнымен шектелмей, бүкіл қауымға да нұсқау беруді жөн көрді. Ол: “Не істесеңдер де, наразылықсыз, дау-жанжалсыз істеңдер”,— деді (Філіп. 2:14). Бұл кеңестер тек екі адал әйел бауырласқа ғана емес, бүкіл қауымға бір-бірін жақсы көре түсуге көмектескені шүбәсіз.

Неге бауырластарға көзқарасымыз дұрыс болу керек? (8-абзацты қараңыз) *

8. Бауырласты жақсы көруге қандай кедергі бар және оны қалай жеңуге болады?

8 Кейде Еуодия мен Синтихе сияқты біз де бауырластардың қателіктеріне назар аударып, оларды сүюге қиналып жатамыз. Бәріміз де күн сайын қателіктер жібереміз. Өзгенің қателіктеріне қадалып қалсақ, оларға деген сүйіспеншілігіміз су сепкендей басылып қалады. Мысалы, бір ер бауырлас Патшалық сарайын тазалауға көмектесуді ұмытып кеткенде, бұл біздің ашуымызға тиюі мүмкін. Сол бауырластың бүкіл қателіктерін еске түсіретін болсақ, ашуымыз одан бетер өршиді, ал сүйіспеншілігіміз кемиді. Сіз де осындай жағдайға күйіп-пісіп жүрген болсаңыз, мына жайлы ойланғаныңыз жөн: Ехоба сіздің де, ол бауырластың да қателіктерін көріп тұр. Бірақ соған қарамастан ол сізді де, сізді ашуландыратын бауырласты да жақсы көреді. Сол себепті біз Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеуіміз керек және бауырластардың жақсы мінездеріне назар аударуымыз керек. Бауырластарды жақсы көруге осылай күш салсақ, бірлігіміз өзара беки түседі (Філіп. 2:1, 2).

МАҢЫЗДЫРАҚ НӘРСЕЛЕР

9. Філіпіліктерге арналған хатында Пауыл “маңыздырақ” деп нені айтты?

9 Ехоба Пауылды Філіпідегі мәсіхшілерге “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” деп кеңес беруге талпындырды. Бұл кеңестің бізге де қатысы бар (Філіп. 1:10). Бұл маңызды нәрселерге Ехобаның киелі есімі, оның уәделері және қауымның татулығы мен бірлігі кіреді (Мат. 6:9, 10; Жох. 13:35). Осы нәрселер біз үшін ең маңызды болса, онда біз Ехобаны жақсы көретінімізді көрсетеміз.

10. Ехоба бізді “кіршіксіз таза” деп қабылдау үшін не істеуіміз керек?

10 Сонымен қатар Пауыл біздің “кіршіксіз таза” болуымыз керектігін айтқан. Бұл кемелді болуымыз керектігін білдірмейді. Біз Ехоба сияқты кіршіксіз таза бола алмаймыз. Бірақ сүйіспеншілігіміздің тереңнен шығуына күш салсақ және ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізсек, Ехоба бізді “кіршіксіз таза” деп біледі. Сүйіспеншілік танытудың бір жолы — өзгелердің сенімдеріне нұқсан келтірмеу.

11. Неге өзгелердің сеніміне нұқсан келтірмеуіміз керек?

11 Өзгелердің сеніміне нұқсан келтіру жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес. Біз біреудің сеніміне қалай нұқсан келтіруіміз мүмкін? Мысалы, қалай көңіл көтеретініміз, қандай киім киетініміз не жұмысымыз біреудің Ехобамен достығын бұзуы мүмкін. Бәлкім, әрекетіміз өздігінен жаман емес шығар. Бірақ ол біреудің ар-ұятына маза бермей жатса, онда бұл — ойланарлық мәселе. Өйткені Исаның айтуынша, аяулы бауырласымыздың Ехобамен қарым-қатынасын бұзу мойнына ауыр тас байлап, теңіз тұңғиығына батырылғаннан жаман (Мат. 18:6).

12. Ізашар жұптан не үйренуге болады?

