Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Барыңдар да, шәкірттер дайындаңдар

Барыңдар да, шәкірттер дайындаңдар

“Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар” (МАТ. 28:19).

60-ӘН Аман қалсын бәрі

АҢДАТПА *

1, 2. а) Матай 28:18—20 тармақтардағы Исаның бұйрығына сай, мәсіхшілер қауымының ең негізгі мақсаты қандай? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ИСА қайта тірілгеннен кейін шәкірттерімен Ғалилеядағы тауда кездеспек болды. Елшілері “ол не айтпақ екен” деп тауға жеткенше асыққан шығар (Мат. 28:16). Исаның “бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінгені” осы кез болса керек (Қор. 1-х. 15:6). Ол не айтқысы келді? Иса шәкірттеріне ерекше іс тапсырып: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деді (Матай 28:18—20 оқыңыз).

2 Осы сөздерді естіген шәкірттер кейіннен I ғасырдағы мәсіхшілер қауымының мүшесі болды. Сол қауымның ең басты мақсаты Мәсіхтің шәкірті болатын адамдарды табу еді *. Бүгінгі күні жер шары бойынша Куәгерлердің ондаған мың қауымы да сол мақсатты көздейді. Осы мақалада мына сұрақтарды қарастырамыз: шәкірт дайындау неге маңызды? Оған не кіреді? Шәкірт дайындауға мәсіхшілердің бәрі қатыса ма? Бұл іс неліктен шыдамдылықты талап етеді?

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

3. Жохан 14:6 мен 17:3-ті ескерсек, шәкірт дайындау неге маңызды?

3 Шәкірт дайындау несімен маңызды? Адам Мәсіхтің шәкірті болса ғана Құдаймен дос бола алады. Сондай-ақ Мәсіхтің ізімен жүрсе, ол бақытқа қол жеткізеді әрі болашақта мәңгі өмір сүру үмітіне ие болады (Жохан 14:6; 17:3 оқыңыз). Шынында да, Исаның тапсырғаны — өте жауапты іс. Алайда бұл істі біз жалғыз атқармаймыз. Елші Пауыл өзі мен жанында жүрген серіктестері жайында: “Біз Құдаймен қызметтеспіз”,— деген (Қор. 1-х. 3:9). Күнәкар пенде болсақ та, Ехоба мен Мәсіх бізге мәртебелі іс тапсырып, үлкен сенім артып отыр!

4. Иван мен Матильданың оқиғасынан не үйренеміз?

4 Шәкірт дайындау ісінің сыйлар бақыты мол. Колумбиядағы Иван мен Матильда деген Куәгер ерлі-зайыптының мысалына көңіл бөлейікші. Олар Давиер есімді бір жігітке уағыздайды. Ол: “Жақсарғым-ақ келеді, бірақ түк шықпай жатыр”,— деп ағынан жарылады. Давиер есірткі мен ішімдікке құмартқан, ақша үшін төбелесетін боксшы еді. Әрі Эрика деген қызбен бірге тұратын. Иван бауырлас былай дейді: “Давиер шалғайдағы бір ауылда тұратын. Үйіне жету үшін велосипедке мініп, батпақ жолмен сағаттап жүретінбіз. Оның мінез-құлқындағы жақсы өзгерістерді байқап, Эрика да кейіннен зерттеу сабағына қосылды”. Уақыт өте Давиер боксты, есірткі мен ішімдікті қойды. Эрикамен де заңды некеге тұрды. “2016 жылы екеуі шомылдыру рәсімінен өткенде, кезінде Давиердің “жақсарғым-ақ келеді, бірақ түк шықпай жатыр” дегенін еске алдық. Қуаныштан көзімізден ағыл-тегіл жас ақты”,— дейді Матильда бауырлас. Иә, біз үшін адамдарға Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесуден артық қуаныш жоқ!

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУҒА НЕ КІРЕДІ?

5. Шәкірт дайындау жолындағы бірінші қадам қандай?

