Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Кездесулерге келуге қозғау салар қасиеттер

Кездесулерге келуге қозғау салар қасиеттер

“Иеміз келгенше, оның өлімін жариялайсыңдар” (ҚОР. 1-х. 11:26).

18-ӘН Төлемге ризашылық

АҢДАТПА *

1, 2. а) Ехобаның назарынан не тыс қалмайды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.) ә) Бұл мақала қандай сұрақ төңірегінде өрбиді?

ЖЕРДІҢ түкпір-түкпірінде Еске алу кешіне жиналған миллиондаған адам Ехобаның назарынан тыс қалмайды. Ол ағылып келіп жатқан көп адамды ғана емес, әрбіреуін жеке-жеке байқайды. Мысалы, жыл сайын үзбей келіп тұратындарды ол жазбай таниды. Араларында кімнің аяусыз қуғынға қарамай келіп жүргенін де біледі. Басқа кездесулерге бармаса да, Еске алу кешіне баруды парыз санайтындар да бар. Жай қызығушылықпен Еске алу кешіне бірінші рет келгендер де Ехобаның назарында.

2 Еске алу кешіне адамдардың көптеп келгеніне Ехоба сөзсіз қуанады (Лұқа 22:19). Десе де ол үшін ең бастысы — келушілердің саны емес, сапасы, олардың келудегі ниеттері. Неге біз жыл сайын Еске алу кешіне ғана емес, Ехоба өзін сүйер жандарға дайындаған апта сайынғы кездесулерге де баруымыз керек? Бұл мақалада осы бір маңызы зор сұрақтың жауабын алатын боламыз.

Куәгерлер ел мен жер бойынша миллиондаған адамды Еске алу кешінде қуана қарсы алады (1, 2-абзацты қараңыз)

КІШІПЕЙІЛДІЛІК ҚОЗҒАУ САЛАДЫ

3, 4. а) Кездесулерге қандай себеппен барамыз? ә) Кездесулерге барғанымыз біз жайлы нені аян етеді? б) Қорынттықтарға 1-хат 11:23—26 тармақтарды ескерсек, неге Еске алу кешінен қалмауымыз керек?

3 Қауым кездесулеріне келуіміздің басты себебі — бұл ғибадатымыздың бір бөлігі. Ехобадан тәлім алуды қалағанымыз да бір себеп болып табылады. Әдетте өркөкірек адамдар бірдеңе үйренуім керек деген ойдың өзін жанына жуытпайды (Жох. 3-х. 9). Ал біз, керісінше, Ехоба мен оның ұйымынан тәлім алуға асықпыз (Ишая 30:20; Жох. 6:45).

4 Кездесулерге барғанымыз кішіпейіл екенімізді, яғни үйренуге асық, ынталы екенімізді байқатады. Исаның өлімін еске алуға тек міндетті болғандықтан ғана емес, оның өсиетіне кішіпейілділікпен бағынғандықтан барамыз. Иса: “Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”,— деген еді (Қорынттықтарға 1-хат 11:23—26 оқыңыз). Бұл кездесу болашаққа үмітімізді жалғап, Ехоба бізді қаншалықты сүйетінін есімізге тағы бір түсіреді. Алайда Ехоба жылына бір-ақ рет жігерленіп, бір-ақ рет нығайып қайтқанымыз бізге жеткіліксіз екенін біледі. Сондықтан да ол апта сайынғы кездесулердің өткенін қамдап, соларға қатысуға шақырады. Бұл жағдайда да бағыну үшін бізге кішіпейілділік қажет. Сол кездесулерге дайындалуға және баруға біз апта сайын бірнеше сағат жұмсап жүрміз.

5. Неге кішіпейіл жандар Ехобаның шақыруын қабылдайды?

