Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

43-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытыңыз

Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытыңыз

“Ехоба — қалтқысыз берілгендікті талап етеді” (НАҒ. 1:2).

51-ӘН Біз Құдайға бағышталдық!

АҢДАТПА *

1. Неге Ехоба қалтқысыз берілгендік танытуымызға әбден лайық?

ЕХОБА бізді жаратқандықтан әрі өмір сыйлағандықтан қалтқысыз берілгенімізге әбден лайық (Аян 4:11). Алайда бір қауіп бар: Ехобаны жақсы көріп, оны құрметтесек те, қалтқысыз берілгендік танытпай кетуіміз мүмкін. Адам мұндай күйге қалай түсетінін жақсылап түсініп алғанымыз жөн. Бірақ алдымен қалтқысыз берілгендік дегеннің не екенін біліп алайық.

2. Мұсаның 2-жазбасы 34:14-ке сай, Ехобаға қалтқысыз берілгенімізді қалай көрсетеміз?

2 Киелі кітапта Құдайға берілгендік деген оны терең жақсы көру дегенді де білдіреді. Ехобаға қалтқысыз берілгенде, біз тек оған ғана ғибадат етеміз. Ешкімнің де, ештеңенің де жүрегіміздегі оған тиесілі орнын алып қоюына жол бермейміз (Мұсаның 2-жазбасы 34:14 оқыңыз).

3. Неге Ехобаға берілгендігіміз соқыр сезім емес?

3 Біздің берілгендігіміз соқыр сезімнің ықпалында емес. Неге? Өйткені ол білген-түйген айғақтарға негізделген. Біз Құдайдың көркем қасиеттерін біліп, тамсана бастадық. Оған не ұнап, не ұнамайтынын біліп, көзқарасына қосылдық. Ехоба оған мәңгілік бойы қуана қызмет еткенімізді қалайтынын білдік. Сондықтан біз оның орнатқан нормаларын ұстанып өмір сүреміз. Онымен дос болуға мүмкіндік бергенін мәртебе деп білеміз (Зәб. 25:14). Жаратушымыз жайында әр білгеніміз бізді оған жақындата түседі (Жақ. 4:8).

4. а) Шайтан Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді әлсірету үшін не істейді? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

4 Ібіліс осы дүниені өз уысында ұстап отыр. Осы дүние арқылы ол біздің кәдімгі қалауларымыз бен бұрыс қалауларымызды өршіткісі келеді (Ефес. 2:1—3; Жох. 1-х. 5:19). Ол Ехобаға деген біртұтас сүйіспеншілігімізді бөліп тастап, оны басқа нәрселерге де арнағанымызды көздейді. Шайтан қандай екі тәсіл арқылы өз мақсатына жеткісі келеді? Біріншісі — ақшаға құмартқызуға тырысады, екіншісі — ойын-сауықты бұрыс таңдауымызға ықпал еткісі келеді.

АҚШАҚҰМАРЛЫҚТАН САҚ БОЛАЙЫҚ

5. Неге ақшаға құмар болып кетуден сақ болуымыз керек?

5 Тамағы тоқ, киімі көк, басында жайлы баспанасы болса, әр адамның қалауы осы емес пе?! Алайда біз ақшаға құмар болып кетуден сақ болуымыз керек. Бүгінде көп адам ақшаны да, ақшаға сатып алатын нәрселерді де жақсы көреді (Тім. 2-х. 3:2). Иса өз ізбасарларының бойында осындай “махаббаттың” пайда болуы мүмкін екенін білген. Сондықтан ол: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деп айтқан (Мат. 6:24). Адам Ехобаға қызмет ете жүріп, тым көп уақыты мен күшін баю үшін жұмсап жүрсе, ол, былайша айтқанда, екі қожайынға бірдей қызмет етуге тырысып жатыр деген сөз. Ондай адам Ехобаға қалтқысыз берілгендік таныта алмайды.

Лаудикидегілер өздерін осылай көрген, ал Ехоба мен Исаның көзінде осындай болған (6-абзацты қараңыз)

6. Исаның Лаудикидегі мәсіхшілерге айтқаны бізге қай жағынан сабақ?

