Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қуғын-сүргінге қазірден дайын болыңыз

Қуғын-сүргінге қазірден дайын болыңыз

“Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалады” (ТІМ. 2-Х. 3:12).

129-ӘН Табанды боламыз

АҢДАТПА *

1. Неліктен қуғын-сүргінге дайындалуымыз қажет?

ИСА оның шәкірті болғысы келетіндердің бәрі жұртқа жеккөрінішті болатынын білген. Өлімге кесілер түні ол осы жайында ескертті (Жох. 17:14). Ехобаның адал Куәгерлерін қудалаған адамдар әр кезде болған (Тім. 2-х. 3:12). Осы заманның ақыры таяған сайын жауларымыздың қарсылығы да күшейе түсетіні анық (Мат. 24:9).

2, 3. а) Үрей несімен қауіпті? ә) Бұл мақала не жайында?

2 Алда болатын қуғын-сүргінге қалай дайындалса болады? Қорқынышты жағдайларды елестетіп, жаман ойларға берілудің қажеті жоқ. Өйткені бұл үрей мен уайымға батырып жібереді. Үрейленгеніміз сонша — нағыз сынаққа кезікпей жатып-ақ тізе бүгіп, Ехобаға қызмет етуді доғаруымыз мүмкін (Нақ. с. 12:25; 17:22). Үрей мен қорқыныш — жауымыз Ібілістің қолындағы мықты қару (Пет. 1-х. 5:8, 9). Ендеше, оған қарсы тұру үшін не істеуіміз керек?

3 Бұл мақалада Ехобамен достығымызды нығайтуға және неге қазірден осылай ету керектігіне назар аударамыз. Батылдығымызды қалай бекемдей алатынымызды да білеміз. Ал соңында басқалар бізді жек көргенде, қалай әрекет ету керектігіне назар аударамыз.

ЕХОБАМЕН ДОСТЫҒЫҢЫЗ НЫҒАЙСЫН

4. Еврейлерге 13:5, 6-ға сай, не нәрсеге сенімді болғанымыз жөн және бұл неге маңызды?

4 Ехоба сізді жақсы көретініне әрі ешқашан тастамайтынына сенімді болыңыз (Еврейлерге 13:5, 6 оқыңыз). Осыдан көп жыл бұрын бір “Күзет мұнарасында”: “Құдайды жақсы таныған адам сын сағатта арқа сүйер оған”,— деп жазылды. Бұл сөздердің жаны бар. Жаулардың қарсылығына төтеп бере алу үшін, Ехобаны сүюіміз, оған толықтай арқа сүйеуіміз және оның да бізді сүйетініне еш күмәнданбауымыз керек (Мат. 22:36—38; Жақ. 5:11).

5. Ехобаның сүйіспеншілігін сезінуге не көмектеседі?

5 Ехобаға жақындай түсу мақсатымен Киелі жазбаларды күнде оқыңыз (Жақ. 4:8). Оқу барысында оның сүйіспеншілігіне, мейірімділігіне көңіл қойыңыз. Айтқан сөздері мен істерінен сізді қаншалықты сүйетінін көруге тырысыңыз (Мұс. 2-ж. 34:6). Кейбіреулер Құдай сізді жақсы көреді дегенге сенбейді, өйткені ешқандай сүйіспеншілік көріп өспеген. Сіз де осылай ойласаңыз, Ехобаның мейірімі мен жақсылығын сезінген сәттеріңізді күнде қағаз бетіне түсіріп отырыңыз (Зәб. 78:38, 39; Рим. 8:32). Өз өміріңізге және Құдай Сөзіне үңіліп көрсеңіз, Ехоба сізге өте көп игілік жасағанын түсінесіз. Оның сіз үшін жасаған істерін қаншалықты бағаласаңыз, онымен достығыңыз да соншалықты берік болады (Зәб. 116:1, 2).

6. Зәбүр 94:17—19 тармақтарға сай, шын жүректен дұға айтудың қандай көмегі бар?

6 Жиі-жиі дұға айтыңыз. Қамқор Әкесінің алдында отырған баланы елестетіңізші. Ол өзін жайлы әрі қауіпсіз сезініп, сол күні болған жақсы-жаман жағдайдың бәрін әкесіне емін-еркін айтып отыр. Сіз де Ехобамен дәл осындай жақын қарым-қатынас орната аласыз. Бұл үшін оған күнде әрі шын жүректен дұға айтыңыз (Зәбүр 94:17—19 оқыңыз). “Ехобаның алдында жүрегіңізді ақтарып”, уайым мен қорқынышыңыз туралы ашық айтыңыз (Ерм. з. 2:19). Сонда Жазбаларда айтылған “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” кенелесіз (Філіп. 4:6, 7). Көбірек дұға айтқан сайын, Ехобаға жақын бола түсесіз (Рим. 8:38, 39).