5 Ехоба барша жанды өзінен тәлім алуға шақыруда, әрі бұл шақыруға құлақ асқан кішіпейіл жандар жыл сайын артып жатыр (Ишая 50:4). Еске алу кеші ұнағандықтан, олар өзге де кездесулерге келе бастайды (Зәк. 8:20—23). Олармен бірге “көмекшіміз, құтқарушымыз” Ехобадан тәлім алуға, оның жетегінде жүруге қуаныштымыз (Зәб. 40:17). Расында да, Ехоба мен сүйікті Ұлы Исадан тәлім алуға тең келерлік бірде-бір іс жоқ! (Мат. 17:5; 18:20; 28:20).

6. Бір кісіге Еске алу кешіне келуге кішіпейілділігі қалай көмектесті?

6 Жыл сайын Исаның өлімін еске алу үшін мүмкіндігінше көп адамды шақыруға тырысамыз. Көптеген кішік жандар келуге келісіп, мұның игілігін көреді. Соның дәлелі ретінде бір оқиғаны айта кетейік. Бірнеше жыл бұрын бауырласымыз бір ер кісіні Еске алу кешіне шақырады. Бірақ ол кісі келе алмайтынын айтады. Алайда оны Еске алу кешінде көргенде, бауырласымыз аң-таң болады. Қонақ ер кісі қауымның жылы қарсы алғанына қатты әсерленгені сонша — ол апта сайынғы кездесулерге келе бастайды. Содан не керек, ол бір жылдың ішінде үш-ақ кездесуді жіберіп алған екен. Келмеймін деп тұрған оған келуге не қозғау болды? Момындығы. Осы қасиеті оған ойын өзгертуге көмектесті. Шақыру қағазын берген бауырлас: “Ол өте кішіпейіл адам”,— деді. Ехобаның өзі бұл кісіні жақындатып тартқаны айдан анық. Ол — бүгінде шомылдыру рәсімінен өткен бауырласымыз (Сам. 2-ж. 22:28; Жох. 6:44).

7. Кездесулерде білгеніміз бен Киелі кітаптан оқығанымыз бізге кішіпейіл болуға қалай көмектеседі?

7 Кездесулерде білгендеріміз бен Киелі кітаптан оқығандарымыз бізді кішіпейіл болуға үйретеді. Еске алу кешінің қарсаңындағы кездесулерде Исаның үлгісіне және өмірін төлем ретінде бергенде танытқан кішіпейілділігіне баса назар аударылады. Сондай-ақ сол күндері Киелі кітаптан Исаның өліміне дейінгі әрі кейінгі оқиғалар жайлы оқимыз. Кездесулерде білгеніміз бен Киелі кітаптан оқыған үзінділер Исаның біз үшін берген құрбандығына ризашылығымыздың тамырын тереңдетеді. Осылайша оның кішіпейілділігіне еліктеуге, қиын кезде де Ехобаның еркін орындауға ықыласты боламыз (Лұқа 22:41, 42).

БАТЫЛДЫҚ ҚОЗҒАУ САЛАДЫ

8. Иса қалай батылдық танытты?

8 Біз Исаның батылдығына да еліктегіміз келеді. Өлімінің алдындағы күндері оның танытқан батылдығы жайлы ойланып көріңізші. Жаулары оны қорлап, ұрып-соғып, кейін өлімге кесетінін ол білді (Мат. 20:17—19). Сонда да Иса өліммен бетпе-бет келуге дайын болды. Гетсимани бағында ол қасындағы адал елшілеріне: “Тұрыңдар, кеттік! Міне, маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды”,— деген (Мат. 26:36, 46). Қарулы тобыр оны тұтқындауға келгенде, Иса алға шығып, іздеп жүрген адамдары өзі екенін айтады. Сосын сарбаздарға елшілерді жібере салуды бұйырады (Жох. 18:3—8). Не деген батылдық десеңізші! Бүгінде майланған мәсіхшілер мен басқа қойлар да Исаның осы батылдығын үлгі етіп жүр. Қалайша?