12 Бір ізашар жұптың Исаның сөзіне қалай құлақ асқанына назар аударыңызшы. Олардың қауымында бала кезінде қатал тәрбиеленген жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен ерлі-зайыптылар бар еді. Олар мәсіхшілер кинотеатрға бармау керек, тіпті жақсы кино болса да көруге болмайды деп ойлаған. Ізашар жұптың фильм көргенін білгенде, сол ерлі-зайыпты оларға қатты ренжиді. Содан кейін ізашар жұп шындыққа жаңа келген ерлі-зайыпты ар-ұжданын тәрбиелеп, дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйренгенше, кинотеатрға бармауды шешеді (Евр. 5:14). Осылайша ізашар ерлі-зайыпты бауырластарын жақсы көретінін сөзбен ғана емес, ісімен де көрсетті (Рим. 14:19—21; Жох. 1-х. 3:18).

13. Қалайша өзгелерді күнәға итермелеуіміз мүмкін?

13 Өзгелердің сеніміне тағы қалай нұқсан келтіруіміз мүмкін? Күнәға итермелеу арқылы. Қалайша? Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз. Бір зерттеуші ұзақ уақыт күресіп, ақырында алкогольді ішімдікке деген тәуелділігін жеңеді. Енді ол ешқашан ішімдік ішпеймін деп шешеді. Ол тез рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтеді. Бір күні қауымдағы бауырлас оны қонаққа шақырады. Сосын ішімдік ұсынып жатып былай дейді: “Сен енді Ехоба куәгерісің, сондықтан сенде киелі рух бар. Ал ұстамдылық — киелі рухтың жемісі. Сондықтан ұстамдылығыңды жетілдіру үшін аздап іше берсең болады”. Шындыққа жаңадан келген ер бауырлас сол бұрыс кеңеске құлақ асып, қайтадан ішімдікке тәуелді болып қалса, өкінішті болар еді, әрине!

14. Кездесулеріміз Філіпіліктерге 1:10-да берілген кеңесті іске асыруға қалай көмектеседі?

14 Кездесулеріміз Філіпіліктерге 1:10-да берілген кеңесті іске асырудың түрлі жолдарын үйретеді. Біріншіден, кездесулерде берілетін рухани мол бағдарлама Ехоба үшін ненің ең маңызды екенін есімізге салады. Екіншіден, білгендерімізді жүзеге асыруды үйренеміз, соның арқасында “кіршіксіз таза” бола аламыз. Үшіншіден, қауымда бізді “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындырады” (Еврейлерге 10:24, 25). Бауырластар бізді талпындырған сайын Құдайға және бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз өседі. Жүрегіміз осындай екі сүйіспеншілікке толған кезде бауырластардың сенімдеріне нұқсан келтіру ойымызға да келмейді.

“ӘДІЛ ІСТЕРДІ МОЛЫНАН ЖАСАЙ БЕРІҢДЕР”

15. “Әділ істерді молынан жасауға” не кіреді?

15 Пауыл дұғасында філіпіліктердің “әділ істерді молынан жасай бергенін” қайта-қайта сұраған (Філіп. 1:11). Әрине, “әділ істерге” олардың Ехобаға және бауырластарға деген сүйіспеншіліктері жатқан. Сондай-ақ бұған Иса жайлы сенімдері мен керемет үміттерін өзгелерге айту да кіретін. Філіпіліктерге 2:15-те тағы бір тіркес қолданылған, ол жерде: “Осы дүниеде шырақтай нұр шашып жүріңдер”,— делінген. Бұл сөздер Исаның шәкірттеріне айтқан: “Сендер дүниенің жарығысыңдар”,— дегенін еске түсіреді (Мат. 5:14—16). Сондай-ақ ол ізбасарларына “шәкірттер дайындауды” тапсырды, сөйтіп, олар “жердің қиыр шетіне дейін ол жайлы куәлік ететінін” айтқан (Мат. 28:18—20; Ел. іс. 1:8). Осы маңызды іске бар күшімізді салып, аянбай еңбектенсек, “әділ істер” жасаймыз.

