Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Барыңдар да, шәкірттер дайындаңдар

Барыңдар да, шәкірттер дайындаңдар

2020 ЖЫЛДЫҢ ТАРМАҒЫ: “Барыңдар да,.. шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер” (МАТ. 28:19).

79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер

АҢДАТПА *

1, 2. Иса қойылған қабірде періште әйелдерге не айтты, ал Исаның өзі оларға қандай нұсқау берді?

Б. З. 33 ЖЫЛЫ, 16 нисан, таң сәрі. Құдайдан қорқатын бір топ әйел қайғыдан жүректері қарс айырылып, қабірге жақындап келеді. Бұл жерге екі күн бұрын Иелері Иса Мәсіхтің мәйіті қойылған. Иісмай мен жұпар иісті заттар алып келген бұл әйелдер қабірге келіп, аң-таң болып тұрып қалды. Өйткені қабірдің іші бос екен! Сонда бір періште оларға Исаның тірілгенін айтып: “[Ол] қазір Ғалилеяға бара жатыр, оны сол жерде көресіңдер”,— дейді (Мат. 28:1—7; Лұқа 23:56; 24:10).

2 Әйелдер қабірден шыққаннан кейін, Исаның өзі оларға көрініп, келесідей нұсқау берді: “Бауырластарыма барып, бәрін жеткізіңдер, сондай-ақ “Ғалилеяға жөнелсін, мені сол жерде көреді” деп айтыңдар” (Мат. 28:10). Исаның тірілгеннен кейінгі істеген ең бірінші ісі шәкірттерімен кездесу ұйымдастыру болды. Шәкірттерімен жүздескенде Иса оларға өте маңызды нұсқаулар берді.

БҰЛ БҰЙРЫҚ КІМДЕРГЕ БЕРІЛДІ?

Иса қайта тірілген соң, елшілерімен және өзгелермен Ғалилеяда кездесіп, оларға: “Барыңдар да,.. шәкірттер дайындаңдар”,— деді (3, 4-абзацты қараңыз)

3, 4. Неліктен Матай 28:19, 20-дағы бұйрық тек елшілерге берілмеген дей аламыз? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

3 Матай 28:16—20 оқыңыз. Бұл жиында Иса шәкірттерінің I ғасырда маңызды іс атқаратындарын айтты. Бұл істі бүгінде біз де атқарып жүрміз. Иса: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап,.. сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер”,— деді.

4 Иса барлық ізбасарларының уағыз ісіне қатысқанын қалайды. Бұл бұйрықты ол тек 11 адал елшісіне бермеген. Неге бұлай дей аламыз? Иса шәкірттер дайындауды бұйырғанда, Ғалилея тауында тек 11 елші ғана болды ма? Періштенің әйелдерге не дегеніне назар аударайықшы: “Оны сол жерде [Ғалилеяда] көресіңдер”. Демек, осы адал әйелдер де сол кездесуге барған. Бұған қоса, Елші Пауыл Исаның “бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінгенін” айтқан (Қор. 1-х. 15:6). Бұл оқиға қай жерде болды?

5. Қорынттықтарға 1-хат 15:6-дан не білеміз?

5 Осы сөздерді айтқанда Пауыл Матай кітабының 28-тарауында айтылған Ғалилеядағы кездесуді ойда тұтқан дей аламыз. Бұның бірінші себебі: шәкірттердің көбісі ғалилеялықтар болған. Сондықтан осындай көп адаммен жиын өткізу үшін Иерусалимдегі бір үйден гөрі, Ғалилеядағы тау ыңғайлы болар еді. Ал екіншіден, тірілгеннен кейін Иса Иерусалимдегі бір үйде 11 елшісімен кездесіп қойған еді. Егер ол уағыздау мен шәкірт дайындауды тек елшілеріне бұйырғысы келгенде, елшілерді, әйелдер мен басқа адамдарды Ғалилеяға шақырмай-ақ, Иерусалимнің өзінде айта салар еді (Лұқа 24:33, 36).

