Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын”

“Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын”

“Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін” (ИШАЯ 41:10).

7-ӘН Ехоба — біздің панамыз

АҢДАТПА *

1, 2. а) Ишая 41:10-дағы сөздер Иошико бауырласқа қалай көмектесті? ә) Ехоба бұл сөздерді тағы кімдер үшін сақтап келді?

ЖЫЛДАР БОЙЫ адал болып келе жатқан Иошико есімді әйел бауырласымыз дәрігерінен суық хабар естіді. Оның өмір сүруіне бірнеше ай ғана қалыпты. Иошико не сезінді? Ол Ишая 41:10-дағы (оқыңыз) сүйікті сөздерін еске алды. Сосын дәрігерге сабырлы үнмен еш қорықпайтынын, Ехоба оның қолынан ұстап тұрғанын айтты *. Сол тармақтағы жылы сөздердің арқасында аяулы бауырласымыз Иошико Ехобаға бар жан дүниесімен сенім артты. Бұл тармақ басымызға қара бұлт үйірілгенде бізге де сабыр сақтауға көмек бола алады. Қалай екенін жақсырақ түсіну үшін, алдымен, Құдай бұл хабарды Ишаяға не үшін жаздырғанына тоқталып өтейік.

2 О баста Ехоба бұл сөздерді Бабылға айдалатын еврейлерге жұбаныш болсын деп жаздырған еді. Ал кейін бұл хабарды сол уақыттан бергі барлық қызметшілері үшін сақтап келді (Ишая 40:8; Рим. 15:4). Бүгіндегі “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатқан біздерге Ишаядағы осы жігерлі сөздер қажет-ақ (Тім. 2-х. 3:1).

3. а) 2019 жылдың тармағы ретінде таңдалған Ишая 41:10-да қандай уәделер бар? ә) Бұл уәделер бізге не себепті қажет?

3 Бұл мақалада Ишая 41:10-дағы Ехобаның сенімімізді қайрайтын үш уәдесіне * назар аударылады: 1) Ехоба бізге жар болады; 2) ол біздің Құдайымыз; 3) ол бізге көмектеседі. Құдайдың осы уәделерін білгеніміз жақсы. Себебі Иошико сияқты біз де өмірдің асау ағыстарына кезігеміз. Бұл аздай, дүниедегі қиындықтар да жұдырық болып тиюі мүмкін. Ықпалы зор үкіметтердің тарапынан қарсылық көріп жатқан бауырластар да бар. Ендеше, жігер берер осы үш уәдеге жеке-жеке тоқталайық.

“МЕН САҒАН ЖАР БОЛАМЫН”

4. а) Біз қарастыратын бірінші уәде қандай? (Сілтемені қараңыз.) ә) Ехобаның бізге деген сезімдері неден көрінеді? б) Ехобаның сөздері сізге қалай әсер етті?

4 Ехоба алдымен бізді: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын”,— деп жұбатады *. Ол бізге бар назарын салады, бізге жылы сезімдерін білдіреді. Осылай ол бізге жар болып отыр. Ехобаның бізге деген аялы сезімдерін мына сөздерінен білеміз: “Сен маған қымбатсың, қадірлісің. Сондықтан мен сені жақсы көремін” (Ишая 43:4). Ғаламдағы ешбір жойқын күш оның қызметшілеріне деген сүйіспеншілігін суыта алмайды. Оның бізге деген адалдығы еш шайқалмайды (Ишая 54:10). Ехобаның осындай махаббаты мен достығы бізге батылдық дарытады. Ол досы Ыбырамға, яки Ыбырайымға: “Қорықпа, Ыбырам. Мен сенің қалқаныңмын”,— деген (Мұс. 1-ж. 15:1). Ехоба Ыбырайымды қалай қорғаған болса, бізді де дәл солай қорғайды.

Ехобаның демеуімен “өзендей” не “оттай” қиындықтардан өте аламыз (5, 6-абзацты қараңыз) *

5, 6. а) Ехоба бізді өз қиындықтарымызда көмексіз қалдырмайтынына неліктен сенімдіміз? ә) Иошиконың мысалынан не түйеміз?

5 Біз Ехобаның өз қиындықтарымызда көмексіз қалдырмайтынына сенімдіміз. Себебі ол халқына мынадай уәде берген: “Судан өткеніңде, мен сенімен бірге боламын, Өзендерден өткеніңде, су астында қалмайсың. От арасынан өткеніңде, күймейсің, Сені жалын да шарпымайды” (Ишая 43:2). Осы сөздердің мәніне терең үңіліп көрейік.

