Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қарапайым кештің Иса жайында айтары

Қарапайым кештің Иса жайында айтары

“Бұл менің денемді білдіреді... Бұл менің қанымды — “келісім қанын” — білдіреді” (МАТ. 26:26—28).

16-ӘН Ехобаны Патшалығы үшін мадақтаңдар!

АҢДАТПА *

1, 2. а) Неге Еске алу кеші қарапайым шара болмақ еді? ә) Исаның қай қасиеттеріне назар аударамыз?

ЖЫЛ САЙЫНҒЫ Еске алу кеші қалай өтетінін айтып бере аласыз ба? Әлбетте. Кештің негізгі тұстарын айтып беру біз үшін түк емес. Неге? Өйткені олар өте қарапайым. Десе де бұл кездесудің маңызы зор. Осы орайда біреулерде: “Өте маңызды бола тұра, бұл кеш неге сонша қарапайым өтеді?”— деген сұрақ туар.

2 Жерде жүрген кезінде Иса маңызды шындықтарды қарапайым, анық та түсінуге жеңіл етіп үйретуімен танымал болған (Мат. 7:28, 29). Дәл солай ол өлімін де еске алудың * қарапайым, сөйте тұра мәнді жолын көрсеткен. Қазір осы кеш туралы, Иса айтқан және істеген кей нәрселер туралы қарастырамыз. Оның қаншалықты кішіпейіл, батыл, сүюші екеніне кеңірек көз тастап, оны қалай жақсырақ үлгі ете алатынымызды да білеміз.

КІШІПЕЙІЛ ИСА

Еске алу кешінің рәміздері — нан мен шарап Исаның біз үшін өмірін қиғанын және қазір оның көктегі Патшамыз екенін есімізге салады (3—5 абзацтарды қараңыз)

3. Матай 26:26—28 тармақтарда жазылғандай, Иса ендірген Еске алу кеші қаншалықты қарапайым еді? Нан мен шарап нені бейнелейді?

3 Өлімін еске алу кешін Иса 11 адал елшісінің көзінше ендірді. Ол осы кешті Құтқарылу мейрамының асынан қалған нәрселермен-ақ өткізді (Матай 26:26—28 оқыңыз). Бұлар дастарқанда тұрған ашымаған нан мен шарап еді. Бұл екеуі елшілер үшін бергелі жатқан өзінің кемелді тәні мен қанын бейнелейтінін айтты. Олар осы бір маңызды әрі жаңа шараның неге бұлай қарапайым өткеніне таңғалған жоқ. Неліктен?

4. Иса Мартаға берген кеңесін өзі қалай қолданды?

4 Осыдан бірнеше ай бұрын, яки Исаның қызметінің үшінші жылында болған бір жағдайға оралайық. Иса жақын достары Елазар, Марта мен Мәриямның үйінде еді. Жайбарақат отырған Иса тәлім бере бастады. Марта үйде болғанмен, сыйлы қонағын күтемін деп мол дастарқан жаюмен әлек еді. Мұны байқаған Иса оның көңіліне тимей, ақырын ғана түзетіп, көп тамақ дайындаудың қажеті жоқ екенін түсіндірді (Лұқа 10:40—42). Иса өзі берген сол кеңесті өлерінен бірер сағат бұрын өзі қолданды. Ол Еске алу кешін қолда бар қарапайым ғана аспен өткізді. Бұдан Иса жайлы не білуге болады?

5. Кештегі астың қарапайымдылығы Иса жайында нені мәлім етеді және Філіпіліктерге 2:5—8 тармақтар мұны қалай растайды?

5 Исаның кішіпейілділігі сөзінен де, ісінен де есіп тұратын. Сондықтан жердегі өмірінің соңғы түні оның неге зор кішіпейілділік танытқаны түсінікті-ақ (Мат. 11:29). Иса адамзат тарихындағы ең ұлы құрбандықты бергелі жатқанын және кейін Ехоба оны тірілтіп, көкте даңқты дәреже сыйлайтынын жақсы білді. Сөйтсе де өлімін күрделі рәсімдермен еске алуды талап етіп, өзіне тым көп назар аудартпады. Ол шәкірттеріне қарапайым аспен өзін жыл сайын еске алып тұруды ғана айтты (Жох. 13:15; Қор. 1-х. 11:23—25). Осы қарапайым ғана, десе де лайықты асты таңдағаны Исаның өркөкірек болмағанын көрсетеді. Көктегі Патшамыздың тамаша қасиеттерінің ішінде кішіпейілділіктің бар екеніне біз өте қуаныштымыз! (Філіпіліктерге 2:5—8 оқыңыз).

