Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Рутерфорд бауырлас Сидар-Пойнттағы (Огайо) конгресте баяндама айтып жатыр, 1919 жыл

1919: жүз жыл бұрын

1919: жүз жыл бұрын

ТӨРТ жылдан астам уақытқа созылған Бірінші дүниежүзілік соғыс 1918 жылы аяқталды. 1919 жылдың 18 қаңтарында Париж бейбіт конференциясы өз жұмысын бастады. Сол конференцияның нәтижесінде жарты жылдан кейін, 28 маусымда Германия және оған қарсы соғысқан елдер Версаль бітім келісімшартына қол қойды. Бұл келісімшарт Бірінші дүниежүзілік соғысты ресми түрде аяқтады.

Сондай-ақ бұл конференцияда Ұлттар Лигасы деген ұйым құрылды. Бұл ұйымның басты мақсаты халықаралық ынтымақтастықты дамыту және бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату еді. Христиан әлеміндегі діндердің көбі Ұлттар Лигасын қолдады. АҚШ-тың Христиан шіркеулерінің Ұлттық Кеңесі “бұл саяси ұйым — Құдай Патшалығының жердегі көрінісі” деп, Ұлттар Лигасының даңқын асырды. Олар Париж бейбіт конференциясына делегаттарын жіберіп, ұйымды қолдайтынын көрсетті. Делегаттардың бірі сол конференцияны “әлем тарихындағы жаңа дәуірдің бастамасы” деп атады.

Иә, жаңа дәуір расында да басталды, бірақ конференцияға қатысқан адамдардың бұған еш қатысы жоқ еді. Бұл уағыз ісінде басталған жаңа дәуір еді, өйткені Ехоба өз халқына бұрын-соңды болмаған уағыз ісін атқару үшін күш берді. Бірақ алдымен Киелі кітап зерттеушілеріне үлкен бір өзгерістер жасау керек еді.

КҮРДЕЛІ ШЕШІМ

Джозеф Рутерфорд

“Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының” жыл сайынғы директорлар сайлауы 1919 жылдың 4 қаңтарына белгіленген еді. Сол кезде Ехобаның халқына басшылық етіп жатқан Джозеф Рутерфорд пен тағы жеті ер бауырлас Атлантада (АҚШ) әділетсіз қамауда отырған еді. Сондықтан мынадай сұрақ кесе-көлденең тұрды: түрмеде отырған бауырластар директор болып қайта сайлану керек пе, әлде олардың орнын басқа біреу басу керек пе?

Ивандер Кауард

Түрмеде отырып Рутерфорд бауырлас ұйымның болашағына қатты алаңдады. Кейбір ер бауырластардың жаңа президент сайлау керек деп ойлап жүргенін ол білетін. Сондықтан ол хат жазып, Ивандер Кауардты президенттікке ұсынды. Рутерфорд оны байсалды, ақылды және Иемізге адал адам екенін айтты. Алайда көптеген ер бауырлас сайлауды алты айға шегергісі келді. Түрмедегі бауырластарды қорғап жатқан заңгерлер бұны құптады. Пікірталас қызған сайын бауырластардың арасында наразылық та күшейе түсті.

Ричард Барбер

Сосын Ричард Барбер айтпақшы, “ашуды су сепкендей басқан” бір жағдай болды. Сөз тізгінін бір ер бауырлас алып былай деді: “Мен заңның не талап ететінін білмесем де, адал болу үшін не талап етілетінін жақсы білемін. Құдай адалдықты талап етеді. Құдайға адал екенімізді көрсетудің ең тамаша жолы — сайлау өткізіп, Рутерфорд бауырласты қайтадан президент етіп сайлау” (Зәб. 18:25).

Александр Макмиллан

Түрмеде отырған Макмиллан бауырластың айтуынша, сайлаудың ертесіне Рутерфорд бауырлас камераның қабырғасын тоқылдатып: “Қолыңды созшы”,— деді. Рутерфорд бауырлас оған сайлаудың нәтижесі жайлы хатты ұстатты. Ол жерде барлық директорлар (Рутерфорд, ван Амбург, Барбер, Андерсон, Хэгинз, Спилл) қайта сайлауға түскені жазылған еді. Джозеф Рутерфорд президент, ал Уильям ван Амбург қазынашы-хатшы болып қайта сайланды.

БОСТАНДЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ!

Сегіз ер бауырлас түрмеде отырғанда, адал Киелі кітап зерттеушілері олардың босатылуы жайлы петиция беру үшін қол жинап жатты. Бұл батыл бауырластар 700 000-нан астам қол жинады. 1919 жылы 26 наурызда әлі петиция берілмей тұрып-ақ Рутерфорд пен басқа да жауапты бауырластар түрмеден босатылды.

Өзін үйде күтіп алғандарға Рутерфорд бауырлас былай деді: “Басымыздан өткергендеріміз бізді бұдан да қиын жағдайларға дайындағанына сенімдімін... Сендер бауырластарың түрмеден босатылу үшін күрескен жоқсыңдар. Бұл істің бәрі сол үшін ғана атқарылған жоқ... Бұның бәрі Ехобаға мадақ әкелу үшін жасалған күрес болды. Осы іске қатысқандар керемет баталарға ие болды”.

