Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Тыңдаушыларыңызды құтқарасыз”

“Тыңдаушыларыңызды құтқарасыз”

“Өзіңе және беріп жатқан тәліміңе әрдайым ден қой. Ұдайы осыларды істей бер, сонда өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың” (ТІМ. 1-Х. 4:16).

67-ӘН “Құдай сөзін уағызда”

АҢДАТПА *

1. Туысқандарымызға қатысты тілегіміз қандай?

“ШЫНДЫҚТЫ білген кезде-ақ менің бар тілерім бүкіл отбасыммен бірге жұмақта болу еді. Шіркін-ай, жолдасым Уәли * мен ұлым менімен бірге Ехобаға қызмет етсе, бұдан артық арман бар ма деп ойлайтынмын”,— дейді Перизат бауырлас. Отбасыңызда әлі шындыққа келмеген біреу бар ма? Олай болса, Перизаттың сезімі сізге таныс шығар.

2. Бұл мақалада қандай сұрақтарды талқылаймыз?

2 Туған-туыстарымызды мәжбүрлеп ізгі хабарды қабылдатқыза алмаймыз. Бірақ оларға Киелі кітап хабары жайлы ойлануға, оны қабыл алуға көмектесу біздің қолымыздан келеді (Тім. 2-х. 3:14, 15). Неге біз туыстарымызға куәлік беруіміз керек? Неге олардың ішкі сезімдеріне түсінікпен қарауымыз керек? Туған-туыстарымыз да Ехобаны жақсы көру үшін не істей аламыз? Бұл орайда қауымдағы бауырластар бізге қалай көмектесе алады? Осы сұрақтардың жауабын аталмыш мақаладан табамыз.

НЕГЕ ТУЫСТАРЫМЫЗҒА КУӘЛІК БЕРУІМІЗ КЕРЕК?

3. Петірдің 2-хаты 3:9-ға сүйенсек, біз неге туыстарымызға куәлік беруіміз керек?

3 Ехоба жақын арада осы зұлым дүниеге нүкте қояды. Тек “мәңгі өмірге ыңғай танытқандар” ғана аман қалады (Ел. іс. 13:48). Бейтаныс адамдарға уағыздау үшін көп уақытымыз бен күшімізді жұмсайтынымыз сондықтан. Жанымызға жақын туғандарымызға да айтуды ұмытпаймыз. Өйткені олардың да бізбен бірге Ехобаға қызмет еткенін қалаймыз ғой. Күллі адамзатты сүйетін Ехоба Әкеміз “бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз).

4. Туыстарымызға уағыздағанда біз нені дұрыс істемеуіміз мүмкін?

4 Құтқарылу жайлы хабарды жеткізудің екі жолы бар: дұрыс жолы және бұрыс жолы. Осыны естен шығармаған жақсы. Бәлкім, бейтаныс адамдармен барынша ізетті шығармыз, бірақ туыстарға уағыздағанда, ізетіміздің ізі де қалмай жатады.

5. Туғандарымызға уағыздағанда қандай кеңесті есте ұстау керек?

5 Туған-туыстарымызға бірінші рет қалай уағыздағанымызды еске түсірсек, ұялғаннан жерге кіре жаздайтынымыз өтірік емес. Уақытты қайтарса ғой, бәрін басқаша айтар едік. Осы орайда елші Пауыл мәсіхшілерге мынадай кеңес берген: “Сөздерің әрқашан жағымды да дәмді болсын. Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер” (Қол. 4:5, 6). Туғандарымызға уағыздағанда осы кеңесті есте ұстайық. Әйтпесе шындыққа тәбетін ашудың орнына, қашырып жібереміз.

ТУҒАН-ТУЫСТАРЫМЫЗҒА КӨМЕКТЕСУ ҮШІН НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫЗ?

Сіздің түсінушілігіңіз бен әрекеттеріңіз — ең күшті куәлік (6—8 абзацтарды қараңыз) *

6, 7. Куәгер емес күйеуге түсінікпен қараудың маңыздылығын түсіндіретін оқиға айтып беріңіз.

