Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

37-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаға бағынуға дайын болайық

Ехобаға бағынуға дайын болайық

“Әкемізге одан да көбірек бағынуымыз керек емес пе?” (ЕВР. 12:9).

9-ӘН Ехоба — біздің Патшамыз!

АҢДАТПА *

1. Неге біз Ехобаға бағынуымыз керек?

БІЗ Ехоба Құдайға бағынуымыз * керек, өйткені ол бізді жаратты. Өзі жаратқандықтан бізге белгілі бір нормалар орнатуға ол толықтай құқылы (Аян 4:11). Бірақ оған мойынсұнудың тағы бір салмақты себебі бар: оның билігіне тең келер ешбір билік жоқ. Тарихқа үңілсек, көптеген билеушілер өзгелердің үстінен билік еткен. Бірақ олардың билігін Ехобаның билігімен салыстырсақ, Құдайдың ең дана, ең мейірімді, ең жанашыр, сүйіспеншілігі мол Билеуші екенін түсінеміз (Мұс. 2-ж. 34:6; Рим. 16:27; Жох. 1-х. 4:8).

2. Еврейлерге 12:9—11 тармақтарда Ехобаға бағынудың қандай себептері жазылған?

2 Ехоба одан тек қорыққандықтан ғана емес, оны сүйгендіктен және оған Әке деп қарағандықтан мойынсұнғанымызды қалайды. Пауыл Еврейлерге арналған хатында Әкемізге бағынуымыз керектігін айтқан, өйткені ол игілігімізді ойлап бізді тәрбиелейді (Еврейлерге 12:9—11 оқыңыз).

3. а) Ехобаға бағынатынымызды қалай көрсетеміз? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Біз Ехобаға бағыну үшін барлық жағдайда оған мойынсұнып, өз ақылымызға сүйенбеуге тырысамыз (Нақ. с. 3:5). Ехобаның көркем қасиеттерін жақсырақ білсек және оның әр ісіне қозғау болатын сол қасиеттер екенін ұмытпасақ, оған бағыну оңай болады (Зәб. 145:9). Ехобаны жақсырақ білген сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз де арта түседі. Ал Ехобаны жақсы көре бастағанда, не істеп, не істемеу керектігін айтып отыратын ұзын-сонар ережелер керек болмайды. Біз Ехоба қалағандай ойлануды, сезінуді және жамандықтан жиренуді үйренуге тырысамыз (Зәб. 97:10). Алайда кейде Ехобаға мойынсұну қиын болып жатады. Мұның себебі неде? Ақсақалдар әмірші Нехемиядан, әкелер Дәуіт патшадан, ал аналар Мәриямнан не үйрене алады? Қазір осы сұрақтардың жауабын аламыз.

ЕХОБАҒА БАҒЫНУ НЕГЕ ҚИЫН?

4, 5. Римдіктерге 7:21—23 тармақтарда Ехобаға бағынуды қиындататын қандай себеп жазылған?

4 Ехобаға бағынуды қиындататын бір себеп — бәріміз күнәкармыз және кемелсізбіз. Құдайға мойынсұнғымыз келмей жататынымыз сондықтан. Адам мен Хауа жемісті жеп, Құдайға қарсы шыққанда, ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері шешуді таңдады (Мұс. 1-ж. 3:22). Бүгінде адамдардың басым көпшілігі тура Адам мен Хауа сияқты Құдайды елемей, ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері шешіп жатыр.

5 Ехобаны жақсы көретіндерге де оған толықтай бағыну кейде қиын. Елші Пауыл мұны өз өмірінен көрген (Римдіктерге 7:21—23 оқыңыз). Пауыл сияқты біз де Ехоба дұрыс деп тапқанды істегіміз келеді. Бірақ бізге әрдайым жамандыққа тартып тұратын бейімділікпен күресу керек.

6, 7. Ехобаға бағынуды қиындататын екінші себеп қандай? Мысал келтіріңіз.

6 Ехобаға бағынуды қиындататын екінші себеп — өскен жеріміздегі үйреншікті әдеттер мен қалыптасқан көзқарас. Көп адамның айтатыны Ехобаның қалауына қайшы келеді. Сондықтан қалыптасқан көзқарастар бізге әсер етпеу үшін көп күш салу керек. Соның бір мысалын көрейік.

