Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Бастап қана қоймай, аяғына дейін жеткізіңіз

Бастап қана қоймай, аяғына дейін жеткізіңіз

“Бұл істі бастап қана қоймай... аяғына дейін жеткізіңдер” (ҚОР. 2-Х. 8:10, 11).

35-ӘН “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”

АҢДАТПА *

1. Ехоба бізге не істеуге жол береді?

ЕХОБА өмір жолын таңдауды өзімізге қалдырған. Әйтсе де ол бізге жақсы шешім қабылдауды үйретеді, әрі оған ұнамды шешім қабылдағанда, оны жүзеге асыруға көмектеседі (Зәб. 119:173). Құдай Сөзіндегі дана кеңестерді қолданған сайын, жақсы шешімдер қабылдайтын боламыз (Евр. 5:14).

2. Шешім қабылдағаннан кейін қандай қиындыққа кезігуіміз мүмкін?

2 Кейде тіпті жақсы шешім қабылдасақ та, бастаған ісімізді аяғына дейін жеткізу қиын болып жатады. Мәселен, жас ер бауырлас Киелі кітапты толығымен оқып шығуды мақсат етеді. Басында бірнеше апта бойы оқып жүріп, кейін бір себептермен тоқтатып қояды. Ал бір әйел бауырлас тұрақты ізашар болуды шешеді, бірақ оны кейінге шегере береді. Ақсақалдар кеңесі қауымдағы бауырластардың көбіне бақташылық сапар жасауға қатысты бірауыздан шешім қабылдайды. Алайда бірнеше ай өтсе де, оны бастамайды. Бұл жағдайлар бір-біріне ұқсамаса да, бәріне де ортақ бір нәрсе бар: олардың шешімдері іске аспай қалды. Бірінші ғасырдағы Қорынттағы мәсіхшілер де осындай қиындыққа тап болған. Сол жағдайдан көп нәрсеге үйрене аламыз.

3. Қорынттықтар қандай шешім қабылдады, бірақ кейін не болды?

3 Б. з. 55 жылы қорынттықтар маңызды шешім қабылдады. Олар Иерусалим мен Яһудеядағы бауырластарының қиындыққа кезігіп, жоқшылық көріп жүргенін және өзге қауымдардың олар үшін қаржы жинап жатқанын естіді. Жанашырлықтары мен жомарттықтары талпындырғандықтан, қорынттықтар бауырластарына көмектескісі келіп, елші Пауылдан қалай жәрдем бере алатындарын сұрады. Пауыл оларға қаржы жинауға қатысты нұсқаулар жіберіп, осы іске Титті тағайындады (Қор. 1-х. 16:1; Қор. 2-х. 8:6). Бірнеше ай өткеннен кейін Пауылға келесі бір жайт мәлім болады: қорынттықтар сөздерінде тұрмай, жинаймыз деген ақшаларын жинамапты. Содан өзге қауымдардан жиналған қаржыны Иерусалимге алып кететін уақыт келгенде, Қорынттағы бауырластардың садақалары дайын болмағанға ұқсайды (Қор. 2-х. 9:4, 5).

4. Қорынттықтарға 2-хат 8:7, 10, 11-ден көрінетіндей, Пауыл қорынттықтарды не істеуге талпындырды?

4 Қорынттықтар жақсы шешім қабылдады және Пауыл оларды берік сенімдері мен жомарт болуға деген ықыластары үшін мақтады. Бірақ бастаған істерін аяқтаулары қажет екенін де айтуына тура келді (Қорынттықтарға 2-хат 8:7, 10, 11 оқыңыз). Бұл оқиғадан біз тіпті адал мәсіхшілерге де кейде қабылдаған жақсы шешімдерін іске асыру қиынға соғатынын білдік.

5. Қандай сұрақтарға жауап аламыз?

5 Қорынттықтар іспетті бізге де шешімдерімізді іске асыру қиын болуы мүмкін. Өйткені кемелсіз болғандықтан, біз оларды кейінге ысырып жатамыз. Я болмаса жағдай күрт өзгеріп, шешімдерімізді жүзеге асыру қиынға соғады (Уағ. 9:11; Рим. 7:18). Шешімдерімізді қайта қарастыруға немесе оны өзгертуге тура келсе, не істеуге болады? Бастаған ісімізді қалай соңына дейін жеткізе аламыз?

ШЕШІМ ҚАБЫЛДАМАС БҰРЫН

6. Қай кезде қабылдаған шешімімізді өзгерту қажет болады?

6 Өмірде қабылдаған кейбір маңызды шешімдерімізді ешқашан өзгертпейміз. Мысалы, Ехобаға қызмет етуге деген шешімімізге берікпіз. Сондай-ақ жан жарымызға адал боламыз деген сөзімізден таймаймыз (Мат. 16:24; 19:6). Десе де басқа шешімдерімізді өзгертуіміз мүмкін. Себебі жағдай өзгеріп жатады. Олай болса, барынша жақсы шешім қабылдау үшін қандай қадамдар жасау керек?

