Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Киелі рух бізге қалай көмектеседі?

Киелі рух бізге қалай көмектеседі?

“Себебі маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” (ФІЛІП. 4:13).

104-ӘН Киелі рух — Құдайдың сыйы

АҢДАТПА *

1, 2. а) Қиындыққа күн сайын төзуге не көмектеседі? Түсіндіріңіз. ә) Бұл мақаладан не білеміз?

“БАСЫМА түскен қиындықтардан өз күшіммен өте алмас едім”. Осылай деген кезіңіз болған ба? Бәлкім, ауыр дертпен күресу не жақын адамды жоғалту сияқты қиындықтардан өткенде, осы сөздерді айтқан боларсыз. Өткенді еске алсаңыз, Ехобаның киелі рухының арқасында ғана “адам күшінен асқан күшке” ие болып, күн сайын сол қиындықтарға төзе алған екенсіз (Қор. 2-х. 4:7—9).

2 Осы зұлым дүниенің ықпалына қарсы тұру үшін де біз киелі рухқа мұқтажбыз (Жох. 1-х. 5:19). Бұған қоса, “зұлым рухтарға қарсы күресуіміз” керек (Ефес. 6:12). Қазір осы тұста киелі рух бізге қандай екі жолмен көмектесетінін талқылаймыз. Содан соң киелі рухтың пайдасын толық көру үшін не істей алатынымызды білеміз.

КИЕЛІ РУХ КҮШ ДАРЫТАДЫ

3. Қиындықтарға төзу үшін Ехоба беретін көмектің бірі қандай?

3 Ехобаның киелі рухы өмірдің түрлі соқпақтарына қарамай жауапкершіліктерімізді атқаруға қажетті күш-қайрат береді. Елші Пауыл қиыншылықтарына қарамастан, “Мәсіхтің күшінің” арқасында Ехобаға қызмет етуін жалғастыра берді (Қор. 2-х. 12:9). Екінші миссионерлік сапары кезінде Пауыл уағыз ісінде тер төгіп қана қоймай, күн көру үшін жұмыс та істеген. Ол Қорынт қаласында Ақила мен Прискиланың үйінде тұрған. Олар шатыр жасаумен шұғылданатын еді. Пауыл да осы кәсіппен айналысқандықтан, кей күндері олармен бірге жұмыс істеді (Ел. іс. 18:1—4). Киелі рухтың көмегімен Пауыл жұмысын да істей алды, қызметін де атқара алды.

4. Қорынттықтарға 2-хат 12:7ә—9 тармақтарға сай, Пауылдың қандай қиындығы болды?

4 Қорынттықтарға 2-хат 12:7ә—9 оқыңыз. Бұл тармақтарда Пауыл “тәніме қадалып тұратын тікен” деп нені айтқан? Егер денеңізге тікен кіріп кетсе, бұл жаныңызға батар еді. Сол сияқты, Пауыл жанына батқан бір қиындығы жайлы айтқан. Ол оны өзін “тынбай мазалаған” “Шайтанның періштесі” деп атады. Шайтан не оның жын-перілері Пауылдың тікен іспетті осы қиындығына тікелей себепші болмаған шығар. Алайда бұл зұлым рухтар сол “тікенді” көргенде, Пауылдың қиындығына қиындық қосу үшін, былайша айтқанда, “тікенді” одан сайын батырды. Ал Пауыл не істеді?

5. Ехоба Пауылдың дұғасына қалай жауап берді?

5 Алғашында Пауыл Ехобаның “тікенді” алып тастағанын қалады. Ол былай деді: “Оны алып тастауын сұрап, Иемізге [Ехобаға] үш рет жалбарындым”. Бірақ Пауыл қанша жалбарынса да, тәніндегі “тікеннен” құтылмады. Бұл Ехоба оның дұғаларына жауап берген жоқ дегенді білдіре ме? Мүлдем олай емес. Ехоба оның дұғаларына жауап берді. Ол Пауылды қиындықтарынан арылтпаса да, төзуге күш-қуат берді. Ехоба оған: “Әлсіз кезіңде менің құдіретіме толық ие боласың”,— деді (Қор. 2-х. 12:8, 9). Осылай Пауыл Құдайдың көмегімен жантыныштығын сақтап, қуанышын жоғалтпады (Філіп. 4:4—7).