7 Кей елдерде жастарды көп ақша табуға ынталандыру — қалыпты жайт. Мәриям * деген қыз бауырлас сондай жағдайға кезіккен. Шындықты білмес бұрын ол еліндегі ең үздік университеттердің бірін бітірген. Оның отбасы Мәриямның жалақысы жоғары, атақ-даңқ алып келетін жұмысқа тұрғанын қатты қалайды. Мәриямның да қалауы осы еді. Алайда Ехоба туралы біліп, оны жақсы көрген соң, ол өз мақсаттарын өзгертеді. Бірақ бұл оңайға түскен жоқ. Мәриям былай дейді: “Кейде көп ақша табудың мүмкіндіктері ашылып жатады, бірақ олар маған Ехобаға қазіргідей қызмет етуіме кедергі жасайтынын білемін. Кішкентайымнан санама құйған нәрсе осы болғандықтан, маған бас тарту қиын. Сондықтан мен Ехобаға жалбарынып, оған қызмет етуге кедергі болатын жұмыстан бас тартуға көмектесуін сұраймын” (Мат. 6:24).

8. Біз нені қарастырамыз?

8 Айтып өткеніміздей, Ехобаға бағынғанымыз өзімізге жақсы. Бірақ біршама билігі барлар, мысалы ақсақалдар мен ата-аналар, Құдайға бағынатын болса, олар өзгелерге де көмектесе алады. Олай болса, Киелі кітапта билігін теріс пайдаланбаған бірнеше адамның мысалын қарастырып, олардан не үйрене алатынымызды көрейік.

АҚСАҚАЛДАР НЕХЕМИЯДАН НЕ ҮЙРЕНЕ АЛАДЫ?

Иерусалимнің қабырғасын халықпен бірге жөндеген Нехемия сияқты, ақсақалдар да Патшалық сарайында өзгелермен бірге жұмыс істейді (9—11 абзацтарды қараңыз) *

9. Нехемия қандай қиындықтарға кезікті?

9 Ехоба ақсақалдарға халқына қамқорлық етуді тапсырған (Пет. 1-х. 5:2). Бұл ретте ақсақалдар Ехобаның халқын қамқорлаған Нехемиядан көпке үйрене алады. Нехемия Яһуданың әміршісі болғандықтан, қолында айтарлықтай билігі болған (Нех. 1:11; 2:7, 8; 5:14). Оның қандай қиындықтарға кезіккенін еске түсірейікші. Ол яһудилердің ғибадатхананы арамдап жатқанын және Мұса Заңын бұзып, леуіліктерді қолдамай жатқанын көреді. Сондай-ақ Демалыс күніне қатысты заңды ұстанбай жатқаны, кейбір ер адамдар бөтен халықтан әйел алғаны да Нехемияның назарынан тыс қалмады. Әмірші Нехемия бұл қиындықтарды қалай шешті? (Нех. 13:4—30).

10. Нехемия қиындықтарды қалай шешті?

10 Нехемия Құдай халқына өз дегенін істету үшін билігін асыра пайдаланған жоқ. Керісінше, ол Ехобаға шын жүректен дұға етіп, көмек сұрады және халыққа Ехобаның Заңын үйретті (Нех. 1:4—10; 13:1—3). Сонымен қатар Нехемия кішіпейілділік танытып, халықпен бірге Иерусалим қабырғаларын қалпына келтірді (Нех. 4:15).

11. Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8-ге сай, ақсақалдар қауымдағы бауырластарға қалай қарау керек?

11 Бүгінде ақсақалдар Нехемия кезіккен қиындықтарға кезікпейтін шығар, бірақ одан үйренері көп. Мысалы, олар бауырластардың қамын ойлауда алдына жан салмайды. Қолымызда билігіміз бар екен деп олар кеуде көтеріп кетпейді. Қауымдағы бауырластарды жылулықпен аялайды (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8 оқыңыз). Өзгелерді сүйгендіктен әрі кішіпейіл болғандықтан оларға мейіріммен сөйлейді. Айдар деген тәжірибелі ақсақал былай дейді: “Менің бір байқағаным — ақсақалдың мейірімді де бауырмал болғаны бауырластарға қатты ұнайды. Осының арқасында олар ақсақалдармен еркін қызметтесуге дайын тұрады”. Бұрыннан ақсақал болып жүрген Талғат былай деп ойын білдірді: “Мен Філіпіліктерге 2:3-тегі кеңеске сай жүруге және әрдайым өзгелерді өзімнен жоғары қоюға тырысамын. Бұл мені диктатор болып кетуден сақтайды”.

12. Ақсақалдар неге кішіпейіл болулары керек?

12 Ақсақалдар Ехоба сияқты кішіпейіл болулары керек. Ехоба бүкіл ғаламның Әміршісі болса да, “еңкейіп бейшараны топырақтан тұрғызады” (Зәб. 18:35; 113:6, 7). Ал өркөкірек адамды жек көреді (Нақ. с. 16:5).

13. Неге ақсақалдар тілдерін жүгендеу керек?

