Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаны қауымда мадақтайық!

Ехобаны қауымда мадақтайық!

“Қауымда сені мадақтаймын” (ЗӘБ. 22:22).

59-ӘН Ехобаны бірге мадақтайық!

АҢДАТПА *

1. Дәуіттің Ехобаға деген сезімі қандай болған? Мұнысы не нәрсеге қозғау болды?

ДӘУІТ ПАТША: “Ехоба ұлы, зор даңққа лайықты”,— деп жырлаған (Зәб. 145:3). Ол Ехобаны сүйді. Бұл сезімі оған Құдайды “қауымда мадақтауға” қозғау болды (Зәб. 22:22; 40:5). Сіздің де Дәуіттің сезімдеріне ортақтас екеніңізге, сондай-ақ оның “Әкеміз Исраилдің Құдайы Ехоба мәңгі бақи мадақтала берсін!” деген сөздеріне қосылатыныңызға сенімдіміз (Шеж. 1-ж. 29:10—13).

2. а) Ехобаны қалай мадақтасақ болады? ә) Кейбіреулерде қандай қиындық бар және біз нені шолып өтеміз?

2 Бүгінде Ехобаны мадақтаудың бір жолы — қауым жиналыстарында түсініктеме беру. Бірақ бұл — көп бауырластар үшін нағыз сынақ. Олар талқылауға қатысқысы-ақ келеді, бірақ қорқыныштары кері тартып тұрады. Бұдан шығар жол бар ма? Жігерлі түсініктеме беруге көмектесетін қандай кеңестер бар? Бұл сұрақтарға жауап алмас бұрын, кездесулерде не үшін түсініктеме беретініміздің негізгі төрт себебін шолып өтейік.

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕРДІҢ МАҚСАТЫ

3—5. а) Еврейлерге 13:15-те жазылғандай, кездесулерде не үшін түсініктеме береміз? ә) Бәріміздің түсініктемелеріміз бірдей болу керек пе? Түсіндіріңіз.

3 Ехоба бәрімізге оны мадақтау мәртебесін сыйлады (Зәб. 119:108). Кездесулерде беретін жауаптар “мадақтау құрбандығына” жатады, әрі бұл құрбандықты біз үшін ешкім әкеле алмайды (Еврейлерге 13:15 оқыңыз). Ехоба бәріміздің құрбандығымыз, яғни түсініктемеміз бірдей болады деп күте ме? Жоқ.

4 Ехоба біздің қабілетіміз, өмірлік жағдайымыз әртүрлі екенін біледі. Шамамызға қарай әкелген құрбандықтарымыз үшін ол өте риза. Кезінде Исраил халқынан ол қандай құрбандықтарды қабыл алғанын ойлап көріңізші. Жағдайы болғандары құрбандыққа тоқты не ешкі әкелген. Ал кедейлері “екі кептер немесе екі жас көгершін” берген. Осындай екі құс беруге шамалары келмеген болса, Ехоба олардың “сапалы ұннан ефаның оннан бір бөлігін” әкелгеніне қуанған (Мұс. 3-ж. 5:7, 11). Ұн онша қымбат тұрмаса да, Ехоба оның “сапалы ұн” болғанына риза еді.

5 Мейірімді Құдайымыз еш өзгерген жоқ. Ол бізді Аполлос сияқты майын тамызып сөйлейді, елші Пауыл сияқты сендіре жауап береді деп күтпейді (Ел. іс. 18:24; 26:28). Ехобаның бар қалайтыны — әркімнің өз мүмкіндігіне қарай жақсы түсініктеме бергені. Екі кішкентай тиынды садақа еткен жесір әйел есіңізде ме? Қолындағы ең жақсысын бергені үшін Ехоба оны қымбат көрді (Лұқа 21:1—4).

Берген түсініктемеміз өзіміз үшін де, өзгелер үшін де пайдалы (6, 7-абзацты қараңыз) *

6. а) Еврейлерге 10:24, 25-ке сай, басқалардың жауаптары бізге қалай әсер етеді? ә) Басқалардың жауаптарына ризашылығыңызды қалай білдіре аласыз?

