Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жүрегіңізді қалай сақтай аласыз?

Жүрегіңізді қалай сақтай аласыз?

“Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді” (НАҚ. С. 4:23).

36-ӘН Жүрегімізді сақтайық

АҢДАТПА *

1—3. а) Ехоба Сүлейменді не үшін жақсы көрді және Сүлеймен қандай баталарға кенелді? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

СҮЛЕЙМЕН өрімдей жас кезінде Исраилдің патшасы атанды. Билікке жаңа келгенінде, Ехоба оның түсіне еніп: “Өзіңе не бергенімді қалайсың, сұра”,— деді. Сүлеймен былай деп жауап берді: “Мен тым жаспын, тәжірибем де жоқ... Сондықтан халқыңа төрелік ете... алуым үшін, қызметшіңе мойынсұнғыш жүрек сыйлай көр” (Пат. 1-ж. 3:5—10). Оның “мойынсұнғыш жүрек” сұраған кішіпейілділігіне қалай ғана тәнті болмайсың?! Ехобаның Сүлейменді жақсы көргені де сондықтан! (Сам. 2-ж. 12:24). Жап-жас патшаның бұл өтінішіне риза болған Ехоба оған “ақыл-парасатқа толы жүрек сыйлады” (Пат. 1-ж. 3:12).

2 Құдайға адал шағында Сүлеймен көл-көсір батаға кенелді. Мысалы, “Исраилдің Құдайы Ехобаның есіміне арнап үй салды” (Пат. 1-ж. 8:20). Құдай дарытқан даналығымен шартарапқа танылды. Киелі рухтың қозғауымен айтқан тағылымды тәлімдері Жазбалардың үш кітабына жазылды. Сол кітаптардың бірі — Нақыл сөздер.

3 Нақыл сөздер кітабында “жүрек” сөзі жүзге жуық рет кездеседі. Мәселен, Нақыл сөздер 4:23-те: “Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді”,— делінген. Осында “жүрек” деп не айтылып отыр? Шайтан жүрегімізді қалай ластауы мүмкін? Жүрегімізді қалай сақтай аламыз? Осы сұрақтардың жауабын жақсы түсінсек, Құдайға адал болып қаламыз.

“ЖҮРЕК” ДЕГЕН НЕ?

4, 5. а) Зәбүр 51:6 “жүрек” сөзінің мағынасын түсінуге қалай көмектеседі? ә) Ішкі дүниеміздің саулығын ойлау қаншалықты маңызды? Мысал келтіріңіз.

4 Нақыл сөздер 4:23-тегі жүрек сөзі адамның “ішкі сарайын”, “жан дүниесін” білдіреді (Зәбүр 51:6 оқыңыз). Басқалай айтқанда, бұл — жасырын ойларымыз, сезімдер мен ниет-қалауларымыз. Бұл біздің сырт көзге қандай екенімізді емес, іштей қандай екенімізді білдіреді.

5 Ішкі дүниеміздің саулығын ойлау қаншалықты маңызды? Мысалы, деніміз сау болу үшін, дұрыс тамақтанып, денені шынықтырып тұру қажет. Сол сияқты рухани сау болу үшін де рухани ас-сумен дұрыс тамақтанып, Ехобаға деген сенімімізді шынықтырып тұру маңызды. Мұндай шынықтыруға оқып-білгендерімізді өмірде қолдану және басқаларға сеніміміз жайында айту кіреді (Рим. 10:8—10; Жақ. 2:26). Кейде сырт көрінісімізге қарап деніміз сау деп ойлайтын шығармыз, бірақ ішімізде бір індет жатуы мүмкін. Дәл солай теократиялық істерге қатысып жүргенімізге қарап, сеніміміз мықты деп ойлармыз. Бірақ ішімізде жаман қалаулар өсіп жатқан болуы мүмкін (Қор. 1-х. 10:12; Жақ. 1:14, 15). Шайтан өз ойларын бізге жұқтырғысы келетінін есте ұстайық. Ол мұны қалай істейді? Одан қалай сақтана аламыз?

ШАЙТАН ЖҮРЕГІМІЗДІ ҚАЛАЙ УЛАЙДЫ?

6. Шайтанның мақсаты қандай және мұнысын іске асыру үшін ол не істейді?