5 Шәкірт дайындау жолындағы ең бірінші қадам — ақжүрек адамды іздеп табу (Мат. 10:11). Адамдардың бәріне бірдей куәлік еткеніміз нағыз Ехоба Куәгері екенімізді көрсетеді. Сондай-ақ нағыз мәсіхші екенімізді де паш етеді, себебі біз Мәсіхтің бұйрығына сай уағыздаймыз.

6. Уағыз ісінде жемісті болуға не көмектеседі?

6 Адамдардың кейбірі Жазбалардағы шындықты білуге асық болса, басқалары бірден ден қоя бермейді. Бізге солардың ықыласын оятуға күш салу керек болар. Бұл істе жемісті болу үшін жақсы жоспар керек. Алдымен, адамдарға қызық болатын тақырыптарды таңдаңыз. Сосын, сол тақырыпта қалай әңгіме бастайтыныңызды ойластырыңыз.

7. Адаммен қалай әңгіме бастауға болады және оны мұқият тыңдап, құрмет көрсету неге маңызды?

7 Есікті ашқан адаммен әңгімені былай бастасаңыз болады: “Пікіріңізді білгім келген еді. Бүгінде отбасылардың арасында ажырасу көбейіп барады. Отбасын нығайту үшін не қажет деп ойлайсыз?” Сосын Матай 7:12-ні немесе Қолостықтарға 3:18, 19-ды қарастырыңыз. Я болмаса: “Баланы қалай жақсы адам етіп тәрбиелеуге болады?”— деген соң, Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7-ге назар аударыңыз. Қай тақырыпты таңдасаңыз да, аймағыңыздағы адамдарды ойлаңыз. Киелі кітаптағы шындықты білгенде, мұның қандай игілігін көретінін елестетіп көріңіз. Олармен әңгімелескенде, мұқият тыңдап, пікірлеріне құрметпен қарағаныңыз абзал. Сонда жандарын жақсы түсінесіз, әрі олар да сізді тыңдауға ықыласты болады.

8. Адамға қайта бару неге табандылықты талап етеді?

8 Адам Киелі кітапты зерттеуге келіспес бұрын, оған бірнеше рет қайта бару керек болар. Бұл біздің тарапымыздан біраз уақыт пен күш талап етеді. Себебі кейде біз барған кезде адам үйінде болмай қалуы мүмкін. Сондай-ақ зерттеу сабағына келісу үшін ол сізге үйренісу керек, ал үйренісу үшін сіздің бір келгеніңіз жеткіліксіз. Осы орайда мына мысалды ойда ұстаңыз: өсімдік жиі суарылып тұрғанда ғана жақсы өседі. Дәл солай, адаммен Құдай Сөзінің төңірегінде жиі сөйлесіп тұрғанда ғана оның Ехоба мен Мәсіхке деген сүйіспеншілігі өседі.

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУҒА МӘСІХШІЛЕРДІҢ БӘРІ ҚАТЫСА МА?

Лайық жандарды іздеп табуға Куәгерлер дүниежүзі бойынша қатысады (9, 10-абзацты қараңыз) *

9, 10. Неліктен ақжүрек адамды іздеуге әрбір мәсіхші қатысады дей аламыз?

9 Ақжүрек адамдарды іздеп табуға әрбір мәсіхші атсалысады. Бұл іс жоғалып кеткен баланы іздеуге ұқсайды. Қалай дейсіз бе? Өмірде болған бір оқиғаны келтірейікші. Бір елде үш жасар кішкентай бала жоғалып қалады. Оны іздеуге 500-дей ерікті қатысады. Содан шамамен 20 сағат өткен соң, бір кісі оны жүгері алқабынан тауып алады. Ол кісі: “Оны бір өзім емес, жүздеген адам боп іздедік қой”,— деп жұрттың мақтау-марапатын қабыл алмады.

10 Бүгінде көп адам жоғалып қалған сол балаға ұқсайды. Олардың үміттері сөнген, бірақ көмекке зәру (Ефес. 2:12). Сол лайық жандарды табуға біз, сегіз миллионнан аса ерікті, жұмыла кіріскенбіз. Киелі кітапты зерттейтін адам дәл сізге жолықпаса да, оны аймағыңызда еңбектеніп жүрген басқа жариялаушылар кезіктіруі мүмкін. Шындыққа сусаған адамды кім таппасын, оның Мәсіхтің шәкірті болғанын көру бәрімізге шаттық сыйлайды, өйткені оны іздеуге бәріміз атсалыстық.

