Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

38-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін”

“Маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін”

“Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін” (МАТ. 11:28).

17-ӘН “Қалаймын”

АҢДАТПА *

1. Матай 11:28—30 тармақтарда Иса қандай уәде берді?

ИСА тыңдап тұрған халыққа: “Маған келіңдер”,— деді де, былай деп уәде берді: “Мен жандарыңды сергітемін” (Матай 11:28—30 оқыңыз). Бұл бос сөз емес еді. Оның бір дәлелі — жаман аурудан қиналған әйелдің оқиғасы. Иса сол әйелге қандай жеңілдік әкелгені есіңізде ме?

2. Иса жаны қиналған әйел үшін не істеді?

2 Жаны әбден қиналған сол әйел көмекке зәру еді. Дертіне дауа іздеп ол талай дәрігерлердің табалдырығын тоздырды. Бірақ 12 жыл бойы ешкім ауруының бетін бері қарата алмады. Мұса Заңы бойынша бұл әйел таза емес болып саналатын (Мұс. 3-ж. 15:25). Бір күні ол Исаның ауруларды емдейтінін естіп қалып, оны іздеуге шығады. Тапқан соң, жамылғысының шашағына қолын тигізіп, бірден айығып кетеді. Иә, Иса оның денсаулығын ғана емес, қадір-қасиетін де қалпына келтірді. Оны “қызым” деуімен оны жақсы көретінін және құрметтейтінін көрсетті. Бұдан кейін бұл әйел жаңа күшке ие болып, бір нығайып қалған шығар! (Лұқа 8:43—48).

3. Біз қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Байқасақ, Иса әйелге емес, әйел Исаға барды. Оған бару үшін күш салды. Бүгінде де дәл солай: Исаға бару үшін біз күш салуымыз керек. Рас, Иса оған келген адамдарды аурулардан керемет түрде айықтырмайды. Бірақ ол: “Маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін”,— деп әлі де өзіне шақырып жатыр. Бұл мақалада біз мына сұрақтарды қарастырамыз: Исаға бару үшін не істеуіміз керек? “Мойынтұрығымды алыңдар” деуімен Иса не айтқысы келді? Исадан не үйренеріміз бар? Оның тапсырған ісі қалай сергітеді? Исаның мойынтұрығын киіп жүріп қалай серги аламыз?

“МАҒАН КЕЛІҢДЕР”

4, 5. Исаға барудың қандай жолдары бар?

4 Исаға бару үшін оның айтқандары мен істегендері жайлы барынша зерттеуіміз керек (Лұқа 1:1—4). Бұны біз үшін ешкім істеп бере алмайды, сондықтан Иса жайлы Киелі кітаптан өзіміз оқып-білуіміз қажет. Сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өтуді шешіп, Мәсіхтің шәкірті болсақ, Исаға барғанымызды көрсетеміз.

5 Исаға барудың тағы бір жолы бар: ол — көмек қажет кезде ақсақалдарға бару. Иса “сый ретіндегі адамдар” арқылы қойларға қамқорлық көрсетеді (Ефес. 4:7, 8, 11; Жох. 21:16; Пет. 1-х. 5:1—3). Олардан көмек іздеп өзіміз баруымыз керек. Ақсақалдар біздің ойымызды оқи алмайды, бізге не қажет екенін де біле бермейді. Джулиан есімді ер бауырластың оқиғасын көрейікші: “Мен ауырып қалғандықтан Бетелдегі қызметімді тоқтатуға мәжбүр болдым. Бір досым ақсақалдарға барып, бақташылық сапар жасауларын сұра деп айтты. Басында бақташылық сапар маған қажет емес деп ойладым. Бірақ ақыры мен көмек сұрадым. Сол сапар мен үшін өмірімдегі ең үлкен сый болды”. Осы екі ақсақал сияқты барлық адал бағушылар бізге “Мәсіхтің ой-санасын” танып-білуге, яғни оның көзқарасын түсініп, оған еліктеуге көмектеседі (Қор. 1-х. 2:16; Пет. 1-х. 2:21). Бұл — расында да олар бере алатын ең керемет сый.

“МОЙЫНТҰРЫҒЫМДЫ АЛЫҢДАР”

6. “Мойынтұрығымды алыңдар” деуімен Иса не айтқысы келді?

6 Исаның “мойынтұрығымды алыңдар” деген сөзі “маған мойынсұныңдар” дегенді білдірсе керек. Сондай-ақ “мойынтұрығымды менімен бірге киіс, сонда екеуміз Ехобаға бірге қызмет етеміз” дегенді де білдіруі мүмкін. Екі жағдайда да мойынтұрық деген Құдайға барынша қызмет етуіміз керек дегенді білдіреді.

7. Матай 28:18—20 тармақтарға сай, бізге қандай іс тапсырылған және біз не нәрсеге күмәнданбасақ болады?