6. Қиындыққа кезіккенде, Исаның кішіпейілділігін қалай үлгі етсек болады?

6 Исаның кішіпейілділігіне қалай еліктей аламыз? Бірінші кезекте өзгелердің мүддесін ойлау арқылы (Філіп. 2:3, 4). Исаның өлер алдындағы түніне қайта оралайықшы. Сәлден кейін жаны қиналып өлетінін білсе де, ол артынан жоқтап, жылап қалатын адал елшілері үшін уайым кешті. Сондықтан оларға нұсқаулар беріп, бойларына күш-жігер құйып, көңілдерін орнықтырып, сол түні қастарында болды (Жох. 14:25—31). Иса өзінен гөрі өзгелердің жағдайын ойлады. Кішіпейілділіктің бірегей үлгісі деп осыны айт!

БАТЫЛ ИСА

7. Иеміздің кешкі асын енгізгеннен кейін Иса не нәрседе таудай батылдық танытты?

7 Иеміздің кешкі асын енгізгеннен кейін Иса таудай батылдық танытты. Қалай? Ол Әкесінің өзіне қатысты еркін орындауға келісті. Бұл үшін “Құдайды қорлады” деген сұмдық айыппен жазаға кесілетінін түсінсе де, ол дегенінен қайтпады (Мат. 26:65, 66; Лұқа 22:41, 42). Оның кемелді мінсіздігінен айнымағаны Ехобаның есіміне құрмет әкеліп, бүкіләлемдік билігін қолдап, өкінген жандарға мәңгі өмірдің есігін ашты. Бұнымен қатар ол ізбасарларын болашақта кезігетін жайттарға дайындады.

8. а) Иса адал елшілеріне не деді? ә) Иса өлгеннен кейінгі жылдары шәкірттері қалай онікіндей батылдық танытты?

8 Исаның іші түрлі уайымға толы болған шығар. Бірақ ол бәрін ысырып қойып, адал елшілеріне қажет болатын жайттарға назар аударды. Яһуда шығып кеткеннен кейін енгізілген қарапайым осы кеш майланатын ізбасарларына мына жайттарды еске салмақ еді: Иса төккен қанның олар үшін игілікті екенін және олар жаңа келісімнің мүшесі екенін (Қор. 1-х. 10:16, 17). Адалдық сақтауға, өзімен бірге көкте болуға көмектесу үшін, Иса олардан өзі және Ехоба не талап ететінін айтты (Жох. 15:12—15). Оларды алда қуғын-сүргін күтіп тұрғанын да ескертті. Сосын өз үлгісіне нұсқап: “Батыл болыңдар!”— деп оларды қайрай түсті (Жох. 16:1—4а, 33). Көп жылдың жүзі өткеннен кейін де шәкірттер Исаның жанқиярлығын үлгі етіп, ержүректік танытып жүрді. Қиын шақтарда өз бастарын қатерге тіге жүріп, олар бір-біріне сүйеу болды (Евр. 10:33, 34).

9. Исаның батылдығына қалай еліктей аламыз?

9 Бүгінгі күні біз де Исаның батылдығын үлгі етеміз. Мысалы, сенімдері үшін қудаланып жүрген бауырластарға жәрдем беру үшін батылдық қажет. Кейде бауырластар әділетсіз түрмеге жабылуы мүмкін. Мұндай кезде олар үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап, дұға айтайық, тіпті үкімет пен соттың алдында оларды қорғап сөйлеуге де дайын болайық (Філіп. 1:14; Евр. 13:19). Сондай-ақ үзбей уағыздай беру арқылы да батылдық таныта аламыз (Ел. іс. 14:3). Адамдар қарсылық көрсетсе де, қудаласа да, біз Иса сияқты Патшалық жайлы хабарды уағыздай беруге белімізді бекем будық. Алайда кей кездері батылдығымыздың ортайып қалғанын байқауымыз мүмкін. Мұндайда не істесек болады?

