Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба сізді кім болғыза алады?

Ехоба сізді кім болғыза алады?

“Өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып, күш беріп отыр” (ФІЛІП. 2:13).

104-ӘН Киелі рух — Құдайдың сыйы

АҢДАТПА *

1. Өз ниетін жүзеге асыру үшін Ехоба не істей алады?

ӨЗ ниетін жүзеге асыру үшін Ехоба кім болу керек болса, сол болады. Мысалы, Ехоба Тәлімгер, Жұбатушы және Уағыздаушы бола алады. Бұл — Ехоба бола алатын рөлдердің тек кейбірі ғана (Ишая 48:17; Қор. 2-х. 7:6; Ғал. 3:8). Алайда өз ниетін орындау үшін ол жиі адамдарды қолданады (Мат. 24:14; 28:19, 20; Қор. 2-х. 1:3, 4). Сондай-ақ Ехоба әрқайсысымызға даналық пен күш беріп, өз еркін орындау үшін қандай болу керек болса, сондай болғыза алады. Біраз ғалымдардың айтуынша, бұл Ехобаның есімінің барлық қырын ашады.

2. а) Неге Ехобаның бізді қолданып жатқанына кейде күмәндануымыз мүмкін? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Ехоба еркін жүзеге асыру үшін бізді қолданса екен деп бәріміз тілейміз. Бірақ кейбіреулер Ехоба оларды қолданып жатқанына күмәндануы мүмкін. Неге? Қарттық, өмірлік жағдайлар немесе қабілеттері олардың қолын байлап отырғандай сезінеді. Басқалары болса істеп жатқандарын қанағат тұтып, көбірек істеудің қажеті жоқ деп ойлайды. Осы мақалада Ехобаның еркін орындай алуымыз үшін ол бізге қалай көмектесетінін қарастырамыз. Сосын Киелі кітаптағы кейбір оқиғаларды қарастырып, Ехоба ер мен әйелдердің ықыласын қалай оятып, қалай күш бергенін білеміз. Ал содан кейін Ехобаның бізді қолдану үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.

ЕХОБА ҚАЖЕТІМІЗДІ ҚАЛАЙ БЕРІП ЖАТЫР?

3. Філіпіліктерге 2:13-те жазылған уәдесіне сай, әрекет етуіміз үшін Ехоба қалай ықылас оятады?

3 Філіпіліктерге 2:13 оқыңыз *. Әрекет етуіміз үшін Ехоба бойымызда ықылас оятады. Ол мұны қалай істейді? Бәлкім, қауымда біреуге көмек қажет екенін немесе қандай да бір жұмысты істеу керек екенін естіп қалдыңыз. Я болмаса ақсақалдар филиалдан келген хатты оқып, басқа жақтарда қажеттілік бар екенін қауымда хабарлаған шығар. Сол кезде іштей “мен қалай көмектессем болады?” деп ойлауымыз мүмкін. Немесе сізге бір қиын тапсырма беріліп, оны жақсы орындай аламын ба, жоқ па деп уайымдап жатқан шығарсыз. Я болмаса Құдай Сөзінен бірнеше тармақтарды оқығаннан кейін, “өзгелерге көмектесу үшін не істесем болады?” деп ойланатын шығарсыз. Ехоба бізге еш нәрсені мәжбүрлеп істетпейді. Бірақ ол “не істесем екен?” деп ойлап жатқанымызды байқаса, Ехоба ойлағанымызға сай әрекет етуге ықыласымызды оята алады.

4. Ехоба әрекет етуіміз үшін қалай күш беруі мүмкін?

4 Ехоба әрекет ету үшін күш те бере алады (Ишая 40:29). Ол киелі рух арқылы бойымызда бар қабілеттерді шыңдай алады (Мұс. 2-ж. 35:30—35). Ұйымы арқылы бізді белгілі бір тапсырманы атқаруды үйрете алады. Тапсырмаңызды қалай орындайтыныңызды білмей, сенімсіз болған кездері көмек сұраңыз. Сондай-ақ көктегі жомарт Әкемізден кез келген уақытта “адам күшінен асқан күш” сұраудан тартынбаңыз (Қор. 2-х. 4:7; Лұқа 11:13). Киелі кітапта Ехоба бойларында ықылас оятып, күш берген ер мен әйелдердің көп мысалдары бар. Солардың кейбірін қарастырып, Ехоба тура соларды қолданғандай, сізді де қалай қолданатыны жайлы ой жүгіртіңіз.

ЕХОБА ЕР АДАМДАРҒА КӨМЕКТЕСТІ

5. Ехоба өз халқын құтқару үшін Мұсаны қашан қолданғанына қарап не түюге болады?