6. Шәкірт дайындау ісі бүгінгі күнге де қатысты екені Матай 28:20-дан қалай көрінеді және бұл тапсырма қалай орындалып жатыр?

6 Исаның бұйрығы тек 11 адал елшісіне ғана берілмегендігінің тағы бір маңызды себебі бар. Исаның “шәкірттер дайындаңдар” деген бұйрығы тек I ғасырда өмір сүрген мәсіхшілерге ғана арналмаған. Бұны қайдан білеміз? Иса ізбасарларына айтқан бұйрығын мына сөздермен қорытындылады: “Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін” (Мат. 28:20). Иса айтқандай, қазір шәкірт дайындау ісінің нағыз қызған кезі. Ойлап көріңізші, жыл сайын 300 000-ға жуық адам Исаның шәкірті болып, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болып жатыр!

7. Қазір нені қарастырамыз және неге?

7 Киелі кітапты зерттеп жүргендердің көбі рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтеді. Алайда кейбіреулердің шәкірт болуға ықыластары жоқ. Оларға Киелі кітапты зерттеген ұнайды, бірақ шомылдыру рәсімінен өту үшін қадамдар жасамайды. Егер біреумен Киелі кітапты зерттеп жүрсеңіз, оған білгендерін өмірінде қолдануға және Мәсіхтің шәкірті болуға көмектескіңіз келетіні айтпаса да түсінікті. Осы мақаладан зерттеушінің жүрегіне қалай жол таба алатынымызды әрі оған рухани өсуге қалай көмектесе алатынымызды білеміз. Неге бұны білуіміз керек? Өйткені кейде бізге зерттеуді тоқтату-тоқтатпауды шешу керек болып жатады.

ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБАНЫ СҮЮДІ ҮЙРЕТІҢІЗ

8. Зерттеушілерімізге Ехобаны сүюді үйрету кейде неге оңай болмауы мүмкін?

8 Ехоба адамдардың оған қызмет етуге сүйіспеншіліктері талпындырғанын қалайды. Сондықтан біздің мақсатымыз — зерттеушілерге Ехоба оларды қамқорлайтынын, қатты жақсы көретінін ұғынуға көмектесу. Оларға Ехобаның “жетімдердің әкесі, жесірлердің қорғаушысы” екенін түсінуге көмектескіміз келеді (Зәб. 68:5). Зерттеушілер Ехобаның сүйіспеншілігін сезінгенде, жүректері жалындап, олардың да Ехобаға деген сүйіспеншіліктері лаулайтын болады. Кейбіреулерге Ехобаға сүйіспеншілігі мол Әке деп қарау қиын болуы мүмкін. Өйткені олар өз әкелерінен сүйіспеншілік пен мейірім көрмеген шығар (Тім. 2-х. 3:1, 3). Егер зерттеу сабағын жүргізетін болсаңыз, Ехобаның тартымды қасиеттеріне ерекше назар аударыңыз. Зерттеушіңізге сүйіспеншілігі мол Құдайдың оған мәңгілік өмірді тарту еткісі келетінін әрі сол өмірге жеткізуге дайын екенін түсінуге көмектесіңіз. Бұдан бөлек тағы не істесек болады?

9, 10. Зерттеушілермен қай кітаптарды зерттеген дұрыс және неге?

9 Киелі жазбалардан не білеміз?” бен “Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз” кітаптарын қолданыңыз. Бұл кітаптар зерттеушінің жүрегіне жол табу үшін арнайы шығарылған. Мысалы, “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабының 1-тарауында “Қайғы-қасірет Құдайдың сынағы ма? Адамдар қиналғанда, Құдай не сезінеді? Құдаймен дос бола аласыз ба?” деген сияқты сұрақтардың жауабы бар. Ал “Құдай сүйіспеншілігіне бөленіңіз” кітабы жайлы не деуге болады? Бұл кітаптың көмегімен зерттеушілер Киелі кітап принциптерін қолданғандары өмірлерін жақсартатынын түсінеді және Ехобаға одан сайын жақындай түседі. Осы кітаптарды басқа адамдармен зерттеген болсаңыз да, әр зерттеушінің қажеттілігін ескеріп, зерттеу сабағына жақсылап дайындалыңыз.