6 Ехоба өмірдің тауқыметінен арылтуды уәде етпеген. Бірақ ол “өзендей” қиындықтардың бізді тұңғиыққа батырып, “оттай” сынақтардың оңалмастай зиян әкелуіне жол бермейді. Ол өмірдің ащы-тұщысынан бірге “өтіп”, қасымызда болуды серт етеді. Тіпті өліммен бетпе-бет келсек те, мінсіздіктен таймау үшін Ехоба ішіміздегі үрейді баса алады (Ишая 41:13). Иошико бауырлас — соның дәлелі. Оның қызы былай дейді: “Біз анамыздың сабырлығын көріп қайран қалдық. Ехоба оған жантыныштығын бергені айқын көрініп тұрды. Анамыз өле-өлгенше медбикелер мен басқа науқастарға Ехоба туралы, оның уәделері туралы айтты”. Иошиконың үлгісі нені аян етеді? Ехобаның “мен саған жар боламын” деген уәдесіне сенсек, әрбіріміз батыл да қуатты болып, қиындыққа иілмейміз.

“МЕН СЕНІҢ ҚҰДАЙЫҢМЫН”

7, 8. а) Ехобаның екінші уәдесі қандай және “абыржу” деген нені білдіреді? ә) Неліктен Ехоба құлдықтағы еврейлерге: “Еш абыржымаңдар”,— деді? б) Ишая 46:3, 4-тегі қай сөздер мазасыз халықтың жүрегін орнықтырды?

7 Ишаяның кітабындағы екінші уәдеге назар бұрайық: “Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын”. Бұл жердегі “абыржу” сөзі нені білдіреді? Түпнұсқа тілінде “абыржу” дегенде белгісіз бір қауіптен қорқып, артқа қайта-қайта жалтақтай беруді немесе қауіпті жағдайда қалған адамдай дүрлігуді айтқысы келген.

8 Ехоба Бабылға айдалатын еврейлерге неге “еш абыржыма” деп айтты? Өйткені сол елдің тұрғындарын үрей билейтінін білген. Олардың үрейленуіне не себеп болмақ? 70 жылдық бодандықтың соңына таман Мидо-Персияның қуатты әскері Бабылға қарсы аттанбақ еді. Ехоба осы әскер арқылы өз халқын құлдықтан азат етуді мақсат еткен болатын (Ишая 41:2—4). Жаулары таяп келгенде, бабылдықтар мен елдің басқа да тұрғындары бір-бірін: “Берік бол!”— деп батылдандырды. Өздерін аман сақтап қала ма деп көптеп пұттар жасады (Ишая 41:5—7). Осы кезде Ехобаның айтып кеткен сөздері құлдықта жүрген еврейлердің мазасыз жүректерін орнықтырды. Ол Ишая арқылы: “Ал сен, уа, Исраил, менің қызметшімсің... Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын”,— деген еді (Ишая 41:8—10). Ехоба “мен сенің Құдайыңмын” деуімен адал қызметшілерін ұмытпағанын айтқысы келді. Ол әлі де олардың Құдайы, ал олар оның халқы еді. Ехобаның “сендерді қолдап құтқарамын” деген уәдесі құлдықтағы халқының рухын бір көтеріп тастады (Ишая 46:3, 4 оқыңыз).

9, 10. Неге үрейленудің қажеті жоқ? Мысал келтіріңіз.

9 Адамдар дүниедегі ахуалдың нашарлап бара жатқанына ешқашан қазіргідей үрейленген емес. Әрине, сол қиындықтар біздің де басымызға түсіп жатады. Бірақ бізге соншалықты үрейленудің қажеті жоқ. Өйткені Ехоба бізге: “Мен сенің Құдайыңмын”,— деп жатыр. Неге бұл сөздер сабыр сақтауға келелі себеп болып табылады?