6. а) Ехоба дұғаларымызға қалай жауап беруі мүмкін? ә) Абзацта келтірілген тармақтардағы уәделер сізге қандай жігер береді?

6 Пауыл сияқты сіз де қиындықтан арылтуын өтініп, Ехобаға жалбарынған кезіңіз болған ба? Қанша жалбарынып сұрасаңыз да, қиындықтан арылмасаңыз, я болмаса қиындығыңыз одан сайын шиеленісіп кетсе, Ехобаның ықыласынан айырылып қалдым деп уайымдайсыз ба? Осындай кезде Пауылды еске алыңыз. Ехоба Пауылдың дұғаларына жауап бергені сияқты, сіздің де дұғаларыңызға жауап береді! Бәлкім, Ехоба қиындықтарымызды алып тастамайтын шығар. Алайда төзе алуымыз үшін ол бізге киелі рухы арқылы қажетті күш береді (Зәб. 61:3, 4). “Құласаңыз” да, Ехоба сізді еш тастамайды (Қор. 2-х. 4:8, 9; Філіп. 4:13).

КИЕЛІ РУХ АЛҒА ЖЫЛЖУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

7, 8. а) Киелі рух қай жағынан желге ұқсайды? ә) Петір киелі рухтың әсерін қалай сипаттаған?

7 Киелі рух бізге тағы қалай көмектеседі? Оны желге теңеуге болады. Теңіз буырқанып жатса да, кеме желдің көмегімен діттеген жеріне жүзіп бара алады. Сол сияқты, киелі рух та өмірдің дүлей толқындарына қарамай, Құдай уәде еткен жаңа дүниеге жеткенше, оған қызмет ете беруімізге көмектеседі.

8 Елші Петір балықшы болғандықтан, қайықпен жүзудің не екенін жақсы білген. Сондықтан да ол киелі рухтың қалай әсер ететінін сипаттау үшін жүзуге қатысты айтылатын тіркесті қолданған болса керек. Ол былай жазды: “Пайғамбарлық ешқашан адам баласының қалауымен айтылған емес, қайта, оны адамдар Құдайдың киелі рухының қозғау салуымен айтқан”. “Қозғау салу” деген грек сөзі сөзбе-сөз “алып жүру”, “бір жерден басқа жерге апару” дегенді білдіреді (Пет. 2-х. 1:21).

9. Петір қолданған “алып жүру” деген тіркесті естігенде адам нені елестетер еді?

9 Петір қолданған “алып жүру” деген тіркесті естігенде адам нені елестетер еді? Елшілердің істері кітабын жазған Лұқа да кеменің желмен “кете барғанын” айтқанда, осыған ұқсас грек сөзін қолданған (Ел. іс. 27:15). Киелі кітапты зерттейтін бір ғалымның айтуынша, Петір Киелі кітап жазушыларын киелі рух “алып жүрді” дегенде, “теңізге қатысты өте қызық метафораны” қолданған. Петірдің айтқысы келгені, жел кемеге бағыт беріп, діттеген жеріне жеткізетіні іспетті, пайғамбарлар мен Киелі кітап жазушылары өз тапсырмаларын орындай алулары үшін киелі рух оларға бағыт беріп отырған. Әлгі ғалым бейнелі тілмен: “Пайғамбарлар пайғамбарлық айту үшін желкендерін жайған”,— деді. Ехоба өз тарапынан әрекет етті. Ол “желді” яки киелі рухын берді. Ал Киелі кітап жазушылары өз тарапынан киелі рухтың бағытына ерді.

1-ҚАДАМ: Рухани істермен үнемі айналысыңыз

2-ҚАДАМ: Сол істерге барынша атсалысыңыз (11-абзацты қараңыз) *

10, 11. Киелі рух бізді бағыттау үшін қандай екі қадам жасауымыз керек? Мысал келтіріңіз.

10 Әрине, бүгінде Ехоба киелі рухын беріп, адамдарға Киелі кітапты жаздырмайды. Алайда Ехоба халқына бағыт беру үшін киелі рухын әлі де қолдануда. Ехоба өз тарапынан әрекет етуін доғарған жоқ. Киелі рух бізді бағыттап жатқанына қалай көз жеткізсек болады? Біз өз тарапымыздан әрекет етіп жатырмыз ба, соны тексеруіміз керек. Оны қалай істей аламыз?