6 Лаудики қаласындағы мәсіхшілер: “Мен дәулеттімін, байып алдым, ештеңеге мұқтаж емеспін”,— деп мақтанған. Бірақ Ехоба мен Исаның көзінде олар “сорлы, бейшара, кедей, соқыр әрі жалаңаш” еді. Иса оларға кеңес берді, бірақ бай болғандары үшін емес, байлыққа деген “махаббаттары” Ехобамен достығын бұзғаны үшін (Аян 3:14—17). Біз ақшаға деген құмарлығымыздың артып жатқанын байқап жатсақ, тез арада ой-санамызды түзетуіміз керек (Тім. 1-х. 6:7, 8). Олай етпесек, біз Ехобамен қатар басқа нәрселерді де сүйе бастаймыз. Ондайда Ехоба ғибадатымызды қабылдамай қояды. Өйткені ол “қалтқысыз берілуді талап етеді” (Мұс. 5-ж. 4:24). Олай болса, ақша біз үшін қалай тым маңызды болып кетуі мүмкін?

7—9. Дейвидтің мысалынан не үйрендіңіз?

7 Америкада тұратын Дейвид есімді еңбекқор ақсақалдың оқиғасын көрейік. Ол өзіне “жұмысымды беріліп істейтін адаммын” деп баға берген. Оның компаниясы оған көп ақша төлейтін, әрі ол ел бойынша өз ісінің шебері деп танылған. “Ол кезде мен жеткен жетістігімнің бәрін Ехобаның батасы деп көретінмін”,— дейді ол бір сөзінде. Бірақ бұл расында солай ма?

8 Дейвид өз жұмысының Ехобамен достығына кері әсер тигізіп жатқанын байқай бастайды. Ол былай дейді: “Мен қауымда, тіпті қызметте жұмыстағы проблемаларды ойлай беретінмін. Иә, мен көп ақша табатынмын, бірақ күннен күнге стресске ұшырап, некемде де қиындықтар туындап жатты”.

9 Дейвид ол үшін ненің маңызды екенін шешіп алу керектігін түсінді. “Өмірімде өзгеріс жасаймын деп нық шешім қабылдадым”,— дейді ол. Дейвид өзінің жұмыс кестесін өзгертіп, бастығына айтады. Нәтижесінде не болды? Дейвид жұмысынан айырылды! Содан кейін ол не істеді? “Келесі күні-ақ мен үзбей қосалқы ізашар болып қызмет ету үшін өтініш толтырдым”,— деді ол. Өздерін қамтамасыз ету үшін Дейвид пен оның әйелі үлкен ғимараттарда тазалық жұмыстарын істеді. Біршама уақыттан кейін ол тұрақты ізашарлық қызметті бастады, кейін әйелі де оған қосылды. Бұл ерлі-зайыпты көпшілік менсінбей қарайтын жұмысты істеуді таңдады. Бірақ жұмыстың қандай түрін атқарып жатқандары олар үшін маңызды емес еді. Олардың тапқан ақшалары бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда аз болса да, ай сайынғы шығындарын жабуға тұп-тура жетеді. Олар Ехобаны өмірлерінде бірінші орынға қоюды шешті. Соның арқасында Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятындарды Ехоба әрдайым қамқорлайтынына көздері жетіп жатыр (Мат. 6:31—33).

10. Жүрегімізді қалай қорғай аламыз?

10 Ақшамыз көп я аз болсын, бәрімізге жүрегімізді қорғау керек. Бұны қалай істей аламыз? Ақшақұмарлықтан аулақ болыңыз. Жұмысыңыздың Ехобаға деген қызметіңізден артық болып кетуіне жол бермеңіз. Мұны қалай тексерсе болады? Мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз: “Жиналыста не қызметте жұмысым туралы қаншалықты жиі ойлаймын? Ертеңгі күні ақшасыз қалып кетпеймін бе деп үнемі уайымдаймын ба? Ақша мен дүние-мүлік мәселесі некемде қиындықтар тудыра ма? Өзгелер менсінбей қарайтын, бірақ Ехобаға көбірек қызмет етуге мүмкіндік беретін жұмысты істеуге дайынмын ба?” (Тім. 1-х. 6:9—12). Осы сұрақтар жайлы ойланғанда, Ехобаның бізді жақсы көретінін және қалтқысыз берілгендерге: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деп уәде беретінін есте ұстаңыз. Осыны білген елші Пауыл сол себепті “ақшақұмар болмай өмір сүруге” кеңес берген (Евр. 13:5, 6).

