Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Ехоба куәгерлері танысу сайттарын қолдануға қалай қарайды?

Сіз неке құруды ойлап жүрсеңіз, жақсы жар болатын адамды қайдан таба аласыз? Бақытты некенің кілті неде екенін Жаратушымыз Ехоба жақсы біледі. Ол шаңырақ көтеретін екі жастың жұптары жазылмай, бақытты өмір сүргенін қалайды (Мат. 19:4—6). Оның Сөзіндегі принциптерді қолдансаңыз, сіз шын бақытты боласыз. Қазір сол принциптердің бірнешеуіне тоқталайық.

Біріншіден, біз жүрегіміздің “бәрінен де алдамшы екенін” әрі “ештеңеден тайынбайтынын” есте ұстауымыз керек (Ерм. 17:9). Үйленеміз деп кездесе бастаған екі адам жүйткіген пойыздай жылдам әрі күшті сезімдерге беріліп, ақылдары тұманданып қалуы мүмкін. Осылай тек сезімді ескеріп некелескендер жиі артынан өкініштен күйіп жатады (Нақ. с. 28:26). Сондықтан кездесіп жүргендер құштарлық сезімдерін ерте бастан білдірмегендері жөн, бір-бірін толық танымай жатып үйленуге уәделеспегендері дұрыс.

Ал танысу сайттары жөнінде не деуге болады? Оның қаупі бар ма? Нақыл сөздер 22:3-те: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер”,— делінген. Кейбіреулер желіде бөтен адамдармен танысып, бауыр басып, кейін алданғандарын түсінген. Осылай жараланып, жапа шеккендер аз емес. Біреулер желіде жалған атпен парақшалар ашып, талай сенгіш адамдардың ақшаларын жымқырған. Олар өздерін Ехоба куәгеріміз деп таныстырған жағдайлар да болған.

Кейбір танысу сайттарында екі адамның бір-біріне сай келетіні не келмейтіні компьютерлік бағдарламаның есебі бойынша анықталады. Бірақ бұл әдістің тиімділігіне ешқандай кепілдік жоқ. Ойлап көріңізші, адамның ойынан шыққан формулаға сүйеніп, өмірлік адал жар табамын деу дұрыс па? Математикалық формулалар Құдайдың Сөзіндегі принциптермен тіпті салыстыруға да келмейді (Нақ. с. 1:7; 3:5—7).

Нақыл сөздер 14:15-те: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады”,— деген принцип бар. Сондықтан әлдекімді болашақ жарым деп қарастырмас бұрын, оны жақыннан танып-білу керек. Ал желіде бұлай ету қиын. Бір-біріңіз жайлы мәліметтермен алмасып, онлайн көп аралассаңыздар да, ол адамды жақсы танимын дей аласыз ба? Өз махаббатымды таптым деп ойлаған кейбіреулер сол адаммен бетпе-бет көрісіп сөйлескенде, жағаларын ұстап шошыған.

Зәбүр жыршысы: “Өтірікшілермен араласпаймын, Екіжүзділерден де өзімді аулақ ұстаймын”,— деген (Зәб. 26:4). Көп адам онлайн танысу парақшаларына өздерін тартымды, жақсы адам етіп көрсету үшін, өтірік мәліметтер жазады. Олар шын болмыстарын жасыруы мүмкін немесе танысу тек желі арқылы болғандықтан жаман қасиеттері байқалмауы мүмкін. Адам өзін Ехоба куәгерімін деп таныстырғанмен, ол шынымен шомылдыру рәсімінен өткен бе? Рухани толысқан мәсіхші ме? Ехобамен жақын дос па? Қауымдағылар оны құрметтей ме? Әлде ол жаман үлгі көрсете ме, тіпті “жаман ортаға” жата ма? (Қор. 1-х. 15:33; Тім. 2-х. 2:20, 21). Жазбалардың негізінде неке құруға құқы бар ма? Бұл сұрақтардың жауабын сол адамды жақсы танитын басқа Куәгерлерден сұрап қана біле аласыз (Нақ. с. 15:22). Ал егер ол мәсіхші емес болса, Ехобаның адал қызметшісі онымен “бір мойынтұрықты киюді” тіпті ойламайды да (Қор. 2-х. 6:14; Қор. 1-х. 7:39).

Олай болса, адаммен танысудың, лайықты жар табудың қауіпсіз жолдары бар ма? Көпшілік болып жиналуға тыйым салынбаған кездері Ехоба куәгерлері қауым кездесулері мен конгрестер сияқты жиындарда танысып, бір-бірін жақыннан біле алады.

Бірге уақыт өткізгенде, мақсаттарыңыз бен қалауларыңыз бір ме — соны анықтай аласыздар

COVID-19 сияқты пандемия кезінде біз көпшілік болып бас қоса алмаймыз. Бірақ сіз электронды құрылғыңыз арқылы қауым кездесуіне қатысқанда, өзге салтбасты бауырластармен таныса аласыз. Олардың кездесуге қалай атсалысатынын бақылап, түсініктемелерінен сенімдерін көре аласыз (Тім. 1-х. 6:11, 12). Ал кездесудің соңында қатысушылар араласатын залдарға бөлінгенде, олармен жақынырақ таныса аласыз. Желіде бір топ Куәгер болып бас қосып достық кездесуін өткізгенде де жақыннан білгіңіз келген бауырластың басқаларға қалай қарайтынын, қандай адам екенін бақылай аласыз (Пет. 1-х. 3:4). Осылай оны жақыннан тани келе, алға қойған мақсаттарыңыз бір ме, бір-біріңізге сай келесіздер ме — соны анықтайсыз.

Салтбасты мәсіхші өзіне жар іздегенде Киелі кітап принциптерін ескеретін болса, мына нақыл сөздің растығына көз жеткізе алады: “Адамның жақсы әйел алғаны [күйеуге шыққаны] — игілік тапқаны, Ехобаның ықыласына ие болғаны” (Нақ. с. 18:22).