11. Сізде зерттеу сабағы болмаса да, шәкірт дайындау ісіне қалай атсалыса аласыз?

11 Сізде әзірге зерттеу сабағы болмаса да, шәкірт дайындау ісіне атсалыса аласыз. Мысалы, Патшалық сарайына бірінші рет келген адамдарды жылы қарсы алып, оларға көңіл бөлу арқылы. Сонда олар шынайы мәсіхші екенімізді “сүйіспеншілігімізден білетін болады” (Жох. 13:34, 35). Қауым кездесуінде қысқа болса да, шын жүректен әрі ізетпен берген түсініктемелеріңіз де оларды көп нәрсеге үйрете алады. Сонымен қатар жаңа жариялаушыны қызметке шақырып, оған Жазбаларды қолданып тәлім беруді үйретсеңіз болады. Осылайша оған Мәсіхке еліктеуге көмектесесіз (Лұқа 10:25—28).

12. Шәкірт дайындау үшін ерекше дарынды болу керек пе? Түсіндіріңіз.

12 Адамға Исаның шәкірті болуға көмектесу үшін ерекше дарын иесі болудың қажеті жоқ. Бұған Боливияда тұратын Фаустина бауырластың мысалы дәлел. Ол Ехоба куәгерлерімен енді ғана араласып жүргенде еш оқи алмайтын, бірақ кейін бұл жағынан біраз жақсарды. Қазір Фаустина — шомылдыру рәсімінен өткен бауырлас. Ол басқаларға шындықты үйреткенді жаны сүйеді. Аптасына бес зерттеу сабағын жүргізеді. Кей зерттеушілері сияқты жақсы оқи алмаса да, Фаустина алты адамға Ехоба куәгері болуға көмектесті (Лұқа 10:21).

13. Міндетіміз көп болса да, шәкірт дайындауға қатысудың қандай батасы болуы мүмкін?

13 Мәсіхшілердің көбісінің атқаратын міндеттері өте көп. Сонда да олар зерттеу сабақтарын жүргізуге уақыт тауып, бұдан қуаныш алып жүр. Мелани бауырластың оқиғасына назар аударайықшы. Ол сегіз жасар қызымен Алясканың оқшау бір қалашығында тұратын. Ол толық уақыт жұмыс істейтін әрі қатерлі ісікке шалдыққан әкесіне қарайтын. Мелани сол қаладағы жалғыз Куәгер болатын. Ол Киелі кітапты зерттегісі келетін адам табуды қатты қалағандықтан, көп дұға айтып, қақаған суыққа қарамай қызметке шығатын. Күндердің күнінде ол Сара деген әйелді кезіктірді. Сара Құдайдың дара есімі жайында біліп қатты қуанды. Кейіннен ол Киелі кітапты зерттей бастады. Мелани былай дейді: “Жұма күндері кешке сүйретіліп әрең келсем де, қызымды алып, зерттеуге баратынмын. Бұл зерттеу сабағының қызым екеумізге тигізген пайдасы көп. Бізге Сараның сұрақтарына жауап іздеген қатты ұнайтын. Оның Ехобамен дос болғанын көріп, қуанышымыз кеудемізге сыймады!” Сара жұрттың тарапынан қарсылық көрсе де шіркеуден кетіп, кейіннен шомылдыру рәсімінен өтті.

ШӘКІРТ ДАЙЫНДАУ ҮШІН НЕГЕ ШЫДАМДЫЛЫҚ ҚАЖЕТ?

14. а) Шәкірт дайындау ісінің балық аулаумен қандай ұқсастығы бар? ә) Пауылдың Тімөтеге 2-хат 4:1, 2-дегі сөздеріне сай, біз не істеуіміз керек?