Батылдық танытып, кездесулерге барғаныңыз басқаларға күш береді (9-абзацты қараңыз) *

9. а) Кездесулерге бару үшін неге батылдық қажет болуы мүмкін? ә) Сенімі үшін түрмеде жатқан бауырластарға біздің үлгіміз қалай әсер етуі мүмкін?

9 Қиын жағдайларда да жиналыстардан қалмау үшін батылдық қажет. Кейбір бауырластар қайғы жұтып, күйзеліп немесе денсаулығы сыр беріп жүрсе де, кездесулерді қалдырмайды. Ал өзгелері болса үй ішіндегілердің немесе билік иелерінің тарапынан қатты қарсылық көріп жүргендеріне қарамастан жиналысқа келіп жүр. Біздің үлгіміз сенімі үшін түрмеде отырған бауырластарға қалай әсер ететіні жайлы ойлап көріңізші (Евр. 13:3). Қиындықтарда қайыспай Ехобаға қызмет етіп жүргенімізді естігенде, олардың сенімдері ұшталып, батылдықтары мен мінсіздіктері қатая түседі. Елші Пауыл соған ұқсас жағдайды бастан өткерген. Римде қамауда болған кезінде ол бауырластардың Құдайға адалдықпен қызмет етіп жүргендерін естіген сайын қуанатын (Філіп. 1:3—5, 12—14). Түрмеден шыққанға дейін немесе шыға салысымен ол Еврейлерге арналған хатын жазды. Сол хатта Пауыл адал мәсіхшілерді бір-бірін “әрдайым жақсы көруге” және бірге бас қосуды ешқашан доғармауға үндеді (Евр. 10:24, 25; 13:1).

10, 11. а) Еске алу кешіне кімдерді шақыруымыз керек? ә) Ефестіктерге 1:7-де Еске алу кешіне шақыруымыздың қандай себебі жазылған?

10 Туыстарымызды, әріптестеріміз бен көршілерімізді Еске алу кешіне шақыру да батылдықсыз болмайды. Біз оларды не үшін шақырамыз? Ехоба мен Исаның бізге жасаған бар жақсылығына риза болғандықтан, біз басқаларды Еске алу кешіне шақырудан тартынғымыз келмейді. Олар да Ехобаның төлем құрбандығы арқылы көрсеткен “зор рақымы” туралы біліп, оның игілігін көрсе екен дейміз (Ефестіктерге 1:7 оқыңыз; Аян 22:17).

11 Батылдық танытып жиналысқа келгенде, Құдай мен Ұлының керемет түрде танытқан келесі қасиетін де танытамыз. Қазір сол жайында сөз қозғайық.

СҮЙІСПЕНШІЛІК ҚОЗҒАУ САЛАДЫ

12. а) Қауым кездесулері Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігімізді қалай өсіреді? ә) Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15 бізді не істеуге талпындырады?

12 Кездесулерге Ехоба мен Исаны жақсы көргендіктен барамыз. Ол жерден біліп-түйгендеріміз оларға деген сүйіспеншілігімізді өсіреді. Кездесулерде екеуінің бізге жасаған жақсылықтары жайлы жиі айтылады (Рим. 5:8). Ал Еске алу кеші Ехоба мен Исаның бізді, тіпті төлемнің бағасын әлі түсінбейтіндерді де қатты сүйетінін есімізге салады. Содан жүрегіміз ризашылыққа толып, өміріміздің әрбір күні Исаға еліктеуге талпынамыз (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15 оқыңыз). Сондай-ақ төлем бергені үшін Ехобаны мадақтағымыз келері сөзсіз. Мұны істеудің бір жолы — кездесулерде шын жүректен түсініктеме беру.

13. Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігіміз қаншалықты екенін қалай көрсете аламыз? Түсіндіріңіз.