6 Сезімдеріне түсінікпен қараңыз. Алдында сөз етілген Перизат бауырлас былай еске алады: “Басында күйеуіме тек Құдай мен Киелі кітап жайлы ғана айта беретінмін. Содан басқа еш нәрсе жайлы сөйлеспейтінбіз”. Перизаттың жолдасы Киелі кітап жайлы естігені болмаса, ол жайлы көп білмейтін. Сондықтан әйелінің әңгімесі ол үшін мүлдем түсініксіз дүние еді. Перизат оған дінге басымен кіріп кеткендей көрінетін. Әйелі қауіпті сектада жүр ме деп қорқа бастады.

7 Перизаттың айтуынша, ол бір кездері кешкі уақытын және демалыс күндерін көбінесе бауырластармен өткізетін. Қауымға баратын, қызметке шығатын, үйлеріне барып араласатын. “Кейде Уәли үйге келгенде, үй қаңырап бос тұратын. Сондықтан ол жалғызсырайтын”,— дейді Перизат. Әрине, үйде жалғыз қалу кімге ұнайды дейсіз? Уәли әйелінің қандай адамдармен жүргенін білмегендіктен, жаңа достары оған әлдеқайда маңызды екен ғой деген ойда қалатын. Сөйтіп, Уәли ажырасамға басып, Перизатты қорқыта бастады. Перизат күйеуіне қалай түсінікпен қараса болар еді?

8. Петірдің 1-хаты 3:1, 2-ден білгеніміздей, туғандарымызға не нәрсе көбірек әсер етеді?

8 Үлгіңіз сөйлесін. Туғандарымызға сөзімізден гөрі ісіміз өтімді (Петірдің 1-хаты 3:1, 2 оқыңыз). Перизат та мұны түсінді. Ол былай дейді: “Уәли шын мәнінде ажырасқысы келмеген, оның бізді жақсы көретінін білетінмін. Бірақ ол ажырасам дегенде, мен есімді жиғандай болдым. Ехобаның некеге қатысты кеңестерін орындамай жүргенімді сол кезде түсіндім. Ауызбен ғана айта бермей, іспен көрсетуім керек еді”. Күйеуін қинап Киелі кітап туралы сөйлесудің орнына Перизат басқа тақырыптарда сөйлесетін болды. Уәли әйелінің сөзге келмейтінін, ал ұлының әдепті де тілалғыш болғанын байқады (Нақ. с. 31:18, 27, 28). Киелі кітаптың отбасына жақсы әсер еткенін көргенде, Уәлидің Құдай Сөзіне ықыласы ауа бастады (Қор. 1-х. 7:12—14, 16).

9. Неге көмектесуден шаршамауымыз керек?

9 Көмектесуден шаршамаңыз. Ехоба соның тамаша үлгісін көрсетті. Өз халқы ізгі хабарға құлақ асып, өмірге ие болу үшін оларға “қайта-қайта” мүмкіндік беріп отырды (Ерм. 44:4). Елші Пауыл да Тімөтеге ұдайы көмектесе бер деген кеңес берді. Не үшін деп ойлайсыз? Өйткені ол өзін де, тыңдаушыларын да құтқарар еді (Тім. 1-х. 4:16). Біз туған-туысқандарымызды жақсы көреміз. Сондықтан Құдай Сөзіндегі шындықты білсе екен дейміз. Перизаттың сөзі де, ісі де уақыт өте өз жемісін берді. Қазір ол күйеуімен қол ұстасып Ехобаға бірге қызмет етіп жүр. Екеуі де ізашар, сондай-ақ Уәли ақсақал болып қызмет етеді.

10. Біз неге шыдамдылық танытуымыз қажет?

10 Шыдамды болыңыз. Құдайдың заң-талаптарына мойынсұнуды шешкенде, біздің нанымдарымыз да, өміріміз де өзгеріп жатады. Мұны көрген жақындарымызға бұған көну қиын болуы мүмкін. Әдетте олардың көзіне бірінші түсетіні — діни мейрамдарды тойламайтынымыз бен саясатқа араласпайтынымыз. Бірінші кездері кейбір туыстарымыз тіпті бұған ашулануы да мүмкін (Мат. 10:35, 36). Бірақ олардан ешқашан күдерімізді үзбейік. Біз оларға қол сілтеп, нанымдарымызды түсіндіруді қойсақ, оларға мәңгілік өмірге лайық емес деп үкім шығарғандай боламыз. Ал соттауды Ехоба бізге емес, Исаға тапсырған (Жох. 5:22). Шыдамдылығымыздың арқасында күндердің күнінде туыстарымыз шындықты білуге ықылас танытуы мүмкін (“ Сайтымыз арқылы үйретіңіз” деген қоршауды қараңыз).

