Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Адамдар Құдай “дауылының” төніп келе жатқанын білу керек!

Құдайдың жазасы: ол жеткілікті түрде ескерте ме?

Құдайдың жазасы: ол жеткілікті түрде ескерте ме?

АУА РАЙЫН бақылап отырған маман көп шоғырланған аймаққа қауіпті дауылдың төніп келе жатқанын көреді. Адамдардың өмірін ойлағандықтан дауыл келмей тұрғанда шамасы келгенше ол бәрін ескертеді.

Ехоба да жер тұрғындарына одан да жойқын “дауылдың” келе жатқанын ескертіп жатыр. Бұндай дауыл туралы сіз ауа райынан естімегенсіз де, естімейсіз де. Сонда Ехоба қалай ескертеді? Ол адамдардың әрекет етуіне жеткілікті уақыт беріп жатқанын қайдан білеміз? Жауабын алу үшін, алдымен, Ехобаның ежелде берген кейбір ескертулерін есімізге түсірейік.

ҚҰДАЙ АЛДЫН АЛА ЕСКЕРТТІ

Киелі кітап жазылған заманда Ехоба өсиеттеріне әдейі мойынсұнбаған адамдарға қандай “дауыл” төніп келе жатқанын, яғни үкім шығарылғанын ескертетін (Нақ. с. 10:25; Ерм. 30:23). Ол әр жағдайда тілазар адамдарды белгілеген уақытынан бұрын ескертіп, өзгеру үшін не істеу керектігін айтатын (Пат. 2-ж. 17:12—15; Нех. 9:29, 30). Қажетті өзгерістер жасағысы келетін адамдар үшін Ехоба жиі жердегі адал қызметшілерін жіберіп, үкімін айтқызған және адамдарға тез арада әрекет ету керектігін түсінулеріне көмектескен (Амос 3:7).

Сондай адал қызметшілердің бірі — Нұх пайғамбар. Ол қорықпастан көп жыл бойы азғын да қатыгез замандастарына төніп келе жатқан дүниежүзілік Топан су жайлы ескертті (Мұс. 1-ж. 6:9—13, 17). Сондай-ақ ол құтқарылу үшін не қажет екенін айтты. Нұх көп уағыздаған, сондықтан оны Киелі кітапта “әділдікті уағыздаушы” деп атаған (Пет. 2-х. 2:5).

Нұх қанша тырысса да, Топан суға дейінгі адамдар Құдайдың хабарына құлақ аспады. Олар сенімдерінің жоқтығын көрсетті. Сондықтан “су басып”, олардың “бәрін алып кетті” (Мат. 24:39; Евр. 11:7). Олар “бізді Құдай ескертпеді” деп еш айта алмайтын еді.

Басқа бір жолы Ехоба жеке адамдарды үкімі жайлы тура “дауылдың” алдында ескертті. Сөйтсе де ескертуді естіген адамдардың хабарға құлақ асуына жеткілікті уақыттары болды. Мысалы, Ехоба Мысырдың басына түскен он апат кезінде алдын ала ескерту айтып отырған. Солардың бірін — жетінші апаттың алдында айтты. Ехоба Мұса мен Харонды перғауын мен оның қызметшілеріне жіберіп, бұршақ жаудыратынын ескертеді. Бұршақ ертесіне жауу керек болғандықтан, Ехоба адамдарға тығылып, қашып кету үшін жеткілікті уақыт берді ме? Киелі кітапта былай делінген: “Перғауынның қызметшілерінің ішіндегі Ехобадан қорыққандары құлдары мен малдарын дереу ішке кіргізіп алды. Ехобаның сөзіне мән бермегендері болса құлдары мен малдарын далада қалдырды” (Мұс. 2-ж. 9:18—21). Иә, Ехоба жеткілікті уақыт берді, сондықтан тез әрекет еткендер апаттан басқалар сияқты зардап шеккен жоқ.

Перғауын мен оның қызметшілеріне де дәл оныншы апаттың алдында ескерту айтылды. Бірақ олар бұл ескертуге құлақ аспады (Мұс. 2-ж. 4:22, 23). Нәтижесінде олардың тұңғыш ұлдары өлді. Неткен қасірет! (Мұс. 2-ж. 11:4—10; 12:29). Олардың ескертуге құлақ асуға жеткілікті уақыттары болды ма? Әрине! Мұса төніп келе жатқан оныншы апат туралы бірден исраилдіктерге айтып ескертті, одан аман қалудың жолын да айтты (Мұс. 2-ж. 12:21—28). Мұсаның нұсқауына қанша адам құлақ асты? Кейбір санақтарға сүйенсек, 3 000 000 не одан да көп исраилдік пен исраилдік емес басқа халықтар және мысырлықтар Құдайға мойынсұнғанның арқасында Мысырдан шығып кетті (Мұс. 2-ж. 12:38 сілт.).

Бұл оқиғалар Ехоба халқына ескертулерге құлақ асуына жеткілікті уақыт беретінін көрсетеді (Мұс. 5-ж. 32:4). Ехоба бұны не үшін істейді? Елші Петірдің айтуынша, Ехоба “бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9). Иә, Құдай адамдардың қамын ойлайды. Үкімі жүзеге аспай тұрғанда, адамдардың өз істеріне өкініп, өмірлерінде қажетті өзгерістер жасаса екен дейді (Ишая 48:17, 18; Рим. 2:4).

ҚҰДАЙДЫҢ ЕСКЕРТУЛЕРІНЕ ҚҰЛАҚ АСЫҢЫЗ

Бүгінде барлық адамдар дүниежүзі бойынша жарияланып жатқан маңызды ескертуге құлақ асулары керек. Жерде болған кезінде Иса осы дүние “зор алапатта” жойылатынын айтып ескертті (Мат. 24:21). Осы үкім жүзеге асатын уақыт жақындаған кезде Иса ізбасарларының қандай пайғамбарлыққа куә болып, бастан өткізетінін айтып кеткен. Осылайша ол бүгінде біз естіп-көріп жүрген әлемдік жағдайларды сипаттап берді (Мат. 24:3—12; Лұқа 21:10—13).

Сол пайғамбарлыққа сай, Ехоба бүгінде әрбір адамды оған қызмет етуге, оған мойынсұнуға шақырып жатыр. Ол мойынсұнғыш адамдардың қазірдің өзінде жақсы өмір кешкенін, ал болашақта әділдік орнаған жаңа дүниенің баталарына кенелгенін қатты қалайды (Пет. 2-х. 3:13). Ехоба адамдар уәделеріне сенім артса екен дейді, бұл үшін оларға өмір сақтайтын хабар берді. Бұл — “бүкіл жер бетінде уағыздалатын” “Патшалық жайлы ізгі хабар” (Мат. 24:14). Құдай өз қызметшілерін ұйымдастырып, сол хабардың 240 елде уағыздалуын мүмкін етіп отыр. Ехоба мүмкіндігінше көп адамның ескертуге құлақ асып, төніп келе жатқан әділ үкімінің “дауылынан” аман қалғанын қалайды (Соф. 1:14, 15; 2:2, 3).

Сонымен, Ехоба ескертулер айтқанда, адамдарға құлақ асуға жеткілікті уақыт бере ме, жоқ па — мәселе онда емес. Өйткені ол әрдайым жеткілікті уақыт беретініне көз жеткіздік. Мәселе адамдар тым кеш болмай тұрғанда Құдайдың ескертулеріне құлақ аса ма, жоқ па — міне, сонда. Құдайдың хабаршылары ретінде мүмкіндігінше көп адамға осы дүниенің соңы келгенде аман қалуға көмектесейік.