6 Шайтан біздің өзі сияқты болғанымызды, яғни Ехобаның заң-талаптарынан аттап, өз дегенімізбен жүргенімізді қалайды. Бірақ ол бізді өзі сияқты ойлап, өзі сияқты әрекет етуге мәжбүрлей алмайды. Сондықтан өз ырқына көндірудің ол басқа амалдарын тапқан. Мысалы, ол бізді өзі улаған адамдармен қоршайды (Жох. 1-х. 5:19). Жаман орта ойымыз бен жүріс-тұрысымызды ластайтынын білсек те, Шайтан бізді сол ортаны таңдап, солармен уақыт өткізеді деп күтеді (Қор. 1-х. 15:33). Сүлеймен патшаның жағдайында ол осы амалын асырып кеткен. Сүлеймен жалған тәңірге табынатын әйелдерге үйленді. “Олар патшаға қатты әсер етіп”, Ехобадан бірте-бірте алшақтатты (Пат. 1-ж. 11:3, сілт.).

Шайтан жүрегімізді өз ойымен уламау үшін не істеуіміз қажет? (7-абзацты қараңыз) *

7. Шайтан өз ойын тағы қалай таратады және неге бізге сақ болу қажет?

7 Шайтан өз ойларын фильмдер, телебағдарламалар арқылы таратады. Ол әңгімелер мен оқиғалардың көңілімізді көтеріп қана қоймай, не ойлап, не сезініп, не істеу керектігіне үйрете алатынын да жақсы біледі. Иса осындай жолмен тәлім берген. Солардың бір мысалы — қайырымды самариялық туралы, үйінен кетіп, мұрасын төгіп-шашқан ұл туралы астарлы әңгімелер (Мат. 13:34; Лұқа 10:29—37; 15:11—32). Алайда Шайтанның ойын жұқтырған адамдар бізді бұзатын әңгімелер айтуы мүмкін. Сондықтан бізге парасаттылық қажет. Ой санамызды уламай, көңілімізді көтеріп, білімімізді молайтатын фильмдер мен бағдарламалар бар шығар. Бірақ сақтықта қорлық жоқ демекші, көңіл көтеру түрін таңдағанда: “Бұл фильм немесе бұл шоу-бағдарлама тәндік қалауыма беріле салуға үндей ме?”— деп ойланайық (Ғал. 5:19—21; Ефес. 2:1—3). Бағдарлама Шайтанның ойларын насихаттап жатқанын байқасаңыз, не істеуіңіз керек? Одан аса қауіпті жұқпалы аурудан қашқандай қашыңыз!

8. Ата-анасы балаларына жүректерін қорғауға қалай көмектесе алады?

8 Шайтан балалардың да жүрегін улағысы келетіндіктен, қымбатты ата-ана, оларды көздің қарашығындай қорғаңыз. Бұл — сізге жүктелген ерекше жауапкершілік. Мәселен, сіз балаларыңызды ауру-сырқаудан сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасайсыз: үйіңізді таза ұстайсыз, өзіңіздің я балаңыздың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін кез келген нәрсені лақтырып тастайсыз. Сол сияқты балаңызды Шайтанның ойымен улайтын фильмдерден, шоу-бағдарламалар, электронды ойындар мен вебсайттардан қорғаңыз. Ехоба балаңыздың рухани денсаулығын сіздің қолыңызға тапсырды (Нақ. с. 1:8; Ефес. 6:1, 4). Сондықтан үйде Киелі кітап принциптеріне негізделген ережелер орнатудан қорықпаңыз. Кішкентай балаларыңызға нені көруге болатынын, нені болмайтынын айтып, неге олай шешкеніңізді түсіндіріп кетіңіз (Мат. 5:37). Ал өсе келе оларға жақсы мен жаманды Ехобаның принциптері бойынша айыра алуды үйретіңіз (Евр. 5:14). Әрине, балаларыңыз сіздің айтқандарыңыздан көпке үйренеді. Алайда жүріс-тұрысыңыз оларды одан да көп нәрсеге үйрете алады (Мұс. 5-ж. 6:6, 7; Рим. 2:21).

9. Шайтан қандай ойды кең таратқан және ол несімен қауіпті?

9 Шайтан тағы бір тәсілмен жүрегімізді улағысы келеді. Ол біздің Ехобаның ойына емес, адамдардың ақылына сүйеніп жүргенімізді қалайды (Қол. 2:8). Мысалы, “адамның өмірдегі ең бірінші мақсаты — баю” деген ойды ол кең таратқан. Бұл ойдың жетегіндегі адамдар байлыққа жетуі де, жетпеуі де мүмкін. Алайда екі жағдайда да оларға қауіп төнеді. Қалай? Көп ақша табу жолында олар денсаулықтарын сарп етіп, жақындарымен, тіпті Құдаймен қарым-қатынастарынан айырылып жатады (Тім. 1-х. 6:10). Көктегі дана Әкеміздің ақшаға байыппен қарауды үйретіп жатқанына біз қаншалықты ризамыз десеңіздерші! (Уағ. 7:12; Лұқа 12:15).

ЖҮРЕГІМІЗДІ ҚАЛАЙ САҚТАЙ АЛАМЫЗ?

