Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өзгелерге тірек болайық

Өзгелерге тірек болайық

“Осылар... Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім әрі тірегім болып жүр” (ҚОЛ. 4:11).

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

АҢДАТПА *

1. Ехобаның қызметшілері қандай қиындықтар көріп жүр?

ТӨРТКІЛ ДҮНИЕДЕ Ехобаның қызметшілері қиын, тіпті жанға ауыр тиетін жағдайларға кезігіп жүр. Бұны өз қауымыңыздан да байқаған боларсыз. Кей мәсіхшілер ауыр дертке шалдыққан не сүйікті адамынан айырылған. Басқа біреулердің туысы не жақын досы шындықтан кеткендіктен, жүректері ауырып жүр. Ал тағы бір бауырластарымыз табиғи апаттан зардап шегіп, қиналып жатыр. Мұндай бауырластарымыз жұбанышқа зәру. Оларға қалай көмектессек болады?

2. Неліктен Пауыл кей кездері жұбанышқа мұқтаж болды?

2 Елші Пауылдың өміріне жиі қауіп төнген (Қор. 2-х. 11:23—28). Сондай-ақ ол “тәніне қадалып тұратын тікенмен” күрескен, бұл денсаулықпен байланысты қиындық болса керек (Қор. 2-х. 12:7). Ал бір жолы оның көңілі қатты түсті, өйткені қызметтесі болған Димас “осы дүниені жақсы көргендіктен”, оны тастап кетті (Тім. 2-х. 4:10). Пауыл батыл әрі рухпен майланған мәсіхші болатын, жанқиярлықпен өзгелерден көмегін аямайтын. Десе де оның да көңілі жығылған кездері болды (Рим. 9:1, 2).

3. Ехоба Пауылды қалай жұбатып, нығайтты?

3 Пауыл өзіне қажет жұбаныш пен қолдауға ие болды. Қалайша? Ехоба оны киелі рухы арқылы нығайтқанында сөз жоқ (Қор. 2-х. 4:7; Філіп. 4:13). Сонымен қатар Ехоба оны мәсіхші бауырластары арқылы да нығайтты. Пауыл кей қызметтестерінің өзі үшін “нағыз жұбаныш” екенін айтқан (Қол. 4:11, “Жаңа өмір” баспасы). Олардың ішінде Арыстарқ, Тихик пен Марқа бар. Олар Пауылға қиындыққа төзуге көмектесіп, сүйеніш болды. Осы үш мәсіхшіге өзгелерге тірек, жұбаныш болуға не көмектесті? Біз де солар сияқты қалай басқаларды жұбатып, жігерлендіре аламыз?

АРЫСТАРҚ СИЯҚТЫ АДАЛ БОЛАЙЫҚ

Арыстарқ сияқты, “қиын шақта” бауырластарымыздың қасынан табылып, оларға адал дос бола аламыз (4, 5-абзацты қараңыз) *

4. Арыстарқ адал дос екенін қалай көрсетті?

4 Салоникадан шыққан македондық Арыстарқ деген мәсіхші Пауылға адал дос бола білді. Арыстарқ жайлы Киелі кітапта Пауыл үшінші миссионерлік сапарында Ефеске барған кезінде бірінші рет сөз етіледі. Пауылмен бірге жүргенде Арыстарқты бір топ адам ұстап алады (Ел. іс. 19:29). Алайда ол тобырдың қолынан босағанда, өз басының қауіпсіздігін ойламай, Пауылға адал болып, қасында қалды. Бірнеше айдан кейін Грекияда да қарсыластар Пауылдың көзін құртқысы келгенде, Арыстарқ оның қасынан кетпеді (Ел. іс. 20:2—4). Ал шамамен б. з. 58 жылы Пауыл Римге қамауға жөнелтілген кезде, Арыстарқ оған ілесіп, ұзақ сапарға шығады. Жолда олар кеме апатына ұшырап, бірге аман қалады (Ел. іс. 27:1, 2, 41). Римге жеткен соң, Арыстарқ Пауылмен бірге біршама уақыт қамауда болған болса керек (Қол. 4:10). Адал серігінің арқасында Пауылдың жаны сергіп, жұбаныш тапқанында сөз жоқ!

5. Нақыл сөздер 17:17-ге сай, қалай біз адал дос бола аламыз?