10 Бір мысал келтірейік. Жеңіс пен Бағдат есімді екі жолаушы ұшақта келе жатыр делік. Ұшақ сұрапыл дауылға тап болып, шайқала бастайды. Сонда: “Белдіктеріңізді тағып алыңыздар. Қазір турбуленттік аймақтан өтеміз”,— деген хабарландыру жасалады. Жеңіс беймаза күйге түседі. Артынша: “Еш абыржымаңыздар, сөйлеп тұрған — ұшқыштарыңыз”,— деген дауыс естіледі. Сол кезде Жеңіс басын шайқап: “Қалай абыржымайсың?!”— деп сенімсіздік білдіреді. Қараса, Бағдат еш уайымдамай отыр екен. “Неге қорықпай отырсың?”— деп сұрап еді, Бағдат күлімдеп: “Өйткені ұшқышты жақсы танимын. Ол — менің әкем!”— деп жауап берді. Сосын: “Әкем туралы айтып берейін бе? Оның қандай ұшқыш екенін білгенде, сенің де қорқынышың сейіледі”,— деді.

11. Екі жолаушы жайлы мысалмен не жеткізгіміз келді?

11 Екі жолаушы жайлы мысалмен не жеткізгіміз келді? Біз Бағдат сияқты еш уайымға берілмейміз, өйткені Әкеміз Ехобаны жақсы танимыз. Соңғы күндері қиындықтар сұрапыл дауылдай соққанда, ол бізді аман-есен алып шығатынын білеміз (Ишая 35:4). Адамдардың үрейден есі шығып жатқанда, біз Ехобаға сенім артқандықтан, жанымыз дамыл табады (Ишая 30:15). Сонымен қатар Бағдатқа еліктеп, Құдайға неліктен сенім артатынымызды өзге адамдарға түсіндіреміз. Сонда олар да кез келген қиындықта Ехобаның қолдайтынына сенім білдіреді.

“МЕН СЕНІ НЫҒАЙТАМЫН, САҒАН КӨМЕКТЕСЕМІН”

12. а) Ехобаның үшінші уәдесі қандай? ә) “Құдіретімен билік етеді” деген сөз қандай шындықты айқын етеді?

12 Ехобаның үшінші уәдесі: “Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін”. Ишая осы сөздердің алдында Ехоба халқын қалай нығайтатынын айтып: “Ехоба зор күшімен келеді, Құдіретімен билік етеді”,— деп жазған болатын (Ишая 40:10). “Құдіретімен билік етеді” деген сөз Ехобаның құдіретті Патша екенін есімізге салады. Ол толастамайтын зор күшімен ежелдегі қызметшілерін қалай қолдап қорғаса, бүгінде де өзіне сенетіндерді дәл солай қорғайды (Мұс. 5-ж. 1:30, 31; Ишая 43:10).

Ехобаның қуатты қолын ешқандай қару жеңе алмайды (12—16 абзацтарды қараңыз) *

13. а) Ехоба әсіресе қай жағдайда “мен сені нығайтамын” деген уәдесінде тұрады? ә) Ехобаның қандай кепілдігі бізді нығайтып, сенімділік береді?

13 Жаулар жағадан алғанда, Ехоба “мен сені нығайтамын” деген уәдесінде тұратыны ерекше байқалады. Дүниенің кей жерлерінде жауларымыз ісімізге тыйым салу үшін я уағыз ісін тоқтату үшін тоқтамастан әрекет етіп жатыр. Бұндай қарсылықтарына біз тым үрейленіп жатпаймыз. Өйткені бізді нығайтатын, бізге сенімділік беретін Ехобаның бір кепілдігі бар. Бұл — “саған қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейді” деген уәдесі (Ишая 54:17). Осы сөздер үш маңызды ақиқатты есімізге салады.

14. Құдайдың қарсыластары бізге шабуылдап жатқанына неге таңғалмауымыз керек?

14 Біріншіден, Мәсіхтің ізбасарлары болғандықтан, адамдар бізді жек көреді (Мат. 10:22). Иса соңғы күндері шәкірттері қатты қуғындалатынын алдын ала айтып кеткен (Мат. 24:9; Жох. 15:20). Екіншіден, Ишая пайғамбар жауларымыз жек көріп қана қоймай, бізге қарсы түрлі қару қолданатынын айтты. Бұл қаруларға қитұрқы жолмен алдау, жалған жала жабу және аяусыз қуғындау жатады (Мат. 5:11). Осындай қарулармен бізге қарсы күресетін жауларымызға Ехоба бөгет болмайды (Ефес. 6:12; Аян 12:17). Бірақ бізге қорқудың қажеті жоқ. Неге дейтін шығарсыз?

15, 16. а) Есте ұстауымыз керек үшінші ақиқат қандай, әрі Ишая 25:4, 5 мұны қалай растайды? ә) Ишая 41:11, 12-ге сай, бізбен жауласатындардың ақыры қандай болады?