10 Ал егер зерттеуші Тәлім беру құралдарына жатпайтын әдебиеттегі мәліметке қызықса ше? Мұндайда онымен “Киелі жазбалардан не білеміз?” немесе “Құдай сүйіспеншілігіне бөленіңіз” кітабымен зерттеуді жалғастыра алу үшін, әлгі басылымды өзі оқи алатынын айтсақ болады.

Зерттеу сабағын дұғамен бастаңыз (11-абзацты қараңыз)

11. Қай кезден бастап, зерттеу сабағын дұғамен бастап, дұғамен аяқтаған жөн және зерттеушіге бұның маңыздылығын қалай түсіндіре аламыз?

11 Зерттеу сабағын дұғамен бастаңыз. Зерттеудің басында және аяғында дұға етуді барынша ерте бастаған жөн, мысалы, зерттеу жүйелі түрде өте бастаған алғашқы апталардың ішінде. Зерттеушіге Құдай Сөзін тек Құдайдың рухы арқылы ғана түсіне алатынымызды ұғындыруымыз керек. Киелі кітап зерттеу сабағын өткізетін көп бауырлас дұғаның маңыздылығын түсіндіру үшін Жақып 1:5-тегі сөздерді келтіреді. Онда: “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса,.. Құдайдан сұрай берсін”,— делінген. Сөйтіп, олар зерттеушіден: “Құдайдан даналықты қалай сұрасақ болады?”,— деп сұрайды екен. Сонда зерттеуші Құдайға дұға ету керектігімен келіседі.

12. Зәбүр 139:2—4 тармақтардағы сөздердің көмегімен зерттеушіге дұғада Ехобамен еркін сөйлесуге қалай көмектесе аласыз?

12 Зерттеушіңізге дұға етуді үйретіңіз. Ехоба оның жүрек түбінен шыққан дұғаларын естігісі келетінін түсіндіріңіз. Жеке дұғамызда Ехобаға ішіміздегіні ақтара алатынымызды, жан баласына айта алмайтын сырларымызды аша алатынымызды зерттеушіге түсіндіріңіз. Ехоба көңіл түбінде жатқан ойларымызды біледі (Зәбүр 139:2—4 оқыңыз). Сонымен қатар бұрыс ойларын өзгерту үшін және жаман әдеттерінен арылу үшін зерттеушіңізді Құдайдан көмек сұрауға талпындырыңыз. Бәлкім, Киелі кітапты біраз уақыттан бері зерттеп жүрген кісі жалған дінмен байланысы бар бір мейрамды тойлағанды жақсы көретін шығар. Бұның дұрыс емес екенін білсе де, сол мейрамның кей тұстарын ұнатар. Оны бұл жайлы Ехобаға сезімдерін ашық айтуға және ол жақсы көретінді ғана жақсы көруге көмектесуін сұрап жалбарынуға шақырыңыз (Зәб. 97:10).

Зерттеушіңізді кездесулерге шақырыңыз (13-абзацты қараңыз)

13. а) Зерттеушіні жиналыстарға неге мүмкіндігінше о бастан шақырған дұрыс? ә) Зерттеуші Патшалық сарайында өзін бөтен сезінбеуі үшін не істесек болады?

13 Зерттеушіңізді мүмкіндігінше ерте бастан кездесулерге шақырыңыз. Жиналыстарда көріп-естігендері зерттеушіге әсер етіп, рухани өсуіне көмектесуі мүмкін. “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” деген бейнероликті көрсетіп, оны өзіңізбен бірге қауым кездесуіне баруға шақырыңыз. Оған қауым өтетін жерге жетуге көмектесіңіз. Зерттеу сабағына әртүрлі бауырластарды шақырған дұрыс. Сонда адам бауырластардың көбісімен таныс болады, әрі жиналысқа келгенде өзін бөтен сезінбейді.

ЗЕРТТЕУШІГЕ РУХАНИ ӨСУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ

14. Зерттеуші қай кезде рухани өсуге талпынады?