5 Арыстарқ сияқты, біз де тек жақсы кезде ғана емес, “қиын шақта” да бауырластарымыздың қасынан табылып, адал дос бола аламыз (Нақыл сөздер 17:17 оқыңыз). Қиындық көргенінен біраз уақыт өтсе де, бауырласымыз жұбанышқа зәру болуы мүмкін. Қатерлі ісіктің кесірінен үш айдың ішінде әкесінен де, шешесінен де айырылып қалған Франсес * былай дейді: “Басымызға түскен бұл қасірет бізді біразға дейін есеңгіретіп тастаған сияқты. Көп уақыт өтсе де, әлі қайғырып жүрмін. Осыны түсінетін адал достарыма қатты ризамын”.

6. Адалдық бізді не істеуге талпындырады?

6 Адал достар бауырластарына тірек болу үшін құрбандықтарға барады. Бұған бір дәлел келтірейік: Питер есімді бауырласымыз дауасы жоқ жаман дертке шалдығады. Оның әйелі Кэтрин былай дейді: “Қауымымыздағы бір ерлі-зайыпты бізді көліктерімен дәрігердің қабылдауына алып барды. Сол жерде біз Питердің ауруы жайлы білдік. Сонда олар бізді осы қиын кезеңде жалғыз қалдырмауға бекініп, қажет кездің бәрінде қасымыздан табылды”. Қиындығымызды көтерісуге көмектесетін нағыз достарымыздың болғаны неткен жұбаныш!

ТИХИК СИЯҚТЫ СЕНІМДІ ДОС БОЛАЙЫҚ

Өзгелер қиындыққа кезіккенде, Тихик сияқты сенімді дос бола аламыз (7—9 абзацтарды қараңыз) *

7, 8. Қолостықтарға 4:7—9 тармақтарға сай, неге Тихикті сенімді дос болған дей аламыз?

7 Римнің Азия деген провинциясынан шыққан Тихик есімді мәсіхші Пауылдың сенімді серіктесі болды (Ел. іс. 20:4). Шамамен б. з. 55 жылы Пауыл яһуди мәсіхшілерге жәрдем ретінде қаржы жинауды ұйымдастырады. Ол осындай маңызды іске көмектесуді Тихикке сеніп тапсырған көрінеді (Қор. 2-х. 8:18—20). Кейінірек Пауыл Римде бірінші рет қамауда отырғанда, Тихик оның хабаршысы болды. Ол Пауылдың хаттары мен жігерлендірерлік хабарларын Азиядағы қауымдарға жеткізіп жүрді (Қол. 4:7—9).

8 Тихик әрдайым Пауылдың сенімді досы болды (Тит. 3:12). Сол кездегі мәсіхшілердің бәрі бірдей ол сияқты сенімді адам болмаған. Шамамен б. з. 65 жылы Пауыл екінші рет түрмеде отырғанда Азиядағы көптеген мәсіхшілердің, қарсыластардан қорыққандықтан болса керек, өзінен қашқақтағанын жазған (Тім. 2-х. 1:15). Ал Тихикке Пауыл сенім арта алды, сөйтіп, оған тағы бір қызметті сеніп тапсырды (Тім. 2-х. 4:12). Ол Тихик іспетті сенімді досының бар болғанына риза болған шығар.

9. Тихикке қалай еліктей аламыз?

9 Біз де Тихикке ұқсап, сенімді дос бола аламыз. Мысалы, көмекке мұқтаж бауырластарға қол ұшын беруді уәде етіп қана қоймай, іс жүзінде нақты көмек көрсетеміз (Мат. 5:37; Лұқа 16:10). Бізге сенім арта алатындарын білгендерінің өзі бауырластарға жұбаныш береді. Мұны бір әйел бауырлас былай деп түсіндірді: “Адамның сөзінде тұратынын білсең, ол келіп, көмектесе ме, жоқ па деп уайымдамайсың”.

10. Нақыл сөздер 18:24-те айтылғандай, қиындыққа кезіккенде не ұнжырғамыз түскенде, жұбанышты кімнен таба аламыз?

10 Қиындықпен күресіп жүрген не ұнжырғасы түскен адамдар көп жағдайда сенімді достарына арқа сүйеу арқылы жұбаныш табады (Нақыл сөздер 18:24 оқыңыз). Баласы қауымнан шығарылғанына қатты көңілі түскен Беджа былай дейді: “Мен сенім арта алатын біреуге ішімдегіні ақтарғым келді”. Ал Карлос деген бауырлас өз қателіктерінің кесірінен қауымдағы міндеттерінен айырылып қалады. Ол: “Мен айыпталудан қорықпай, ішкі сезімдерімді еш бүкпесіз айта алатын “қауіпсіз пана” іздедім”,— дейді. Оған ақсақалдар “қауіпсіз пана” болып, қиындығын еңсеруге көмектесті. Айтқандарының бәрін ақсақалдар құпия сақтайтынын білгені де Карлосқа жұбаныш берді.