13 Ехобаға бағынатын ақсақалдар тілдерін жүгендеу керек (Жақ. 1:26; Ғал. 5:14, 15). Алдында айтылып өткен Айдар былай дейді: “Мені ақсақал ретінде құрметтемей жатқанын сезсем, ондай бауырластарға қатты-қатты сөйлеп тастағым келеді. Бірақ мен Киелі кітаптағы адал ерлердің үлгісі жайлы ой жүгіртемін. Бұл маған кішіпейіл де момын болудың қаншалықты маңызды екенін есіме салады”. Ақсақалдар бауырластармен немесе қауымдағы басқа ақсақалдармен мейіріммен, жұмсақтықпен сөйлегенде, Ехобаға бағынатындарын көрсетеді (Қол. 4:6).

ӘКЕЛЕР ДӘУІТ ПАТШАДАН НЕ ҮЙРЕНЕ АЛАДЫ?

14. Ехоба әкелерге қандай міндет жүктеген?

14 Ехоба отбасының тізгінін әкелерге берген, сондықтан балаларына тәлім-тәрбие беріп, қажет кезде жөнге салу әкелерге жүктеледі (Қор. 1-х. 11:3; Ефес. 6:4). Қолында билік болғанмен, олар билігін қалай жүргізгені туралы күллі отбасына бастау берген Ехобаның алдында есеп береді (Ефес. 3:14, 15). Билігін Ехобаның көңілінен шығатындай жүргізетін әкелер Ехобаға бағынатындарын көрсетеді. Бұл орайда Дәуіт патшаның өмірі көп жағынан үлгі бола алады.

Мәсіхші әкелердің кішіпейілділігі бүкіл отбасына дұғалары арқылы айқын көрініп тұру керек (15, 16-абзацты қараңыз) *

15. Неге әкелер Дәуіт патшаның үлгісін қарастырған жөн?

15 Ехоба Дәуітке тек отбасының ғана емес, бүкіл елдің тізгінін қолына берді. Патша болғандықтан оның айтарлықтай билігі болды. Кей кездері ол өз билігін теріс пайдаланып, ауыр күнәлар жасаған (Сам. 2-ж. 11:14, 15). Бірақ ол Ехобаға бағынды. Қалай? Ехоба оның қателерін түзеткенде, ол қыңырлық танытпады. Дұғасында Ехобаға ішіндегісін ақтарды. Ехобаның кеңесіне барынша мойынсұнуға тырысты (Зәб. 51:1—4). Сондай-ақ ол кішіпейіл болып, кеңесті ер адамдардан ғана емес, әйелдерден де қабылдай білген (Сам. 1-ж. 19:11, 12; 25:32, 33). Дәуіт өз қателіктерінен сабақ алып, Ехобаға деген қызметті өмірінің төріне шығарды.

16. Әкелер Дәуіттен не үйрене алады?

16 Әкелердің Дәуіт патшадан үйренер бірнеше тұстарын қарастырайық. Ехоба берген билікті теріс пайдаланбаңыз. Қателіктеріңізді мойындап, өзгелердің Киелі кітапқа негіздеп беретін кеңестерін қабылдаңыз. Сонда отбасыңыз сізді кішіпейілділігіңіз үшін құрметтейтін болады. Отбасыңызбен бірге дұға еткенде, Ехобаға ішіңіздегіні ақтарып дұға айтыңыз. Соны естіп тұрған отбасыңыз Ехобаға қаншалықты тәуелді екеніңізді түсінсін. Ал ең маңыздысы, Ехобаға деген қызметіңізді өміріңіздің төріне шығарыңыз (Мұс. 5-ж. 6:6—9). Сіздің осындай жақсы үлгіңіз отбасыңызға сіздің тарапыңыздан берілген ең құнды сый болмақ.

АНАЛАР МӘРИЯМНАН НЕ ҮЙРЕНЕ АЛАДЫ?

17. Ехоба аналарға қандай жауапкершілік берген?

17 Ехоба аналарға да маңызды жауапкершілік берген. Әр ананың өз балаларының үстінен біршама билік жүргізуге құқы бар (Нақ. с. 6:20). Негізінде, анасының сөзі мен ісі балаларына өшпес із қалдырады (Нақ. с. 22:6). Қазір Исаның анасы Мәриямнан не үйренуге болатынын көрейік.

18, 19. Аналар Мәриямнан не үйрене алады?

18 Мәриям Жазбаларды жақсы білген. Ол Ехобаны терең құрметтеген және онымен жақын дос болған. Ол Ехобаның нұсқауына бағынуға дайын болған. Тіпті бұдан бүкіл өмірі өзгерсе де, ол Ехобаға мойынсұнған (Лұқа 1:35—38, 46—55).