7 Өмірімізді Ехобаға арнап, шомылдыру рәсімінен өткенде, біз Исаның шақыруын қабыл алғанымызды көрсетеміз. Бұл шақыруды Иса барлығына айтқан, сондықтан Ехобаға шын көңілмен қызмет еткісі келетіндерден ол ешқашан бас тартпайды (Жох. 6:37, 38). Ехоба Исаға ізгі хабарды барлық адамға жариялауды тапсырған. Мәсіхтің ізбасары болғандықтан бізде осы іске ортақтасу мәртебесі бар. Осы істі атқаруға көмектесу үшін Иса әрдайым жанымыздан табылатынына еш күмәнданбасақ болады (Матай 28:18—20 оқыңыз).

“МЕНЕН ҮЙРЕНІҢДЕР”

Исаға еліктеп, өзгелерді сергітіңіз (8—11 абзацтарды қараңыз) *

8, 9. Неге кішіпейіл адамдар Исаға тартылған және қандай сұрақтар жайлы ойлану керек?

8 Кішіпейіл адамдар Исаға тартылатын (Мат. 19:13, 14; Лұқа 7:37, 38). Неге? Бұны түсіну үшін Иса мен парызшылдарды салыстырып көрейік. Дінбасылардың халыққа жылулығы жоқ еді, олар өзімшіл адамдар болатын (Мат. 12:9—14). Ал Иса өте кішіпейіл болған, одан әрдайым жылулық есіп тұратын. Парызшылдар көзге түсіп, кісімсіп жүретін. Иса болса мұндайды мақұл көрмеген, ол шәкірттерін кішіпейілділікке баулып, өзгелерге қызмет етуді үйретті (Мат. 23:2, 6—11). Парызшылдар өзгелерді қорқытып ұстаған (Жох. 9:13, 22). Ал Иса болса адамдарға жылы сөздерімен, мейірімді істерімен қанат бітірген.

9 Сіз Исаның үлгісіне еліктеп жүрсіз бе? Бұны білу үшін мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз: “Басқалар сізді жұмсақ әрі кішіпейіл адам деп біле ме? Өзгелерге қызмет ету үшін қарапайым жұмыстарды қуана атқарасыз ба? Өзгелерге мейірімдісіз бе?”

10. Исамен қызметтескен адамдар өздерін қалай сезінген?

10 Иса қасында жүріп, бірге қызметтескен адамдардың өздерін жайлы, еркін сезінулеріне жағдай жасаған. Оларға тәлім беру де оған ұнайтын (Лұқа 10:1, 19—21). Иса шәкірттерін сұрақтар қоюға талпындырған және олардың пікірін білу үшін өзі де сұрақтар қойған (Мат. 16:13—16). Исаның шәкірттері жақсы суарылатын бақтағы жайқалған өсімдіктер сияқты болды. Шәкірттер оның берген тәлімдерін сіңіріп алып, жеміс берді. Жеміс деп тұрғанымыз — олардың жақсы істері еді.

Бауырмал болыңыз

Белсенді де құлшынысты болыңыз

Кішіпейіл де еңбекқор болыңыз *

11. Біз қандай сұрақтарға жауап беруіміз керек?

11 Сіздің қолыңызға біршама билік берілген бе? Берілген болса, өзіңізді мына сұрақтармен тексеріп көріңіз: “Жұмыста немесе үйде қасымдағы адамдар өздерін қалай сезінеді? Олар өздерін жайлы, еркін сезіне ме? Өзгелерді сұрақ қоюға талпындырамын ба? Олардың ой-пікірін тыңдауға асықпын ба?” Біз ешқашан парызшылдар сияқты болғымыз келмес еді. Адамдар айтқандарына күмән келтіргенде, олар ашуланып шығатын. Ал ойларымен келіспегенде, оларды аяп жатпайтын (Мар. 3:1—6; Жох. 9:29—34).

“ЖАНДАРЫҢ СЕРГИДІ”

12—14. Исаның тапсырған ісі бізді не себепті сергітеді?

12 Исаның тапсырған ісін атқарғанда біз неге сергіп қаламыз? Оның себептері көп, бірақ біз бірнешеуін ғана қарастырайық.

13 Бізде ең үздік бақылаушылар бар. Ехоба Құдай Тағала болса да, алғысты білмейтін немесе қатал билеуші емес. Ол біздің қызметімізді жоғары бағалайды (Евр. 6:10). Қызметімізді атқару үшін ол бізге күш береді (Қор. 2-х. 4:7; Ғал. 6:5 сілт.). Иса өзгелерге қалай қарау керектігін өз үлгісімен көрсетті (Жох. 13:15). Бізді қамқорлайтын ақсақалдар “ұлы бағушымыз” Исаға еліктеуге тырысады (Евр. 13:20; Пет. 1-х. 5:2). Бізге тәлім беріп, қорғап жүрген олар мейірімді де батыл болуға, жігер беруге барынша тырысады.