Жүрегіңізді жаман әсерден қорғау үшін, ежелдегі күзетшілер мен қақпа күзетшілері сияқты сергек болып, дереу әрекет етіңіз (10, 11-абзацты қараңыз) *

10, 11. а) Өзімізді қорғау үшін не істеуіміз керек? ә) Ежелде күзетшілердің қызметі қандай болған және ар-ұжданымыз күзетшіге қай жағынан ұқсайды?

10 Жүрегімізді сақтап қалғымыз келсе, қауіпті байқай біліп, бірден өзімізді қорғауымыз керек. Бұл ежелдегі күзетшінің қызметін еске салады. Сүлеймен патшаның кезінде күзетшілер қала қабырғасының үстінде тұратын. Қауіп төніп келе жатқанын байқай салысымен, олар дабыл қағатын. Осы бейнені ойда ұстасақ, Шайтанның ойларымен ластанып қалмас үшін не істеу керектігін түсінеміз.

11 Ежелде күзетшілер қақпа күзетшілерімен бірлесе қызмет еткен (Сам. 2-ж. 18:24—26). Осы екі топ жау келіп қалған кездің бәрінде қақпалардың жабық болуына жауап берген (Нех. 7:1—3). Киелі кітаппен тәрбиеленген ар-ұжданымыз * біздің күзетшіміз сияқты. Шайтан жүрегімізге баса көктеп кіргісі келгенде, яғни ойымыз, сезіміміз бен арман-ниетімізге әсер еткісі келгенде, ол дабыл қағады. Ар-ұжданымыз дабыл соққан кездің бәрінде оған құлақ қойып, бейнелі қақпамызды тарс жабуымыз керек.

12, 13. Біз не істеуге азғырылуымыз мүмкін? Сондай кезде қалай әрекет еткеніміз жөн?

12 Шайтанның ойымен уланып қалудан қалай сақтана алатынымызды қарастырайық. Ехоба: “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істердің... тіпті аты да аталмасын”,— деп үйретеді (Ефес. 5:3). Бірақ жұмыстағы әріптестер немесе мектептегі оқушылар азғын тақырыпта әңгімелер айта бастаса не істейміз? Біз Құдайға “ұнамсыз жүріс-тұрыстан және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартуымыз” керектігін білеміз (Тит. 2:12). Сондықтан осындай жағдайда “күзетшіміз” ар-ұждан дабыл қағуы мүмкін (Рим. 2:15). Бірақ оған құлақ асамыз ба? Сондай кезде құрдастарымыздың әңгімесін тыңдауға, олар көрсеткен суреттерді көруге азғырылуымыз мүмкін. Алайда бұл — қаланың қақпаларын тарс жабатын, яғни әңгімені басқа жаққа бұратын, тіпті сол жерден кетіп қалатын кез.

13 Құрдастарымыздың қысымына берілмей, жаман нәрсе жайлы ойламау үшін, оған бармау үшін өжеттілік керек. Шайтанның ойына қарсы тұру үшін тырысып жатқанымызды Ехоба байқайды. Ол бізге қажетті күш пен даналық береді (Шеж. 2-ж. 16:9; Ишая 40:29; Жақ. 1:5). Жүрегімізді сақтау үшін тағы не істесек болады?

СЕРГЕК БОЛЫҢЫЗ

14, 15. а) Жүрегімізді не нәрсеге ашуымыз керек және мұны қалай істейміз? ә) Киелі кітапты оқудың бар пайдасын көруге Нақыл сөздер 4:20—22 қалай көмектеседі? (“ Ой жүгіртуді үйрену” деген қоршауды қараңыз.)

14 Жүректі жаман нәрседен сақтау жеткіліксіз. Оған жақсы нәрсенің кіруіне де қам жасау керек. Қабырғамен қоршалған қала туралы мысалға оралайықшы. Жау баса көктеп кіріп кетпес үшін, қақпа күзетшісі қақпаларды жауып қояды. Бірақ қажет кезде оларды ашып, қалаға азық-түлік сияқты керекті заттарды кіргізеді. Қақпалар ешқашан ашылмаса, қала тұрғындары аштан қырылады. Сол сияқты біз де жүрегімізге Құдайдың ойларын жиі кіргізіп отыруымыз қажет.