10. Еске алу кеші қарсаңындағы апталарда не істегеніміз жөн және неліктен?

10 Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында ие болған үмітіміз туралы ой жүгірту батылдығымызды қамшылай түседі (Жох. 3:16; Ефес. 1:7). Еске алу кешінің алдындағы апталарда төлемге деген ризашылығымызды өсіруге ерекше мүмкіндік туады. Сол кездері Еске алу кешінің қарсаңындағы Киелі кітап тармақтарын оқып, Исаның өліміне дейін орын алған оқиғаларға рухани тұрғыдан қарап, ой жүгіртіңіз. Сонда Иеміздің кешкі асына жиналғанда, ондағы рәміздердің мағынасын және олардың теңдессіз құрбандықты бейнелейтінін тереңірек түсінесіз. Иса мен Ехобаның істеген жақсылығын бағаласақ, бізге және сүйікті жақындарымызға қандай игілік әкелгенін түсінсек, үмітіміз жалындай түсіп, соңына дейін қазықтай берік тұра аламыз (Евр. 12:3).

11, 12. Жоғарыда біз не туралы білдік?

11 Жоғарыда Иеміздің кешкі асы аса бағалы төлем құрбандығын еске салып қана қоймай, Исаның кішіпейілділік пен батылдық деген керемет қасиеттері жайында сыр шертетінін де білдік. Біз үшін “өтініш жасайтын” көктегі бас діни қызметкеріміздің осы қасиеттерінен әлі де айнымағанына өте ризамыз! (Евр. 7:24, 25). Жүрекжарды ризашылығымызды білдіргіміз келсе, оның өлімін өзі бұйырғандай адал еске алып тұруымыз керек (Лұқа 22:19, 20). Біз Исаны жылдың ең маңызды күні, яғни 14 нисанға сай келетін күні еске аламыз.

12 Иеміздің кешкі асының қарапайымдылығы Исаның тағы бір қасиетін паш етеді. Жерде өмір сүрген кезінде оны өзге жұрттан ерекше еткен де осы қасиеті еді. Ол қандай қасиет?

СҮЮШІ ИСА

13. Жохан 15:9 бен Жоханның 1-хаты 4:8—10 Ехоба мен Исаның танытқан сүйіспеншілігін қалай сипаттайды? Осы сүйіспеншіліктің игілігін кімдер көреді?

13 Иса Ехобаның адамдарға деген ыстық сүйіспеншілігін әрбір ісімен кемелді түрде көрсетті (Жохан 15:9; Жоханның 1-хаты 4:8—10 оқыңыз). Ал бұдан да маңыздысы — ол біз үшін өз өмірін қиюды шын жүрегімен қалады. Осындай құрбандыққа барған Ехобаның да, Ұлы Исаның да сүйіспеншілігі майланғандардың не “басқа қойлардың” қатарынан болайық — бәрімізге игілік әкеледі (Жох. 10:16; Жох. 1-х. 2:2). Еске алу кешінің рәміздері туралы да ойлап көрейікші. Бұлар Исаның шәкірттерді жақсы көретінін әрі қамдарын ойлайтынын көрсетеді. Қалай дейсіз ғой?

Иса Еске алу кешін қарапайым етіп ендіруімен сүйіспеншілік танытты. Соның арқасында оны ғасырлар бойы әртүрлі жағдайларда атап өту мүмкін болды (14—16 абзацтарды қараңыз) *

14. Иса шәкірттерін жақсы көргенін қалай көрсетті?

14 Күрделі рәсімдермен емес, қарапайым аспен ғана кеш өткізуді тапсырғанынан Исаның майланған ізбасарларына деген сүйіспеншілігін көреміз. Олар Еске алу кешін жыл сайын, түрмеде отыру сияқты түрлі жағдайларға қарамастан өткізулері керек еді (Аян 2:10). Бұл ізбасарлардың қолынан келді ме? Иә!