14 Қызметіңіз нәтижесіз болып көрінсе, жігеріңіз жасымасын. Иса шәкірт дайындау ісін балық аулауға теңеген. Балықшы балық ұстау үшін көп уақытын жұмсауы мүмкін. Кейде ол түнге дейін ауласа, кейде таң атпай шығып, тіпті ұзақ қашықтықты жүзіп өтеді (Лұқа 5:5). Дәл солай кейбір жариялаушылар ақжүрек адамдарды табу үшін түрлі уақытта және түрлі жерде уағыздап, көп уақыттарын жұмсайды. Осылай олар мейлінше көп адамға ізгі хабарды жеткізе алады. Ізгі хабарды тыңдауға ыңғай танытатын адамдарды әдетте көп еңбектенетін жариялаушылар жолықтырып жатады. Сіз де адамдар көп жүретін уақытта және жерде уағыздауға күш салып жүрсіз бе? (Тімөтеге 2-хат 4:1, 2 оқыңыз).

Рухани өсулері үшін зерттеушілерге шыдамдылықпен көмектесіңіз (15, 16-абзацты қараңыз) *

15. Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізу үшін неге шыдамдылық қажет?

15 Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізу үшін шыдамдылық қажет. Неге? Өйткені адамға Киелі кітаптан білім алып, ілімдерді жақсы көріп кетуіне көмектесіп қана қою жеткіліксіз. Біз оған Киелі кітаптың авторы Ехоба жайында білім алып, оны жақсы көруіне көмектесуіміз қажет. Мәсіх шәкірттеріне қандай талаптар қоятынын ғана емес, сол талаптар бойынша қалай өмір сүруді де үйретуіміз қажет. Киелі кітаптың принциптерін бірден қолдана алмай жатса, оған шыдамдылықпен жәрдемдескеніміз дұрыс. Кей зерттеушілер бірнеше айдың ішінде-ақ көзқарастары мен өмір салттарын түзеп жатады. Басқаларына біраз уақыт керек болады.

16. Раульмен болған жағдайдан не түйдіңіз?

16 Перудегі бір бауырлас шыдамдылықтың таудай жемісін көрді. “Мен Рауль есімді кісімен екі кітапты зерттедім,— дейді ол. — Бірақ оған түзелу қиынға соқты. Ол балағат сөздер айтатын, некесінің шырқы бұзылған еді, балалары оны адам құрлы көрмейтін. Бірақ ол жиналыстарға үзбей келгендіктен, мен де оған үзбей барып, өзіне де, отбасына да көмектесе бердім. Үш жылдай уақыт өткен соң Рауль шомылдыру рәсімінен өтті”.

17. Келесі мақала не жайында?

17 Иса бізге: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деді. Осы тапсырманы орындау үшін біз түрлі адамдармен сөйлесеміз. Олардың көзқарасы біздікінен мүлдем басқаша болуы мүмкін, мысалы, кейбірі ешқандай дінді ұстанбайды немесе Құдайдың бар екеніне сенбейді. Осындай адамдарға ізгі хабарды қалай жеткізуге болатынын келесі мақаладан білеміз.

68-ӘН Патшалық тұқымын себейік!

^ 5-абзац Мәсіхшілер қауымының ең басты мақсаты — адамдарға Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесу. Бұл мақалада осы мақсатымызға жетуге көмек болатын тиімді кеңестер бар.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Мәсіхтің шәкірттері оның тәлімдерін оқып-біліп қана қоймай, білгендерін өмірде қолданады. Олар Исаның ізімен, яғни үлгісімен, тура жүруге күш салады (Пет. 1-х. 2:21).

^ 52-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Демалысқа кетіп бара жатқан ер кісі әуежайдағы Куәгерлерден әдебиет алды. Кейін көрнекі жерлерді аралауға шыққанда, Куәгерлердің әдебиет арбасымен уағыздап тұрғанын көрді. Ал үйіне оралған соң, оған жариялаушылар келді.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Алдыңғы суреттегі кісі Киелі кітапты зерттеп отыр. Кейін ол шомылдыру рәсімінен өтті.