11—13. Алисаның әрекетінен не үйрендіңіз?

11 Мейірімді, бірақ біршешімді болыңыз (Нақ. с. 15:2). Алисаның оқиғасы — соның бір үлгісі. Ол Ехоба жайлы ата-анасынан алыста жүргенде біледі. Оның ата-анасы саясатқа белсенді араласқан атеистер еді. Алиса өзі білген жақсы хабарды тез арада ата-анасына да айту керектігін түсінді. Ол былай дейді: “Жаңа сенімің жайлы отбасыңа айтпай соза берсең, отбасыңа бұны қабылдау қиындай түседі”. Алиса ата-анасына сүйіспеншілік сияқты тақырып қызық болады-ау деген оймен сол туралы хат жазады. Соған қатысты ойларын сұрайды (Қор. 1-х. 13:1—13). Бағып-қағып өсіргені үшін алғысын айтып, сыйлығын салып жібереді. Ал үйіне барған соң анасына үй тірлігіне көмектеседі. Алғашында Алиса жаңа сенімі туралы айтқанда, ата-анасы мұнысын құптамады.

12 Ата-анасының үйінде жүргенде де Алиса Киелі кітапты күнделікті оқи берді. “Осының арқасында Киелі кітап мен үшін өте маңызды екенін анам түсінді”,— дейді Алиса. Сол аралықта Алисаның әкесі қызының неге өзгергенін түсіну үшін және Киелі кітаптан мін табу үшін оқып көргісі келеді. Сол кезде Алиса былай істепті: “Мен оған Киелі кітапты бердім және ішіне жүрегін қозғайтын бір-екі ауыз сөз жазып қойдым”. Бұның арты немен аяқталды? Әкесі Құдай Сөзінен еш мін таппады. Құдай Сөзі оған қатты әсер етті.

13 Қиындықтарға кезіксек те, біз мейірімді, бірақ біршешімді болуымыз керек (Қор. 1-х. 4:12ә). Мысалы, Алиса анасының жағынан қарсылыққа тап болды. Ол былай дейді: “Мен шомылдыру рәсімінен өткенде, анам маған “енді сен менің қызым емессің” деді”. Сол кезде Алиса не істеді? “Мен жаңа дінім туралы әңгімеден қашпайтынмын. Анама Ехоба куәгері болуды шешіп қойғанымды және бұл шешімімнің өзгермейтінін құрметпен жеткіздім. Анама жақсы көретінімді де айттым. Екеуміз бір жылап алдық, сосын оған дәмді тамақ пісіріп бердім. Сол күннен бастап анам Киелі кітаптың арқасында жақсы жаққа өзгергенімді мойындады”,— дейді Алиса.

14. Неге біз біршешімді болуымыз керек?

14 Ехобаға қызмет ету біз үшін өмірлік іс екенін туысқандар түсінгенше, көп уақыт өтуі мүмкін. Мысалы, Алиса ата-анасы қалаған мамандықты қуудың орнына ізашар болуды шешкенде, анасы тағы жылады. Бірақ Алиса шешімінен таймады. Ол былай дейді: “Қандай да бір салада отбасыңа шешіміңді өзгертуге жол берсең, онда олар басқа да шешіміңді өзгертеді дей бер. Бірақ сен отбасыңа мейірімді, сөйте тұра біршешімді болсаң, олардың кейбірі саған құлақ асуы мүмкін”. Бұл сөздер Алисаның өмірінде орындалды. Оның ата-анасы қазір ізашар, ал әкесі — ақсақал.

ҚАУЫМДАҒЫЛАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

Қауымдағылар Куәгер емес туысыңызға қалай көмектесе алады? (15, 16-абзацты қараңыз) *

15. Матай 5:14—16 және Петірдің 1-хаты 2:12-ден оқығанымыздай, басқалардың “игі істері” жақындарымызға қалай көмектеседі?