6 Жауаптарымыз басқаларға дем береді (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Жиналыстарда бауырластардың түрлі түсініктемелерін тыңдау қай-қайсымыздың да құлақ құрышымызды қандырады. Балалардың бал тілімен берген бір-екі ауыз сөзі, я болмаса әлдекімнің шындықтың бір маржанын тауып, таңданысын жасыра алмағаны бізді тебірентпей қоймайды. Ұяңдығына, болмаса енді ғана тіл үйреніп жүргеніне қарамай “батылдыққа ие болып”, түсініктеме бергендерге де бәріміз тәнтіміз (Сал. 1-х. 2:2). Олардың таудай талпынысына қалай ризашылық білдіре аламыз? Жиналыстан кейін жолығып, рақмет айтсақ болады. Ризашылығымызды өзіміз түсініктеме беру арқылы да білдіре аламыз. Сонда кездесулерде жігер алып қана қоймай, өзіміз де басқалар үшін жігердің көзі боламыз (Рим. 1:11, 12).

7. Түсініктеме берудің қандай пайдасы бар?

7 Жауап беру өзіміз үшін пайдалы (Ишая 48:17). Қай жағынан? Біріншіден, түсініктеме беруді шешсек, кездесуге жақсылап дайындалатын боламыз. Жақсылап дайындалсақ, Құдай Сөзін тереңінен түсінеміз. Ал терең түсінген сайын, білімімізді іске асырамыз. Екіншіден, талқылауға қатысып отырсақ, кездесу қызықты өтеді. Үшіншіден, түсініктеме беру біраз ізденісті талап ететіндіктен, айтқан ойларымыз жадымызда ұзақ сақталады.

8, 9. а) Малахи 3:16-дан білгеніңіздей, түсініктемелерге Ехоба қалай қарайды екен? ә) Кейбіреулердің қандай қорқыныштары бар?

8 Сеніміміз туралы айтқанымыз Ехобаға ұнайды. Ол бізді сөзсіз тыңдайды әрі кездесулерде жауап беруге ұмтылып жүргенімізді жоғары бағалайды (Малахи 3:16 оқыңыз). Оған ұнамды болуға тырмысып жатқанымызды көргенде, батасын төгіп, бізді бағалайтынын көрсетеді (Малх. 3:10).

9 Иә, кездесулерде жауап берудің келелі себептері көп-ақ. Осыны түсінсе де, қолдарын көтеруге қорқатындар бар. Олардың бірі сіз болсаңыз, жігеріңіз жасымасын. Қазір бәрімізге де көбірек түсініктеме беруге көмектесетін Киелі кітап принциптеріне, бірнеше мысалдар мен тиімді кеңестерге назар аударамыз.

ҚОРҚЫНЫШТЫ БАҒЫНДЫРУ

10. а) Көбімізде қандай қорқыныш бар? ә) Бұл ненің көрсеткіші болуы мүмкін?

10 Түсініктеме беру керек деген ойдың өзінен кейбіреулердің жүрегі аузына тығылып жатады. Сіз де солай сезінсеңіз, сізді қуантып қояйық, сіз жалғыз емессіз. Талай бауырлас осындай күй кешеді. Қорқынышты жеңу үшін, алдымен, оның себебін анықтап алайық. Сіз түсініктеме беріп жатқанда ойыңызды жоғалтып аламын деп қорқасыз ба? Қате бірдеңе айтып қоярмын деген ой мысыңызды басып тұра ма? Жауабым басқалардікіндей терең емес деп уайымдайсыз ба? Білесіз бе, бұлай қорқу — жақсы көрсеткіш. Бұл сіздің кішіпейіл екеніңізді, өзгелерді өзіңізден жоғары қоятыныңызды көрсетеді. Ехоба кішіпейілділік қасиетін жақсы көреді (Зәб. 138:6; Філіп. 2:3). Бірақ ол сіздің оны мадақтағаныңызды, жиналыста бауырластарды нығайтқаныңызды да қалайды (Сал. 1-х. 5:11). Ол сізді жақсы көргендіктен сізге қажетті батылдық дарытады.

11. Киелі кітаптағы қандай ойлар бізге көмек бола алады?

11 Жазбалардағы кейбір ойларды еске түсірейікші. Онда барлық адам не айтатынынан және қалай айтатынынан мүлт кететіні жазылған (Жақ. 3:2). Ехоба да, бауырластар да бізден кемелділікті күтпейді (Зәб. 103:12—14). Олар — бізді жақсы көретін рухани отбасымыз (Мар. 10:29, 30; Жох. 13:35). Түсініктемеде айтқымыз келген нәрсені кейде дәл айта алмай қалатынымызды олар жақсы түсінеді.

12, 13. Нехемия мен Жүністің оқиғасынан қандай ой түйдік?