11 Мысалы, теңізші желдің пайдасын көру үшін екі нәрсе істеуі керек. Біріншіден, ол қайығын желдің ырқына бағыттап алуы керек. Егер қайық жел соғатын жерге шықпай, кемежайда тұра берсе, алға жүзе алмайды. Екіншіден, желкенін мүмкіндігінше кең жаюы керек. Тіпті жел соғып тұрса да, қайық оның бағытына қарай бейімделмесе, алға жылжи алмайды. Сол сияқты, киелі рухтың көмегінсіз біз Ехобаға қызмет ете алмаймыз. Киелі рух бізді бағыттасын десек, бізге екі қадам жасау керек. Біріншіден, біз киелі рух бағыттап жатқан істермен айналысуға тиіспіз. Екіншіден, “желкенімізді кең жайып”, сол істерді барынша жақсы атқаруымыз керек (Зәб. 119:32). Осылай етсек, киелі рух бізге жаңа дүние келгенше қарсылық пен өмірдің қатал соққыларына адалдықпен төзуге көмектеседі.

12. Қазір нені қарастырамыз?

12 Сонымен, киелі рухтың бізге екі жолмен көмектесетінін білдік. Киелі рух бізге күш беріп, қиындықтардан адал өтуге жәрдем береді. Сондай-ақ алға жылжуға және мәңгілік өмірге апарар жолдан таймауға көмектеседі. Ал қазір киелі рухтың толық пайдасын көру үшін қандай төрт нәрсені істеуіміз керектігін қарастырайық.

КИЕЛІ РУХТЫҢ ПАЙДАСЫН ҚАЛАЙ ТОЛЫҚ КӨРЕ АЛАСЫЗ?

13. Тімөтеге 2-хат 3:16, 17-ге сай, Жазбалар бізге қалай ықпал етеді, ал біз не істеуіміз керек?

13 Біріншіден, Құдай Сөзін оқып-зерттеңіз (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17 оқыңыз). “Құдай рухының жетелеуімен” деп аударылған грек тіркесі сөзбе-сөз “Құдайдың үрлеуімен” деген мағынаны білдіреді. Құдай киелі рухын қолданып өз ойларын Киелі кітап жазушыларының ойына “үрлеген”. Киелі кітапты оқып, ойланғанда, Құдайдың нұсқаулары біздің ойымыз бен жүрегімізге қонады. Киелі рухтың қозғауынан туған сол ойлар өмірімізді Құдайдың еркіне сай бағыттайды (Евр. 4:12). Ал киелі рухтың толық пайдасын көру үшін Киелі кітапты күн сайын оқып, ой сүзгісінен өткізуіміз керек. Сонда Құдай Сөзі іс-әрекетіміз бен сөзімізге ықпал етеді.

14. а) Неге қауымда киелі рух бар дей аламыз? ә) Қауымда қалайша “желкенімізді кең жая” аламыз?

14 Екіншіден, Құдайға өзгелермен бірлесе ғибадат етіңіз (Зәб. 22:22). Жиналыстарда Ехобаның рухы бар (Аян 2:29). Неге бұлай дей аламыз? Себебі бауырластармен бірге ғибадат етуге жиналғанда, киелі рух сұрап дұға етеміз, Құдай Сөзіне негізделген Патшалық әндерін айтамыз, сондай-ақ киелі рухпен тағайындалған бауырластардың Киелі кітапқа негіздеп берген нұсқауларын тыңдаймыз. Дәл сол киелі рух әйел бауырластарға тапсырмаларын дайындауға әрі орындауға көмектеседі. Киелі рухтың пайдасын толық көру үшін, қауымда түсініктемелер беруге дайындалып келуіміз керек. Осылайша біз қауымда “желкенімізді кең жая аламыз”.

15. Уағыз ісінде киелі рух бізге қалай көмектеседі және біз не істеуіміз керек?

15 Үшіншіден, уағыз ісіне қатысыңыз. Уағыздау мен тәлім беру ісінде Киелі кітапты қолдансақ, киелі рухтың бізге көмектесуіне жол береміз (Рим. 15:18, 19). Құдай рухының пайдасын толық көру үшін, уағыз ісіне жүйелі түрде атсалысуымыз керек, әрі ыңғайы келген кездің бәрінде Киелі кітапты қолдануымыз қажет. Уағызда адамдармен жақсы әңгімелесудің бір жолы — “Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптеріндегі пікірлесу үлгілерін қолдану.

16. Киелі рухты тікелей алудың жолы қандай?