ОЙЫН-САУЫҚТЫ ОЙЛАНЫП ТАҢДАҢЫЗ

11. Ойын-сауық түрі адамға қалай әсер етуі мүмкін?

11 Ехоба қуанып өмір кешкенімізді қалайды. Біз көңіл көтергенде, демалғанда, бір жасап қалатынымыз рас. Құдай Сөзінде де: “Адам баласы үшін ішіп-жеп, бейнетінің зейнетін көріп, рақаттанудан артық ештеңе жоқ”,— делінген (Уағ. 2:24). Алайда бұл дүниедегі ойын-сауық түрлерінің көбісі бізге жаман жағынан әсер етеді. Олар адамдардың моральдық нормаларын төмендетіп, Құдай Сөзі айыптайтын нәрселерді қабылдауға, тіпті жақсы көруге талпындырады.

Сізге ойын-сауықты кім дайындайды? (11—14 абзацтарды қараңыз) *

12. Қорынттықтарға 1-хат 10:21, 22-ге сай, неге ойын-сауық түрлерін ойлап таңдауымыз керек?

12 Біз Ехобаға қалтқысыз берілгендік танытқымыз келеді. Сондықтан біз “Ехобаның да, жындардың да дастарқанынан бірдей жей алмаймыз” (Қорынттықтарға 1-хат 10:21, 22 оқыңыз). Әдетте біреумен тамақтану достықтың белгісі болып жатады. Біз қатыгездікті, бақсы-балгерлікті, азғындықты, басқа да жаман құмарлықтар мен көзқарастарды насихаттайтын ойын-сауық түрлерін таңдасақ, Құдайдың жауларымен бірге отырып, олар дайындаған тамақты жегендей боламыз. Нәтижесінде өзімізге де зияны тиеді, Ехобамен достығымызды да бұзады.

13, 14. Жақып 1:14, 15-ті ескерсек, неге ойын-сауық түрлерін таңдағанда абай болуымыз керек? Мысал келтіріңіз.

13 Ойын-сауық түрлері мен тамақтың кейбір ұқсастықтарын қарастырайық. Біз не жейтінімізді өзіміз таңдап, өзіміз қадағалай аламыз. Бірақ тамақ ішімізге кеткеннен кейін ағзамызда біз қадағалай алмайтын процестер жүре бастайды, сөйтіп, тамақтағы қоректік заттар ақырында ағзамыздың бір бөлшегіне айналады. Дұрыс тамақ денсаулыққа пайда әкелсе, зиянды тамақ денсаулыққа кесірін тигізеді. Тамақтың әсері бірден байқалмайтын шығар, бірақ уақыт өте келе бұл айқын көрінетін болады.

14 Сол сияқты ойын-сауық түрлерін өзіміз таңдап, санамызды немен толтыратынымызды өзіміз қадағалай аламыз. Бірақ кейін біз тоқтата алмайтын процестер жүріп, ойын-сауық түрі санамыз бен жүрегімізге әсер ете бастайды. Дұрыс ойын-сауық түрі бізге күш берсе, жаман түрі зиянын тигізеді (Жақып 1:14, 15 оқыңыз). Жаман ойын-сауық түрінің әсері бірден байқалмайтын шығар, бірақ бірте-бірте ол айқын болады. Сондықтан Киелі кітап бізді былай деп ескертеді: “Алданбаңдар! Құдай өзін мазақтатып қоймайды. Адам не ексе, соны орады: тән құмарлығын ойлап сепкен адам содан туатын өлімді орады” (Ғал. 6:7, 8). Ехоба жек көретін нәрселерді насихаттайтын барлық ойын-сауық түрлерінен бас тарту өте маңызды! (Зәб. 97:10).

15. Ехоба бізге қандай сый беріп отыр?

15 Ехобаның көптеген қызметшілері біздің керемет JW Broadcasting® интернет-телеарнамызды қарағанды жақсы көреді. Мерилин деген әйел бауырлас былай дейді: “JW Broadcasting маған оң көзқарас сақтауға көмектесіп келеді, ол жақтағы видеоларды сұрыптап отырудың қажеті жоқ. Мен жалғыздық сезінгенде не мұңайғанда жігерлендірерлік бір баяндама немесе таңғы ғибадат көремін. Бұл мені Ехобаға және оның ұйымына жақындатады. JW Broadcasting менің өмірімді толықтай өзгертті”. Сіз Ехобаның сыйын кәдеге жаратып жүрсіз бе? JW Broadcasting-тегі ай сайын шығатын бағдарламамен қатар рухани қоржынымызда кез келген уақытта көріп-тыңдауға болатын көптеген аудио-видео бағдарламалар, рухты көтеретін әндер де бар.