12 Қорқынышты сейілтуге көмектесетін Киелі кітаптағы бірнеше кейіпкерге көңіл қояйық. Мысалы, Нехемияны алайық. Ол билігі зор патшаның сарайында қызмет еткен. Иерусалимнің қабырғалары қирап жатқанын естігенде, оның қатты көңілі түсті (Нех. 1:1—4). Патша не себепті көңілсіз екенін сұрағанда, Нехемияның жүрегі аузына тығылған болар. Ол бірден іштей дұға етіп, жағдайын түсіндіріп берді. Сонда патша Құдай халқына үлкен жәрдем көрсетті (Нех. 2:1—8). Ал енді Жүністі еске алайық. Ехоба оны Ниневияның тұрғындарына жібергенде, ол қорыққаннан басқа жаққа қашып кетті (Жүніс 1:1—3). Бірақ кейін Ехобаның көмегімен тапсырмасын орындай алды. Оның айтқан хабары ниневиялықтарды аман сақтап қалды (Жүніс 3:5—10). Осы екі оқиғадан не түйдік? Жауап берер алдында Нехемия сияқты дұға етейік. Ал Жүністің оқиғасынан түйеріміз — қорқыныштың көзі шарадай болса да, Ехоба өзіне қызмет етуіміз үшін көмегін береді. Шындап ойлансақ, қауымда түсініктеме беру ниневиялықтарға сот хабарын айтудан әлдеқайда оңай, солай емес пе?

13 Қауымда қанат бітірерлік түсініктеме айтуға қандай кеңестер көмекке келе алады? Қазір солардың кейбірін қарастырып көрейік.

14. Қауымға неліктен жақсылап дайындалу керек және мұны қашан істеген жақсы?

14 Әр кездесуге дайындалыңыз. Алдын ала жоспарлап, жақсылап дайындалсаңыз, түсініктеме айтқанда қатты қобалжымайсыз (Нақ. с. 21:5). Әрине, әрқайсысымыздың күн тәртібіміз әртүрлі. Мысалы, сексендегі Элойз есімді жесір бауырласымыз “Күзет мұнарасына” аптаның басында дайындалады екен. “Алдын ала дайындалып қойсам, жиналыста бір рақаттанып отырамын”,— дейді ол. Толық уақыт жұмыс істейтін Джой есімді әйел бауырлас “Күзет мұнарасына” дайындалу үшін сенбі күнін арнайды екен. Сонда ғана ойлар есінде жақсы қалады екен. Ал қолы босай бермейтін ақсақал әрі ізашар былай дейді: “Бір отырғанда емес, апта ішінде бөліп-бөліп дайындалғанды жөн көремін”.

15. Қауымға жақсылап дайындалу деген не?

15 Қауымға жақсылап дайындалу керек дедік, бірақ бұны қалай істеуге болады? Әр мақалаға дайындалар алдында Ехобаның киелі рухын сұраңыз (Лұқа 11:13; Жох. 1-х. 5:14). Сосын бірнеше минут арнап, мақаланың атауын, тақырыпшаларын, суреттері мен қоршауларын шолып шығыңыз. Абзацтарды оқуға кіріскенде, мүмкіндігінше көп тармақты ашып оқыңыз. Мәлімет жайында ой жүгіртіңіз, түсініктеме бергіңіз келген ойларға айрықша назар аударыңыз. Неғұрлым жақсы дайындалсаңыз, соғұрлым оның пайдасын көресіз әрі жауап беру де оңай болады (Қор. 2-х. 9:6).

16. Сіз үшін қандай құралдар қолжетімді, оларды қалай қолданып жүрсіз?

16 Түсінетін тіліңіздегі электронды құралдарды пайдаланыңыз. Ехоба ұйымы арқылы дайындалуға көмек болатын электронды құралдарды беріп отыр. Мысалы, “JW Library®” қосымшасынан зерттеуге арналған басылымдарды жүктей аласыз. Соның арқасында кез келген уақытта, кез келген жерде әдебиетті ашып, зерттей аласыз, ең болмағанда оқып не тыңдай аласыз. Кейбіреулер жұмыстағы я мектептегі түскі үзіліс кезінде, я болмаса жол жүріп бара жатқанда осы қосымшаның көмегімен ізденіс жүргізеді. Ал “Күзет мұнарасының кітапханасы” мен “Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ” тереңірек үңілгіміз келген тұстарды зерттеуді жеңілдетіп отыр.