11. Біз қалай сенімді дос бола аламыз?

11 Сенімді дос болу үшін бізге шыдамдылық қажет. Күйеуі тастап кеткенде, Жанна есімді бауырлас сезімдерін жақын достарына айтып жұбанған. “Бір нәрсені қайта-қайта айта берсем де, олар мені шыдаммен тыңдайтын”,— дейді Жанна. Сіз де жақсы тыңдаушы болу арқылы нағыз дос бола аласыз.

МАРҚА ІСПЕТТІ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ДАЙЫН БОЛАЙЫҚ

Марқаның Пауылға жақсылық жасағаны сияқты, біз де қиындық көріп жүрген бауырластарға қолдау көрсете аламыз (12—14 абзацтарды қараңыз) *

12. Марқа деген кім және ол қалай дайындық рухын танытты?

12 Иерусалимде туып-өскен Марқа яһуди халқынан шыққан мәсіхші еді. Оның туысы Барнаба көпшілік жақсы танитын миссионер болған (Қол. 4:10). Марқаның отбасы бақуатты тұрғанға ұқсайды, десе де ол дүние-мүлікті басты орынға қоймаған. Марқа әрдайым дайындық рухын танытқан, ол қуана-қуана өзгелерге қызмет еткен. Мысалы, ол елші Пауылмен де, елші Петірмен де қызметтесіп, оларға жауапкершіліктерін атқаруға көмектескен. Марқа оларға тамақ сатып алу, тоқтайтын жер табу сияқты мәселелерде жәрдем бергенге ұқсайды (Ел. іс. 13:2—5; Пет. 1-х. 5:13). Пауыл Марқаны “Құдай Патшалығы үшін қызметтесім” әрі “тірегім” деп атаған (Қол. 4:10, 11).

13. Тімөтеге 2-хат 4:11-ден Марқаның адал қызметін Пауылдың бағалағаны қалай көрінеді?

13 Марқа Пауылдың жақын достарының бірі болып кетті. Мысалы, Пауыл шамамен б. з. 65 жылы Римде соңғы рет түрмеде отырғанда Тімөтеге екінші хатын жазады. Хатында Пауыл Тімөтеден Римге келуін және өзімен бірге Марқаны ала келуін сұрайды (Тім. 2-х. 4:11). Пауыл Марқаның соңғы кездері атқарған қызметін бағалағанында сөз жоқ. Сондықтан да оның осындай маңызды кезде қасында болғанын қалады. Марқа Пауылға іс жүзінде қолғабыс етті. Ол Пауылды ас-сумен, хат жазуға қажетті заттармен қамтамасыз еткен көрінеді. Марқаның қолдау көрсеткені мен жігер бергені Пауылға өлім жазасына кесілер алдындағы күндері медет болған шығар.

14, 15. Матай 7:12-ден өзгелерге іс жүзінде жәрдем беру туралы не үйренеміз?

14 Матай 7:12 оқыңыз. Қиын шақты бастан өткізгенде, іс жүзінде көмектесіп жүргендерге дән риза боламыз! “Қиналғанда күнделікті істеп жүрген істеріңді істей алмай қаласың”,— дейді Райан. Оның әкесі аяқ асты оқыс оқиғадан көз жұмған еді. Ол былай деп қосты: “Іс жүзіндегі көмектің, тіпті кішкентай болса да, пайдасы зор”.

15 Байқампаз болсақ, өзгелерге іс жүзінде көмектесудің жолдарын таба аламыз. Мысалы, бір әйел бауырлас мақаланың басында айтылған Питер мен Кэтринге дәрігерге барып-келуге көмектеседі. Питер де, Кэтрин де ендігәрі көлік айдай алмайтындықтан, бұл бауырлас кесте құрады. Осының арқасында Питер мен Кэтринге қол ұшын бергісі келетін қауымдағы бауырластар оларды кезек-кезек көліктерімен тасиды. Мұның пайдасы тиді ме? “Иығымыздан ауыр жүк түскендей болды”,— дейді Кэтрин. Кішігірім істермен де бауырластарды жұбата алатынымызды есте ұстайық.

16. Өзгелерді жұбатуға қатысты Марқадан не үйренеміз?