Нағыз батылдықтың көзі — Ехоба мен оның Патшалығына сенім артуда

Стэнли Джонс бауырлас Құдай Патшалығының шынайы екеніне көз жеткізу арқылы сенімін нығайтты (7-абзацты қараңыз)

7. Құдайдың Патшалыққа қатысты уәделерінің орындалатынына сенімді болғаныңыз неге маңызды?

7 Құдай Патшалығы туралы уәделердің орындалатынына нық сенімді болыңыз (Мұс. 4-ж. 23:19). Егер сеніміңіз нық болмаса, Шайтан мен оның жақтастарына сізді қорқыту оңай болады (Нақ. с. 24:10; Евр. 2:15). Құдай Патшалығына деген сеніміңізді қалай нығайта аласыз? Құдайдың Патшалыққа қатысты берген уәделері жайында және олардың міндетті түрде орындалатынына көз жеткізу үшін біраз зерттеу жүргізіңіз. Бұның сізге тигізер пайдасы мол. Бұған Стэнли Джонс бауырластың мысалы дәлел. Ол сенімі үшін түрмеде жеті жыл отырған. Оған адалдығын сақтауға не көмектесті? Стэнли бауырлас былай дейді: “Мен Құдай Патшалығының бар екенін, нені жүзеге асыратынын жақсы білетінмін. Оған бір сәтке де күмәнім болмады. Соның арқасында Ехобадан мені ешкім ажырата алмады”. Құдайдың уәделері орындалатынына нық сенсеңіз, Ехобаға жақындай түсесіз және қорқыныш пен үрейге жеңілмейсіз (Нақ. с. 3:25, 26).

8. Бүгінде кездесулерді қалдырмағанымыз ненің көрсеткіші? Түсіндіріңіз.

8 Мәсіхшілер кездесулерінен қалмаңыз. Олар бізді Ехобаға жақындата түседі. Біздің бүгінде кездесулерге қаншалықты жиі баратынымыз ертеңгі қудалауларға қаншалықты дайын екеніміздің көрсеткіші болып табылады (Евр. 10:24, 25). Неге олай дейміз? Қазіргі күні болмашы кедергілерге бола кездесулерден қалып жүрсек, ертеңгі күні бауырластармен жиналу үшін басымызды қатерге тігу керек болғанда қайтпекпіз? Егер кездесулерден қалмауға қазірден нық бекінсек, қарсыластар бауырластармен бас қосуымызға тыйым салғанда еш берілмейміз. Сондықтан бойымызда қауым кездесулеріне деген сүйіспеншілік дамытқанымыз дұрыс. Қауым кездесулерін жақсы көрсек, ешқандай қарсылыққа, тіпті үкіметтің тыйым салғанына қарамастан, адамға емес, Құдайға мойынсұнатын боламыз (Ел. іс. 5:29).

Киелі кітап тармақтары мен Патшалық әндерін қазірден жаттағаныңыз қуғын-сүргін кезінде үлкен көмек болады (9-абзацты қараңыз) *

9. Тармақтарды жаттап алғанымыз қудалауларға дайын болуға қалай көмектеседі?

9 Сүйікті тармақтарыңызды жаттап алыңыз (Мат. 13:52). “Есте сақтау қабілетім нашар, ұмытып қаламын” дейтін шығарсыз, бірақ Ехоба қуатты киелі рухымен сол тармақтарды ойыңызға сала алады (Жох. 14:26). Шығыс Германияда жалғыз адамдық камераға жабылған бір ер бауырлас: “Кезінде екі жүзден аса тармақты жаттап алғаным қандай жақсы болған! Жазбалардың түрлі тақырыбына ой жүгірткеннің арқасында мен жалғызсырамадым”,— деді. Иә, тармақтар бауырласымызға Ехобаға етене жақын болып, адалдығынан таймауға көмектесті.

(10-абзацты қараңыз) *

10. Неге әндерді жаттап жүруіміз керек?

10 Ехобаны мадақтайтын әндерді жаттап алып, айтып жүріңіз. Філіпіде абақтыда болғанда, Пауыл мен Сыйлас естерінде сақталған мадақ әндерін шырқаған (Ел. іс. 16:25). Кеңес үкіметі тұсында да Сібірге айдалған бауырластар бір-біріне осылай рух беріп, сүйеу болды. Мария Федунь бауырлас: “Біз ән кітабынан есімізде қалған әндердің бәрін шырқайтынбыз”,— деп есіне алды. Мадақ әндері оларға қанат бітіріп, Ехобаға жақындата түскен. Ән кітабы мен сайтымыздағы сүйікті әндеріңізді шырқағанда, бойыңызға күш біткенін сезесіз бе? Олай болса, сол әндерді қазірден бастап жаттаңыз! (“ Мені батыл етші” деген қоршауды қараңыз.)