Кездесулерге дайындалуға қай уақытты арнадыңыз? (14—16 абзацтарды қараңыз) *

17. а) Бірнеше түсініктеме дайындап келудің қандай артықшылығы бар? ә) “Ехобаның досы бол: Жауап беруге дайындал” мультфильмінен не үйрендіңіз?

17 Мақалаға бірнеше түсініктеме дайындап көріңіз. Сізбен бірге басқалар да қолдарын көтеріп, жүргізуші сізден емес, солардан сұрауы мүмкін. Кездесуді уақтылы бітіру үшін ол түсініктемені шектеулі адамдардан ғана сұрап жатады. Сондықтан ренжіп, көңіліңізді түсіріп жүрмеңіз. Бірақ сіз бірнеше жауап дайындап келсеңіз, талқылауға қатысуға мүмкіндігіңіз артады. Бір жауабыңызда тармақ оқып беруге дайындалыңыз. Ал түсініктеме дайындасаңыз, оны өз сөзіңізбен айтыңыз *.

18. Неге қысқа жауап беруіміз керек?

18 Қысқа түсініктеме беріңіз. Әдетте қысқа да қарапайым жауаптар ерекше рухты көтереді. Сондықтан айтар сөзіңіздің қысқа болуын мақсат етіңіз. Оны 30 секундтан асырмаңыз (Нақ. с. 10:19; 15:23). Кездесулерге көп жылдан бері қатысып келе жатсаңыз, сіздің қауымда ерекше бір рөліңіз бар. Бұл — қысқаша жауап беруден үлгі көрсету. Ал бірнеше минутқа созып, қиыннан қиыстырып айтсаңыз, басқалар сіз сияқты жауап бере алмаймыз деп, сескеніп қалуы мүмкін. Түсініктемені қысқаша айтудың тағы бір пайдасы — көп адамға жауап беруге мүмкіндік туады. Сізден бірінші болып сұраса, сұрақтың нақты жауабын беріңіз. Абзацтағы барлық ойды қамтудың қажеті жоқ. Негізгі ой айтылған соң, қосымша ойларға назар аударсаңыз болады (“ Түсініктемемде не айтайын?” деген қоршауды қараңыз).

19. Жүргізуші сізге қалай көмектесе алады? Ал сіз өз тарапыңыздан не істеуіңіз қажет?

19 Қай абзацқа жауап беретініңізді жүргізушіге айтып қойыңыз. Бұл үшін кездесудің алдында жүргізушіге жолығыңыз. Жауап беретін абзацыңыз оқылған соң, бірден қолыңызды жүргізуші көре алатындай етіп көтеріңіз.

20. Қауым кездесуі несімен достардың бірге тамақтанғанына ұқсайды?

20 Қауым кездесуі достардың дастарқан басында отырып тамақтанғанына ұқсайды. Қауымдағы достарыңыз сізді отырысқа шақырып, шайға бірдеңе дайындап әкелуді өтінсе, не істер едіңіз? Іштей уайымыңыз болса да, бәріне ұнайтынды әзірлеуге бар күшіңізді салар едіңіз, солай емес пе? Үй Иесі Ехоба әр жиналыста бізге мол дастарқан жаяды (Зәб. 23:5; Мат. 24:45). Ол біздің кішкене болса да, дастарқанға деп барымызды салып дайындаған сый-сияпатымызға дән риза. Олай болса, жақсылап дайындалып, көбірек түсініктеме беруге ұмтылыңыз. Сонда Ехобаның дастарқанынан тамақтанып қана қоймай, әкелген сыйыңызды да қауыммен бөлісесіз.

2-ӘН Сенің есімің — Ехоба

^ 5-абзац Зәбүр жыршысы Дәуіт сияқты біз де Ехобаны жақсы көреміз әрі оны мадақтағымыз келеді. Қауым кездесуінде осы сүйіспеншілігімізді көрсетудің ерекше мүмкіндігі туады. Бірақ кейбіреулер үшін кездесулерде жауап беру аспандағы айды алумен бірдей. Сізде де осындай қиындық бар болса, қорқынышыңыздың тамыры неде жатқанын, оны қалай жеңуге болатынын біліңіз.

^ 17-абзацЕхобаның досы бол: Жауап беруге дайындал” видеосын jw.org сайтынан КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/БАЛАЛАР деген жерден көріңіз.

^ 63-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бауырластар “Күзет мұнарасы” талқылауына қуана атсалысуда.

^ 65-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Алдыңғы суреттегі “Күзет мұнарасы” талқылауына қатысқан кейбір бауырластар. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі болса да, олар кездесуге дайындалуға уақыт бөліп жатыр.