13 Ехоба мен оның Ұлын қаншалықты сүйетінімізді олар үшін құрбандықтарға баруға дайын екенімізбен де көрсетеміз. Әсіресе кездесулерге қатысу үшін түрлі құрбандықтарға бару керек болып жатады. Көп жағдайда бір кездесуіміз жұмыс күнінің соңына түседі. Бұл уақытта әдетте көбіміздің әліміз құрып шаршап тұрамыз. Ал тағы бір кездесуіміз демалыс күндеріне түседі. Әдетте жұрт бұл кезде демалып жатады. Шаршап тұрсақ та кездесулерге барғанымызды Ехоба байқай ма? Әрине! Құрбандығымыз неғұрлым үлкен болса, Ехоба өзіне деген сүйіспеншілігімізді соғұрлым көбірек бағалайды (Мар. 12:41—44).

14. Жанкешті сүйіспеншілік танытуда Иса қандай үлгі қалдырды?

14 Жанкешті сүйіспеншілік танытудың үлгісін Иса көрсеткен. Ол шәкірттері үшін жанын беруге ғана емес, тірі жүргендегі әр күні олардың мүддесін өзінікінен жоғары қоюға дайын болған. Мысалы, ол шаршап-шалдығып не жаны күйзеліп тұрған кезде де шәкірттерінің жанында болды (Лұқа 22:39—46). Иса біреуден бірдеңе алуды емес, керісінше, беруді көбірек ойлады (Мат. 20:28). Біз де Ехоба мен бауырластарды осыншалық жақсы көрсек, Еске алу кешіне де, басқа кездесулерге де қатысу үшін барымызды саламыз.

15. Біз әсіресе кімдерге көмектескіміз келеді?

15 Біз шынайы мәсіхшілерден құралған бауырластықтың мүшесіміз. Қатарымызға қосылсын деп жаңа адамдарды шақыру үшін де көп уақыт жұмсайтынымыз рас. Алайда көмегімізді көбірек қажет ететін бір топ бар. Бұл — қауымға келмей не уағыздамай кеткен “сенімі бір бауырластарымыз” (Ғал. 6:10). Оларды кездесулерге, әсіресе Еске алу кешіне келуге талпындырсақ, сүйіспеншілігіміздің растығын дәлелдейміз. Олардың бірі сүюші Әкеміз бен Бағушымызға оралып жатса, Ехоба мен Иса сияқты біз де шексіз қуанамыз (Мат. 18:14).

16. а) Бір-бірімізді қалай жігерлендіре аламыз және кездесулер бізге қалай әсер етеді? ә) Жохан 3:16-дағы Исаның сөздерін неге әсіресе жылдың осы уақытында еске алуымыз керек?

16 Келер апталарда 19 сәуір, жұма күні өтетін Еске алу кешіне мүмкіндігінше көп адамды шақырыңыз (“ Оларды шақырдыңыз ба?” деген қоршауды қараңыз). Үстіміздегі жылы Ехобаның дайындап отырған кездесулерінің ешбірін қалдырмай, бір-бірімізді жігерлендірейік. Осы дүниенің соңы таяп келе жатқандықтан, бізге кішіпейіл, батыл әрі сүйгіш болуға қозғау салатын кездесулер ауадай қажет (Сал. 1-х. 5:8—11). Ехоба мен Исаның бізге деген зор сүйіспеншілігін қаншалықты бағалайтынымызды көрсете берейік! (Жохан 3:16 оқыңыз).

126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас

^ 5-абзац 2019 жылдың 19 сәуірінде өтетін Еске алу кеші жылдың ең маңызды кездесуі болмақ. Сол кешке баруға бізге не қозғау салады? Әрине, Ехобаға ұнамды болуды қалағанымыз. Осы мақалада Еске алу кешіне, сондай-ақ апта сайынғы кездесулерге баруға қандай қасиеттер көмектесетінін қарастырамыз.

^ 52-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Сенімі үшін түрмеде отырған бауырлас үйінен алған хатты оқып жігерленіп отыр. Оны ұмытпағандарын әрі азаматтық толқуға қарамастан отбасының Ехобаға адал екенін білгенде, бауырласымыз қуанып қалды.