15 Құдайдың ойлары Киелі кітапта жазылған. Сондықтан Киелі кітапты оқыған сайын оның ойлары ой-санамызға, сезіміміз бен жүріс-тұрысымызға әсер етеді. Киелі кітапты оқудың бар пайдасын көру үшін не істей аламыз? Бұл ретте дұға етудің маңызы зор. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Киелі кітапты оқуды бастамас бұрын мен дұға етіп, Ехобадан “Сөзіңдегі керемет жайттарды анық көрейінші” деп сұраймын” (Зәб. 119:18). Сонымен қатар ой жүгірту де есте болсын. Егер дұға етіп, Киелі кітапты оқып, ой жүгіртетін болсақ, Құдайдың Сөзі “жүрегіміздің түкпіріне” дейін жетеді. Осылай Ехобаның ойларына махаббатымыз ашылады (Нақыл сөздер 4:20—22 оқыңыз; Зәб. 119:97).

16. Көбіміз JW Broadcasting бағдарламасының қандай пайдасын көріп жүрміз?

16 Жүрекке Құдайдың ойларын кіргізудің тағы бір жолы — JW Broadcasting® телеарнасындағы бейнеөнімдерді көру. Бір ерлі-зайыпты былай дейді: “Әр айда шығатын бағдарлама дұғамызға берілген жауап болды. Көңіліміз түсіп, жалғызсырағанда, олар еңсемізді көтеріп, бір марқайтып тастайды! Ондағы әндердің үні үйімізден үзілген емес. Тамақ пісіргенде, үй жинағанда, тіпті шай ішіп отырғанда да оларды қосып қоямыз”. Расында да, бұл бағдарламалар жүрегімізді сақтауға көп көмектесіп келеді. Жан-жақтан анталап жатқан Шайтанның ойларынан бас тартуға, Ехоба сияқты ойлануға үйретеді.

17, 18. а) Патшалар 1-жазба 8:61-ге сай, Ехобадан үйренгенімізді іске асырсақ, қандай нәтижесін көреміз? ә) Езекия патшадан не үйренеміз? б) Зәбүр 139:23, 24-те жазылған Дәуіттің дұғасына сай, не жайында дұға ете аламыз?

17 Дұрыс нәрсені істегеніміздің нәтижесін көрген сайын сеніміміз қатая түседі (Жақ. 1:2, 3). Ехоба бізге мақтан тұтар балалары ретінде қарағанына қуанамыз. Содан оған ұнамды болуға деген ықыласымыз одан сайын артады (Нақ. с. 27:11). Алдымыздан шыққан әр сынақта қамқор Әкемізге жарым жүрекпен емес, бар жүрегімізбен қызмет етіп жүргенімізді дәлелдеуге тырысамыз (Зәб. 119:113). Оны бар жүрекпен, оның талаптарына мойынсұнуға және ниетін орындауға нық бекінген жүрекпен сүйетінімізді көрсетеміз (Патшалар 1-жазба 8:61 оқыңыз).

18 Бірақ кемелсіз болғандықтан, кейде сүрініп қалуымыз мүмкін. Ондайда Езекия патшаны еске алайық. Ол да қателік жасаған. Бірақ өкініш білдіріп, Ехобаға “бар жүрегімен беріле қызмет етті” (Ишая 38:3—6; Шеж. 2-ж. 29:1, 2; 32:25, 26). Олай болса, Шайтан өз ойымен біздің ойымызды улағысы келген кездің бәрінде оған қарсы тұрайық. “Мойынсұнғыш жүрек” сұрап дұға айтайық (Пат. 1-ж. 3:9; Зәбүр 139:23, 24 оқыңыз). Бәрінен бұрын жүрегімізді сақтасақ, Ехобаға адал болып қаламыз.

54-ӘН Міне, жол!

^ 5-абзац Ехобаға адал болып қаламыз ба, әлде Шайтанның алдауына еріп, Құдайдан ажырап кетеміз бе? Бұл басымызға түсетін сынақтың ауыр-жеңілдігіне емес, жүрегімізді қаншалықты сақтап жүргенімізге байланысты. “Жүрек” деп нені айтып отырмыз? Шайтан оны қалай ластағысы келеді? Жүрегімізді қалай сақтай аламыз? Бұл маңызды сұрақтарға осы мақалада жауап аламыз.

^ 11-абзац СӨЗ МӘНІ: Ехоба бізге ойымыз, сезім мен іс-әрекетімізді тексеріп, өзімізді соттау қабілетін берген. Киелі кітапта бұл ар-ұждан деп аталады (Рим. 2:15; 9:1). Киелі кітаппен тәрбиеленген ар-ұждан Ехобаның принциптеріне сүйене отырып, ойымызға, сөзіміз бен ісімізге жақсы не жаман деп баға береді.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас теледидар қарап отырғанда, ұятсыз бейне шыға келді. Ол енді не істейтінін шешу керек.

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Күзетші қалаға қауіп төніп келе жатқанын байқап, төмендегі қақпа күзетшілеріне хабар беруде. Олар бірден қақпаларды жауып, ішінен құлыптап жатыр.