15, 16. Кейбір бауырластар Иеміздің кешкі асын қиын жағдайларда қалай атап өткен?

15 Күні бүгінге дейін Исаның өлімін еске алу үшін шынайы мәсіхшілер көп күш салып келеді. Олар Иеміздің кешкі асының өту тәртібін тіпті қиын жағдайда да барынша ұстануға тырысқан. Соның бірер мысалына көңіл бөлейік. Қытайда жалғыз адамдық камерада отырған Харольд Кинг бауырласқа бұл кешті өткізу үшін біраз тапқырлық қажет болды. Ол ешкімге байқатпай қолда барымен рәміздерді дайындады. Еске алу кеші қай күнге түсетінін шамасы жеткенше есептеп шығарды. Сол күн келіп жеткенде, Харольд бауырлас камерада жалғыз өзі ән шырқап, дұға етіп, Жазбаларға негізделген баяндама айтты.

16 Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерьге қамалған бір топ нәзік жанды бауырласымызға Иеміздің кешкі асын өткізу үшін өмірлерін қатерге тігу керек болды. Бірақ астың қарапайым болғанының арқасында олар жасырын түрде болса да кешті атап өтті. Олар былай деп жазды: “Біз ақ мата жайылған орындықты қоршап тұрдық. Оның үстінде рәміздер тұрды. Бізді байқап қоймасын деп жарықты қоспадық, майшам жақтық... Әкеміздің киелі есімін ақтау үшін жанымызды аямаймыз деген берік антымызды тағы да қайталап айттық”. Сенімнің не деген озық үлгісі! Осындай қиын жағдайда да Еске алу кешін өткізуді мүмкін еткені үшін сүйіспеншілігі зор Исаға дән ризамыз!

17. Қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз дұрыс?

17 Еске алу кешінің қарсаңында келесідей сұрақтар жайлы ойлансақ болады: “Исаның сүйіспеншілігіне қалай барынша еліктей аламын? Өзімнің емес, бауырластардың жағдайын көбірек ойлаймын ба? Олардан көп нәрсе талап етемін бе, әлде шамаларын ескеремін бе?” Әрдайым Исаға еліктеп, өзгелердің сезімдеріне ортақтас болайық (Пет. 1-х. 3:8).

БҰЛ ОЙЛАР ЖАДЫМЫЗДА ҚАЛСЫН

18, 19. а) Не нәрсенің ұмытылмайтыны шүбәсіз? ә) Сіз не істеуге бел будыңыз?

18 Біз Еске алу кешін шексіз атап өте бермейміз. Иса зор алапат кезінде “келіп”, “таңдап алынғандарды” көкке жинайды. Сол кезден бастап бұл мейрам тойланбайтын болады (Қор. 1-х. 11:26; Мат. 24:31).

19 Еске алу кеші доғарылған кезде де Ехобаның халқы осы қарапайым кештің артында ешкім ешқашан танытпаған зор кішіпейілділік, батылдық пен сүйіспеншілік жатқанын ұмытпайтыны шүбәсіз. Олар жаңа дүниеде бұл кеш туралы білмеген адамдарға айтып беріп, оларды нығайтады. Бұл шараның пайдасын қазір көргіміз келсе, Исаның кішіпейілділігіне, батылдығы мен сүйіспеншілігіне еліктеуіміз керек. Сонда ғана Ехобадан сый алатынымыз хақ (Пет. 2-х. 1:10, 11).

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

^ 5-абзац Жуырда Иса Мәсіхтің өлімін еске аламыз. Қарапайым өтетін бұл кездесу Исаның кішіпейілділігі, батылдығы мен сүйіспеншілігі туралы сыр шертеді. Жақұттай бұл қасиеттерді біз де қалай таныта алатынымызды осы мақаладан білеміз.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Еске алу дегеніміз — қандай да бір оқиғаны не кісіні ұмытпау үшін, оған құрмет көрсету үшін жасалатын ерекше шара.

^ 56-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Адал бауырластардың I ғасырдағы, 1800 жылдардың аяғындағы, нацистік концлагерьдегі және бүгінде ашық аспан астындағы Патшалық сарайында (Оңтүстік Америка) Еске алу кешін тойлап жатқанының көріністері.