7. Не туралы дұға еткен жөн және неге?

7 Даналық сұрап дұға етіңіз. Ехоба рухтың жетелеуімен Жақыпқа былай деп жаздырған: “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса, жомарттықпен... бере салатын Құдайдан сұрай берсін” (Жақ. 1:5). Бәрімізге де кей жағдайда “даналық жетпей” жатады. Сондықтан шешім қабылдағанда немесе оны өзгерту керек болғанда Ехобаның көмегіне жүгініңіз. Сонда ол дұрыс таңдау жасауыңызға жәрдем береді.

8. Шешім қабылдар алдында қалай ізденген дұрыс?

8 Тыңғылықты ізденіс жасаңыз. Құдай Сөзінен ақыл іздеңіз, Ехобаның ұйымы шығаратын басылымдарды оқып-зерттеңіз және сенім артатын біреумен сөйлесіңіз (Нақ. с. 20:18). Әсіресе жұмысыңызды өзгертуді, басқа жерге көшуді шешкенде немесе өзіңізді қамтамасыз етіп, Ехобаға қызмет етуге көмектесетін оқуды таңдағанда осындай ізденіс жасау өте маңызды.

9. Өзімізбен шыншыл болсақ, мұның қандай пайдасын көреміз?

9 Ниетіңізді тексеріңіз. Біздің ниетіміз Ехоба үшін маңызды (Нақ. с. 16:2). Ол біздің барлық кезде шыншыл болғанымызды қалайды. Сондықтан шешім қабылдарда ниетімізді тексеріп, өзімізбен және өзгелермен шыншыл болуымыз керек. Егер толықтай шыншыл болмасақ, қабылдаған шешімімізді іске асыру қиын болуы мүмкін. Мәселен, бір жас ер бауырлас тұрақты ізашар боламын деген тоқтамға келді делік. Уақыт өте келе ол сағат мөлшерін орындауға қиналып, қуанышын жоғалтады. Ол ізашарлық қызметті Ехобаға ұнамды болғым келгендіктен бастадым деп ойлауы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, ол ата-анасының не басқа біреудің көңілінен шығу үшін осы қызметті бастаған болар.

10. Өзгеріс жасауға не көмектеседі?

10 Ал енді шылым шегуді қоямын деп ұйғарған зерттеушінің жағдайын алайық. Басында ол бір-екі апта шылым шекпей жүреді де, кейін шегіп қояды. Дегенмен ақыр аяғында ол жеңіске жетеді! Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен оған ұнамды болуға деген ықыласы жаман әдетінен арылуға көмектеседі (Қол. 1:10; 3:23).

11. Неге нақты мақсаттар қойған дұрыс?

11 Нақты мақсаттар қойыңыз. Мақсаттарыңыз нақты болса, оларға жету де оңайырақ болады. Мысалы, сіз Киелі кітапты күн сайын оқуды жоспарладыңыз делік. Бірақ нақты кесте құрмасаңыз, мақсатыңызға жете алмауыңыз мүмкін *. Тағы бір мысал: ақсақалдар бақташылық сапарды жиі жасаймыз деп ұйғарады. Бірақ біраз уақыт өтсе де, сол шешімдерін ұстанбайды. Олар мақсаттарына жету үшін мынадай сұрақтар жайлы ойланса болады: бақташылық сапарға мұқтаж бауырластардың тізімін жасадық па? Оларға баратын нақты уақытты белгіледік пе?

12. Не істеуіміз керек және неге?

12 Шама-шарқыңызды біліңіз. Шыны керек, қалаған нәрсеміздің бәрін істеуге уақыт та, мүмкіндік те, күш те бола бермейді. Сондықтан есті болып, шамаңызға қараңыз. Қабылдаған шешіміңізді іске асыру қолыңыздан келмейтінін түсінсеңіз, оны өзгертіңіз (Уағ. 3:6). Ал шешіміңізді салмақтап-саралап, өзгерістер енгізген соң, оны іске асыра алатыныңызды түсінсеңіз ше? Қазір бастаған ісіңізді аяғына дейін жеткізуге көмектесетін бес қадамды қарастырайық.

ШЕШІМІҢІЗДІ ІСКЕ АСЫРУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ҚАДАМДАР

13. Шешіміңізді іске асыру үшін күшті қайдан алсаңыз болады?

13 Әрекет етуге күш сұрап дұға етіңіз. Құдай бізге әрекет етуге “күш беріп”, шешімімізді іске асыруға көмектеседі (Філіп. 2:13). Сондықтан Ехобадан киелі рухы арқылы күш беруін сұраңыз. Дұғаларыңыз жауапсыз қалып жатқандай көрінсе де, дұға етуді тоқтатпаңыз. Иса айтқандай, “сұрай беріңіз, сонда [киелі рух] беріледі” (Лұқа 11:9, 13).

14. Нақыл сөздер 21:5-тегі принцип шешіміңізді іске асыруға қалай көмектеседі?