5 Ехоба Мұсаны исраилдіктердің құтқарушысы болғызды. Бірақ Ехоба қашан оны қолдана бастады? Мұса “мысырлықтардың бүкіл даналығын меңгеріп” алған соң ба? (Ел. іс. 7:22—25). Жоқ, Ехоба Мұсаны кішіпейіл, жұмсақ болуына көмектескен соң ғана өз ниетінде қолданды (Ел. іс. 7:30, 34—36). Оған Мысыр елінің ең беделді билеушінің алдында сөйлеуге батылдық дарытты (Мұс. 2-ж. 9:13—19). Ехобаның Мұсаны қашан қолданғанына қарап не түюге болады? Ехоба қасиет жағынан оған еліктеп, одан күш-қуат іздейтін жандарды өз ниетінде қолданады (Філіп. 4:13).

6. Ехоба Дәуіт патшаға көмектесу үшін Барзилай арқылы не істеді? Біз бұдан не үйренеміз?

6 Ғасырлар өте Ехоба Дәуіт патшаға көмектесу үшін Барзилайды қолданды. Дәуіт адамдарымен бірге өз ұлы Абессаломнан қашып жүргенде, “әбден ашығып, шаршап-шалдығып, шөлдеген” еді. Сол кезде қария Барзилай мен қасындағы адамдар өмірлерін қатерге тігіп, оларға көмек қолын созды. Барзилай “еңкейген қариямын, Ехобаға немді беремін?” деп ойлаған жоқ. Қайта, ол қолда барын Құдай қызметкерлеріне мәрттікпен берді (Сам. 2-ж. 17:27—29). Біз не үйрене аламыз? Жасымыз қандай болса да, Ехоба біз арқылы ең қажетті нәрселерге зәру болып жатқан алыс-жақын жерлердегі бауырластардың мұқтажын өтей алады (Нақ. с. 3:27, 28; 19:17). Біз оларға тікелей көмектесе алмайтын шығармыз. Бірақ дүниежүзілік іске садақа берер болсақ, кейін ол қаражат мұқтаждық көрген бауырластардың игілігіне жұмсалатын болады (Қор. 2-х. 8:14, 15; 9:11).

7. Ехоба Шимон арқылы не істеді және неге бұл бізді жігерлендіреді?

7 Ехоба Иерусалимдегі Шимон есімді адал қарияға Мәсіхті көрмейінше өлмейтінін уәде еткен. Мәсіхтің келуін көп жыл күтіп жүргендіктен, бұл уәде Шимонның бойына жігер құйғаны сөзсіз. Оның адалдығы мен табандылығы жарылқанды. Бір күні ол “киелі рухтың жетелеуімен” ғибадатханаға келіп, нәресте Исаны көрді. Ехоба Мәсіх болатын сол нәресте жайлы пайғамбарлық сөздерді Шимонға айтқызды (Лұқа 2:25—35). Исаның жердегі қызметі басталғанда, Шимон өмірден өтсе керек. Десе де Шимон Ехобаның осындай мәртебе бергеніне алғысы шексіз болды. Ал алда оны одан да көп игіліктер күтіп тұр! Жаңа дүниеде осы адал қызметші Исаның билігі жердегі барлық халыққа қалай бата жаудырып жатқанын өз көзімен көреді (Мұс. 1-ж. 22:18). Шимон сияқты біз де Ехобаның берген кез келген тапсырмасын мәртебе санап, ризашылықпен қабылдаймыз.

8. Ехоба Барнаба арқылы не істеді, ал біз арқылы не істей алады?

8 Б. з. I ғасырында Жүсіп есімді жомарт жан Ехобаға өзін ұсынды (Ел. іс. 4:36, 37). Жүсіп өзгелерді жұбата білгендіктен болар, елшілер оны Барнаба деп атап кеткен, бұл “жұбатушы” дегенді білдіреді. Мысалы, Саул мәсіхші болғаннан кейін, көп бауырлас оның қасына жолауға қорқатын, өйткені ол бұрын қауымды қудалаған. Алайда жүрегі жұмсақ Барнаба Саулға көмекке келді. Барнабаның мейірімділігі үшін Саулдың алғысы мол болса керек (Ел. іс. 9:21, 26—28). Кейінірек Иерусалимдегі ақсақалдар Антиохиядағы (Сирия) бауырластарды жігерлендіреміз деп шешеді. Олар кімді жібереді екен? Барнабаны. Бұл өте жақсы таңдау еді. Өйткені Барнаба “олардың бәрін Иемізге адал болып қалу үшін жүректерінде берік шешім қабылдауға талпындырды” (Ел. іс. 11:22—24). Ехоба бізге де бауырластар үшін “жұбатушы” болуымызға көмектесе алады. Мысалы, ол біз арқылы жақындарын жоғалтқандарды жұбатып жатады. Я болмаса ауырып жатқан я жаны күйзеліп жүргендерге хабарласып, тіпті кіріп шығуымызға түрткі салады. Барнаба сияқты сіз де өзіңізді Ехобаға ұсына аласыз ба? (Сал. 1-х. 5:14).