Шаршап я ашуланып тұрғанда, аналарға отбасына деген махаббатын көрсету үшін көп күш салу керек (19-абзацты қараңыз) *

19 Аяулы аналар, сіздер Мәриямға бірнеше жағынан еліктей аласыздар. Киелі кітапты өзіңіз зерттеп, Ехобаға жеке дұға айту арқылы онымен достығыңызды берік сақтаңыздар. Бұл — бір. Екіншіден, Ехобаның көңілінен шығу үшін өміріңізде өзгеріс жасауға дайын болыңыз. Мысалы, кейбіреулер тез ашуланатын, ауыр сөздер айтатын отбасында өскендіктен, баланы солай тәрбиелеу дұрыс деп ойлап келген шығар. Ехобаның бала тәрбиесіне қатысты талаптарын білгеннен кейін де, кейбіреулерге шыдамды болу, сабырлық сақтау қиын болып жатады. Ал шаршап тұрғанда баласы тілін алмаса, шыдамды болу екі есе қиын (Ефес. 4:31). Мұндай кезде Ехобадан көмек сұрап дұға ету әсіресе маңызды. Ләйлә есімді ана былай дейді: “Балам мені тыңдамағанда, оған ашуланып, айқайлап тастамас үшін, маған қайта-қайта дұға айту керек. Тіпті сөйлеп жатып тоқтап қаламын да, дұға айтамын. Дұға маған сабыр сақтауға көмектеседі” (Зәб. 37:5).

20. Кейбір аналардың қандай қиындығы бар және оны қалай жеңуге болады?

20 Кейбір аналардың тағы бір қиындығы бар, олар өз балаларына махаббаттарын көрсете алмайды (Тит. 2:3, 4). Оның бір себебі — олар ата-ана мен бала арасында жылулық жоқ отбасында тәрбиеленген. Сіз сондай отбасында тәрбиеленсеңіз, ата-анаңыздың қателігін қайталамаңыз. Ехобаның еркіне бағынатын аналар балаларына аналық махаббаттарын білдіруді үйренгендері жөн. Басында оларға қанға сіңіп кеткен көзқарастан, іс-әрекеттен, сезімдерден арылу қиын болатын шығар. Бірақ мұндай өзгеріс жасау әбден мүмкін. Сонда өзі де, отбасы да әлдеқайда бақытты болады.

ЕХОБАҒА БАҒЫНА БЕРІҢІЗ

21, 22. Ишая 65:13, 14-ке сай, Ехобаға бағынғанымыздың қандай игілігі бар?

21 Дәуіт патша Ехобаға бағыну игілікті екенін білген. Ол былай деді: “Ехобаның нұсқаулары әділ, жүректі қуантады; Ехобаның бұйрықтары таза, көзіңді жайнатады. Олар қызметшіңді ескертіп тұрады, Соларды ұстанған адам зор сый алады” (Зәб. 19:8, 11). Бүгінде Ехобаға бағынатындар мен ақыл-кеңесінен бас тартатындардың арасындағы айырмашылығын көріп жүрміз. Ехобаға бағынатындардың “жүректерін қуаныш кернегендіктен”, олар “ән салады” (Ишая 65:13, 14 оқыңыз).

22 Ақсақалдар, әкелер және аналар Ехобаға қуана мойынсұнғанда, өмірлері жақсарып, отбасылары бақытқа кенеліп, ал қауымның бірлігі жараса түседі. Ал ең бастысы — Ехобаның жүрегі қуанады (Нақ. с. 27:11). Ал бұдан артық қуаныш бар ма?!

123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық

^ 5-абзац Бұл мақалада неге Ехобаға бағынуымыз керектігін қарастырамыз. Сондай-ақ ақсақалдар, әкелер мен аналар Ехоба берген билікті қалай пайдалану керектігі де талқыланады. Олар әмірші Нехемияның, Дәуіт патшаның және Исаның анасы Мәриямның үлгісінен көпке үйрене алады.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: Біреуге мойынсұнуға мәжбүр болатындар үшін бағыну мен бағынышты болу деген сөздер жағымсыз сезім туғызатын шығар. Алайда Құдайдың халқы оған өз еріктерімен мойынсұнады. Сондықтан бағыну деген ұғым олар үшін жағымсыз емес.

^ 7-абзац Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

^ 62-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Иерусалимнің қабырғасын халықпен бірге жөндеген Нехемия сияқты, ақсақал баласымен бірге Патшалық сарайында жұмыс істеп жатыр.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір әке отбасымен бірге Ехобаға шын жүректен дұға етіп жатыр.

^ 66-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бала бірнеше сағат бейнеойын ойнап, үйдегі міндетін я үй жұмысын жасамаған. Жұмыстан шаршап келген анасы ашуланбай, ауыр сөз айтпай оны жөнге салып жатыр.