14 Бізде ең адал достар бар. Біздікіндей адал достар мен мағыналы іс ешкімде жоқ. Бір сәтке ойлап көрейікші: біз қызметтесіп жүрген бауырластардың жүріс-тұрысы үлгілі, десе де олар өздерін өзгелерден жоғары ұстамайды. Олар өте дарынды, бірақ мақтаншақ емес. Олар бізді бір істі атқаратын қызметтес деп емес, дос деп көреді. Сүйіспеншіліктерінің үлкен болғаны сонша — олар біз үшін жанын беруге дайын!

15. Атқарып жатқан ісімізге қалай қарауымыз керек?

15 Біз ең жақсы істі атқарып жүрміз. Біз адамдарға Ехоба туралы шындықты айтып, Ібілістің өтіріктерін әшкерелеп жүрміз (Жох. 8:44). Шайтан адамдарға зіл батпандай ауыр жүкті асып қойды. Мысалы, ол Ехоба біздің күнәларымызды кешірмейді, бізді сүймейді дегенге сендіргісі келеді. Бұл адамды жаншып тастайтын не деген өтірік сөздер! Біз Исаға барғанда күнәларымыз кешіріледі. Ехоба бізді өте қатты жақсы көреді. Бұл — еш қоспасыз шындық (Рим. 8:32, 38, 39). Адамдарға Ехобаға арқа сүйеуді үйретуден, олардың өмірі жақсарып жатқанын көруден артық қуаныш жоқ шығар, сірә!

ИСАНЫҢ МОЙЫНТҰРЫҒЫ БІЗДІ СЕРГІТЕ БЕРСІН

16. Исаның бізге жүктеген жауапкершілігі біздің басқа жауапкершілігімізден несімен өзгеше?

16 Исаның бізге жүктеген жауапкершілігі біздің басқа жауапкершілігімізден өзгеше. Несімен? Мысалы, жұмыс күні біткеннен кейін бәріміз шаршаймыз, шаршағаны былай тұрсын, өзімізді бақытсыз сезініп жатамыз. Ал Ехоба мен Мәсіхке қызмет етуге уақытымызды жұмсағанда, өзімізді өте бақытты сезінеміз. Жұмыстан кейін шаршап-шалдығып, жиналысқа өзімізді әрең сүйреп апаратын шығармыз. Бірақ жиналыстан кейін жиі қанат бітіп, үйге қуанып қайтамыз. Қызметке шығуға, жеке зерттеу жүргізуге күш салғанда өзімізді тура солай сезінеміз. Жұмсаған күшімізден гөрі алар сыйымыз көп болып жатады!

17. Біз нені түсінуіміз керек және нені ақылмен жұмсауымыз керек?

17 Біз шындыққа тура қарауымыз керек. Бәріміздің күшіміз шектеулі. Сондықтан оны ақылмен жұмсауымыз керек. Мысалы, біз күшімізді дүние-мүлік жинауға сарп етуіміз мүмкін. Кезінде Иса бір бай жас жігітке не деп жауап бергеніне назар аударыңызшы. Ол Исадан: “Мәңгілік өмірді мұра ету үшін не істеуім керек?”— деп сұрады. Әлгі жас жігіт онсызда Мұса Заңын ұстанатын. Ол жақсы адам болса керек, өйткені Марқаның айтуынша, Иса оны жақсы көріп кеткен. Иса сол жігітке: “Қолыңда бардың бәрін сат”,— деді. Сосын оны: “Менің ізбасарым бол”,— деп шақырды. Жігіттің басы әбден қатты. Бір жағынан Исаның шәкірті болғысы келсе, бір жағынан дүниесін қимады (Мар. 10:17—22). Ақыры ол сол дүниесімен қалып, Исаның ұсынған мойынтұрығынан бас тартты да, “байлықтың” құлы болып қала берді (Мат. 6:24). Ал сіз нені таңдар едіңіз?

18. Ара-тұра не істегеніміз жақсы және неге?

18 Өмірімізде неге басымдық беріп жатқанымызды ара-тұра саралаған жақсы. Неге? Осылайша күшімізді ақылмен жұмсап жатқанымызға көз жеткіземіз. Марк деген жас жігіттің сөздеріне назар аударайық. Ол былай дейді: “Жылдар бойы мен қарапайым өмір сүріп жатырмын деп ойлап келдім. Мен ізашар болсам да, бар ойым ақша табу және өмірімді барынша жайлы ету еді. Бірақ неге еш қанағат сезінбеймін деп ойланатынмын. Сосын бірінші кезекте қара басымды ойлап жүргенімді, ал Ехобаға тек содан қалған уақыт пен күшімді арнап жүргенімді түсіндім”. Марк Ехобаға қызмет етуге көбірек уақытын жұмсау үшін ой-санасы мен өмір салтын өзгертті. “Кейде ақша туралы ойлап уайымдайтын кездерім болады. Бірақ Ехоба мен Исаның көмегінің арқасында менің бар назарым — қызметте”,— дейді ол.