9. Ехоба Василий бауырласқа жақсы ақсақал болуға қалай көмектесті және бұдан не үйренеміз?

9 Ехоба Василий деген бір ер бауырласқа жақсы ақсақал болуға көмектесті. Василий 26 жасында ақсақал болып тағайындалғанда, қауымдағы бауырластарға, әсіресе қиындық көріп жүргендерге көмек беруге тәжірибем жетпейді деп қорыққан екен. Алайда оған тәжірибелі ақсақалдардың көмегі мен Патшалық қызмет мектебінде алған білімі көмектесті. Василий жақсару үшін барын салды. Мысалы, ол кішігірім мақсаттардың тізімін жасады. Әр мақсатына жеткен сайын ол қорқыныштарын бірте-бірте жеңе бастады. Қазір ол былай дейді: “Бұрын қорыққан нәрселерім қазір маған көп қуаныш әкеледі. Ехоба бауырластарды жұбату үшін дұрыс тармақты таңдауға көмектескенде, мен зор қанағат табамын”. Ер бауырластар, Василий сияқты өздеріңізді Ехобаға ұсынсаңыздар, ол сіздерді қауымда көбірек іс атқару үшін қабілетті ете алады.

ЕХОБА ӘЙЕЛ АДАМДАРҒА КӨМЕКТЕСТІ

10. Әбигел не істеді және оның үлгісінен не үйренеміз?

10 Дәуіт пен оның жігіттері Саул патшадан қашып жүргенде, көмекке мұқтаж болып қалады. Дәуіттің жігіттері Набал деген исраилдік бай кісіден жейтін тамақ сұрайды. Бұған дейін шөл далада олар Набалдың отарын қорғағандықтан, бұл өтініштері орынды деп ойлайды. Бірақ өзімшіл Набал оларды құр қол қайтарып жіберді. Мұны естіген Дәуіт қатты ашуға мініп, Набал мен оның үйіндегі ер адамдардың бәрін өлтірмек болады (Сам. 1-ж. 25:3—13, 22). Набалдың сұлу әйелі Әбигел өте қырағы жан еді. Ол бар батылдығын жинап, Дәуіттің аяғына барып жығылады. Сосын Набал мен оның үй ішіндегілерін өлтіруден, қантөгіске кінәлі болудан сақтандырады. Ол Дәуітке ізетпен бәрін Ехобаның қолына тапсыруға кеңес берді. Әбигелдің жұмсақ сөзі мен ақылмен істеген әрекеті Дәуіттің жүрегін жібітті. Әбигелді оған Ехоба жібергенін түсінді (Сам. 1-ж. 25:23—28, 32—34). Әбигел бойында кішіпейілділік, батылдық пен қырағылық өсіргеннің арқасында Ехоба оны осы істе қолдана алды. Сол сияқты бүгінде ізеттілікті, қырағылықты серік еткен әйел бауырластар арқылы Ехоба олардың отбасыларын және қауымды нығайта алады (Нақ. с. 24:3; Тит. 2:3—5).

11. Шалумның қыздары не істеді және бүгінде оларға кімдер еліктеп жүр?

11 Ғасырлар өткеннен кейін Ехоба Иерусалимнің қабырғаларын жөндеу үшін Шалумның қыздарын қолданды (Нех. 2:20; 3:12). Әкелері әкім болса да, Шалумның қыздары осы ауыр да қауіпті жұмысты атқаруға дайын болды (Нех. 4:15—18). Олардың беделді текоялықтармен айырмашылығы жер мен көктей еді, өйткені текоялықтар “мойынсұнғысы келмей, жұмысқа қатыспай” қойған еді (Нех. 3:5). Иерусалимнің қабырғалары небәрі 52 күнде соғылып біткенде, Шалумның қыздары қалай қуанғанын елестетіп көріңізші! (Нех. 6:15). Бүгінде әйел бауырластар құрылыс жұмыстарына қатысып, бағышталған ғимараттарды жөндеп, қасиетті қызметтің осы бір ерекше түріне қолғабыс етіп жүр. Олардың қабілеттері, құлшыныстары мен адалдығы ісімізді алға жылжытуға аса қажет.

12. Ехоба Табитаға сияқты бізге қалай қозғау сала алады?