14 Жоспар құрыңыз (Нақыл сөздер 21:5 оқыңыз). Қандай да бір істі бастаған соң, оны аяғына дейін жеткізу үшін, жоспар құру қажет. Сосын сол жоспарға сай әрекет ету керек. Сол сияқты шешім қабылдағанда да оны іске асыруға көмектесетін нақты қадамдардың тізімін жасаңыз. Үлкен істерді кішігірім істерге бөліп тастаңыз, сонда жетістіктеріңізді анық көре аласыз. Пауыл қорынттықтарды өзі келгенде ақша жинап жатудың орнына, “әр аптаның бірінші күні” қолда барларының біразын бөлек алып қоюға талпындырды (Қор. 1-х. 16:2). Үлкен істерді кішігірім істерге бөліп тастағаныңыз оларды іске асыру қолымнан келмейді деген сезімге берілмеуге де көмектеседі.

15. Жоспар құрған соң не істеу керек?

15 Жоспарыңызды қағаз бетіне түсірсеңіз, оны іске асыру оңай болады (Қор. 1-х. 14:40). Ақсақалдар кеңесі әрбір қабылданған шешімді және оны кім атқаратынын, қай кезде жасалып біту керектігін жазып отыратын бір ақсақалды тағайындап қойса болады. Осылай істесе ақсақалдарға қабылдаған шешімдерін іске асыру оңай болады (Қор. 1-х. 9:26). Бұл кеңесті күнделікті өмірде де қолдана аласыз. Мысалы, әр күні істеу керек істердің тізімін жасап, маңыздыларын тізімнің ең басына жазып қойыңыз. Бұл бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізуге әрі аз уақыттың ішінде көп іс атқаруға септігін тигізеді.

16. Шешімді іске асыру үшін тағы не істеуіміз керек және бұны Римдіктерге 12:11 қалай растайды?

16 Күш салыңыз. Жоспарға сай әрекет ету үшін және бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін күш салу керек (Римдіктерге 12:11 оқыңыз). Пауыл Тімөтеге жақсы тәлімгер болудан талмай, оны “бар ықыласпен жалғастыра беруді” және “ұдайы істей беруді” айтты. Бұл кеңесті рухани мақсаттарға жету үшін де қолдана аламыз (Тім. 1-х. 4:13, 16).

17. Ефестіктерге 5:15, 16-дағы кеңестер жоспарыңызды іске асыруға қалай көмектеседі?

17 Уақытыңызды даналықпен жұмсаңыз (Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз). Жоспарыңызды іске асыруға нақты уақыт белгілеп, одан таймаңыз. Қолайлы уақытты күтпеңіз, ол уақыт келмеуі де мүмкін (Уағ. 11:4). Маңызды істерге қажет уақыт пен күшті маңызсыз істердің сарқып алуына жол бермеңіз (Філіп. 1:10). Мүмкін болса, маңызды іспен айналысқанда басқалар кедергі жасамайтын уақытты таңдаңыз. Өзгелерден сізді алаңдатпауын сұраңыз. Телефоныңызды сөндіріп қойыңыз және пошта мен әлеуметтік желіні қолданбай тұрыңыз *.

18, 19. Қабылдаған шешіміңізді жүзеге асыру қиын болса да, еш берілмеуге не көмектеседі?

18 Шешімнің нәтижесін ойда ұстаңыз. Шешімнің нәтижесін қандай да бір жерге сапар шегумен салыстыруға болады. Сол жерге жетуді қатты қалағандықтан, жол жабылып қалса да, бағытыңызды өзгертуге тура келсе де, саяхатыңызды жалғастыра бересіз. Сол сияқты қабылдаған шешіміңіздің нәтижесі жайлы ойласаңыз, кедергілерге қарамайсыз, басқаша әрекет ету керек болса да еш берілмейсіз (Ғал. 6:9).

19 Жақсы шешім қабылдау да, оларды іске асыру да оңай емес. Алайда Ехобаның көмегімен даналық пен күшке ие болып, бастаған ісіңізді аяғына дейін жеткізе аласыз.

65-ӘН Алға ұмтыл!

^ 5-абзац Қабылдаған шешімдеріңіздің кейбіріне өкінесіз бе? Я болмаса жақсы шешім қабылдау мен оны жүзеге асыру кейде қиынға соға ма? Бұл мақала осы қиындықтарды жеңуге және бастаған ісіңізді аяғына дейін жеткізуге септігін тигізбек.

^ 11-абзац Киелі кітапты оқуды жоспарлау үшін jw.org® сайтындағы “Киелі кітапты оқу кестесін” қолдансаңыз болады. БАСЫЛЫМДАР/КІТАПТАР МЕН КІТАПШАЛАР деген жерді қараңыз.

^ 17-абзац Уақытты даналықпен жұмсау жайлы көбірек білу үшін, 2010 жылы сәуір айында шыққан “Ояныңдар!” (ор.) журналындағы “Уақыт табудың 20 жолы” деген мақаланы қараңыз.