Римде үй қамауында отырғанда, Пауыл Філіпідегі қауымға хат жазған. Ол күзетшілер мен келіп-кетушілерге уағыздаудың мүмкіндігін жібермеген (16-абзацты қараңыз)

16. Філіпіліктерге 1:12—14 тармақтағы Пауылдың жағдайы тіпті қиын кезде “шырақтай нұр шаша алатынымызды” қалай көрсетеді? (Мұқабадағы суретті қараңыз).

16 Біз кез келген жағдайда “шырақтай нұр шаша аламыз”. Кей кезде уағыздауға бөгет болған жағдайлар біз ойламаған керемет мүмкіндікке айналуы мүмкін. Мысалы, елші Пауыл філіпіліктерге хат жазған кезде Римде үй қамауында отырды. Бірақ қолындағы шынжырлары оған күзетшілерге және келіп-кетушілерге уағыздауға кедергі болмады. Ол өз жағдайында бар ықыласымен уағыздады. Бұнысы бауырластарға сенімділік беріп, “Құдай сөзін қорықпай айтуларына” батылдық дарытты (Філіпіліктерге 1:12—14 оқыңыз; 4:22).

Өзгелерге уағыздау үшін бар күшімізді салайық (17-абзацты қараңыз) *

17. Қиындыққа қарамай уағыздап жүрген бауырластар жайлы айтып беріңіз.

17 Көптеген бауырлас Пауыл сияқты батыл қызмет етіп жатыр. Олар ашық уағыздауға болмайтын немесе үйден үйге жүруге тыйым салынған елдерде өмір сүргендіктен, ізгі хабарды жария етудің басқа амалдарын тапқан (Мат. 10:16—20). Сондай елдердің бірінде аудандық бақылаушы әр жариялаушыға туған-туыстарына, көршілеріне, сыныптастарына, әріптестеріне, таныстарына уағыздауға кеңес береді. Екі жылдың ішінде сол аудандағы қауымдар айтарлықтай өсті. Бәлкім, сіз тұратын елде еркін уағыздай алатын шығарсыз. Сөйтсе де осындай тапқыр бауырластардан маңызды сабақ үйренуге болады: өзгелерге уағыздау үшін бар күшімізді салсақ, қиындықтар туындағанда, Ехоба уағыздай беруге көмектесетіні сөзсіз (Філіп. 2:13).

18. Не нәрсеге асық болуымыз керек?

18 Пауылдың філіпіліктерге жазған хатындағы кеңестерге әсіресе бүгін құлақ асуға асық болайық. Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп, кіршіксіз таза болып, ешкімнің сеніміне нұқсан келтірмей, әділ істерді молынан жасай берейік. Сонда сүйіспеншілігіміз күннен күнге артып, сүюші Әкеміз Ехобаға мадақ әкелеміз.

17-ӘН “Қалаймын”

^ 5-абзац Бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді кешеден гөрі бүгін әлдеқайда көбірек нығайтуымыз керек. Кейде сүйіспеншілік таныту қиынға соғатыны жасырын емес. Осы мақалада Філіпіліктерге арналған хаттағы кейбір кеңестер қарастырылып, сүйіспеншілігімізді барынша арттыруға көмектеседі.

^ 54-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Патшалық сарайын жинастырып жатқан кезде Джой бауырлас шаңсорғышын өшіріп, бауырластармен сөйлесе кетті. Бұл Майктың ашуына тиеді. Ол: “Әңгіме айтқанша, жұмысын істемей ме?— деп ойлайды. Біраздан соң Майк Джойдың қарт бауырласқа көмектесіп жатқанын көріп қалады. Бұл оған бауырластардың жақсы қасиеттері жайлы ойлау керектігін есіне салады.

^ 58-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Емін-еркін уағыздай алмайтын елде ер бауырлас танысына сақтықпен уағыздап жатыр. Сосын жұмыста үзіліс кезінде әріптесіне уағыздап отыр.