Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Армагеддонды тағатсыздана күтейік!

Армагеддонды тағатсыздана күтейік!

“Олар бәрін Армагеддон деп аталатын жерге жинады” (АЯН 16:16).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

АҢДАТПА *

1, 2. а) Неге Армагеддон жақсы нәтиже әкелетін соғыс болмақ? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

КЕЙБІР адамдар жер беті ядролық соғыстың немесе табиғи апаттың кесірінен жойылады деп ойлайды. Бірақ Киелі кітапта олай деп жазылмаған. Киелі кітап жақын арада жақсы нәтиже әкелетін бір соғыс болады деп үйретеді (Аян 1:3). Ол Армагеддон деп аталады. Бұл соғыс адамзатты жоймайды, қайта, аман сақтайды.

2 Киелі кітапта Армагеддон соғысы адамзатты қалай аман сақтайтыны жазылған: сол соғыста адамның билік етуі тоқтатылады, сондай-ақ зұлымдар жойылып, әділдер аман қалады, жерді бүлдіргендер құртылады (Аян 11:18). Осы шындықтарды жақсырақ түсіну үшін келесі 4 сұрақты қарастырайық: Армагеддон деген не? Армагеддонның алдында қандай оқиғалар болмақ? Армагеддоннан аман қалғандардың арасында болу үшін не істеуіміз керек? Армагеддон жақындаған уақытта өмір сүріп жатқан біздер қалай адал болып қала аламыз?

АРМАГЕДДОН ДЕГЕН НЕ?

3. а) Армагеддон сөзі нені білдіреді? ә) Аян 16:14, 16-ны ескерсек, неге Армагеддон бейнелі жер деп айта аламыз?

3 Аян 16:14, 16 оқыңыз. Киелі кітапта “Армагеддон” сөзі бір-ақ рет кездеседі, бұл еврейдің “Мегиддо тауы” дегенді білдіретін сөзден шыққан (Аян 16:16). Ежелгі Исраилде Мегиддо деген қала болған (Ешуа 17:11). Бірақ Армагеддон дегеніміз тура мағынадағы жерге емес, “жержүзінің патшалары” Ехобаға қарсы шығу үшін жиналған уақытқа нұсқайды (Аян 16:14). Алайда бұл мақалада біз “Армагеддон” деген тіркесті жержүзінің патшалары жиналған соң іле-шала болатын соғысқа нұсқау үшін де қолданамыз. Армагеддон деген бейнелі жер екенін қайдан біле аламыз? Біріншіден, тура мағынадағы Мегиддо деген тау жоқ. Екіншіден, Мегиддоның айналасы “жержүзінің патшаларын”, олардың әскері мен қару-жарақтарын сыйдыратындай соншалықты үлкен емес. Үшіншіден, осы мақаладан көретініміздей, Армагеддон соғысы әлемнің патшалары жердің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан Құдайдың халқына шабуыл жасағанда басталады.

4. Неліктен Ехоба өзінің ұлы шешуші соғысын Мегиддо деген жердің атымен атады?

4 Неліктен Ехоба өзінің ұлы шешуші соғысын Мегиддо деген жердің атымен атады? Киелі кітап жазылған заманда Мегиддо мен оның жанындағы Езрехел аңғарында көптеген шайқастар өтетін. Кейде Ехоба сол шайқастарда халқының жеңіске жетуіне тікелей көмектесіп отырған. Мысалы, Ехоба “Мегиддо сулары” арқылы Бараққа Сисара бастаған қанахандықтардың әскерін жеңуге көмектесті. Сол керемет жеңісті сыйлағаны үшін Барақ пен Дебора пайғамбар Ехобаға ризашылығын білдіріп, былай деп ән шырқады: “Көктен жұлдыздар соғысты Сисараға қарсы... Жауды Қишонның суы... шайып кетті” (Би. 5:19—21).

5. Армагеддон соғысы мен Барақ бастаған соғыстың арасында қандай айырмашылық болмақ?

5 Барақ пен Дебора әндерін мына сөздермен тамамдады: “Уа, Ехоба, жауларыңның бәрі жер құшсын! Ал өзіңді сүйетіндер шыққан күндей жарқырасын!” (Би. 5:31). Армагеддон соғысында да Құдайдың жаулары жойылады, ал оны сүйетіндер аман қалады. Бірақ осы екі соғыстың арасында бір маңызды айырмашылық бар. Құдай халқы Армагеддон кезінде соғыспайтын болады, олар тіпті қолына қару да алмайды! Құдайдың қызметшілері “дамыл тауып”, Ехоба мен оның көктегі әскеріне сенім артатындықтан, “күшті” болады (Ишая 30:15; Аян 19:11—15).