Бауырластардың сотына қатысты оқиғаларға Ехоба бағыт берсе керек. 1919 жылы 14 мамырда апелляциялық сот мынадай шешім қабылдады: “Айыпталушылардың әділ сотқа толық құқықтары болса да, сот оларға алалаушылық танытты. Сондықтан шығарылған үкімнің күші жойылады”. Бауырластарға ауыр айыптар тағылған болатын. Оларға кешірілім берілгенде немесе түрмеде отыру мерзімі қысқартылғанда, тағылған айыптары бәрібір де мойындарында қалар еді. Бірақ олар толықтай ақталып шықты. Соның арқасында Рутерфорд бауырлас * заңгер болып қалып, АҚШ-тың Жоғарғы сотының алдында бауырластарды талай рет қорғап шықты.

УАҒЫЗДАУҒА НЫҚ БЕКІНГЕНДЕР

Макмиллан бауырлас: “Иеміз бізді көкке алып кеткенше қол қусырып отыратын біз емес. Иеміздің еркін білу үшін бірдеңе істеуіміз керектігін түсіндік”,— деді.

Бірақ бас басқармадағы бауырластар жылдар бойы істеп келгендерін жалғастыра алмады. Неге? Өйткені олар түрмеде отырғанда, әдебиеттерді басу үшін қолданған баспа қалыптары жойылып кеткен еді. Бұл көңіл көншітпейтін жағдай еді. Кейбір бауырластардың көкейінде “уағыз ісі осымен аяқталды ма?” деген сұрақ тұрды.

Киелі кітап зерттеушілерінің Патшалық жайлы хабары адамдарға әлі де қызық па? Осы сұрақтың жауабын табу үшін Рутерфорд бауырлас баяндама айтуды шешеді. Бұған барша жұрт шақырылды. Макмиллан бауырлас былай деді: “Ешкім келмесе, уағыз ісіміз осымен тамам болады”.

Рутерфорд бауырластың “Қайғыға батқан адамзат үшін үміт сәулесі” деген баяндамасына газетте берілген жарнама (Лос-Анджелес, 1919 жыл)

4 мамыр, 1919 жылы Лос-Анджелесте қатты ауырып тұрғанына қарамастан, Рутерфорд бауырлас “Қайғыға батқан адамзат үшін үміт сәулесі” деген баяндама айтты. Шамамен 3500 адам бұл баяндаманы тыңдау үшін келді, ал 600-дей адам ішке сыймай қалды. Келесі күні тағы 1500 адам келді. Бауырластар өз сұрақтарының жауабын алды: адамдарға әлі де қызық екен!

Бауырластардың содан кейін уағыз ісінде салып кеткен сара жолы — бүгінде біз үшін үлгі.

УАҒЫЗ ІСІН ӨСІРГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

1919 жылы 1 тамызда жарық көрген “Күзет мұнарасында” қыркүйектің басында Сидар-Пойнтта (Огайо штаты) конгресс өтетінін хабарлаған еді. Миссуриден келген Клэранс Бити есімді жас Киелі кітап зерттеушісі: “Әрқайсысымыз бұл жиыннан қалып кетуге болмайды деп ойладық”,— деді. Сол конгреске 6000-нан астам бауырлас келді. Мұнша адам келеді деп ешкім ойламаған. Ал 200-ден көп адам Эри көлінде шомылдыру рәсімінен өткенде, жұрттың қуанышы еселене түсті.

“Алтын ғасыр” журналының алғашқы саны (1 қазан, 1919 жыл)

5 қыркүйек, 1919 жылы конгрестің бесінші күнінде Рутерфорд бауырлас “Қызметтестерге үндеу” деген баяндамасында “Алтын ғасыр” деген журналдың шыққанын хабарлады *. Сол журналда “ағымдағы маңызды жаңалықтарды жазып, сол оқиғалардың не себепті болып жатқанын Жазбалар тұрғысында түсіндіріліп бермек еді”.

Киелі кітап зерттеушілері осы журналмен батыл түрде уағыздауға шақырылды. Бір хатта ісіміздің қалай ұйымдастырылғаны жайында былай делінген: “Шомылдыру рәсімінен өткен әр жариялаушыға қызмет ету мәртебесі берілген. Сол мүмкіндікті пайдаланып, қазір қолыңнан келгенше бар әлемге уағызда”. Бұл шақыруды қабыл алғандардың саны өте көп болды. Желтоқсан айына таман Патшалықтың құлшынысты жариялаушыларының арқасында жаңа журналға 50 000-нан астам адам жазылды.

Бауырластар “Алтын ғасыр” журналы тиелген жүк көлігінің қасында (Бруклин, Нью-Йорк)

1919 жылдың аяғына қарай Ехоба өз халқын қайта ұйымдастырып, жаңа күш дарытты. Бұған қоса, соңғы күндерге қатысты бірнеше маңызды пайғамбарлық орындалды. Малахи 3:1—4 тармақтарда алдын ала айтылған сынақ пен тазарту кезеңі аяқталды. Ехобаның халқы бейнелі “Ұлы Бабылдың” құлдығынан азат болды. Иса “адал да ақылды құлды” тағайындады * (Аян 18:2, 4; Мат. 24:45). Енді Киелі кітап зерттеушілері Ехоба дайындап қойған істі атқаруға сақадай сай болды.

^ 13-абзац Рутерфорд бауырлас мамандығы бойынша заңгер және судья болған. Сондықтан оны “Рутерфорд судья” деп атайтын.

^ 22-абзац “Алтын ғасыр” 1937 жылы “Жұбаныш”, ал 1946 жылы “Ояныңдар!” деп өзгертілді.