16, 17. Ойын-сауық түрлеріне қанша уақыт жұмсайтынымызды неге қадағалауымыз керек және мұны қалай істесек болады?

16 Біз ойын-сауықтың қандай түрлерін таңдайтынымызды ғана емес, оларға қанша уақыт жұмсайтынымызды да қадағалауымыз керек. Абай болмасақ, көп уақытымыз рухани істерге емес, ойын-сауыққа кетуі мүмкін. Көбісі ойын-сауыққа кететін уақытын қадағалау қиын екенін байқаған. Мысалы, 18 жасар Абигейл былай дейді: “Күннің соңында теледидардың алдында отырып мен кәдімгідей демалып қаламын. Бірақ өзімді тізгіндеп отырмасам, сағаттап отырып қалуым әбден мүмкін”. Ал Самуил деген жас ер бауырлас былай дейді: “Кейде мен интернеттен шеті-қиыры жоқ қысқа бейнероликтерді қарап отырып қаламын. Негізі мен біреуін көремін деп кіремін, бірақ 3-4 сағаттың қалай өтіп кеткенін түсінбей қаламын”.

17 Ойын-сауыққа жұмсайтын уақытыңызды қалай қадағаласаңыз болады? Біріншіден, әдетте қанша уақыт жұмсайтыныңызды анықтап алыңыз. Неге соны бір апта бойы тексеріп көрмеске? Ол үшін теледидар көруге, интернет шарлауға, телефон я планшеттен ойын ойнауға қанша сағат кететінін күн сайын жазып отырыңыз. Оларға тым көп уақыт кетіп жатқанын түсінсеңіз, уақыт шегін белгілеңіз. Алдымен, уақытыңызды маңыздырақ істерге жұмсаңыз, ал қалған уақытты ойын-сауыққа қалдырыңыз. Сосын Ехобадан жоспарыңызды ұстану үшін көмек сұраңыз. Осылайша Киелі кітапты жеке зерттеуге, отбасылық ғибадатқа, қауым кездесулеріне, уағыздауға сізде әрдайым уақыт та, күш те болады. Сол кезде “ойын-сауыққа көп уақыт жұмсап қойдым-ау” деп өзіңізді кінәлі сезінбейсіз.

ЕХОБАҒА ҚАЛТҚЫСЫЗ БЕРІЛГЕНДІК ТАНЫТАМЫЗ

18, 19. Ехобаға қалтқысыз берілгенімізді қалай дәлелдей аламыз?

18 Шайтанның дүниесінің соңы жайлы және жаңа дүниенің орнайтыны жайлы жазған соң, елші Петір былай деп қосты: “Сүйікті бауырластар, осыларды күтіп жүргендеріңде, ақыр соңында ол сендерді кіршіксіз, таза әрі тату деп табу үшін қолдан келгеннің бәрін істеңдер” (Пет. 2-х. 3:14). Біз Петірдің берген кеңесіне құлақ ассақ және моральдық жағынан да, рухани жағынан да таза болу үшін барымызды салсақ, Ехобаға қалтқысыз берілгенімізді көрсетеміз.

19 Шайтан мен оның дүниесі Ехобаны бірінші орыннан ығыстырып жіберуді тоқтатар емес (Лұқа 4:13). Алайда ешқандай қиындықтарға қарамастан жүрегіміздегі Ехобаға тиесілі орынды ешкімге де, еш нәрсеге де бермейміз. Біз Ехобаға ғана қалтқысыз берілуге нық бекінгенбіз, өйткені ол соған лайық!

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым

^ 5-абзац Біз Ехобаны жақсы көргендіктен оған қызмет етеміз. Алайда біз жалғыз оған ғана ғибадат етеміз бе? Бұл қабылдайтын шешімдерімізден көрінеді. Ехобаға қаншалықты қалтқысыз берілгенімізді анықтау үшін өмірдегі екі саланы қарастырып көрейік.

^ 53-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Біз санитариялық жағдайы нашар асханада дайындалған тамақты жемес едік. Ендеше зұлымдыққа, бақсы-балгерлікке, азғындыққа толып тұрған дүниені қараймыз ба?