6. Армагеддон соғысында Ехоба жауларын қалай ойсыратуы мүмкін?

6 Армагеддон кезінде Құдай өзінің жауларын қалай ойсыратады? Оны түрлі жолдармен істеуі мүмкін. Мысалы, жерсілкінісі, бұршақ және найзағай арқылы (Әйүп 38:22, 23; Езек. 38:19—22). Сондай-ақ Ехоба жауларын бір-бірімен шайқастырып қоюы мүмкін (Шеж. 2-ж. 20:17, 22, 23). Зұлымдарды періштелер арқылы жоюы мүмкін (Ишая 37:36). Құдай нені қолданса да, бұл соғыста толықтай жеңіске жетеді. Оның барлық жаулары жойылады. Ал әділ адамдар аман қалады (Нақ. с. 3:25, 26).

АРМАГЕДДОННЫҢ АЛДЫНДА ҚАНДАЙ ОҚИҒАЛАР БОЛМАҚ?

7, 8. а) Салоникалықтарға 1-хат 5:1—6 тармақтарға сай, әлемдік көшбасшылар қандай ерекше хабарды жариялайды? ә) Неге бұл хабар ерекше қауіпті болмақ?

7 “Бейбітшілік пен қауіпсіздіктің” жариялануы “Ехобаның күніне” бастама береді (Салоникалықтарға 1-хат 5:1—6 оқыңыз). Салоникалықтарға 1-хат 5:2-дегі “Ехобаның күні” деген “зор алапатқа” нұсқайды (Аян 7:14). Сол алапаттың келіп қалғанын қайдан білеміз? Киелі кітапта әлемдік көшбасшылардың “бейбітшілік пен қауіпсіздікті” жариялайтыны айтылған. Бұл хабардың жариялануы зор алапаттың басталатынының белгісі болады.

8 Неге әлемдік көшбасшылар бұны жариялайды? Біз оны нақты білмейміз. Бұған діни көшбасшылар да қатыса ма? Ол да мүмкін. Бірақ бір нақтысы — “бейбітшілік пен қауіпсіздік” туралы хабар жындардан келген өтірік хабар болады. Бұл өтірік хабар ерекше қауіпті, өйткені адамзат тарихында болмаған зор алапат міне-міне басталғалы тұрғанда, адамдардың бойында жалған қауіпсіздік сезімін тудырады. Иә, “жүкті әйелдің толғағы кенеттен басталатыны іспетті” жойылатын кез де кенеттен келеді. Ал Ехобаның адал қызметшілерімен не болмақ? Ехобаның күні аяқастынан басталса да, олар соған дайын болады.

9. Ехоба Шайтанның дүниесін бірден жоя ма? Түсіндіріңіз.

9 Ехоба Шайтанның дүниесін Нұхтың күніндегідей бірден жойып жібермейді. Бұл жойылу екі негізгі сатыдан тұрады: біріншіден, ол Ұлы Бабылды, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясын жояды. Сосын Армагеддон кезінде Шайтанның қалған дүниесін, сондай-ақ оның саяси, әскери және сауда-саттық жүйесін жояды. Қазір осы маңызды екі оқиғаның егжей-тегжейін қарастырып көрейік.

10. Аян 17:1, 6 мен 18:24-тегі сөздерге сай, Ехоба не себепті Ұлы Бабылды жояды?

10 Ұлы жезөкшенің жазалануы (Аян 17:1, 6; 18:24 оқыңыз). Ұлы Бабыл Құдайдың есіміне қара дақ түсірді. Мысалы, ол Құдай жайлы талай өтірікті таратты. Жеңіл жүрісті әйел ұқсап, жалған дін адами үкіметтерді қолдауымен Ехобаға адал болмады. Өз отарындағы адамдарды қанап, ақшаларын тартып алды. Сондай-ақ талай адамды өлтірді, кейбір Құдайдың қызметшілерінің қаны да соның мойнында (Аян 19:2). Ехоба Ұлы Бабылды қалай жояды?

11. “Он мүйізді ал қызыл жыртқыш” кімді бейнелейді? Құдай оны Ұлы Бабылға қарсы қалай қолданады?