14 Біздің мақсатымыз — зерттеушілерге рухани өсуге көмектесу (Ефес. 4:13). Адам Киелі кітап зерттеу сабағына келіскен кезде, “бұның маған қандай пайдасы бар?” деп ойлайтын шығар. Ал Ехобаға деген сүйіспеншілігі артқан кезде, ол өзгелерге және қауымдағыларға көмектесу жайлы ойлай бастауы мүмкін (Мат. 22:37—39). Орайы келгенде, зерттеушіге Патшалық ісін қаржылай қолдай алатынымыз жайлы айтудан тартынбаңыз.

Проблема туындағанда қалай әрекет етуді үйретіңіз (15-абзацты қараңыз)

15. Проблема туындағанда зерттеушіге оны шешуге қалай көмектесе аласыз?

15 Проблема туындағанда, не істеу керектігін үйретіңіз. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болған зерттеушіңіз қауымдағы біреудің ренжіткенін сізге айтты делік. Мұндайда ешкімнің жағына шықпай, оны Жазбаларда айтылғанға сай әрекет етуге талпындырған дұрыс. Ол бауырласын кешіріп, болған жайтты ұмыта алатын шығар. Ал егер олай ете алмаса, бауырласын қайтару мақсатында онымен жылы және жұмсақ түрде сөйлесуі керек (Матай 18:15 салыстырыңыз). Оған айтар сөзін алдын ала дайындауға көмектесіңіз. JW Library® қосымшасынан, “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы” мен jw.org® сайтынан проблеманы шешудің жолдарын табуды үйретіңіз. Егер ол шомылдыру рәсімінен өткенге дейін түсініспеушіліктерді шешіп үйренсе, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де оның қауымдағылармен қарым-қатынасы жақсы болады.

16. Зерттеу сабағына басқа жариялаушыларды шақырғанның қандай пайдасы бар?

16 Қауымдағыларды және аудандық бақылаушыны зерттеу сабағына шақырыңыз. Зерттеу сабағына басқа бауырластарды шақырудың тағы бір пайдасы: олар зерттеушіге сіздің қолыңыздан келмейтін көмекті бере алады. Мысалы, зерттеуші шылым шегуді тастауға тырысып жүр делік. Бірақ бірнеше рет әлсіздігіне беріліп қалады. Мұндайда дәл осындай қиындықты жеңген бір бауырласты зерттеуге шақырсаңыз болады. Ол зерттеушіге пайдалы болатын кеңес бере алады. Егер тәжірибелі бауырластың қасында зерттеу сабағын жүргізуге ыңғайсыздансаңыз, одан бір жолға зерттеу сабағын өткізуді сұрасаңыз болады. Зерттеу сабағына өзгелерді шақырсаңыз, зерттеушіңіз олардан көп нәрсеге үйрене алады. Біздің мақсатымыз зерттеушіге рухани өсуге көмектесу екенін ұмытпаңыз.

ЗЕРТТЕУ САБАҒЫН ТОҚТАТУ КЕРЕК ПЕ?

17, 18. Зерттеу сабағын тоқтату-тоқтатпауды шешкенде қандай жайттарды ескерген жөн?

17 Зерттеушіңіз өмірінде өзгерістер жасамаса, онымен зерттеуді жалғастыру-жалғастырмауды шешу керек болады. Бірақ оны шешпес бұрын зерттеушінің қабілеттерін ескеруіңіз қажет. Кейбіреулерге рухани өсу үшін өзгелерге қарағанда көбірек уақыт керек. “Зерттеушімнің рухани өсу қарқыны өз қабілеттеріне сай ма? Ол білгендерін “ұстана” бастады ма?” деп ойланып көріңіз (Мат. 28:20). Зерттеуші рухани жағынан баяу өссе де, өмірінде біртіндеп өзгерістер жасауы қажет.