15 Есімізде ұстарлық үшінші ақиқат — Ехоба бізге қарсы жасалған “ешбір қарудың жеңіске жетпейтінін” айтты. Қабырға дауылдан қорғайтындай, Ехоба бізді “озбырлардың демінен” сақтайды (Ишая 25:4, 5 оқыңыз). Ешбір жауымыз бізге мәңгілікке жалғасатын жамандық жасай алмайды (Ишая 65:17).

16 Ехоба өзіне деген сенімімізді нығайту үшін, бізге “қаһарланғандарды” түбінде не күтіп тұрғанын да ашты (Ишая 41:11, 12 оқыңыз). Қандай күшпен жауласпасын, шабуылдарын қалай үдетпесін, бәрінің ақыры бірдей болады: Құдайдың жаулары түгелімен “құрып жоқ болады”.

ЕХОБАҒА КӨБІРЕК СЕНІМ АРТАЙЫҚ

Ехоба жайында Киелі кітаптан жиі оқып тұрсақ, оған көбірек сенім артатын боламыз (17, 18-абзацты қараңыз) *

17, 18. а) Жазбаларды оқу Құдайға деген сенімімізді қалай арттырады? Түсіндіріп беріңіз. ә) 2019 жылдың тармағы туралы ой жүгіртудің қандай көмегі бар?

17 Ехобаға көбірек сенім арту үшін оған жақын бола түсуіміз қажет. Мұның жалғыз жолы — Жазбаларды мұқият оқып, сол мәлімет жайында терең ой қозғау. Киелі жазбалар Ехоба бұрынырақта халқын қалай қорғағаны жайында сенімді мәліметке бай. Бұлар Құдайдың бізді қазіргі кезде де қамқорлайтынына сенімділік береді.

18 Ехоба бізді қалай қамқорлайтынын Ишая қандай сөздермен сипаттағанына көңіл бөлейікші. Ол Ехобаны бағушыға, ал қызметшілерін қозыларға теңеді. Ишая Ехобаны: “Қозыларын өзі жинап, қолына алып, бауырына басып жүреді”,— деп көркем тілмен суреттеді (Ишая 40:11). Ехоба бізді қуатты қолымен құшақтап тұрғанын сезіне білсек, жанымыз жай тауып, қауіпсіз боламыз. Қиындықтар туып жатса да, жантыныштығын сақтай алуымыз үшін, адал да ақылды құл 2019 жылдың тармағы етіп Ишая 41:10-дағы “Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын” деген сөздерді таңдады. Бойға жігер құятын осы сөздер жайында ойланып-толғаныңыз. Бұл сізді ілгерідегі қиындықтарға тайсалмай төтеп беруге дайындайды.

38-ӘН Құдай саған күш береді

^ 5-абзац 2019 жыл үшін таңдалған тармақта мына дүниедегі, өз өміріміздегі жағдай ушығып кетсе де, сабырлық сақтай алатынымыздың үш себебі жазылған. Бұл мақала осы себептерге көңіл бөле отырып, бізді тым абыржымауға, оның орнына, Ехобаға көбірек сенуге шақырады. Жылдық тармақ жайында ой жүгіртіңіз. Оны жаттап алыңыз. Ол сізге алдағы қиындықтарды мойымай қарсы алуға көмектеседі.

^ 3-абзац СӨЗ МӘНІ: Ехобаның уәдесі — бір жайттың шынымен орындалғалы жатқаны туралы айтқан хақ сөзі. Ехобаның уәделері бізге өмірдің ауыр кезеңдерінде уайымға тым беріліп кетпеуге көмектеседі.

^ 4-абзац “Қорықпа” деген сөз Ишая 41:10, 13, 14-те үш рет қайталанады. Сондай-ақ бірнеше рет Ехоба “мен” деп сөйлейді. Ол Ишаяға “мен” деген есімдікті неге көп рет жаздырды? Бір маңызды шындықты даралау үшін: Ехобаға сенім артсақ қана, қорқынышымызды баса аламыз.

^ 52-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Отбасы мүшелерінің жұмыста, денсаулықпен байланысты, қызметте және мектепте сынаққа кезігуі.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Үйде өтіп жатқан кездесуге полиция баса көктеп кірді, бірақ бауырластар дүрлігіп жатқан жоқ.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Отбасылық ғибадат төзімділігімізді қайрайды.