11 Ехоба “он мүйізді ал қызыл жыртқыш” арқылы “ұлы жезөкшені” жоятын болады. Жыртқыш аң Біріккен Ұлттар Ұйымын, ал он мүйіз сол ұйымды қолдап жатқан үкіметтерді бейнелейді. Құдай белгілеген уақытта сол үкіметтер Ұлы Бабылға шабуыл жасайды. Олар оның байлығын тартып алумен оны “талан-тараж етеді”, ал оның қандай зұлым екенін бәріне көрсетумен оны “жалаңаштайды” (Аян 17:3, 16). Ұлы Бабылдың жойылуы өте тез болатындықтан, “бір күннің ішінде” болғандай көрінеді. Жалған дінді қолдап келгендер үшін төбелеріне жай түскендей болады, өйткені ұлы жезөкше: “Мен тақта отырған патшайымдаймын. Мен жесір емеспін, ешқашан қайғы-қасірет шекпеймін”,— деп бөскен еді (Аян 18:7, 8).

12. Ехоба не нәрсеге жол бермейді және неге?

12 Құдай сол халықтарға өз қызметшілерін жойып жіберуіне жол бермейді. Құдай халқы оның есімін алып жүреді және “Ұлы Бабылдан шық” деген өсиетке мойынсұнады (Ел. іс. 15:16, 17; Аян 18:4). Басқаларға да шығуға көмектесу үшін аянбай еңбектенеді. Сондықтан олар Ұлы Бабылдың “басына түсетін пәлелерге душар болмайды”. Десе де одан кейін болатын оқиғаларда табанды болып қалу үшін оларға үлкен сенім керек болады.

Жердің қай бұрышында тұрса да, шабуыл жасалғанда Құдай халқы оған сенім артады (13-абзацты қараңыз) *

13. а) Гог кімдерді білдіреді? ә) Езекиел 38:2, 8, 9-ға сай, Гогтың Құдай халқына шабуылдауына не түрткі болады?

13 Гогтың шабуылы (Езекиел 38:2, 8, 9 оқыңыз). Ехоба жалған діндердің бәрін жойған соң, жер бетінде бір ғана дін болады. Иә, тек Ехоба куәгерлері ғана қалады. Бұл, әрине, Шайтанның ашуына тиеді. Сол ашуын “таза емес” хабар арқылы, яғни жындардың үгіт-насихаты арқылы көрсетіп, одақтасқан халықтарды Ехобаның қызметшілеріне шабуылдауға түрткі жасайды (Аян 16:13, 14). Бұл одақтасқан халықтар “Магог жеріндегі Гог” деп аталады. Халықтар Ехобаның халқына шабуылдағанда, Армагеддон соғысы басталады (Аян 16:16).

14. Гог нені түсінеді?

14 Гог “білек күшіне”, яғни өз әскеріне сенеді (Шеж. 2-ж. 32:8). Ал біз Құдайымыз Ехобаға сенеміз. Бірақ халықтар үшін бұл ақымақтық болып көрінеді. Неге? Өйткені кезінде Ұлы Бабыл мықты болған, бірақ оның құдайлары оны “он мүйіз бен жыртқыш аңнан” құтқара алмады (Аян 17:16). Сондықтан Гог бізді оңайлықпен құртамын деп ойлайды. Ол “жерді жауып қалатын бұлт сияқты келіп”, Ехобаның халқына шабуылдайды (Езек. 38:16). Бірақ көп ұзамай тұзаққа түсіп қалғанын түсінеді. Қызыл теңіздегі перғауын сияқты, Гог та Құдаймен шайқасып жатқанын білетін болады (Мұс. 2-ж. 14:1—4; Езек. 38:3, 4, 18, 21—23).

15. Иса Армагеддон соғысында не істейді?

15 Мәсіх пен оның көктегі әскері Құдай халқын қорғап, Гог пен оның әскерін талқандайды (Аян 19:11, 14, 15). Ал халықтарды алдап, Құдай халқына шабуыл жасауға түрткі болған Ехобаның ең басты жауы Шайтанмен не болмақ? Иса Шайтан мен жындарды “түпсіз тұңғиыққа лақтырып”, 1000 жылға бұғаулап тастайды (Аян 20:1—3).

АРМАГЕДДОН КЕЗІНДЕ КІМДЕР АМАН ҚАЛАДЫ?

16. а) Құдайды білетінімізді қалай көрсетеміз? ә) Құдайды білетін адамдармен Армагеддонда не болады?