БАТЫЛДЫҚТЫ БЕКЕМДЕҢІЗ

11, 12. а) Самуилдің 1-жазбасы 17:37, 45—47 тармақтарға сай, Дәуіттің батылдығының сыры неде? ә) Дәуіт қандай маңызды үлгі қалдырды?

11 Қарсылыққа батылдықсыз төтеп беру мүмкін емес. Сізге осы қасиет жетіспейтіндей көрінсе, не істеуге болады? Нағыз батылдық адамның денесінің үлкендігіне, күші мен қабілетіне байланысты емес. Ғолиятқа қарсы тұрған Дәуіттің мысалына назар аударайықшы. Ғолияттың қасында ол кіп-кішкентай, әлсіз, қажетті қару-жарағы да жоқ еді. Оның тіпті семсері де болмады, әйтсе де бойында батылдығы тасып тұрды. Көкірегіне нан піскен әлгі алыпқа Дәуіт тұра ұмтылды.

12 Дәуітті осыншама батыл еткен не нәрсе? Ехоба оның жанында екеніне ол берік сенген (Самуилдің 1-жазбасы 17:37, 45—47 оқыңыз). Дәуіт өзінен Ғолияттың қаншалықты үлкен екенін емес, оның Ехобаның қасында қаншалықты құртымдай екенін ойлады. Бұл оқиғадан не түйеміз? Ехоба жанымызда екеніне және жауларымыз Құдіреті шексіз Құдайдың қасында құртымдай екеніне сенімді болсақ, Дәуіт сияқты батыл боламыз (Шеж. 2-ж. 20:15; Зәб. 16:8). Ал енді қуғын-сүргінге дейін батылдықты бекемдеудің жолдарына көңіл бұрайық.

13. Батылдықты бекемдеудің жолы қандай? Түсіндіріңіз.

13 Батылдығымызды қазірден бекемдеуге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау ісі көмектеседі. Қалай? Уағызда біз Ехобаға арқа сүйеуге және адамдардан қорықпауға үйренеміз (Нақ. с. 29:25). Жаттығу жасаған сайын денеміз шынығатындай, үйден үйге, көпшілік орындарында, бейресми және іскерлер аумағында уағыздаған сайын, батылдығымыз шыңдалады. Қызметке бүгіннен батыл кіріссек, ісімізге тыйым салынған уақытта да уағыздай беруге дайын боламыз (Сал. 1-х. 2:1, 2).

Нэнси Юэн бауырлас тыйым салынған кезде де ізгі хабарды уағыздай берді (14-абзацты қараңыз)

14, 15. Нэнси Юэн мен Валентина Гарновская бауырластардан не үйренеміз?

14 Қазір ержүректік танытқан нәзік жанды екі бауырласымыздың үлгісіне назар аударайық. Қытайлық Нэнси Юэн бауырластың бойы небәрі 1,5 метр болса да, ол қуғынға батыл төтеп берген *. Тыйым салынса да, ол Құдай Патшалығы туралы уағыздауды тоқтатпады. Содан ол түрмеге шамамен 20 жылға жабылады. Тергеушілер Нэнси бауырласты бүкіл елдегі “ең қыңыр адам” деп атаған.

Валентина Гарновская бауырлас Ехоба оның жанында екеніне сенімді болды (15-абзацты қараңыз)

15 Кеңес үкіметі тұсында Валентина Гарновская бауырлас үш рет, жалпы алғанда 21 жылдай түрмеде отырды *. Ол уағыздауды еш тоқтатпағандықтан, билік иелері оны “аса қауіпті қылмыскер” деп таныған. Осы екі адал бауырласымызды қайтпас қайсар еткен не? Ехоба олардың жандарында екеніне олар нық сенді!

16. Нағыз батылдықтың сыры неде?

16 Жоғарыда айтылғандардан не түйеміз? Батылдығымыз бекем болсын десек, өз күшіміз бен қабілетімізге сенім артпауымыз керек. Оның орнына, Ехоба бізбен бірге екеніне және біз үшін күресетініне сенімді болайық (Мұс. 5-ж. 1:29, 30; Зәк. 4:6). Міне, нағыз батылдықтың сыры осында!

“ЖҰРТ СЕНДЕРДІ ЖЕК КӨРЕДІ”

17, 18. Жохан 15:18—21 тармақтарда жазылғандай, Иса бізге нені ескертті? Түсіндіріңіз.