16 Төртіншіден, Ехобаға дұға етіңіз (Мат. 7:7—11; Лұқа 11:13). Ехобадан киелі рух сұрап, дұға етсек, оған тікелей ие боламыз. Дұғаларымыздың Ехобаға жетуіне не киелі рухты алуымызға еш нәрсе, түрме қабырғалары да, тіпті Шайтанның өзі де бөгет бола алмайды (Жақ. 1:17). Киелі рухтың пайдасын толық көру үшін қалай дұға айтқанымыз дұрыс? Қазір дұға туралы көбірек білу үшін Лұқа * ғана жазып кеткен бір мысалды қарастырайық.

ҚАДАЛА СҰРАП ДҰҒА ЕТІҢІЗ

17. Лұқа 11:5—9, 13-тегі Исаның мысалынан дұғаға қатысты не үйренеміз?

17 Лұқа 11:5—9, 13 оқыңыз. Исаның мысалынан киелі рух сұрап қалай дұға етуіміз керектігін білеміз. Мысалдағы кісі “қадалып сұрап тұрып алғандықтан” қажетін алды. Ол түн ортасы болса да, досынан көмек сұрауға тартынбады (Лұқа 11:8) *. Иса бұл мысалды дұғаға қалай қатыстырды? Ол: “Сұрай беріңдер, сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады”,— деді. Біз бұдан не түйеміз? Дұғада Ехобадан киелі рухты қадалып тұрып сұрауымыз керек.

18. Исаның мысалынан көргеніміздей, Ехоба бізге киелі рух беретініне неге сенімді бола аламыз?

18 Исаның мысалынан Ехоба бізге неліктен киелі рухын беретінін көре аламыз. Мысалдағы кісі қонақжай болғысы келді. Ол беретін түгі болмаса да, түн ортасында келген қонағына тамақ беруді міндет санады. Исаның айтуынша, ол қадалып тұрып сұрағандықтан, көршісі оған нан берді. Мұнымен Иса не айтқысы келді? Егер тіпті кемелсіз адамның өзі қадалып тұрып сұраған көршісіне көмектессе, көктегі мейірімді Әкеміз өзінен қадалып тұрып киелі рух сұрағандарға оны қалай ғана бермейді!? (Зәб. 10:17; 66:19).

19. Жеңімпаз болатынымызға неге сенімдіміз?

19 Шайтанның тынбай шабуылдай бергеніне қарамай, жеңіске жетеміз. Бұған неге сенімдіміз? Өйткені киелі рух бізге екі жолмен көмектеседі. Біріншіден, қиындыққа төзуге күш береді. Екіншіден, жаңа дүние келгенше, Ехобаға қызмет ете беруге көмектеседі. Ендеше, киелі рухтың пайдасын толық көрейік!

41-ӘН Ести көр мені деп өтінем

^ 5-абзац Бұл мақаладан Құдайдың киелі рухы қиындықтарға төзуге қалай көмектесетінін білеміз. Сондай-ақ киелі рухтың пайдасын толық көру үшін не істеу керектігіне тоқталамыз.

^ 16-абзац Исаның өмірінде дұғаның ерекше орын алғанына басқа Ізгі хабар жазушыларына қарағанда Лұқа көбірек назар аударған (Лұқа 3:21; 5:16; 6:12; 9:18, 28, 29; 18:1; 22:41, 44).

^ 17-абзац “Қадалып сұрап тұрып алғандықтан” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “қарапайымдылықтың жетіспеушілігін”, “ұяттан жұрдай болуды” білдіреді. Бірақ осы тармақта бұл сөз қайсарлыққа, табандылыққа нұсқайды. Исаның мысалындағы кісі өзіне қажет нәрсені қайта-қайта сұраудан ұялып, тартынбаған. Иса осы мысал арқылы шәкірттеріне дұға еткенде табанды болулары керектігін айтқысы келген (Лқ 11:9, 10).

^ 60-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: 1-ҚАДАМ: Екі бауырлас Патшалық сарайына келді. Олар бауырластармен бірге қауым кездесуіне жиналды. Ал онда Ехобаның рухы бар. 2-ҚАДАМ: Бауырластар қауым кездесуіне атсалысуға дайындалып келген. Осы екі қадамды мақалада айтылған Құдай Сөзін оқып-зерттеуге, уағыз ісіне қатысуға, Ехобаға дұға етуге де қатыстыруға болады.