15 Қызметшілерінің “игі істері” арқылы Ехоба адамдарды өзіне жақындатады (Матай 5:14—16; Петірдің 1-хаты 2:12 оқыңыз). Сіздің Ехоба куәгері емес жарыңыз қауымдағы бауырластарды тани ма? Мысалы, Перизат күйеуі қауымдағы бауырластармен таныс болу үшін оларды қонаққа шақырады. Уәлиге Куәгерлердің қандай адамдар екенін түсінуге бір бауырлас көмектесіпті, ол былай деп еске алады: “Бір бауырлас менімен бірге спорт ойынын көру үшін ғана жұмысынан демалыс алып, үйіме келді. Сонда мен: “Е-е, мыналар өзіміз сияқты кәдімгі адамдар екен ғой” деп ойладым”.

16. Неге туысқандарымызды қауымға шақыруымыз керек?

16 Туғандарымызға көмектесудің бір керемет жолы — қауымға шақыру (Қор. 1-х. 14:24, 25). Уәлидің бірінші барған кездесуі Еске алу кеші болатын, өйткені жұмыстан кейін баруға ыңғайлы әрі бағдарлама ұзақ емес еді. “Баяндаманы онша түсінген де жоқпын, бірақ сол жердің адамдары маған қатты ұнады. Олар мені жылы қарсы алды, қасыма өздері келіп, қолымды алды. Не керек, жақсы адамдар екен деп ойладым”,— дейді Уәли. Қауымдағы бір отбасы жиналыс кезінде де, қызметте де Перизаттың үш жасар ұлына қарап жүруге көмектесетін. Бір күні Уәли әйелінің сенімі жайлы көбірек білуді шешкенде, сол отбасының отағасына барады. Сөйтіп, екеуі Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды.

17. Өзімізді не үшін кінәламауымыз керек және туысқандарымыз туралы не деп ойламауымыз керек?

17 Күндердің күнінде барлық туған-туыстарымыз Ехобаға қызмет етеді деп үміттенеміз. Бірақ біздің күш салғанымызға қарамастан олар шындыққа келмей жатса ше? Туыстарыңыздың сол шешімі үшін өзіңізді кінәламаңыз. Өйткені біз ешкімді шындыққа келуге мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ туыстарыңыз сіздің Ехобаға қуана қызмет етіп жатқаныңызды көргенде, бұл оларға қатты әсер етуі мүмкін. Туғандарыңыз үшін дұға етіңіз. Құрметпен сөйлеңіз. Оларға көмектесуден еш талмаңыз (Ел. іс. 20:20). Ехоба сіздің әр талпынысыңызды, әр күш салғаныңызды жарылқайтынын біліп жүріңіз. Бір күні туған-туыстарыңыз сізге құлақ асса, олар құтқарылады!

57-ӘН Барша жанға уағыздайық

^ 5-абзац Туған-туыстарымыз Ехобаны таныса екен, оны білсе екен дейміз. Алайда оған қызмет ете ме, жоқ па — бұны олар өздері шешу керек. Оларға біздің сөздерімізді қабылдау оңай болу үшін не істеу керек екені осы мақалада талқыланады.

^ 1-абзац Кейбір есімдер өзгертілген. Бұл мақала Ехобаға қызмет етпейтін отбасы мүшелері туралы болғанмен, бұл жердегі принциптердің барлық туыстарға қатысы бар.

^ 53-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас бауырлас әкесімен бірге көлік жөндеп жатыр. Реті келген соң, оған jw.org® сайтынан бейнеролик көрсетіп тұр.

^ 55-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Куәгер емес күйеуі жұмысы жайлы айтып беріп жатқанда, әйелі оны мұқият тыңдап отыр. Сәлден соң әйелі отбасымен бірге ойын ойнап отыр.

^ 57-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас үйіне қауымдағы бауырластарды қонаққа шақырды. Олар бауырластың күйеуіне шын жүректен көңіл бөліп, жақынырақ танысып жатыр. Кейін күйеуі әйелімен бірге Еске алу кешіне келеді.