17 Сый-құрметке бөленгенді бәрі де ұнатады. Бірақ біздің құндылығымыз жұртқа қаншалықты сыйлы екенімізбен өлшенбейді. Себебі Иса: “Жұрт сендерді Адам Ұлына бола жек көріп, араларынан аластатып, қорлап, жаманатты қылса, бақыттысыңдар”,— деген (Лұқа 6:22). Бұл сөздердің мәні неде?

18 Иса жұртқа жеккөрінішті болу мәсіхшілерге ұнайтынын айтып тұрған жоқ. Ол шындыққа тура қараған. Біз осы дүниелік емеспіз, әрі Исаның тәлімдеріне сай өмір сүреміз және ол айтқан хабарды уағыздаймыз. Сондықтан осы дүние бізді жек көреді (Жохан 15:18—21 оқыңыз). Біз Ехобаның көңілінен шығуды қалаймыз. Жұрт бізді Әкемізді жақсы көргеніміз үшін жек көрсе, жек көре берсін.

19. Елшілер бізге қандай үлгі қалдырды?

19 Адамдар айтқан сөзімен не ісімен сізді Ехоба куәгері болғаныңыз үшін ұялтқысы келуі мүмкін, бірақ бұл сезімге бой алдырмаңыз (Миха 4:5). Иса өлімге кесілгеннен кейін елшілердің қалай әрекет еткендері бізге адам алдындағы қорқынышты жеңуге көмектеседі. Яһуди дінбасылары елшілерді өлердей жек көретін, әрі елшілер мұны білетін (Ел. іс. 5:17, 18, 27, 28). Олар сонда да ғибадатханаға күн сайын барды және уағыздау арқылы Исаның шәкірті екендерін жұрт алдында ашық көрсетті (Ел. іс. 5:42). Олар қорқыныштың тұсаулап алуына жол бермеді. Жұмыста, мектепте, тұратын жерімізде Ехоба куәгері екенімізді ашық айтатын болсақ, біз де адамдардан қорықпайтын боламыз (Ел. іс. 4:29; Рим. 1:16).

20. Неліктен елшілер қорлық көрсе де қуанды?

20 Исаның елшілері қорлық көргендеріне неге қуанды? Өйткені, Иса айтқандай, олар жұртқа жеккөрінішті екендерін білді және Ехобаның еркін орындағандары үшін қудалануды мәртебе санады (Лұқа 6:23; Ел. іс. 5:41). Елші Петір: “Әділдік үшін қасірет шексеңдер де, бақыттысыңдар”,— деп жазған (Пет. 1-х. 2:19—21; 3:14). Дұрыс нәрсе үшін жеккөрінішті болып жүргенімізді ойда ұстасақ, ешқашан пендеден қорықпайтын боламыз, әрі Ехобаға қызмет етуді доғару ойымызға да келмейтін болады.

ДАЙЫНДЫҚ ТҮБІ — АДАЛДЫҚ

21, 22. а) Қуғын-сүргінге дайын болу үшін не істеуге бел будыңыз? ә) Келесі мақаладан не білеміз?

21 Біз қуғын-сүргіннің қашан басталатынын, ісімізге қашан тыйым салынатынын білмейміз. Бірақ қазірден бастап Ехобамен достығымызды нығайтсақ, батылдығымызды бекемдесек және жұрт бізді жек көргенде қалай әрекет ету керектігін үйрене берсек, алда болатын қуғын-сүргінге дайын боламыз. Бүгінгі дайындық ертеңгі сынақта адалдық сақтауға жәрдем болмақ.

22 Ал ісімізге әлдеқашан тыйым салынған болса ше? Осындай жағдайда да Ехобаға қызмет ете беруге көмектесетін Киелі кітап принциптері келесі мақалада талқыланады.

118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”

^ 5-абзац Ешқайсысымыз да жеккөрінішті болғымыз келмейді. Бірақ ерте ме, кеш пе — бәріміз қуғын-сүргінге кезігеміз. Бұл мақала сізді сол кезге даяр етіп, батылдығыңызды қамшылай түседі.

^ 14-абзац 1981 жыл 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасының” 4—7 беттерін қараңыз (ор.). Сондай-ақ JW Broadcasting® арнасындағы “Ехобаның есімі жұртқа паш етіледі” деген видеоны қараңыз. “СҰХБАТТАР МЕН ӨМІРДЕ БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР” деген жерге кіріңіз.

^ 15-абзац Орыс тіліндегі “Ехоба куәгерлерінің жылнамасын” (2008 жыл, 191, 192-бет.) және “Күзет мұнарасын” (2009 жыл, 15 сәуір, 9, 10-бет, 10, 11-абзац) қараңыз.

^ 66-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ата-анасы отбасылық ғибадат кезінде карточкалардың көмегімен балаларына тармақтар жаттатқызып жатыр.

^ 69-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір отбасы жиналысқа барар жолда Патшалық әндерін айтып, жаттығып жатыр.