16 Марқаның рухани істерден қолы босамаған. Оның маңызды теократиялық міндеттері болды. Мысалы, ол өз атымен аталған Ізгі хабарды жазды. Сонда да ол Пауылға көмек беру үшін уақыт тапты. Пауыл да Марқадан тартынбай көмек сұрай алатын. Біреулер Анжела деген бауырластың туысын өлтіріп кеткенде, ол өзін жұбатуға дайын болған бауырластарға риза болғанын айтты. Ол: “Егер достарың шынымен көмектескісі келсе, олармен әңгімелесу жеңіл болады. Өйткені олар көмектесуге шынымен ықыласты, еш тартыншақтамайды да”,— дейді. Біз де “басқалар мені бауырластарыма іс жүзінде көмектесуге дайын тұратын адам деп тани ма?” деп ойланып көрсек болады.

ӨЗГЕЛЕРДІ ЖҰБАТА БЕРЕЙІК

17. Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4-тегі сөздер жайлы ойланғанымыз өзгелерді жұбатуға қалай қозғау салады?

17 Жұбанышқа мұқтаж бауырластарды табу қиын емес. Біз тіпті басқалар бізді жұбату үшін айтқан ойларды қолданып өзгелерді жұбата алармыз. Әжесінен айырылған Нино есімді бауырлас былай дейді: “Егер өзіміз жол берсек, Ехоба біз арқылы өзгелерді жұбата алады” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз). Ал жоғарыда айтылған Франсес былай дейді: “Қорынттықтарға 2-хат 1:4-тегі сөздер дәл айтылған. Біз өзгелерден алған жұбанышты басқаларға бере аламыз”.

18. а) Неге кейбіреулер өзгелерді жұбатудан қорқуы мүмкін? ә) Өзгелерді қалай жұбата аламыз? Мысал келтіріңіз.

18 Қорқынышымызға қарамай, басқаларға көмектесудің жолын табуымыз керек. Мысалы, қиын күндерді басынан өткізіп жатқан адамға не айтып, не қоярымызды білмегендіктен қорқуымыз мүмкін. Поль есімді ақсақал әкесі қайтыс болғанда, кей бауырластардың оны жұбатуға тырысқандарын есіне алды. “Оларға маған келіп, мені жұбату оңай болған жоқ. Олар не айтарларын білмеді. Сонда да олардың мені жұбатқысы, қолдағысы келгендерін қатты бағаладым”,— дейді ол. Ал Таджон есімді бауырлас жойқын жерсілкінісінен кейін бауырластардың оны қалай қолдағандарын айтып берді. Ол былай деді: “Шынымды айтсам, жерсілкінісі болған күні бауырластардың маған жіберген барлық хабарламалары есімде жоқ. Бірақ олардың мені уайымдап, жағдайымды білуге тырысқандары есімде”. Егер бауырластардың қамын ойлайтынымызды көрсетсек, оларды жақсы жұбата аламыз.

19. Неге бауырластарға тірек болуға бекіндіңіз?

19 Осы дүниенің соңы жақындаған сайын, әлемдегі жағдай ушығып, өмір сүру барған сайын қиындай бермек (Тім. 2-х. 3:13). Кемелсіз болғандықтан және қателіктер жіберетіндіктен жұбанышқа мұқтаж бола береміз. Елші Пауылдың өмірінің соңына дейін адал болып қалғанының бір себебі — оған мәсіхші достары тірек болды. Ендеше, Арыстарқ сияқты адал, Тихик іспетті сенімді және Марқаға ұқсап өзгелерге қызмет етуге дайын болайық. Осылайша бауырластарымызға сенімдерінде берік болып қалуға көмектесеміз (Сал. 1-х. 3:2, 3).

^ 5-абзац Елші Пауыл өмірінде көп қиындық көрген. Сондай қиын шақтарда оған кей бауырластары тірек әрі сүйеніш болған. Бұл мақалада сол бауырластардың ненің арқасында өзгелерге жұбаныш болғанын білеміз. Сондай-ақ олардан үлгі алып, өзгелерге іс жүзінде қалай көмектесе алатынымызды қарастырамыз.

^ 5-абзац Бұл мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

111-ӘН Қуануға себеп көп

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Арыстарқ пен Пауыл кеме апатына ұшырайды.

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Тихикке Пауылдың хаттарын қауымдарға жеткізу сеніп тапсырылды.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Марқа Пауылға іс жүзінде жәрдем берді.