18 Алайда біраз уақыттан бері зерттеп жүрген адам зерттеуді бағалайтынын көрсетпесе ше? Мысалы, ол “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабын аяқтады, тіпті “Құдай сүйіспеншілігіне бөленіңіз” кітабын зерттей бастады делік. Бірақ ол бірде-бір рет қауымға, тіпті Еске алу кешіне келмеген! Бұған қоса, орынсыз себептермен зерттеуді кейінге қалдыра береді. Осындай жағдайда онымен ашық сөйлескен дұрыс *.

19. Киелі кітап зерттеу сабағын бағаламайтындай көрінетін адамға не десеңіз болады және не туралы ойланған жөн?

19 Әңгімені “Ехоба куәгері болуыңа саған не кедергі?” деген сұрақпен бастасаңыз болады. Ол: “Киелі кітапты зерттеуге қарсы емеспін, бірақ ешқашан Ехоба куәгері болмаймын”,— дейтін шығар. Адам біраз уақыт зерттеп жүрсе де, осындай көзқараста болса, онымен әрі қарай зерттей берудің мәні бар ма? Немесе зерттеуші рухани өсуіне не кедергі болып жатқанын алғаш рет ашық айтуы мүмкін. Мысалы, ол “ешқашан үйме-үй уағыздай алмаймын” деп ойлайтын шығар. Енді оның күйін жақсы түсінгендіктен, оған қалай көмектесу керек екенін білесіз.

Нәтижесіз зерттеу сабағына уақытыңызды кетірмеңіз (20-абзацты қараңыз)

20. Елшілердің істері 13:48-ді түсінгеніміз зерттеу сабағын жалғастыру не жалғастырмауды шешуге қалай көмектеседі?

20 Өкінішке қарай, кейбір зерттеушілер Езекиелдің күндеріндегі исраилдіктерге ұқсайды. Олар туралы Ехоба Езекиелге: “Міне, сен олар үшін ішекті аспапта шебер ойнайтын, әдемі дауыспен махаббат әндерін айтатын әнші іспеттісің. Олар сөзіңді тыңдайды, бірақ ешкім соған сай әрекет етпейді”,— деген (Езек. 33:32). Адамға зерттеу сабағын тоқтату жайында айту оңай болмауы мүмкін. Алайда “уақыт аз қалды” (Қор. 1-х. 7:29). Нәтижесіз зерттеу сабағына уақытымызды сарп етудің орнына, “мәңгі өмірге ыңғай танытқан” адамдарды іздеп табуымыз керек (Елшілердің істері 13:48 оқыңыз).

Уағыздайтын аумағыңызда көмек сұрап дұға етіп жатқан адамдар болуы мүмкін (20-абзацты қараңыз)

21. 2020 жылдың тармағы қандай және бұл бізді не істеуге талпындырады?

21 2020 жылдың тармағы шәкірт дайындау ісінде жақсара түсуге көмектеседі. Ендеше, Исаның Ғалилея тауындағы маңызды жиында айтқан: “Барыңдар да, шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деген сөздерін есімізде ұстайық! (Мат. 28:19).

Шәкірт дайындау ісінде және зерттеушілерімізге шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесуде жақсара берейік (21-абзацты қараңыз)

70-ӘН Лайық адамдарды іздеп табайық

^ 5-абзац 2020 жылдың тармағы бізді “шәкірттер дайындауға” үндейді. Ехобаның барлық қызметшілері осы бұйрыққа бағынулары тиіс. Киелі кітапты зерттеп жүргендерді Мәсіхтің шәкірті болуға қалай талпындырсақ болады? Бұл мақаладан зерттеушілеріміз Ехобаға жақын бола түсуі үшін оларға қалай көмектесе алатынымызды білеміз. Сондай-ақ адаммен Киелі кітапты зерттеуді тоқтату-тоқтатпау жайлы да қарастырамыз.

^ 18-абзац JW Broadcasting® арнасынан “Нәтижесіз зерттеу сабақтарын тоқтату” деген бейнероликті көріңіз. Оны JW Library® қосымшасынан жүктеп алғыңыз келсе, КЕЗДЕСУЛЕРІМІЗ БЕН ҚЫЗМЕТІМІЗ/ШЕБЕР УАҒЫЗДАУШЫ БОЛАЙЫҚ деген жерге кіріңіз.