16 Шындыққа кеше келейік я бұрыннан жүрейік, Армагеддоннан аман қалу үшін Құдайды білетінімізді және “Иеміз Иса туралы ізгі хабарға” мойынсұнатынымызды көрсетуміз керек (Сал. 2-х. 1:7—9). Құдайды білу деген — оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын және талаптарын білу деген сөз. Сондай-ақ оны сүйсек, мойынсұнсақ және тек оған ғибадат етсек, оны білетінімізді көрсетеміз (Жох. 1-х. 2:3—5; 5:3). Осының бәрін істесек, Құдай да бізді білетін болады. Ал бұл Ехобаның мақұлдауына ие екенімізді білдіреді (Қор. 1-х. 8:3). Мұндай адамдар Армагеддон соғысында аман қалады!

17. “Иеміз Иса туралы ізгі хабарға” мойынсұну дегенге не жатады?

17 “Иеміз Иса туралы ізгі хабарға” Иса үйреткен барлық шындықтар кіреді. Оларды өз өмірімізде орындағанда, Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнатынымызды көрсетеміз. Сондай-ақ Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қою, Құдайдың әділ талаптарына сай өмір сүру және Құдай Патшалығын жариялау да мойынсұнуға жатады (Мат. 6:33; 24:14). Мәсіхтің майланған бауырларына ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындауда қолдау көрсету арқылы да мойынсұнатынымызды паш етеміз (Мат. 25:31—40).

18. Құдайдың майланған қызметшілері “басқа қойлардың” жақсылығын қалай қайтарады?

18 Көп ұзамай Құдайдың майланған қызметшілері “басқа қойлардың” көрсеткен жақсылығын қайтаратын болады (Жох. 10:16). Қалай? Армагеддонның алдында жердегі 144 000-ның қалғаны көкте өлмейтін рухани тұлғалар ретінде қайта тіріліп қояды. Сонда 144 000-ның бәрі көктегі әскердің мүшесі болып, Гогты талқандайды, ал Құдайдың халқын қорғайды (Аян 2:26, 27; 7:9, 10). Сол кезде ұлы жамағат Ехобаның майланған қызметшілеріне кезінде қолдау көрсеткендеріне қуанатын болады.

БІЗ ҚАЛАЙ АДАЛ БОЛЫП ҚАЛА АЛАМЫЗ?

19, 20. Қиындықтарымызға қарамастан Армагеддон жақындап жатқанда, қалай біз адал болып қала аламыз?

19 Мына қиын заманда Ехобаның қызметшілерінің көбі қиындықтарға кезігіп жүр. Десе де біз оларға қуанышпен төзе аламыз (Жақ. 1:2—4). Осы орайда ұдайы әрі шын жүректен дұға еткеніміз бізге үлкен көмек бола алады (Лұқа 21:36). Тек дұғамен шектелмей, Құдай Сөзін де күн сайын зерттеп, ой жүгірткеніміз жөн. Сонымен қатар алда болатын пайғамбарлықтар жайлы оқып, сол жөнінде ойланғанымыз маңызды (Зәб. 77:12). Осыларды ұмытпай істеп, қызметімізге де барымызды салсақ, сеніміміз өшпейді, үмітіміз үзілмейді.

20 Ұлы Бабыл келмеске кетіп, Армагеддон аяқталғанда, қалай қуанатынымызды елестетіп көріңізші. Ал Құдай есімі мен оның билік ету құқығы құрметтеліп жатқанда, қуанышымыз еселене түсетіні айтпаса да түсінікті (Езек. 38:23). Міне, сол себептен Құдайды біліп, Ұлына мойынсұнатындар және соңына дейін табандылық танытқандар Армагеддонды тағатсыздана күтеді! (Мат. 24:13).

143-ӘН Қызмет етейік, сергек жүрейік, күтейік

^ 5-абзац Құдай халқы Армагеддонды ұзақ уақыттан бері күтіп келеді. Бұл мақалада келесідей сұрақтарға тоқталамыз: Армагеддон деген не? Армагеддонның алдында қандай оқиғалар болмақ? Армагеддонның алдында өмір сүріп жатқан біздер қалай адал болып қала аламыз?

^ 71-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: “Бейбітшілік пен қауіпсіздік” жарияланғанда, біз қызметімізді жалғастыра береміз. Жалған діндер жойылғанда, зерттеуімізді доғармаймыз. Магог жеріндегі Гог бізге шабуылдағанда, Ехобаның қорғайтынына сенімімізді жоғалтпаймыз.

^ 85-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Полиция қызметкерлері мәсіхші отбасының үйіне баса-көктеп кіргелі жатыр. Бұл отбасы Иса мен періштелердің бәрін көріп тұрғанына сенімді.