12 Ехоба Табитаға әсіресе жесірлерге “қайырымдылық көрсетіп, көп игі істер жасауға” қозғау салған (Ел. іс. 9:36). Табита ерекше жомарт әрі мейірімді жан еді, сондықтан ол қайтыс болғанда көбісі қайғырды. Елші Петір оны қайта тірілткенде, бәрі қатты қуанды (Ел. іс. 9:39—41). Табитадан не үйренеріміз бар? Қарт не жас болайық, ер не әйел болайық, бәріміз бауырластар үшін қажетті көмек көрсете аламыз (Евр. 13:16).

13. Ехоба ұялшақ болған Рут бауырласты қалай қолданды және ол не деді?

13 Рут деген бір ұялшақ қыз бауырлас миссионер болуды қалайтын. Кішкентай кезінде ол буклеттер тарату үшін үйден үйге жүріп, құлшыныспен уағыздайтын. “Бұл іс маған ұнайтын”,— дейді ол. Алайда есік алдында сөйлесу және өзгелерге Құдай Патшалығы туралы айту ол үшін қиынның қиыны еді. Ұялшақ болғанына қарамастан Рут 18 жасында ізашарлық қызметті бастайды. 1946 жылы ол Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебіне барып, кейін Гавайида және Жапонияда қызмет етеді. Ехоба Рут арқылы сол жерлерде ізгі хабарды кеңінен таратты. Шамамен 80 жылдай қызмет еткен ол былай деді: “Ехоба үнемі маған күш беретін. Ехобаның арқасында мен ұялшақтығымды жеңдім. Ехобаға сенім артқан әрбір адамды ол міндетті түрде қолданады, мен бұған нық сенімдімін”.

ЕХОБА СІЗДІ ДЕ ҚОЛДАНСЫН

14. Қолостықтарға 1:29-ға сай, Ехобаның бізді қолданғанын қаласақ, не істеуіміз керек?

14 Тарих бойы Ехоба қызметшілерін түрлі жолдармен қолданып келді. Ехоба сізді қалай қолданса екен дейсіз? Бұл сіздің қаншалықты күш салуға ықыласты екеніңізге байланысты (Қолостықтарға 1:29 оқыңыз). Өзіңізді Ехобаға ұсынсаңыз, ол сізді құлшынысты уағыздаушы, шебер тәлімгер, жанашыр жұбатушы, қабілетті жұмысшы, нағыз дос болғыза алады. Бір сөзбен айтқанда, өзінің еркін орындау үшін кім болуыңыз керек болса, сол болғызады.

15. Тімөтеге 1-хат 4:12, 15-ке сай, жас ер бауырластар қандай өтінішпен Ехобаға жалбарыну керек?

15 Ересек шаққа аяқ басқалы тұрған жасөспірім ер бауырластар, сендерге де айтарымыз бар. Қауымда қызмет көмекшісі болып қызмет ете алатын, бойында күш-жігері тасып тұрған жас жігіттерге үлкен қажеттілік бар. Көп қауымда қызмет көмекшілерінен гөрі ақсақалдар басым екен. Қымбатты жас ер бауырластар, қауымда көбірек жауапкершілік алуға деген ықыласты оята аласыңдар ма? Кейбір ер бауырластар “қатардағы жариялаушы болсам да жаман емес” деп жатады. Сен де осындай ойда болсаң, қызмет көмекшісі болуға деген ықыласыңды оятсын деп, қолыңнан келгенді жасауға күш берсін деп Ехобаға жалбарын (Уағ. 12:1). Бізге сенің көмегің өте қажет! (Тімөтеге 1-хат 4:12, 15 оқыңыз).

16. Ехобадан не сұрасақ болады және неге?

16 Ехоба өзінің еркін жүзеге асыру үшін кім болуыңыз керек болса, сол болғызады. Олай болса, Ехобаның ісін орындау үшін одан ықылас оятуын сұраңыз, сосын қажетті күш беруін өтініңіз. Қарт я жас болайық, уақытымызбен, күшімізбен, қабілетімізбен Ехобаны қазірден мадақтайық (Уағ. 9:10). Ехобаға көбірек қызмет етуге керемет мүмкіндіктер туғанда, қолымнан келмейді деп бірден бас тартпайық. Иә, сүйікті Әкемізді мадақтауға тіпті кішігірім үлес қоссақ та, мұның өзі — үлкен мәртебе!

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

^ 5-абзац Ехобаға барымды бере алмай жүрмін деп уайымдайсыз ба? Ехоба үшін әлі де пайдам бар ма екен деп ойланасыз ба? Әлде Ехоба көбірек қызмет етуіңізді қаласа да, сіз тек барға қанағат етіп жүрсіз бе? Бұл мақалада Ехоба өз еркін орындау үшін қандай жолдармен бойыңызда ықылас оятып, күш беретінін қарастырамыз.

^ 3-абзац Пауыл хатын I ғасырдағы мәсіхшілерге арнап жазса да, оның сөздері Ехобаның барлық қызметшілеріне қатысы бар.