19. Оң көзқарас сақтау неге маңызды?

19 Исаның мойынтұрығын алып әрі қарай да сергіп жүруге бізге үш нәрсе көмектеседі. Біріншіден, оң көзқарас сақтаңыз. Біз Ехобаның ісін атқарып жатқандықтан, ол Ехоба қалағандай атқарылу керек. Ехоба — біздің Қожайынымыз, ал біз — оның қызметшілеріміз (Лұқа 17:10). Бұл істі өзіміз қалағандай атқаратын болсақ, мойынтұрыққа қарсы шығамыз. Сондай кезде мойынтұрықты бағыттап келе жатқан қожайынына көнбей, қайта-қайта өз қалаған бағытымен жүргісі келетін бұқа сияқты боламыз. Осындай жағдайда тіпті ірі бұқа өз-өзін жарақаттап, өзін әбден шаршатуы мүмкін. Ал Ехоба қалағандай істейтін болсақ, қолымнан келмейді деген істерді атқарып, жеңе алмаймын деген қиындықтарды еңсере аламыз. Есіңізде болсын, Ехобаның еркінің жүзеге асуына ешкім тосқауыл бола алмайды! (Рим. 8:31; Жох. 1-х. 4:4).

20. Исаның мойынтұрығын қандай ниетпен киюіміз керек?

20 Екіншіден, түзу ниетпен қызмет етіңіз. Біз сүюші Әкеміз Ехобаға мадақ әкелгіміз келгендіктен, Исаның мойынтұрығын киіп жүргіміз келеді. І ғасырда ашкөздіктен немесе өз қара басын ойлап қызмет еткендер көп ұзамай өздерін бақытсыз сезініп, Исаның мойынтұрығын шешіп тастаған (Жох. 6:25—27, 51, 60, 66; Філіп. 3:18, 19). Ал Құдайды және өзгелерді риясыз сүйген ниеті түзу жандар сол мойынтұрықты жердегі өмірі аяқталғанша қуанышпен киіп жүрді. Сондай-ақ көкте Исамен бірге қызмет ету үміттерін жоғалтып алмады. Сол адамдар сияқты біз де Исаның мойынтұрығын түзу ниетпен киіп жүрсек, бақытты болып қаламыз.

21. Матай 6:31—33 тармақтарға сай, Ехобаның не істейтініне сенімді бола аламыз?

21 Үшіншіден, сенім артыңыз. Біз осы өмір жолын таңдағанда, жанқиярлықпен ауыр еңбектенуіміз керектігін білдік. Иса қуғын-сүргінге кезігетінімізді ескерткен. Бірақ кез келген қиындыққа төтеп бере алуымыз үшін Ехоба бізге күш беретініне сенімді болайық. Неғұрлым көп сынаққа төтеп берсек, соғұрлым Ехобамен қарым-қатынасымыз нығая түспек (Жақ. 1:2—4). Сондай-ақ Ехобаның қажетімізді беретініне, Исаның бізді қамқорлайтынына және бауырластарымыздың бізді жігерлендіретініне еш күмәнданбайық (Матай 6:31—33 оқыңыз; Жох. 10:14; Сал. 1-х. 5:11). Осылардың арқасында біз кез келген сынақтарға төтеп бере аламыз!

22. Біз не нәрсеге қуанамыз?

22 Иса сауықтырған әйел ауруынан айыққан күні бір жасап қалды. Бірақ Мәсіхтің шәкірті болғанда ғана оның сол күйі мәңгілікке жалғасар еді. Бірақ ол Исаның шәкірті болды ма? Егер ол Исаның мойынтұрығын киген болса, ол тіпті онымен бірге көкте қызмет ете алар еді. Исаға еру үшін қандай құрбандықтарға барса да, бұл соған тұрарлық болар еді. Біздің үмітіміз көкте я жерде мәңгі өмір сүру болсын, біз Исаның “маған келіңдер” деген шақыруына құлақ асқанымызға қатты қуанамыз.

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

^ 5-абзац Иса бізді “келіңдер” деп өзіне шақыруда. Оның шақыруын қабыл алу үшін не істеуіміз керек? Мұның жауабын осы мақаладан білеміз. Сондай-ақ Мәсіхпен бірге қызмет етуден қалай жаңа күшке ие болатынымызды еске түсіреміз.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса көп жолмен адамдарды сергітіп жатыр.

^ 66-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса сияқты бір ер бауырлас та өзгелерді түрлі жолмен жігерлендіруде.